Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы терроризмге, саяси және діни экстремизмге, ұлтаралық ұйымдасқан қылмысқа және Тараптардың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне өзге де қауіп-қатер төндіру

Қазақстан Республикасының Заңы 2000 жылғы 9 қараша N 97-II


     Ташкентте 2000 жылғы 21 сәуірде жасалған Қазақстан Республикасы, 
Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы 
арасындағы терроризмге, саяси және діни экстремизмге, ұлтаралық ұйымдасқан 
қылмысқа және Тараптардың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне өзге де 
қауіп-қатер төндіруге қарсы күрес жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы шарт 
бекітілсін.
     
     Қазақстан Республикасының
             Президенті 
     
     
     Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжiкстан Республикасы
     және Өзбекстан Республикасы арасындағы Терроризмге, саяси және дiни
      экстремизмге, ұлтаралық ұйымдасқан қылмысқа және Тараптардың
     тұрақтылығы мен қауiпсiздiгіне өзге де қауiп-қатер төндiруге қарсы    
              күрес жөнiндегі бiрлескен iс-қимыл туралы
                                ШАРТ
     


      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжiкстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы,
      барлық мемлекеттердiң бейбiт өмiрi мен қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн, адам құқығын, қоғамның негiзгi бостандықтары мен демократиялық негiздерiн бұзуға әкеп соғатын терроризмнiң, экстремизмнiң және ұлтаралық ұйымдасқан қылмыстың барлық нысандары мен көрiнiстерi ауқымының ұлғаюына және олардың даму үрдiстерiне алаңдаушылық бiлдiре отырып,
      азаматтардың өмiрiне, құқықтары мен заңды мүдделерiне, өз мемлекеттерiнiң егемендiгi мен аумақтық тұтастығына қылмыстық қол сұғушылықтан сенiмдi түрде қорғауды қамтамасыз ету талабын негiзге ала отырып,
      мемлекеттердiң қауiпсiздiгiне қарсы зиянкестiк әрекеттерге, әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк және дiни алауыздықты қоздыру, саяси және дiни экстремизм әрекеттерiне қарсы бiрлесiп iс-қимыл жасауға тiлек бiлдiре отырып,
      халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қолдауға, мемлекеттер арасындағы ізгi көршiлiк пен достық қатынастарды, ынтымақтастықты дамытуға қатысты Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен қағидаттарына өздерiнiң адалдықтарын қуаттай отырып,
      төмендегiлер туралы уағдаласты:

                                1-бап
                            Жалпы ережелер

      1. Тараптар саяси, идеологиялық, нәсiлдiк, этникалық, дiни немесе кез келген басқа да сипаттағы пайымдаулар бойынша ақталуы ешқандай мүмкiн емес терроризмдi, саяси және дiни экстремизмдi сөзсiз айыптайды.
      2. Тараптар террористерге, экстремистерге баспана немесе жеңiлдiктер беруден бас тартатындықтарын қуаттайды, сондай-ақ оларды қылмыстық жауапкершiлiкке тартуға және осы мақсат үшiн ұстап беру туралы халықаралық шарттардың негiзiнде мүдделi мемлекетке ұстап беруге ұмтылатын болады.

                                2-бап
                         Ынтымақтастық саласы

      1. Тараптар осы Шарттың ережелерiне сәйкес және ұлттық заңдар, сондай-ақ халықаралық мiндеттемелер сақталған жағдайда өздерiнiң орталық құзыреттi органдары арқылы терроризмге, саяси және дiни экстремизмге, ұлтаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте ынтымақтасады.
      2. Тараптар қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек көрсету және ұстап беру мәселелерi бойынша ынтымақтасатын болады.

                                3-бап
                      Орталық құзыреттi органдар

      1. Тараптардың әрқайсысы осы Шарт бойынша өздерiнiң құзыреттi органдарының тiзбесiн белгiлейдi және оны Шарттың күшiне енген күнiнен бастап бiр ай iшiнде депозитарийге жолдайды, депозитарий аталған тiзбенi басқа Тараптарға жiбередi.
      Тараптар өздерiнiң құзыреттi органдарының тiзбесiне енгiзiлген өзгерiстер туралы депозитарийге кiдiрiссiз хабарлайды.
      2. Осы Шартты орындау мақсатында Тараптардың орталық құзыреттi органдары бiр-бiрiмен тiкелей ынтымақтасады.

                                4-бап
                           Бiрлескен шаралар

      1. Тараптар терроризмге, саяси және дiни экстремизмге, конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге немесе аумақтық тұтастықты бұзуға бағытталған iс-қимылдарға, ұлтаралық ұйымдасқан қылмысқа, есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың, қару мен оқ-дәрiлердiң, жарылғыш заттардың және қопарғыш құрылғылардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл жүргiзу жөнiнде өзара келiсiлген күш-жiгер жұмсайтын болады.
      2. Тараптар өздерiнiң қауiпсiздiгiне, сондай-ақ Тараптар азаматтарының өмiрiне, құқықтары мен заңды мүдделерiне қауiп төндiретiн аталған құбылыстармен күресте өздерiнiң орталық құзыреттi органдарының тиiмдi ынтымақтастығын арттыруға шаралар қабылдайтын болады.

                                5-бап
             Ынтымақтастықтың құқықтық негiзiн кеңейту

      Тараптар осы Шарттың шеңберiнде ынтымақтастықты құқықтық реттеудi жетiлдiруге, терроризмнiң және экстремизмнiң, ұлтаралық ұйымдасқан қылмыстың кез келген көрiнiстерiне қарсы iс-қимыл жүргiзу мақсатында ұлттық заңдарының нормаларын жақындастыруға ұмтылатын болады.
      Осы мақсаттарда Тараптар тұрақты негiзде консультациялар өткiзедi, осы Шарттың ережелерiн орындау мақсатында қабылданған нормативтiк-құқықтық актiлердi алмасуды жүзеге асырады.

                                6-бап
                        Ынтымақтастық бағыттары

      1. Тараптар осы Шарттың 4-бабының ережелерiн назарға ала отырып және өздерiнiң заңдарына сәйкес мынадай қылмысты әрекеттерден сақтандыруда, оларды анықтауда, жолын кесуде, ашуда және тергеуде ынтымақтасатын болады, олар:
      - терроризм, кепiлдiкке тұтқындар ұстау, бүлiк салу, ұйымдасқан қылмыс және қоғамдық қауiпсiздiкке қол сұғушылықтың басқа да қауiптi түрлері;
      - әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк және дiни араздықты қоздыру;
      - саяси және дiни экстремизм актiлерi;
      - террористер мен экстремистердi даярлау жөнiндегi орталықтарды ұйымдастыру және олардың жұмыс жасауы;
      - қарудың, оқ-дәрiлердiң, жарылғыш заттардың және қопарғыш құрылғылардың, радиоактивтi материалдардың заңсыз айналымы;
      - есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымы;
      - контрабанда, кеден және салық заңдарын бұзу;
      - заңсыз көшi-қон;
      - автокөлiк құралдарымен заңсыз операциялар жасау;
      - экономика саласындағы қылмыстар, заңсыз қаржылық операциялар;
      - жалған төлқұжаттарды және тұлғаны куәландыратын өзге де құжаттарды, бағалы қағаздар мен ақша белгiлерiн, сондай-ақ оларды дайындауға арналған техникалық құралдарды дайындау және тарату;
      - алдын алу үшiн Тараптардың ынтымақтастығы талап етiлетiн ұлтаралық ұйымдасқан қылмыстың басқа да нысандары.
      2. Тараптар ұлттық заңдарына сәйкес мынадай бағыттар бойынша да өзара iс-қимыл жасайтын болады, олар:
      - Тараптардың аумақтары террористiк базалар, оқу лагерлерiн құру үшiн немесе басқа мемлекеттер мен олардың азаматтарына қарсы бағытталған террористiк актiлердi әзiрлеу мен ұйымдастыру үшiн пайдаланылмауын қамтамасыз ету жөнiнде практикалық шаралар қабылдау;
      - террористiк және экстремистiк сипаттағы өзге де ұйымдардың қызметiне қатысу үшiн адамдар жалдауға, сондай-ақ осындай ұйымдардың қызметiне материалдық көмек көрсетуге қарсы күрес;
      - әуежайлардың, темiр жол станцияларының, метрополитендердiң, ядролық, химиялық және жоғары талап қойылатын технологиялық әрi экологиялық қаупi бар өзге де объектiлердiң, қалалар мен өзге де елдi мекендердiң тiршiлiк-тынысын қамтамасыз ететiн жүйелердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      - Әуе кемелерiн заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы 1970 жылғы 16 желтоқсандағы конвенцияның және Азаматтық авиация қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз актiлерге қарсы күрес туралы 1971 жылғы 23 қыркүйектегi конвенцияның ережелерiне сәйкес азаматтық авиация қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      - бағалы және арнайы жүктердi алып жүру және қорғау;
      - санамаланған бағыттар бойынша бiрлескен оқуларды өткiзу.

                                7-бап
                        Ынтымақтастық нысандары

      1. Осы Шарттың ережелерiн iске асыру мақсатында Тараптар ынтымақтастықты, атап айтқанда, мынадай нысандарда жүзеге асыратын болады:
      - дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар мен оларға қатысты тұлғалар және ұйымдар туралы өзара мүдделiлiк білдiрiлетiн ақпарат алмасу;
      - қарулы күштердiң контингенттерiн, Тараптардың құқық қорғау органдарының арнайы бөлiмшелерiн тарта отырып (пайдаланып), бiрлескен арнайы операцияларды (iс-шараларды) жүзеге асыру;
      - бiрлескен жедел iздестiру iс-шараларын және тергеу iс-қимылдарын жүргiзу;
      - бiрлескен iздестiру iс-шаралары және тергеу iс-қимылдары туралы сұрау салуларды орындау;
      - қылмысына қатысты iздестiруден немесе жазасын өтеуден жасырынып жүрген тұлғаларды iздестiру;
      - нөмiрлерi немесе арнайы ерекшелiк белгілерi бар ұрланған заттарды, оның iшiнде автокөлiктi және атыс қаруын, сондай-ақ нөмiрленген құнды қағаздарды, тұлғаны куәландыратын паспорттарды және басқа да құжаттарды iздестiру;
      - заңсыз айналымда пайда болған есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың жаңа түрлерi, оларды дайындаудың технологиялары мен осы орайда пайдаланылатын заттар туралы, есiрткi құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды зерттеудiң және теңестiрудiң жаңа әдiстерi туралы, сондай-ақ оларды заңсыз дайындаумен және таратумен айналысатын тұлғалар туралы ақпарат алмасу;
      - осы Шарттың 6-бабының 1-тармағында көрсетiлген ұйымдасқан топтар жасаған қылмыстардың ерекшелiктерi, сондай-ақ осындай топтардың құрамы, құрылымы, қызмет салалары және қылмыстық байланыстары туралы ақпарат алмасу;
      - террористiк қызметтiң нысандары мен әдiстерi, анықталған террористiк топтардың құрылымы мен құрамы, олар пайдаланатын техникалық құралдар, сондай-ақ дайындалып жатқан немесе жасалған террористiк актiлер және оларға қатысы бар тұлғалар туралы ақпарат алмасу.
      2. Ынтымақтастықтың ауқымы және нақтылы нысандары қажеттiлiктi, сондай-ақ маңызы бар басқа да жағдайларды ескере отырып, Тараптардың орталық құзыреттi органдарының уағдаластығы бойынша белгiленедi.

                                8-бап
                Бiрлескен арнайы операциялар (iс-шаралар)

      1. Тараптар өз аумақтарында Тараптардың қарулы күштерiнiң контингенттерiн, құқық қорғау органдарының арнайы бөлiмшелерiн тарта отырып (пайдаланып), бiрлескен арнайы операцияларды (iс-шараларды) және қылмыстық, террористiк топтарды бейтараптандыру және жою жөнiндегi оперативтiк iздестiру шараларын, қылмыстардың жолын кесудi, оларды ашуды және тергеудi, қылмыстар жасады деп күдiк тудыратын адамдарды ұстауды, қылмыскерлердi iздестiрудi орталық құзыреттi органдарының жүзеге асыруына мүмкiндiк бередi.
      2. Тараптардың бiрiнiң орталық құзыреттi органдарының өкiлдерi тиiстi сұрау салулардың негiзiнде және рұқсат алғаннан кейiн Тараптардың қарулы күштерiнiң контингенттерiн, құқық қорғау органдарының арнайы бөлiмшелерiн тарта отырып (пайдаланып) арнайы операцияларды (iс-шараларды) және жедел iздестiру iс-шараларын, сондай-ақ тергеу iс-қимылдарын жүргiзу кезiнде қызмет бабындағы тапсырмаларын орындау үшiн екiншi Тараптың аумағына iссапарға жiберiлуi мүмкiн. Іссапарға жiберiлген қызметкерлердiң өздерiне жүктелген мiндеттердi орындауына, iссапарда болуына байланысты өзге де мәселелердi шешуде қажеттi жәрдем көрсетiледi.

                                9-бап
                 Бiрлескен арнайы операцияларды
               (iс-шараларды) жүзеге асырудың тәртiбi

      1. Тараптардың қарулы күштерiнiң контингенттерi, құқық қорғау органдарының арнайы бөлiмшелерi тартылатын (пайдаланылатын) арнайы операцияларды (iс-шараларды) және жедел iздестiру iс-шараларын қабылдаушы Тараптың өтiнiшi негiзiнде олар өткiзiлетiн аумақтағы Тарап заңдарының талаптарын сақтай отырып және оның орталық құзыреттi органдарының қатысуымен сондай-ақ бақылауымен Тараптардың орталық құзыреттi органдарының қызметкерлерi жүзеге асырады.
      2. Тараптардың бiрiнiң аумағында Тараптардың қарулы күштерiнiң контингенттерiн, құқық қорғау органдарының арнайы бөлiмшелерiн тарта отырып (пайдаланып) арнайы операцияларды (iс-шараларды) және жедел iздестiру iс-шараларын жүзеге асыру үшiн ұрыс техникасы, атыс қаруы, оның оқ-дәрiлерi, арнайы құралдар мен байланыс құралдары, материалдық құралдар әкелiнуi мүмкiн.
      3. Екiншi Тараптың аумағында Тараптардың қарулы күштерiнiң контингенттерiн, құқық қорғау органдарының арнайы бөлiмшелерiн тарта отырып (пайдаланып) арнайы операцияларды (iс-шараларды) және жедел iздестiру iс-шараларын жүзеге асыруға қатысатын Тараптардың бiрiнiң орталық құзыреттi органдарының өкiлдерi жiберетiн Тараптың орталық құзыреттi органы куәландырған арнайы атаулы тiзiмдердi көрсете отырып, жеке басын куәландыратын ұлттық төлқұжаттарымен өзге де құжаттары бойынша мемлекеттiк шекара арқылы өткiзiледi.
      Екiншi Тараптың аумағында Тараптардың қарулы күштерiнiң контингенттерiн, құқық қорғау органдарының арнайы бөлiмшелерiн тарта отырып (пайдаланып) арнайы операцияларды (iс-шараларды) және жедел iздестiру iс-шараларын жүзеге асыруға қатысатын Тараптардың бiрiнiң орталық құзыреттi органдарының өкiлдерi қабылдаушы Тараптың аумағында болған уақытысында осы мемлекеттiң заңдарын сақтауға мiндеттi. Жiберетiн Тараптың орталық құзыреттi органдары өкiлдерiнiң құрамына кiретiн қарулы күштердiң және құқық қорғау органдарының арнайы бөлiмшелерiнiң қызметкерлерiне жiберетiн Тараптың әскери қызметкерiнiң мәртебесiн реттейтiн заңдарының күшi қолданылады.
      4. Ұрыс техникасы, атыс қаруы, оның оқ-дәрiлерi, арнайы құралдар мен байланыс құралдары, материалдық құралдар жiберетiн Тараптың құзыреттi органы куәландырған олардың номенклатурасы мен саны көрсетiлiп, кеден бажы, алымдар мен салықтар алынбастан арнайы тiзбелер бойынша мемлекеттiк шекара арқылы өткiзiледi.
      Ұрыс техникасын, атыс қаруын, оның қару-жарағын, арнайы құралдары мен байланыс құралдарын, материалдық құралдарды кедендiк ресiмдеу жiберетiн Тараптың құзыреттi органы куәландырған арнайы тiзбелердiң негiзiнде қабылдаушы Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес жеңiлдетiлген түрде және басымдық берiлетiн тәртiппен жүргiзiледi.
      Әкелiнген ұрыс техникасы, атыс қаруы, оның оқ-дәрiлерi, арнайы құралдар және байланыс құралдары, материалдық құралдар мiндеттi түрде қайта әкетілуi тиiс. Қайта әкету оларды жiберетiн Тараптың аумағынан шығарған кезде және қабылдаушы Тараптың аумағына әкелген кезде шекаралық және кедендiк органдар куәландырған аталған арнайы тiзбелердiң негiзiнде жүзеге асырылады. Ұрыс техникасының, атыс қаруының, оның оқ-дәрiлерiнiң, арнайы құралдар мен байланыс құралдарының, материалдық құралдардың пайдаланылуы (шығысы) жiберетiн және қабылдайтын Тараптардың орталық құзыреттi органдарының өкiлдерi ресiмдейтiн тиiстi құжаттармен куәландырылады. Тараптардың қарулы күштерiнiң контингентiн, құқық қорғау органдарының арнайы бөлiмшелерiн тарта отырып (пайдаланып), арнайы операциялардың (iс-шаралардың) және жедел iздестiру iс-шараларының барысында алынған ұрыс техникасы, атыс қаруы, оның оқ-дәрiлерi, арнайы құралдар және байланыс құралдары, материалдық құралдар қабылдаушы Тараптың иелiгiнде қалады.
      5. Қабылдаушы Тараптың аумағында зардап шегушiлерге жедел медициналық көмек көрсету қажеттiгi кезiнде жiберушi Тараптың орталық құзыреттi органы куәландырған, олардың номенклатурасы мен саны көрсетiлген арнайы тiзбе бойынша мемлекеттiк шекара арқылы өткiзiлетiн құрамында есiрткi заттары бар медициналық дәрi-дәрмектердiң қажеттi мөлшерi шеттен әкелiнуi мүмкiн.
      Құрамында есiрткi заттары бар пайдаланылмаған медициналық дәрi-дәрмектер осы дәрi-дәрмектердiң номенклатурасы мен санын растайтын тиiстi тiзбелер негiзiнде қабылдаушы Тараптың кедендiк бақылауымен мiндеттi түрде қайта әкетiлуге жатады. Құрамында есiрткi заттары бар шығындалған медициналық дәрi-дәрмектерге қабылдаушы Тараптың кеден органы жiберушi және қабылдаушы Тараптардың орталық құзыреттi органдарының өкiлдерi қол қойған, олардың пайдаланылғандығы туралы актi толтырады.
      6. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген iс-шаралар, олар аумағында жүзеге асырылатын қабылдаушы Тарап бұл туралы талап қойысымен тоқтатылады.

                                10-бап
         Жәрдем көрсету туралы сұрау салу және оны жiберудiң тәртiбi

      1. Осы Шарттың шеңберiндегi ынтымақтастық Тараптардың орталық құзыреттi органдарының жәрдем көрсету туралы сұрау салуларының негiзiнде жүзеге асырылады.
      Жәрдем көрсету туралы сұрау салуға сұрау салушы Тараптың орталық құзыреттi органы басшысының немесе оның орынбасарының қолы қойылуы, сондай-ақ осы орталық құзыреттi органның елтаңбалық мөрiмен бекiтiлуi тиiс.
      Мұндай сұрау салуларды Тараптардың орталық құзыреттi органдары бiр-бiрiне тiкелей немесе дипломатиялық арналар бойынша, оның iшiнде электрлiк байланыс құралдарымен жiберуi мүмкiн.
      2. Жәрдем көрсету туралы сұрау салу жазбаша түрде жiберiледi және сұрау салуда көрсетiлген мерзiмде орындалады. Жәрдем көрсету туралы сұрау салудың түпнұсқалығына немесе мазмұнына күмән туындаған кезде оны растау туралы сұрау салынуы мүмкiн.
      3. Жәрдем көрсету туралы сұрау салуда:
      а) жәрдем туралы сұрау салушы орталық құзыреттi органның, және сұрау салу бағытталған органның атаулары;
      б) iстiң мәнiнiң баяндалуы;
      в) iске қатысы бар адамдардың аты-жөнi, лақап аттары, азаматтығы, олардың туған күндерi және жерлерi, айналысатын iсi, тұрғылықты жерi немесе қазiргi тұрып жатқан жерi; iске қатысы бар заңды тұлғалардың, мекемелер мен ұйымдардың атаулары мен орналасқан жерлерi;
      г) әрекеттi немесе оқиғаны сипаттау, қылмыстық iс бойынша сұрау салушы Тараптың заңдарына сәйкес әрекеттiң саралануы және қолданылатын заңның мәтiнi;
      д) сұрау салуды орындау кезiнде ұстану қажет ерекше тәртiптi сипаттау және осы қажеттілiктiң негiздемесi;
      е) сұрау салу мақсаттарының көрсетiлуi мен негiздемесi;
      ж) жауап алынуы қажет сұрақтардың тiзбесi;
      з) сұрау салудың орындалу мерзiмдерi;
      и) жеке құрамның, ұрыс техникасының, атыс қаруының, оның оқ-дәрiлерiнiң, арнайы құралдардың және байланыс құралдарының, материалдық құралдардың, құрамында есiрткi заттары бар медициналық дәрi-дәрмектердiң бағдарланған мөлшерi болуы тиiс.
      4. Сұрау салуда сондай-ақ сұрау салудың орындалуын жеңiлдету үшiн пайдалы болуы мүмкiн кез келген басқа ақпарат та болуы тиiс.
      5. Осы Шарттың шеңберiндегi ақпаратты, егер ол басқа Тараптар үшiн мүдделiлiк туғызады деп есептейтiндей негiз бар болса, орталық құзыреттi органдар бiр бiрiне сұрау салусыз-ақ жеке бастамалары бойынша жiберетiн болады.

                                11-бап
            Жәрдем көрсету туралы сұрау салудың орындалу тәртiбi

      1. Егер сұрау салуды орындау сұрау салуды алған органның құзыретiне жатпайтын болса, осы орган оны кiдiрiссiз өз мемлекетiнiң тиiстi орталық құзыреттi органына бередi және бұл туралы сұрау салушы Тараптың орталық құзыреттi органына хабарлайды.
      2. Сұрау салынған Тараптың орталық құзыреттi органы қажет болған жағдайда, оның ойынша, сұрау салуды орындау үшiн қажеттi қосымша мәлiметтердi сұратуға құқылы.
      3. Сұрау салынған Тараптың орталық құзыреттi органы сұрау салудың жылдам, мүмкiндiгiнше неғұрлым толық және сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшiн барлық қажеттi шараларды қабылдайды. Сұрау салуды орындауға кедергi болатын немесе елеулi түрде кiдiртетiн жағдайлар бар болған кезде бұл туралы сұрау салушы Тараптың орталық құзыреттi органы кiдiрiссiз хабарланады.
      4. Сұрау салуды орындау кезiнде сұрау салынған Тараптың заңдары қолданылады, бiрақ егер бұл сұрау салынған Тараптың заңдарына немесе халықаралық мiндеттемелерiне қайшы келмейтiн болса, сұрау салушы Тараптың өтiнiшi бойынша оның заңдары қолданылуы мүмкiн.
      5. Сұрау салынған Тараптың орталық құзыреттi органы сұрау салушы Тараптың орталық құзыреттi органының өтiнiшi бар болған жағдайда оны сұрау салудың орындалу барысы туралы хабардар етедi.
      6. Сұрау салынған Тараптың орталық құзыреттi органы мүмкiндiгiнше неғұрлым қысқа мерзiмде сұрау салушы Тараптың орталық құзыреттi органын сұрау салудың орындалуының нәтижелерi туралы хабардар етедi.
      7. Тараптардың орталық құзыреттi органдары өз мемлекеттерiнiң заңдарына сәйкес және өздерiнiң құзыреттерi шегiнде бiр-бiрiне жәрдем көрсетедi.

                                12-бап
             Жәрдем көрсету туралы сұрау салуды орындаудан
                        бас тарту үшін негіздер

      1. Егер сұрау салуды орындау сұрау салынған Тараптың ұлттық қауiпсiздiгiне және басқа да мүдделерiне нұқсан келтiретiн болса не ұлттық заңдарына немесе халықаралық мiндеттемелерiне қайшы келетiн болса, осы Шарттың шеңберiнде жәрдем көрсетуден толық немесе iшiнара бас тартылуы мүмкiн.
      2. Сұрау салуды орындаудан бас тарту туралы шешiм қабылданған жағдайда сұрау салушы Тараптың орталық құзыреттi органы бұл туралы бас тартудың себептерi көрсетiлiп, жазбаша хабарланады.

                                13-бап
              Құпиялылықты сақтау және ақпаратты пайдалану

      1. Осы Шарт шеңберiнде алынған ақпарат, егер ол жабық сипатта болса немесе берушi Тарап оны жариялауды қажетсiз деп есептесе, Тараптар ұлттық заңдарға сәйкес оның құпиялылығын қамтамасыз етедi.
      Бұл ережелер осы Шарттың шеңберiнде берiлетiн техникалық құралдарға, жабдықтар мен материалдарға да қолданылады.
      2. Әрбiр Тарап екiншi Тараптың жәрдем туралы сұрау салуы болған жағдайда, сұрау салудың және оның мазмұнының құпиялылығын қамтамасыз ету үшiн барлық қажеттi шараларды қолданады. Сұрау салынған Тарап сұрау салуды оның құпиялылығын сақтай отырып орындау мүмкiн емес жағдайда, бұл туралы сұрау салушы Тарапты хабардар етедi, соңғысы мұндай шарттармен сұрау салуды орындау қажеттiгiн шешедi.
      3. Тараптар осы Шарт шеңберiнде алынған ақпараттарға, техникалық құралдарға, жабдықтарға және материалдарға оларды ұсынып отырған Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi Тараптың қол жеткiзуiне жол бермейдi. Бұл ереженiң, атап айтқанда, Тараптар белгiлеген мұрағаттау мен жариялау тәртiбi үшiн де күшi болады.
      4. Осы Шарт шеңберiнде алынған ақпарат, техникалық құралдар, жабдықтар мен материалдар келiсiлген мақсаттар үшiн ғана пайдаланылуы тиiс.
      5. Құпия ақпаратқа, техникалық құралдарға, жабдықтар мен материалдарға рұқсатнама осыған уәкiлеттi тұлғаларға ғана берiлуi тиiс.
      6. Осы Шарт шеңберiнде алынған ақпаратты, техникалық құралды,

жабдықтар мен материалдарды беруге, пайдалануға және сақтауға байланысты 
барлық мәселелер жеке келiсiммен белгiленедi.
     
                               14-бап
                     Бақыланатын жеткізiлiмдер 
     
     Айналысы арнайы ережелермен реттелетiн заттардың, құралдардың
және мүлiктердiң заңсыз айналымына қатысушы тұлғаларды анықтау мен 
қылмыстық қудалау мақсатында Тараптар қажеттi жағдайларда ұлттық заңдарына 
және өздерiнiң мүмкiндiктерiне сәйкес, оның iшiнде кез келген үшiншi 
Тараппен уағдаластығы бойынша, осындай заттардың, құралдардың және 
мүлiктердiң бақыланатын жеткiзiлiмi әдiсiн тиiстi түрде пайдаланатын 
болады.
     
                               15-бап
           Зардап шегушiлердiң, куәгерлердiң және сарапшылардың
                       қауiпсiздігін қамтамасыз ету 
     


      Тараптар өздерiнiң ұлттық заңдарының негiзiнде тиiстi жағдайларда айғақтары мен iс-әрекетi террорлық қызметтiң, сондай-ақ экстремистiк, ұлтаралық ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметтерiнiң алдын алуда немесе олардың жолын кесуде не қылмыстық iстердi тергеуде немесе сотта қарауда зор маңызы болатын немесе болуы мүмкiн адамдардың, ал қажет болған жағдайда олардың жақын туысқандарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде келiсілген шараларды өзара құрмет тұту негiзiнде жүзеге асыратын болады.

                                16-бап
                               Шығыстар

      1. Егер әрбiр нақты жағдайда өзгеше тәртiп келiсiлмеген болса, осы Шарттың орындалуы барысында туындайтын шығыстарды Тараптар дербес түрде көтередi.
      2. Тараптар, қажет болған жағдайда, осы Шарттың шеңберiнде терроризмге, саяси және дiни экстремизмге, ұлтаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте нақты мiндеттердi шешу үшiн бiр бiрiне қажеттi қайтарымсыз көмек, оның iшiнде жабдықтармен және материалдармен көмек көрсетедi.

                                17-бап
                              Зиянды өтеу

      1. Егер бұл қабылдаушы Тараптың аумағында осы Шартты iске асырудың мiндеттерiн орындау кезiнде болған болса, қабылдаушы Тарап жiберушi Тараптың орталық құзыреттi органдары өкiлдерінің жарақаттануы немесе қайтыс болуына байланысты шығыстарды өзiне алады.
      2. Егер жiберушi Тараптың орталық құзыреттi органының өкiлi осы Шартты iске асыруға байланысты мiндеттердi орындау кезiнде қабылдаушы Тараптың аумағында заңды немесе жеке тұлғаға зиян келтiретiн болса, қабылдаушы Тарап өзiнiң азаматтары зиян келтiрген жағдайда қолданылатын

заңдарға сәйкес зиянды өтейдi.
     3. Жiберушi Тараптың орталық құзыреттi органы өкiлiнiң
қасақана немесе өрескел ұқыпсыздығына байланысты келтiрген зияны
жiберушi Тараптың өтеуiне жатады.
     
                               18-бап
                        Ынтымақтастықтың тiлi 
     
     Осы Шарт шеңберiндегі ынтымақтастықтың тiлi орыс тiлi болып
табылады.
     
                               19-бап
                       Басқа да уағдаластықтар
     
     Осы Шартты iске асыру мақсатында Тараптардың мүдделi орталық
құзыреттi органдары жеке келісiмдер жасасуы мүмкiн.
     
                               20-бап
                    Консультациялар мен келiссөздер 
     
     Тараптардың немесе Тараптардың орталық құзыреттi органдарының
өкiлдерi қажет болған жағдайда осы Шарттың шеңберiндегi ынтымақтастықты 
нығайту және оның тиiмдiлігін арттыру мәселелерiн қарау мақсатында жұмыс 
барысындағы кездесулер, консультациялар мен келiссөздер өткiзетiн болады.
     
                               21-бап
                Басқа халықаралық шарттарға қатынасы 
     
     Осы Шарттың ережелерi олар қатысушылары болып табылатын
Тараптардың басқа да халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен 
мiндеттерiне ықпал етпейдi.
     
                               22-бап
                           Дауларды реттеу 

     Осы Шарттың ережелерiн түсiндiру мен қолдануға байланысты барлық 
даулы мәселелер Тараптар арасындағы келiссөздер арқылы шешiлетiн болады.
     
                               23-бап
                     Өзгерiстер мен толықтырулар 
     
     Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Шартқа өзгерiстер мен
толықтырулар енгізiлуi мүмкiн, олар жеке хаттамалармен ресiмделедi және
осы Шарттың 24-бабының ережелерiне сәйкес күшiне енгеннен кейiн
оның ажырамас бөлiктерi болып табылады.
     
                               24-бап
             Осы Шарттың күшiне енуi, қолданылу мерзiмi және 
                         қолданысын тоқтатуы 
     


      1. Осы Шарт бекiтiлуге жатады, депозитарий үшiншi бекiту грамотасын алған күннен бастап күшiне енедi және он жыл қолданыста болады. Егер Тараптар өзгеше шешiм қабылдамаса, оның қолданысы келесi онжылдық кезеңдерге өздiгінен ұзартылатын болады.
      2. Әрбір Тарап депозитарийге жазбаша хабарлама жiбере отырып, осы Шартқа өзiнiң қатысуын тоқтата алады. Мұндай Тарап үшiн осы Шарттың қолданысы депозитарий аталған хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткеннен соң тоқтатылады, депозитарий бұл туралы басқа Тараптарға бiр ай мерзiмде хабарлайтын болады.
      3. Осы Шарттың қолданысының тоқтатылуы, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, басталған, бiрақ осы Шарттың қолданысы тоқтатылғанға дейiн бiтпесе де, оған сәйкес жүзеге асырылатын iс-шараға ықпал етпейдi.
      4. Осы Шартты мүдделi Тараптар оған қол қойған күннен бастап

уақытша қолданатын болады.
     
     Ташкент қаласында 2000 жылғы 21 сәуiрде орыс тiлiнде бiр дана
болып жасалды.
     Түпнұсқа дана Орталық Азиялық Экономикалық Қоғамдастықтың 
Мемлекетаралық Кеңесiнiң Атқарушы комитетiнде сақталады, ол әрбiр
қатысушы мемлекетке оның расталған көшiрмесiн жiбередi.
     
     Қазақстан         Қырғыз        Тәжікстан        Өзбекстан
    Республикасы    Республикасы   Республикасы     Республикасы
       үшiн             үшін            үшін             үшін


Оқығандар:
     Багарова Ж.А.
     Икебаева А.Ж.