11.12.2006

"Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер енгiзу туралы

       1-бап. "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы" 2001 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасының  Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 17-18, 243-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 6, 10-құжат; N 7-8, 19-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат; N 15, 95-құжат) мынадай өзгерiстер енгiзiлсiн:

      1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) авторлық қадағалау - бұл автордың:
      сәулет және қала құрылысы туындысының авторы (авторлары) жүзеге асыратын құрылыс жобасының (құрылыс құжаттамасының) әзiрленуiне;
      сәулет немесе қала құрылысы туындысының авторын (авторларын) қоса алғанда, әзiрлеушiлер жүзеге асыратын құрылыс жобасының iске асырылуына бақылау жүргiзудi жүзеге асыру жөнiндегi құқықтылығы.
      Авторлық бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады;
      2) адам мекендейтiн орта - адам тұратын орта. Мекендеу ортасы мыналарды қамтиды:
      қоршаған орта - жеке адам немесе қоғамдастық онымен байланыста болатын және биохимиялық айналым процесiнде өзара әрекет ететiн жаратылыстық және жасанды табиғи жағдайлар мен объектiлер, өзге де сыртқы факторлар кешенi;
      сәулеттiк-ландшафтық орта - адам шаруашылық қызметтi және басқа да функцияларды жүзеге асыратын, табиғи жағдайлар мен сәулеттiк нысандар ұштастырылған кеңiстiк. Әдетте, бұл елдi мекендер ортасы, ол адамның өмiр сүру жағдайлары мен психикалық-физикалық жай-күйiн айқындайды;
      iшкi орта - тұрғын үй-жайлардағы өмiр сүру жағдайларының және жұмыс (өндiрiс) үй-жайларындағы еңбек жағдайларының кешенi, ол әлеуметтiк, эстетикалық, биологиялық, психологиялық және физикалық-химиялық факторларды, соның iшiнде табиғи радиацияны, сыртқы шуды, биотикалық төңiректi, ауаның ластануын, ылғалдылығын, құрамы мен ауысуын, иiстердi, жанған өнiмдердi, табиғи және жасанды жарықты, судың тазалығын және басқаларды қамтиды;
      3) айрықша реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектiлерi - аумақтарды, елдi мекеннiң, жылжымайтын мүлiктiң жекелеген объектiсiнiң аумағын пайдаланудың арнаулы ережелерi (тәртiбi) енгiзiлмей, жалпыға бiрдей қабылданған ережелерге (тәртiпке) ерекшелiктер белгiленбей не оларға толықтырулар енгiзiлмей жүзеге асырылуы қиындаған немесе мүмкiн болмайтын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң объектiлерi;
      4) антропогендiк әсер ету - табиғатқа, қоршаған ортаға, елдi мекенге адам қызметiнiң түрлi ықпал ету нәтижесiнде туындаған оң және терiс әсер етулер. Терiс әсер тигiзiлген жағдайда табиғат қорғау шараларын қолдану қажеттiгi туындайды;
      5) аумақтарды аймақтарға бөлу - қала құрылысын жоспарлау кезiнде жекелеген аймақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерi мен оларды пайдалану жөнiндегi мүмкiн болатын шектеулердi белгiлей отырып аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу;
      6) аяқталмаған құрылыс - пайдалануға беру үшiн тапсырысшы белгiленген тәртiппен қабылдамаған және мақсатына қарай (тұру, қызмет көрсету, өнiм шығару, пайда алу және пайдаланудың басқа да түрлерi) пайдаланылмайтын құрылыс объeктici;
      7) ғимарат - табиғи немесе жасанды кеңiстiк шекаралары бар және өндiрiстiк процестердi орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға немесе адамдарды, жүктердi уақытша орналастыруға (орын ауыстыруға), сондай-ақ жабдықтарды немесе коммуникацияларды орналастыруға (төсеуге, жүргiзуге) арналған жасанды жасалған ауқымды, тегiстiктi немесе желiлiк объект (жер үстi, су бетi және (немесе) жер асты, су асты). Ғимарат көркемдiк-эстетикалық, әшекей-қолданбалы не мемориалдық мақсатта да болуы мүмкiн;
      8) елдi мекеннiң аумағы - қалалық немесе селолық елдi мекеннiң белгiленген шекара (iшкi аумағы) шегiндегi кеңiстiк;
      9) елдi мекеннiң бас жоспары - аймақтарға бөлудi, оның аумағының жоспарлы құрылымы мен функционалдық ұйымдастыруды, көлiк және инженерлiк коммуникацияларды, көгалдандыру мен абаттандыру жүйелерiн белгiлейтiн, қаланы, кенттi, ауылды (селоны) не басқа да қонысты дамыту мен салуды кешендi жоспарлаудың қала құрылысы жобасы;
      10) жергiлiктi маңызы бар объект - қаржыландыру көздерiне қарамастан, жоспарлануы, жобалануы және құрылысы аталған облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мiндеттерiн орындаумен байланысты және стратегиялық немесе өзге де маңызды жалпымемлекеттiк мiндеттердi шешу мақсаты жоқ объект;
      11) жоба - жеке және заңды тұлғалардың немесе мемлекеттiң сәулет, қала құрылысы және құрылыс құжаттамасы (сызбалар, графикалық және мәтiндiк материалдар, инженерлiк және сметалық есептеулер) нысанында ұсынған, адамның мекендеуi мен тiршiлiк етуiнiң қажеттi жағдайларын қамтамасыз ету жөнiндегi түпкi ойы;
      12) жобалау алдындағы құжаттама - қала құрылысы, сәулет жобаларын, құрылыс жобасын әзiрлеу алдында жасалатын және бағдарламаларды, есеп берулердi, құрылыстың техникалық-экономикалық негiздемелерiн, техникалық-экономикалық есептердi, ғылыми зерттеулер мен инженерлiк iзденiстер нәтижелерiн, технологиялық және конструкциялық есептердi, нобайларды, макеттердi, өлшемдер мен объектiлердi зерттеу нәтижелерiн, сондай-ақ жобалау құжаттамасын әзiрлеу және жобаларды кейiннен iске асыру туралы шешiмдер қабылдауға қажеттi өзге де бастапқы деректер мен материалдарды қамтитын құжаттама;
      13) жобалау құжаттамасы:
      аумақты көгалдандыру жобаларын, оны сыртқы безендiрудi, монументтiк немесе әшекей өнер туындыларын орналастыруды және орнатуды (тұрғызуды);
      қала құрылысының жобаларын - аумақтар мен елдi мекендердi немесе олардың бөлiктерiн ұйымдастыруды, дамыту мен салуды кешендi қала құрылысын жоспарлау жөнiндегi түпкi ойдан (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың аймақаралық схемалары, аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешендi схемалары, елдi мекендердiң бас жоспарлары, нақты жоспарлау жобалары, өнеркәсiп аймақтарын жоспарлау жобалары, құрылыс салу жобалары, объектiлер мен кешендердiң бас жоспарлары, абаттандыру және көгалдандыру жобалары, өзге де жоспарлау жобалары) тұратын жобаларды;
      құрылыс жобасын (құрылыстық жобаны) - көлемдiк-жоспарлық, конструкциялық, технологиялық, инженерлiк, табиғат қорғау, экономикалық және өзге де шешiмдердi қамтитын жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын, сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру мен жүргiзуге, аумақты инженерлiк жағынан дайындауға, абаттандыруға арналған сметалық есептеулердi қамтиды. Құрылыс жобаларына аяқталмаған объектiлер құрылысын консервациялау және өз ресурсын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жобалары да жатады;
      сәулеттiк түпкi ойы бар сәулет жобасын - жобалауға сәулетшiнiң қатысуы қажет болатын ғимарат (монумент) тұрғызудың жеке жобасын немесе объектiнiң сәулет-көркемдiк, композициялық және көлемдiк-жоспарлау шешiмдерiн қамтитын, әлеуметтiк, экономикалық, функционалдық, технологиялық, инженерлiк-техникалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, санитарлық-гигиеналық, экологиялық және өзге де талаптарды ескеретiн және құрылыс жобасын немесе құрылыс объектiсiне арналған өзге де құжаттаманы әзiрлеу үшiн қажеттi көлемде орындалған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының бiр бөлiгiн қамтиды;
       14) жобалардың мемлекетаралық сараптамасы - объектiнiң құрылысы туралы халықаралық шартқа қатысушы екi және одан да көп мемлекеттiң мүддесiн бiлдiретiн жобаларды сараптаудың мiндеттi нысаны;
      15) жобалардың мемлекеттiк сараптамасы - жобаларды (жобалау алдындағы немесе жобалау-смета құжаттамасын) кешендi бағалаудың мiндеттi нысаны, ол функцияларын қайталауға жол бермейтiн бiрыңғай мемлекеттiк жүйе болып табылады. Жобалардың мемлекеттiк сараптамасын Қазақстан Республикасының Yкiметi қандай да бiр өзге қызметтi жүзеге асыру құқығынсыз уәкiлеттiк берген заңды тұлға жүзеге асырады;
      16) жобалар сараптамасы - тапсырысшының (инвестордың) жобаны инвестициялаудың орындылығы және оны iске асыру туралы шешiм қабылдауының алдындағы жобалаудан бұрынғы немесе жобалау құжаттамасын әзiрлеу кезеңi. Сараптама инвестициялар құжаттамасына талдау жүргiзуге және оның тиiмдiлiгiн белгiлеуге, сондай-ақ жобалардың сапасын олардың мемлекеттiк, қоғамдық және жеке мүдделерді, адамның тiршiлiк етуiне қолайлы және қауiпсiз жағдайлар жасауды, жобаланып отырған объектiлердiң тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттiк нормативтердiң шарттары мен талаптарына сәйкестiгiн не сәйкес еместiгiн белгiлеу жолымен бағалауға келiп саяды;
      17) жұмыс комиссиясы - нәтижелерiн мемлекеттiк қабылдау комиссиясына ұсыну үшiн объектiнiң дайындығына кешендi тексеру жүргiзетiн уақытша алқалы орган;
      18) инженерлiк инфрақұрылым - адамдардың тiршiлiк етуi, сондай-ақ өндiрiстiң немесе тауарлар мен көрсетiлетiн қызмет айналымының тұрақты жұмыс істеуі үшiн қалыпты жағдай туғызатын кәсiпорындардың (ұйымдардың), объектiлердiң (ғимараттар мен құрылыстардың), инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету коммуникацияларының және желiлерiнiң жиынтығы;
      19) көлiк инфрақұрылымы - көпiр, тоннель және өзге де көлiк құрылыстарының, жол тарамдары мен жол өткiзгiштерiнiң, реттеушi белгi беру құрылғыларының, байланыстың, көлiк жұмысының инженерлiк қамтамасыз ету, жүктердi, жолаушыларды тасымалдайтын көлiк құралдарына қызмет көрсету, өндiрiстiк және қызмет көрсетушi адамдардың функционалдық қызметiн қамтамасыз ететiн объектiлердiң, қойма үй-жайлары мен аумақтардың, санитарлық-қорғаныш және күзет алаңдарының, сондай-ақ көрсетiлген бағыттағы жолдарға және жылжымайтын мүлiк объектiлерiн қамтитын объектiлерге заңдарда бекiтiлген жерлердiң кешенi бар жерүстi (автомобиль және (немесе) темiр) жолдарының, су (теңiз және (немесе) өзен) жолдарының жиынтығы;
      20) қабылдау комиссиясы - объектiнiң (кешеннiң) дайындығына кешендi тексеру, технологиялық жабдықтар мен инженерлiк жүйелерге бақылаушылық сынақ жүргiзетiн және салынған объектiнi пайдалануға қабылдайтын уақытша алқалы орган;
      21) қалалық аймақтарға бөлу - елдi мекеннiң аумағын олардың функционалдық мақсатына сәйкес бөлу (тұрғын, қоғамдық, өнеркәсiптiк, рекреациялық және басқа да функционалдық аймақтар);
      22) қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы - аумақтарды ұйымдастыру, аумақтар мен елдi мекендердi дамыту мен салудың қала құрылысын жоспарлау, объектiлердi салу (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтiру, күрделi жөндеу, консервациялау және кейiннен кәдеге жарату), сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру, аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру, сыртқы безендiру үшiн қажеттi (жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын, мемлекеттiк және мемлекетаралық нормативтiк құжаттарды қоса алғанда) өзара байланысты құжаттардың жүйесi;
      23) қала құрылысы кадастрының есептеу бiрлiктерi - тұтастай Қазақстан Республикасы, облыстар, аудандар, елдi мекендер аумағының, ауқымды, жайпақ және желiлiк құрылыстардың барлық түрлерiн қоса алғанда, жылжымайтын мүлiк объектiлерiнiң ұйымдастырылған және пайдаланылған элементтерi;
      24) қала құрылысының кеңiстiгi - адамның (ел, аймақ, елдi мекен, елдi мекен бөлiгi халқының) мекендейтiн және тiршiлiк ететiн материалдық ортасы қалыптасатын қала құрылысын реттеу аумағы;
      25) қала құрылысы қызметi (бұдан әрi - қала құрылысы) - қала құрылысын жоспарлаудағы қала құрылысы кеңiстiгiн қалыптастырудың, қала құрылысы жобасын жасаудың, қала құрылысы құжаттамасының барлық сабақтас бөлiмдерiн үйлестiрудiң шығармашылық процесiн қамтитын, аумақтар мен елдi мекендердi ұйымдастыру мен дамыту, аумақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерiн анықтау, қалалар мен селолық елдi мекендердi кешендi жоспарлау жөнiндегi қызмет;
      26) қала құрылысының регламенттерi - аумақтарды (жер учаскелерiн) және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдаланудың, сондай-ақ олардың жай-күйiнiң заңнамада белгiленген тәртiппен жол берiлетiн кез келген өзгерiстерiнiң режимдерi, рұқсаттары, шектеулерi (ауыртпалық салуды, тыйым салу мен сервитуттарды қоса алғанда).
      Қала құрылысының регламенттерi мемлекеттiк нормативтерге сәйкес орындалған қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасымен белгiленедi. Қала құрылысы регламенттерiнiң қолданылуы олар үшiн белгiленген мерзiм шегiнде шектеледi;
      27) қала құрылысын реттеу аумағы - шегiнде қандай да болсын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi жүзеге асырылатын аумақ;
      28) қаупi ықтимал құрылыс объектiлерi - функционалдық мақсаты, технологиялық өндiрiстiк процестерi, пайдалану сипаттамалары бойынша адам өмiрi мен денсаулығына зиян, орны толмас нұқсан келтiретiн, басқа да объектiлердiң тұрақты жұмыс iстеуiн бұзатын техногендiк және (немесе) экологиялық зiлзалалар (авариялар) қатерi бар объектiлер;
      29) қонысаралық аумақтар - елдi мекендердiң шекарасынан (шегiнен) тыс жатқан аумақтар;
      30) қоныстану аумағы - тұрғын үй, қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) және рекреациялық аймақтарды, сондай-ақ инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарының жекелеген бөлiктерiн, басқа да объектiлердi орналастыруға арналған, орналастырылуы мен қызметi арнаулы санитарлық-қорғаныш аймақтарын талап ететiндей әсер етпейтiн елдi мекен аумағының бiр бөлiгi;
      31) құрылыс қызметi (бұдан әрi - құрылыс) - жаңа объектiлер салу және (немесе) бар объектiлердi (үйлердi, ғимараттар мен олардың кешендерiн, коммуникацияларды) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтiру, күрделi жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларын дайындау (өндiру), сондай-ақ аяқталмаған объектiлер құрылысын консервациялау мен өз ресурстарын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыру жолымен өндiрiстiк және өндiрiстiк емес негiзгi қорларды құру жөнiндегi қызмет;
      32) құрылыс-монтаж жұмыстары - құрылыс қызметi, ол:
      жер жұмыстарын және топырақтағы арнаулы жұмыстарды;
      үйлер мен ғимараттардың (оның iшiнде көпiрлер, көлiк эстакадалары, тоннельдер мен метрополитендер, жол құбырлары, құбыр өткiзгiштер, өзге де жасанды құрылыстар) тiреу және (немесе) қоршау конструкцияларын салуды;
      желiлiк құрылыстарды төсеу жөнiндегi арнаулы құрылыс және монтаж жұмыстарын;
      сыртқы инженерлiк желiлер мен құрылыстар, сондай-ақ iшкi инженерлiк жүйелер орнатуды;
      конструкциялар мен жабдықтарды қорғау және өңдеу жөнiндегi жұмыстарды;
      автомобиль және темiр жол құрылысын;
      технологиялық жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), iске қосу-жөндеу жөнiндегi жұмыстарды қамтиды;
      33) құрылыс өнiмi - сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiнiң аралық және (немесе) түпкiлiктi нәтижесi;
      34) құрылыс өнiмiнiң сапасы (объектiнiң сапасы) - қызметтiң (пайдалануға берудiң, пайдаланудың, қолданудың) бүкiл мерзiмi бойында меншiк иелерiнiң (пайдаланушылардың) және тұтас алғанда қоғамның мүдделерi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған талаптарды бiлдiретiн, тұтынушыларға жеткiзiлген түпкiлiктi құрылыс өнiмi сипаттамаларының (эстетикалық сипаттаманы қоса алғанда) жиынтығы;
      35) құрылыс салуды реттейтiн сызық (құрылыс салу сызығы) - қызыл және сары сызықтардан немесе жер учаскесi шекарасынан шегiндiре отырып, үйлердi (ғимараттарды, құрылғыларды) орналастыру кезiнде белгiленетiн құрылыс салу шекарасы;
      36) қызыл сызық - елдi мекендердi жоспарлау құрылымындағы кварталдардың, шағын аудандардың, өзге элементтердiң аумағын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөлiп тұратын шекара. Әдетте қызыл сызық құрылыс салу шекарасын реттеу үшiн қолданылады;
      37) макет - жоспарланып отырған аумақтардың, жобаланып отырған объектiлердiң, олардың жекелеген элементтерiнiң, сондай-ақ үй-жайлар интерьерлерiнiң кеңiстiктегi өлшемдестiгiн немесе құрылыстардың iшкi кеңiстiгiн белгiлеу мақсатында көлемдi нысандағы (түгелдей көрсете отырып немесе шартты түрде) масштабқа қатаң сәйкес келетiн етiп орындалған иллюстрациялық (көрнекi) материал. Макет ретiнде компьютерлiк кеңiстiктiк модельдеудiң бейнематериалдары пайдаланылуы мүмкін;
      38) мемлекеттiк қала құрылысы кадастры - қала құрылысы регламенттерiн, қала құрылысы, сәулет және құрылыс қызметi аумағын оның пайдаланылу режимiнiң әлеуметтiк-құқықтық белгiлерi, инженерлiк-техникалық қамтамасыз етiлу деңгейi, онда орналасқан объектiлердiң параметрлерi мен жай-күйi, сондай-ақ табиғи-климаттық жағдайлары мен экологиялық жай-күйi бойынша сипаттайтын картографиялық, статистикалық және мәтiндiк ақпаратты қамтитын сан және сапа көрсеткiштерiнiң мемлекеттiк жүйесi;
      39) мемлекеттiк нормативтер (мемлекеттiк нормативтiк құжаттар) - адамның мекендеуi мен тiршiлiк етуiне қолайлы, қауiпсiз және басқа да қажеттi жағдайларды қамтамасыз ететiн нормативтiк құқықтық актiлер, нормативтiк-техникалық құжаттар, өзге де мiндеттi талаптар, шарттар мен шектеулер жүйесi;
      40) нобай (нобайлық жоба) - жобалық (жоспарлық, кеңiстiктiк, сәулеттiк, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, әшекейлiк немесе басқа) шешiмнiң оңайлатылған, схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешiмнiң түпкi ойын түсiндiретiн түрi;
      41) объектiнiң бас жоспары - құрылыс объектiсi (үй, ғимарат, кешен) жобасының оны аумаққа (учаскеге) орналастыру, көлiк коммуникацияларын, инженерлiк желiлердi төсеу (жүргiзу), учаскенi инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру, шаруашылық қызметiн көрсетудi ұйымдастыру мәселелерiн және жобаланып отырған объектiнiң орналасатын жерiне байланысты өзге де iс-шараларды кешендi шешу қамтылатын бөлiгi;
      42) объектiнi кейiннен кәдеге жарату - күрделi құрылыстың (үйдiң, ғимараттың, кешеннiң) пайдаланылуы (пайдалану, қолдану) тоқтатылғаннан кейiн кәдеге асатын элементтерiн (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бiр мезгiлде қалпына келтiрiп және қайталап пайдаланып, сондай-ақ кәдеге аспайтын элементтер мен қалдықтарды өңдей отырып, бөлшектеп алу және бұзу жөнiндегi жұмыстар кешенi;
      43) объектiлер мониторингi - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi объектiлерiнiң жай-күйi мен өзгерiстерiн байқау жүйесi;
      44) объектiнiң техникалық күрделiлiгi - объектiнiң функционалдық қызметiне, оның тiрек және қоршау конструкцияларының ерекшелiктерiне, қабаттар (конструкциялық қатарлар) санына, сейсмикалық қауiптiлiгiне немесе салынатын жерiнiң (ауданының) өзге де айрықша геологиялық, гидрогеологиялық, геотехникалық жағдайларына қарай мемлекеттiк және (немесе) мемлекетаралық (халықаралық) нормативтермен белгiленетiн, табандары мен конструкцияларының сенiмдiлiгi мен берiктiгiне қойылатын техникалық талаптардың дәрежесi бойынша құрылыс объектiсiнiң жауапкершiлiк деңгейi, олар:
      жауапкершiлiктiң бiрiншi деңгейi - күшейтiлген;
      жауапкершiлiктiң екiншi деңгейi - қалыпты;
      жауапкершiлiктiң үшiншi деңгейi - төмендетiлген болып бөлiнедi;
      45) республикалық маңызы бар объект - жоспарлануы, жобалануы және салынуы қаржыландыру көздерiне қарамастан, облысаралық, жалпы республикалық, мемлекетаралық (халықаралық) маңызы бар және екi және одан көп облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мүдделерiн немесе Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердiң мүдделерiн қозғайтын, стратегиялық немесе өзге де маңызды жалпымемлекеттiк мiндеттердi шешумен байланысты объект;
      46) салынып жатқан объектiлердi консервациялау - құрылысы аяқталмаған объект конструкцияларының, материалдары мен жабдықтарының оны салудың уақытша тоқтатылуы кезеңiнде сақталуы мен сапалық сипаттамаларын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар кешенi;
      47) санитарлық-қорғаныш аймағы - арнаулы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ өнеркәсiп орындары мен елдi мекендегi басқа да өндiрiстiк, коммуналдық және қоймалық объектiлердi жақын маңдағы қоныстану аумақтарынан, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттардан оларға қолайсыз факторлардың әсер етуiн әлсiрету мақсатында бөлiп тұратын аумақ;
      48) сары сызық - жойқын жер сiлкiнiстерi, өзге де табиғи немесе техногендiк сипаттағы зiлзалалардың салдарынан үйлердiң (ғимараттардың, құрылыстардың) үйiндiлерге (қиратындыларға) айналуы барынша мүмкiн болатын аймақтар шекарасы. Әдетте сары сызық үйлер мен ғимараттар арасындағы қашықтықты реттеу үшiн қолданылады;
      49) сәулет-жоспарлау тапсырмасы - объектiнiң мақсатына, негiзгi өлшемдерiне және оны нақты жер учаскесiне (алаңға, трассаға) орналастыруға қойылатын талаптар кешенi, сондай-ақ осы елдi мекен үшiн қала құрылысының регламенттерiне сәйкес белгiленетiн, жобалау мен құрылысқа қойылатын мiндеттi талаптар, шарттар мен шектеулер. Бұл ретте, түсi жөнiндегi шешiм мен үйлердiң (ғимараттардың) қасбеттерiн әрлеу материалдарын пайдалану, көлемдiк-кеңiстiктегi шешiм бойынша талаптар белгiлеуге жол берiлмейдi;
      50) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы инжинирингтiк қызметтер көрсету - оңтайлы жобалық көрсеткiштерге қол жеткiзу мақсатымен құрылыстың дайындығын және жүзеге асырылуын қамтамасыз ететiн қызметтер кешенiн көрсету;
      51) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекетаралық нормативтер (мемлекетаралық нормативтiк құжаттар) - Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттiң (басқа мемлекеттердiң) аумақтарында Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар негiзiнде қолданылатын, мемлекетаралық қала құрылысы нормативтерiн, мемлекетаралық құрылыс нормалары мен ережелерiн, құрылыстағы мемлекетаралық стандарттарды қамтитын нормативтiк-техникалық құжаттардың, ережелердiң және басқа да мiндеттi талаптардың, шарттар мен шектеулердiң жүйесi;
      52) сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн мемлекеттiк басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық мемлекеттiк орган;
      53) сәулет қызметi (бұдан әрi - сәулет) - объектiнiң сыртқы және iшкi келбетiн жасаудың, құрылысқа арналған (реконструкциялау, қалпына келтiру) жобалау құжаттамасының сәулет бөлiгiнде кеңiстiктi, композициялық, көлемдiк-жоспарлау және функционалдық ұйымдастырудың шығармашылық процесiн, жобаны iске асыру кезiнде авторлық қадағалау жүргiзудi қамтитын сәулет объектiлерiн жасау жөнiндегi қызмет;
      54) сәулет объектiлерi - әзiрленуiне сәулетшiнiң қатысуы қажет болатын, сәулет немесе қала құрылысы жобаларының негiзiнде салынған үй, ғимарат, монумент, үйлер мен ғимараттар кешенi, олардың экстерьерлерi және (немесе) интерьерлерi, абаттандыру, ландшафт немесе бақ-саябақ өнерiнiң элементтерi;
      55) сәулет (қала құрылысы) туындысы - қандай да бiр сәулет объектiсiн жасауға немесе қала құрылысы кеңiстiгiн қалыптастыруға бағытталған, жобалау құжаттамасы, жекелеген сызба, макет немесе нобай нысанында белгiленген авторлық ойды қоса алғанда, жеке тұлғалардың кәсiби қызметiндегi шығармашылық процестiң нәтижесi болып табылатын авторлық құқық және автордың (авторлардың) зияткерлiк меншiк объектiсi, сондай-ақ нақты iске асырылған жоба (жобаның бөлiгi);
      56) сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары аймақтар (аудандар) - сейсмикалық әсерiнiң жиiлiгi жетi және одан да көп балл болуы мүмкiн (күтiлетiн) аудандар;
      57) техногендiк әсер ету - халыққа, елдi мекендерге не қонысаралық аумақтарға, әдетте, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың пайда болу қатерiн төндiрмей немесе қатер төндiре отырып, адамның шаруашылық қызметi нәтижесiнде туындаған жағымсыз немесе зиянды (қауiптi) әсер ету;
      58) техногендiк зiлзалалар - шаруашылық қызметпен байланысты және:
      өнеркәсiп, көлiк аварияларын және басқа да аварияларды;
      өрт, жарылыстар немесе жарылыс қатерiн;
      биологиялық, химиялық қауiптi немесе радиоактивтi заттардың шығарылуын немесе шығарылу қатерiн;
      үйлердiң немесе ғимараттардың, коммуникациялардың кенеттен құлап түсуiн;
      гидротехникалық немесе тазарту құрылыстарының опырылуын;
      электр энергетикасы және коммуникация жүйелеріндегі аварияларды туғызатын тұтқиыл факторлар;
      59) техникалық қадағалау - орындалған жұмыстың сапасын, мерзiмiн, құнын, қабылдап алынуын және объектiнiң пайдалануға берiлуiн қоса алғанда, жобаны iске асырудың барлық сатысында құрылысты қадағалау;
      60) үй - адамдардың тұруына немесе iшiнде болуына, өндiрiстiк процестердi орындауға, сондай-ақ материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға пайдаланылатын функционалдық мақсатына қарай, мiндеттi түрде жер бетiне салынып, тұйық көлемдi құрайтын, тiреу және қоршау конструкцияларынан тұратын жасанды құрылғы. Yйдiң жер асты бөлiгi болуы мүмкiн;
      61) үйлердiң (ғимараттардың) инженерлiк жабдықтары - материалдық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ететiн, сондай-ақ технологиялық жабдықтар мен өндiрiс процестерiн инженерлiк жағынан қамтамасыз ететiн, адамдардың тұруына (тұрмысына), еңбек етуiне (болуына) қалыпты не жайлы жағдайлар жасайтын инженерлiк жүйелер мен техникалық құрылғылар кешенi;
      62) экологиялық зiлзалалар - табиғи тепе-теңдiк бұзылуының экологиялық тұтқиыл факторлары, олар:
      құрлықтың жай-күйiнiң (пайдалы қазбаларды өндiру салдарынан болатын апатты опырылыстар, тектоникалық жарықтар, грифондар, көшкiндер, ойылыстар, топырақта ауыр металдардың немесе басқа да зиянды заттардың жол берiлетiн шектен тыс шоғырлануы, топырақтың тез тозуы, топырақтың эрозиясы, сортаңдануы немесе батпақтануы салдарынан көлемдi аумақтардың шөлге айналуы);
      атмосфераның құрамы мен қасиеттерiнiң (антропогендiк әсер ету салдарынан климаттың күрт өзгеруi, зиянды қоспалар жиынтығының жол беруге болатын шектен үнемi артып кетуi және ауа тазалығының нашарлауы, елдi мекендерде оттегiнiң тұрақты жетiспеуi, қышқылды жауындар жауатын көлемдi аймақтың пайда болуы);
      гидросфера жай-күйiнiң (су көздерiнiң сарқылуы немесе олардың апатты түрде немесе бiржола ластануы, ауыз судың, сондай-ақ өндiрiс қажеттiлiктерi мен шаруашылық-тұрмыстық қажеттiлiктерiне арналған судың тұрақты жетiспеуi);
      биосфера жай-күйiнiң (көлемдi аумақтардағы өсiмдiктердiң құрып бiтуi, хайуанаттар, өсiмдiктер түрлерiнiң жойылуы, биосфераның молықтыру қабiлетiнiң күрт өзгеруi) өзгеруiмен байланысты.
      Дүлей зiлзалалар (табиғи апатты құбылыстар) да экологиялық зiлзалаларға жатады.";

      2) 3-баптың 1-тармағында:
      1) тармақшадағы "тарихи және мәдени" деген сөздер "тарихи-мәдени" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) тармақшадағы "тарихи және мәдени мұраны" деген сөздер "тарихи-мәдени мұра объектiлерiн" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 6-баптың 2-тармағының 3) тармақшасындағы "тарихи және мәдени" деген сөздер "тарихи-мәдени" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 10-бапта:
      тақырыбындағы "Тарихи, мәдени" деген сөздер "Тарихи-мәдени" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1-тармақтағы "тарихи, мәдени құндылықтар және" деген сөздер "тарих және мәдениет ескерткiштерi мен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 40-баптың 2-тармағының 4) тармақшасындағы "тарихи және мәдени мұраның пайдаланылуына" деген сөздер "тарихи-мәдени мұра объектiлерiнiң қорғалуына және пайдаланылуына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) 42-баптың 2-тармағының 3) тармақшасындағы "тарихи және мәдени" деген сөздер "тарихи-мәдени" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) 44-баптың 2-тармағының 5) тармақшасындағы "тарихи және мәдени мұраны" деген сөздер "тарихи-мәдени мұра объектiлерiн" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8) 47-баптың 4-тармағындағы "тарихи-қала құрылысының" деген сөздер "тарихи-сәулеттiң" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) 48-баптың 1-тармағының 4) тармақшасындағы "тарихи және мәдени" деген сөздер "тарихи-мәдени" деген сөздермен ауыстырылсын;

      10) 65-баптың 3-тармағының соңғы сөйлемi алып тасталсын.

       2-бап. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті


Дата вступления в силу:  11.12.2006
Дата изменения акта:  11.12.2006
Дата принятия акта:  11.12.2006
Информация об официальном опубликовании акта:  Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2006 ж., N 23, 144-құжат; "Егемен Қазақстан" 2006 жылғы 23 желтоқсан N 318-319
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  102000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  30685
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  204
Статус акта:  new
Сфера правоотношений:  007000000000 / 001008000000
Форма акта:  ЗАК
Юридическая сила:  0400
Язык акта:  kaz