27 Бухгалтерлік есеп ережелері (стандарт) "Есеп беру мерзімінен кейінгі күтпеген жағдайлар және оқиғалар"

Бұйрық Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Бухгалтерлік есеп әдіснамасы және аудит Департаменті 1998 жылғы 14 шілдедегі N 113 Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 1998 жылғы 15 тамызда тіркелді.  Тіркеу N 576. Күші жойылды - ҚР Қаржы министрінің 2007.06.21. N 217 бұйрығымен

       Күші жойылды - ҚР Қаржы министрінің 2007.06.21. N  217  (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен. 

       Мақсаты және әрекет ауқымы

      1. Осы Ережелер (стандарт) қаржылық есепте есеп беру мерзімінен кейінгі күтпеген жағдайлар және оқиғаларды көрсету тәртібін анықтап-белгілейді. 
      2. Осы Ережелер (стандарт) төмендегідей жағдайда пайда болатын күтпеген оқиғаларды қамтымайды: 
      1) берілген полистер негізінде пайда болған өмірді сақтандыру, сондай- ақ зейнетақымен қамтамасыз ету және ұзақ мерзімдік жалға беру негізіндегі келісім-шарттар жөніндегі ұйымдар міндеттемелері; 
      2) табыс салығы. 

       Анықтамалар 

      3. Күтпеген жағдай - ақырғы қорытындысы (табыс немесе шығын) бір ғана немесе одан да көп беймәлім оқиғалардың алдағы уақытта болу-болмауына байланысты анықталып-бекітілетін шартты жағдай немесе қалыптасқан ахуал. 
      4. Есеп беру мерзімінен кейін пайда болған күтпеген оқиғалар - есеп беру күні мен қаржылық есепті көрсету күні аралығында өтетін жайлы және жайсыз оқиғалар. 
      Есеп беру мерзімінен кейін пайда болған күтпеген оқиғалар былайша сараланады: 
      1) Есеп беру мерзіміне дейінгі жағдайлардың одан әрі дамуын қамтамасыз ететін оқиғалар; 
      2) Есеп беру мерзімінен кейінгі жағдайларды бейнелейтін оқиғалар. 

       Күтпеген жағдайлар 

      5. Күтпеген жағдайлардың қорытындысы (табыс немесе шығын) алдағы уақыттағы оқиғалар арқылы анықталады. Субъект күтпеген жағдайлардың қаржылық есепте көрсетілуін талап ететін есептеу принципін басшылыққа ала отырып, болжам негізінде алдағы оқиғалардың күтілмеген табыспен немесе күтілмеген шығынмен аяқталатынын анықтайды. 

       Күтпеген шығын 

      6. Күтілмеген шығынның сомасы төмендегі шарттар сақталған жағдайда ғана шығын және міндеттеме есебінде танылады: 
      1) алдағы оқиғалар есеп-қисапқа мүмкін болған барлық нәрселерді орнына келтіргеннен кейін қаржылық есеп жасалған күні міндеттемелердің пайда болуын немесе активтерге зиян келтіру фактілерін бекітеді дейтіндей ахуалдың мүмкіндігі бар деп болжанған жағдайда; 
      2) күтпеген жағдай салдарынан пайда болған шығын сомасын бағалауға мүмкін болған жағдайда. 
      7. Әлгідей шарттар сақталмаған жағдайда күтпеген шығынның сомасы тіпті шығынның мүмкіндігі күмәнды болғанның өзінде қаржылық есеп беруге тіркелетін түсініктеме жазуда ашылып көрсетілуі тиіс. 
      8. Қаржылық есепте танылған күтпеген шығын сомасы ықтимал сомалар жөніндегі ақпарат негізінде бағаланады. Соның өзінде осы бағалау сол сомалардан туындайтын шығынға барынша жақындатылған мөлшерде болады. Егер зиянның неғұрлым жақындатылған бағасын есептеу мүмкін болмаған жағдайда, ықтимал сомалардың ең аз мөлшердегісі танылады.

       Күтпеген табыс 

      9. Күтпеген табыс қаржылық есепте танылмайды. Күтпеген табыс оның алынуы мүмкін болған жағдайда ғана ашып-көрсетілуі тиіс. 

       Күтпеген жағдайларға баға беру 

      10. Күтпеген жағдайлардың қорытындысына баға беру қаржылық есеп көрсетілген күндегі мағлұматтар негізінде жасалады. Егер есеп беру мерзімінен кейін пайда болған оқиғалар есеп беру мерзіміне дейін пайда болған күтпеген жағдайлардың қорытындысын анықтайтындай болса, онда бұл жайт қаржылық есепте көрсету кезінде назарда ұсталатын болады.
      11. Жеке бір іс-әрекетке байланысты пайда болған күтпеген жағдайлар осындай іс-әрекеттердің көпшілігіне тән болған жағдайда күтпеген жағдайлардың әрқайсысының қорытындысына жеке-жеке баға берудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайда баға беру ісі осындай іс-әрекеттердің топ-тобы бойынша жүргізілуі мүмкін.     

       Ашылуы

      12. 7, 9 тарауларға сәйкес күтпеген жағдайлар бойынша төмендегідей ақпараттар ашып-көрсетіледі:
      1) күтпеген жағдайдың өзекті мағынасы;
      2) күтпеген жағдайлардың қорытындысына әсер ететін факторлар;
      3) күтпеген жағдайларға баға беру немесе баға беруге болмайтындығын түсіндіру.
      13. Банктер күтпеген жағдайлар бойынша қаржылық есепте қосымша түрде міндеттемелердің сипаты мен сомасын ашып көрсетеді: 
      келісім шарттар негізінде басқа адамдарға берілген, бірақ олар есеп беру мерзімі сәтіне берілмей тұрған несиелер (салымдар) бойынша; 
      кепілдемелер мен ашық аккредитивтердің кез-келген түрлері бойынша; 
      аманаттардың кез-келген түрлері бойынша; 
      форвардтық, фьючерстік келісім-шарттар бойынша, балама инструменттердің, қаржылық есепте көрсетілмеген қайта сатып алу жөніндегі келісімдердің кез-келген түрлері бойынша; 
      қаржылық есепте көрсетілмеген, бірақ белгілі бір тәуекелдерге жетелейтін басқа да күтпеген жағдайлар бойынша. 

       Есеп беру мерзімінен кейінгі оқиғалар 

      14. Қаржылық есеп беру мерзімінен кейін болған, әрі есеп беру мерзіміне дейінгі жағдайларға қатысты сомалар жөнінде қосымша ақпарат беретін оқиғалар бойынша түзетіліп отырады. 
      15. Есеп беру мерзімінен кейін пайда болған оқиғалар бойынша, егер олар есеп беру мерзіміне қалыптасқан жағдайларға жатпайтын болса, қаржылық есепке ешқандай түзетулер енгізілмейді.
      Бұл оқиғалардың қаржылық есепте ашылуы, егер олар пайдаланушылар тарапынан экономикалық шешім қабылдау барысында елеулі деп табылған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
      16. Қаржылық есептің ашып көрсетілуі немесе оған түзетулер енгізілуі сомасы есеп беру мерзімі мен қаржылық есепті көрсету мерзімі аралығында есептелген тиесілі дивидендтер бойынша іске асырылады.     

       Ашылуы

      17. 15 тарауға сәйкес есеп беру мерзімінен кейін пайда болған оқиғалар бойынша төмендегідей ақпараттар ашып-көрсетілуі тиіс:
      1) есеп беру мерзімінен кейін пайда болған оқиғалардың өзекті мағынасы;
      2) есеп беру мерзімінен кейін пайда болған оқиғаларға баға беру немесе оларға баға беру мүмкіндігінің жоқ екенін түсіндіру.     

      Күшіне ену мерзімі

      18. Осы Ережесі (стандарт) 1999 жылдың 1 қаңтарынан өз күшіне енеді.