Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі N 568 Заңы

       1-бап.  Қазақстан Республикасының мына заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2001 жылғы 12 маусымдағы Қазақстан Республикасының  кодексіне  (Салық кодексі) (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 11-12, 168-құжат; 2002 ж., N 6, 73, 75-құжаттар; N 19-20, 171-құжат; 2003 ж., N 1-2, 6-құжат; N 4, 25-құжат; N 11, 56-құжат; N 15, 133, 139-құжаттар; N 21-22, 160-құжат; N 24, 178-құжат; 2004 ж., N 5, 30-құжат):

      62-бап мынадай мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын:
      "7-1. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын бергені үшін төлемақы.";

      мынадай мазмұндағы 87-1-тараумен толықтырылсын:

"87-1-тарау. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон
байланысын бергені үшін төлемақы

      484-1-бап. Жалпы ережелер

      1. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын бергені үшін төлемақы (бұдан әрі - төлемақы) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісінде қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын беру құқығы үшін алынады.
      2. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын беру құқығы (бұдан әрі - құқық) байланыс саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен берген рұқсат құжаттарымен куәландырылады.

      484-2-бап. Төлеушілер

      Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен құқық алған, қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторлары болып табылатын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады.

      484-3-бап. Төлемақы ставкалары

      Төлемақының жылдық ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      484-4-бап. Есептеу және төлеу тәртібі

      1. Төлемақыны есептеуді байланыс саласындағы уәкілетті орган жылдық ставкалар негізінде, рұқсат құжаттарында көрсетілген абоненттердің санына сәйкес жүргізеді.
      2. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын беру кезеңі есепті салық кезеңінде бір жылдан кем болған жағдайда, төлемақы сомасы жыл бойынша есептелген төлемақы сомасын он екіге бөліп, оны жыл бойы қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы берілген тиісті ай санына көбейту арқылы айқындалады.
      3. Байланыс саласындағы уәкілетті орган жылдық төлемақы сомасы көрсетілген хабарлама жазады және ағымдағы есепті кезеңнің 20 ақпанынан кешіктірілмейтін мерзімде төлеушіге жібереді.
      4. Құқықты куәландыратын рұқсат құжатын осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімнен кейін алған жағдайда, байланыс саласындағы уәкілетті орган салық төлеуші қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын беруге рұқсат алған айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей, төлемақы сомасы көрсетілген хабарламаны салық төлеушіге жібереді.
      5. Жылдық төлемақы сомасы салық төлеушінің тіркеу есебінде тұрған жері бойынша тең үлестермен ағымдағы жылдың 20 наурызынан, 20 маусымынан, 20 қыркүйегінен және 20 желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімдерде бюджетке төленеді.
      6. Құқықты куәландыратын рұқсат құжатын осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімнен кейін алған кезде рұқсат құжатын алған күннен кейінгі кезекті мерзім алғашқы төлеу мерзімі болып табылады.
      7. Артық төленген төлемақы сомасы осы төлемақы бойынша өсімпұл мен айыппұлдардың есебіне жатқызу жүргізілгеннен кейін, осы төлемақы бойынша алдағы төлемдер есебіне жатқызылуға немесе салық төлеушінің өтініші бойынша оның банк шотына аударылуға тиіс.

      484-5-бап. Салық кезеңі

      Төлемақы бойынша салық кезеңі осы Кодекстің 136-бабына сәйкес айқындалады.

      484-6-бап. Салық есептілігі

      1. Салық төлеушілер жыл сайын салық төлеушінің тіркеу есебінде тұрған жері бойынша салық органдарына ағымдағы төлемдер сомаларының есебі мен қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын бергені үшін төлемақы жөнінде декларация табыс етеді.
      2. Ағымдағы төлемдер сомаларының есебі есепті салық кезеңінің 15 наурызынан кешіктірілмейтін мерзімде табыс етіледі.
      Осы Кодекстің 484-4-бабының 3-тармағында белгіленген мерзімнен кейін құқық алған жағдайда, салық төлеуші байланыс саласындағы уәкілетті орган жазып жіберген хабарламаны алған айдан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей ағымдағы төлемдер сомаларының есебін береді.
      3. Декларация есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей табыс етіледі.".

      2. "Лицензиялау туралы" 1995 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 3-4, 37-құжат; N 12, 88-құжат; N 14, 93-құжат; N 15-16, 109-құжат; N 24, 162-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 8-9, 236-құжат; 1997 ж., N 1-2, 8-құжат; N 7, 80-құжат; N 11, 144, 149-құжаттар; N 12, 184-құжат; N 13-14, 195, 205-құжаттар; N 22, 333-құжат; 1998 ж., N 14, 201-құжат; N 16, 219-құжат; N 17-18, 222, 224, 225-құжаттар; N 23, 416-құжат; N 24, 452-құжат; 1999 ж, N 20, 721, 727-құжаттар; N 21, 787-құжат; N 22, 791-құжат; N 23, 931-құжат; N 24, 1066-құжат; 2000 ж., N 10, 248-құжат; N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 1, 7-құжат; N 8, 52, 54-құжаттар; N 13-14, 173, 176-құжаттар; N 23, 321-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 2, 17-құжат; N 15, 151-құжат; N 19-20, 165-құжат; 2003 ж., N 1-2, 2-құжат; N 4, 25-құжат; N 6, 34-құжат; N 10, 50, 51-құжаттар; N 11, 69-құжат; N 14, 107-құжат; N 15, 124, 128, 139-құжаттар; 2004 ж., N 2, 9-құжат; N 5, 27-құжат):

      9-баптың 1-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "5) байланыс саласында телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнінде қызметтер жасау және көрсету, жалпы республикалық магистральдық, халықаралық байланыс жолдарын жобалау, салу, байланыс желілері мен жолдарын техникалық пайдалану;";

      15-бап мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Байланыс саласындағы ұлттық ресурстарды пайдалана отырып қызметтер көрсету жөніндегі кәсіпкерлік қызметке лицензиялар конкурс негізінде берілуі мүмкін.".

      3. "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 8, 84-құжат; 1999 ж., N 13, 431-құжат; N 23, 921-құжат; 2001 ж., N 15-16, 228-құжат; 2002 ж., N 6, 71-құжат; 2003 ж., N 11, 67-құжат):

      12-тарауда:
      тақырыбында "және коммуналдық қызметтерге" деген сөздер ", коммуналдық қызметтерге және қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақыны ұлғайту бөлігіндегі байланыс қызметтеріне" деген сөздермен ауыстырылсын;

      97-бапта:
      тақырыбында "және коммуналдық қызметтер" деген сөздер ", коммуналдық қызметтер және қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақыны ұлғайту бөлігіндегі байланыс қызметтері" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақтың екінші бөлігінде "және коммуналдық қызметтерді тұтынуға" деген сөздер ", коммуналдық қызметтерді және қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақыны ұлғайту бөлігіндегі байланыс қызметтерін тұтынуға" деген сөздермен ауыстырылсын.

      4. "Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы" 1998 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 11-12, 173-құжат; 2000 ж., N 5, 115-құжат):

      мынадай мазмұндағы 22-1-баппен толықтырылсын:

      "22-1-бап. Байланыс саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау және ақпараттық оқшаулануын болдырмау мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдар инвесторларға берілетін кепілдіктерді сақтай отырып, магистральдық байланыс жолдарын басқару мен пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметіне, сондай-ақ шет ел қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншігіндегі байланыс желілеріне осы Заңда айқындалған тәртіппен бақылау жасауды жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін сақтау мақсатында, оның ішінде ерекше кезеңде әрі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, карантиндер, өзге де төтенше жағдайлар туындаған кезде байланыс желілерінің үздіксіз және тұрақты пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қолдану мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың міндеті болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасының органдары мен лауазымды адамдары байланыс желілерін салу, оларды пайдалану және дамыту мәселелері жөнінде шешім қабылдау кезінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін сақтау талаптарын басшылыққа алуға тиіс.
      4. Мыналарға:
      1) шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік заңды тұлғалардың магистральдық байланыс жолдарын басқаруына және пайдалануына;
      2) басқару орталығы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан байланыс желілерін оның аумағында құруға және пайдалануға;
      3) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретінде байланыс жолын иеленуші және (немесе) оларды басқару немесе пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның дауыс беретін акцияларының, сондай-ақ үлестерінің, пайларының он процентінен астамын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті органның келісімінсіз жеке және заңды тұлғалардың дербес немесе бір топ адамдар құрамында сатып алуына немесе меншікке өзгеше алуына;
      4) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретінде телекоммуникация саласындағы қызметті жүзеге асыратын, жер бетіндегі (кәбілдік, оның ішінде талшықты-оптикалық, радиорелелік) байланыс жолдарын иеленетін заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының, сондай-ақ үлестерінің, пайларының жиынтығы 49 процентінен астамын шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік заңды тұлғалардың тікелей және (немесе) жанама иеленуіне, пайдалануына, билік етуіне және (немесе) басқаруына;
      5) жедел-іздестіру шараларын қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сай келмейтін байланыс желілерін пайдалануға беруге тыйым салынады.
      5. Байланыс саласында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың акцияларын (үлестерін, пайларын) иелену немесе олардың қызметіне қатысу бөлігіндегі өзге де шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.".

      5. "Табиғи монополиялар туралы" 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 16, 214-құжат; 1999 ж., N 19, 646-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; 2001 ж., N 23, 309-құжат; 2002 ж., N 23-24, 193, 309-құжаттар):

      4-баптың 1-тармағында:
      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "6) тарифтерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсетуді қоспағанда, техникалық мүмкіндіктің болмауынан не экономикалық тиімсіздіктен телекоммуникация қызметтерін көрсететін бәсекелес байланыс операторы болмаған жағдайда көрсетілетін телекоммуникация қызметтері;";
      мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "6-1) телекоммуникация желілерін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісіне қосу мақсатында кәбілдік кәріз бен технологиялық мүлікті жалға немесе пайдалануға беру қызметтері;".

       2-бап.  Осы Заң, 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағын қоспағанда, ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті