"Білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 14 қарашадағы № 456 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 6 қазандағы № 306 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 11 қазанда № 33532 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 14 қарашадағы № 456 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30534 болып тіркелді) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 581 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 163) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптарда:

      2-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "2. Білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын осы ең төменгі талаптарда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) ақпараттандыру объектілері – электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтамасыз ету, интернет-ресурс, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым;

      2) аппараттық-бағдарламалық кешен – белгілі бір типтегі міндеттерді шешу үшін бірлесіп қолданылатын бағдарламалық қамтылым мен техникалық құралдар жиынтығы;

      3) оқуды басқару жүйесі (Learning Management System – LMS (Лұнинг менеджмент систем – ЛМС)) – оқу процесін басқаруды автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету;

      4) Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы (бұдан әрі – ҚР ҰКО) – мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерде электрондық құжаттарды қалыптастыру үшін жеке немесе заңды тұлғаларға электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын және тіркеу куәліктерін беретін куәландырушы орталық;

      5) цифрлық білім беру ресурсы – оқытуды интерактивті нысанда қамтамасыз ететін оқытылатын бағыттар және (немесе) модульдер бойынша дидактикалық материалдар: фотосуреттер, бейнефрагменттер, статикалық және динамикалық модельдер, виртуалды шындық және интерактивті модельдеу объектілері, дыбыс жазбалары және өзге де цифрлық оқу материалдары;

      6) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.";

      3-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "3. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта), оның ішінде арнайы және мамандандырылған, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарында пайдаланылатын білім беру саласындағы ақпараттандыру объектісі "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 12 маусымдағы № 179/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32810 болып тіркелген) сәйкес дербес деректерді қорғау, ISO/IEC 27001, ISO/IEC 27002 халықаралық стандартына сәйкес ақпаратты резервтік көшіру және сақтау, үздіксіз жұмыс істеу, сондай-ақ профилактикалық және техникалық жұмыстарды жүргізуді қоспағанда, тәулік бойы қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдай отырып, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан серверлік үй-жайда (деректерді өңдеу орталығында) орналастырылады.";

      мынадай мазмұндағы 33-1-тармақпен толықтырылсын:

      "33-1. Аппараттық-бағдарламалық кешен олардың функционалы бойынша мынадай ең төменгі талаптарға ие:

      1) ата-аналарының және өзге де заңды өкілдерінің келісімімен оқушылардың сәйкестендіру карталары бойынша орта (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта), арнайы және мамандандырылған білім беру ұйымының ғимаратына баруын (келуін, шығуын) есепке алу және тіркеу, тамақтануға ақы төлеуді, мектеп асханасында тегін және жеңілдікті тамақ алуды есепке алу және тіркеу функциясын қолдану.

      Ата-аналарының және өзге де заңды өкілдерінің келісімімен Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған сәйкестендірудің баламалы тәсілдерін қолдануға жол беріледі;

      2) орта (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта), оның ішінде арнайы және мамандандырылған білім беру ұйымдарының цифрлық білім беру ресурстарымен және (немесе) электрондық оқулықтармен және (немесе) қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесімен интеграциялауға арналған сервистің болуы;

      3) мектеп асханасында есепке алуға және бекітуге арналған тағамдардың бағасын, тағамдардың фотосуреттерін көрсете отырып мәзірді орналастыру;

      4) мектеп асханасында тамақтануға ақы төлеуді, тегін және жеңілдікпен тамақтануды есепке алуды және тіркеуді қамтамасыз ету;

      5) мектеп асханасында білім алушылардың тамақтануы туралы ата-аналарды немесе басқа да заңды өкiлдерiн автоматты түрде хабардар ету;

      6) ата-аналарды немесе басқа да заңды өкiлдерді тегін мобильді қосымшаның және интернет-ресурстың жеке кабинеті арқылы мектеп асханасының мектептегі мәзірі бойынша хабардар ету, тамақтану (бағасын, тамақтану күні мен уақытын көрсететін мәзір) туралы статистика мен есеп алу;

      7) тарату-мәзірінде ата-аналарға және өзге де заңды өкілдерге тегін мобильді қосымшаның және интернет-ресурстың жеке кабинеті арқылы орта (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта), оның ішінде арнайы және мамандандырылған білім беру ұйымдарында аллергендік қасиеттері бар тағамдарды білім алушылардың алуына шектеу қою үшін функциялар беру;

      8) тегін мобильді қосымшаның және интернет-ресурстың жеке кабинеті арқылы білім алушыларға, олардың ата-аналарына және өзге де заңды өкілдеріне мектеп асханасында көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалау бойынша функциялар беру;

      9) ай сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күніне қарай білім беру саласындағы уәкілетті органға және білім беру ұйымына білім алушылардың санын, тағамдардың атауын және бағасын көрсете отырып, тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұсыну туралы есеп беру;

      10) орта (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта), оның ішінде арнайы және мамандандырылған білім беру ұйымдарының білім алушылары мен қызметкерлерінің баруын (келуін, кетуін) есепке алуды және тіркеуді қамтамасыз ету;

      11) ата-аналарды және өзге де заңды өкілдерді тегін мобильді қосымшаның және интернет-ресурстың жеке кабинеті арқылы бару (келу, кету) күні мен уақытын көрсете отырып, орта (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта), оның ішінде арнайы және мамандандырылған білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың баруы (келуі, кетуі) туралы автоматты түрде хабардар ету;

      12) ай сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күніне қарай білім беру саласындағы уәкілетті органға және білім беру ұйымына бару (келу, кету) күні мен уақытын, орта (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта), оның ішінде арнайы және мамандандырылған білім беру ұйымының білім алушылары мен қызметкерлерінің санын көрсете отырып, олардың баруы (келуі, кетуі) туралы есеп беру;

      13) (Single Sign-On (sin-Он синглы)) бірыңғай кіру технологиясын қолдана отырып, тегін мобильді қосымшаның және интернет-ресурстың жеке кабинеті арқылы білім алушылардың цифрлық білім беру ресурстарына және (немесе) электрондық оқулықтарға (орта (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта), оның ішінде арнайы және мамандандырылған білім беру ұйымында цифрлық білім беру ресурстарына және (немесе) электрондық оқулықтарға қолжетімділік болған кезде) қол жеткізуін ұсыну.".

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш

      өнеркәсібі министрлігі