"Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларын, Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бекіту туралы" облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 349 шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Ақтөбе облыстық мәслихатының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы № 162 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 22 желтоқсанда № 31216 болып тіркелді

      Ақтөбе облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. "Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларын, жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бекіту туралы" облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 349 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4686 тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандырудың қағидаларында 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандырудың Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 20-бабының 23-15) тармақшасына сәйкес әзірленді және құқықтық мәртебесі мен шаруашылық қызметінің нысандарына қарамастан, барлық заңды тұлғалар, жеке тұлғалар, сондай-ақ аула және қоғамдық аумақтарды абаттандыруға жауапты лауазымды адамдар үшін Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру тәртібін айқындайды.";

      2-тармақ алып тасталсын;

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы қағидаларды мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) абаттандыру - сол немесе өзге аумақты құрылыс және мақсаты бойынша қалыпты пайдалану үшін жарамды жағдайға келтіру, халықтың дені сау, жайлы және мәдениетті өмір сүру жағдайын жасау мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстардың (аумақтарды инженерлік дайындау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдарды салу, коммуникациялық желілерді және сумен жабдықтау, кәріз, энергиямен жабдықтау құрылыстарын, жабындар құрылғыларын дамыту, монументті өнердің шағын сәулеттік нысандары мен объектілерін орналастыру, көгалдандыруды жобалау, шу деңгейін азайту, микроклиматты жақсарту, ауа бассейнін, ашық су айдындары мен топырақты ластанудан қорғау бойынша) және көрсетілетін қызмет (аумақтарды құрғатуға және көгалдандыруға тазалау, жинау, санитарлық тазалау бойынша) жиынтығы;

      2) аумақтарды жинау - тұрғындардың тіршілік әрекеттері нәтижесінде елді мекендерде түзілетін қоқыстарды (қалдықтарды) жинау, жою және залалсыздандыру мақсаты болып табылатын іс-шаралар кешені;

      3) аулаішілік аумақтар - шағын сәулет нысандарын, балалар, кір жаятын, контейнер алаңдарын, автокөлік орынтұрақтарын, декоративтік құрылыстарды, аулаға кіру, үйге өтпе жолдарды орналастыру үшін пайдаланылатын (бір аулада бірнеше жер пайдаланушылар болған жағдайда бекітілген аумақтың шекаралары пайдаланылатын аумақтың шекараларына барабар немесе тараптардың келісімдері бойынша анықталады) жерлер;

      4) бекітілген аумақ - осы Қағидалармен айқындалған, шекараларда жинау және күтіп-ұстау үшін бекітілген, жер учаскесі.

      Қалалар мен елді мекендердің аумақтарында бекіту нысандары болып табылады:

      бөлінген телімдер шекарасынан бастап өтпе жол жиегімен шектелген көше жақтағы аумақ;

      орамішілік аумақтарының телімдері;

      сақтау, жинақтау және басқа да мақсаттар үшін уақытша пайдаланылатын аумақ;

      іргелес жатқан аумақ;

      5) бөлінген аумақ - жерді пайдаланушының (заңды немесе жеке тұлғаға) иелігіне немесе Қазақстан Республикасының заңнамаларда көзделген құқықта, уәкілетті органдардың құқықтық шешімдеріне сәйкес өзіне қарасты нысандарды орналастыру үшін пайдалануға берілген жер телімі;

      6) ғимарат - табиғи немесе жасанды кеңiстiк шекаралары бар және өндiрiстiк процестердi орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға немесе адамдарды, жүктердi уақытша орналастыруға (орын ауыстыруға), сондай-ақ жабдықтарды немесе коммуникацияларды орналастыруға (төсеуге, жүргiзуге) арналған жасанды жасалған ауқымды, тегiстiктi немесе желiлiк объект (жер үстi, су бетi және (немесе) жер асты, су асты). Ғимарат көркемдiк-эстетикалық, әшекей-қолданбалы не мемориалдық мақсатта да болуы мүмкiн;

      7) жалпыға ортақ жерлер – алаңдар, көшелер, тротуарлар, өтпе жолдар, жолдар, жағалаулар, саябақтар, скверлер, қала ормандары, бульварлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және халықтың мұқтаждықтарын қанағаттандыруға арналған өзге де объектілер (жалпыға ортақ инженерлік жүйелер) орналасқан және оларға арналған жерлер;

      8) жалпыға ортақ пайдаланылатын орындар – халық үшін қолжетімді немесе ашық болатын аумақтар, объектілер;

      9) жөн-жосықсыз төгілген қоқыс үйінділері – меншік нысанына қарамастан, жеке немесе заңды тұлғалардың қызметтерінің процесінде пайда болған қатты тұрмыстық қалдықты, ірі көлемді қалдықты, өндіріс және құрылыс қалдықтарын, басқа қоқыстар, қар, мұздарды өз еркімен (жөн-жосықсыз) шығару (орналастыру) немесе жинау;

      10) көлік жүретін бөлікті күтіп ұстау - автомобиль жолдарын пайдалану қағидасына жауап беретін, оның нәтижесінде жолдар мен жол құрылғыларының көлік - пайдаланудың жай-күйі сақталатын жұмыстар кешені;

      11) көше (көшенің көлік жүретін бөлiгi) – елді мекендер шекарасының шегiндегi автомобиль жолы;

      12) қатты тұрмыстық қалдықтарды, ірі көлемді қалдықтарды шығару шарты - тапсырыс беруші мен орындаушы арасында қатты тұрмыстық қалдықтарды, ірі көлемді қалдықтарды шығару жөнінде жасалынған заңды күші бар жазбаша келісім;

      13) қатты тұрмыстық қалдықтар – қатты түрдегі коммуналдық қалдықтар;

      14) қатты тұрмыстық қалдықтарды, ірі көлемді қалдықтарды жинау және шығару - қатты тұрмыстық қалдықтар жәшіктерін арнайы автокөліктерге тиеу, қоқыс қораптарының, алаңдарын және оларға баратын жолдарды шашылған қоқыстан тазарту және оларды қоқыс жинау орнынан жою орнына тасымалдау;

      15) қасбет – ғимараттың немесе құрылыстың сыртқы жағы;

      16) қоқыс жәшігі - қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған стандартты ыдыс;

      17) маңдайша – ғимаратқа кірер жолдардың саны бойынша оған кірер жолдың шегінде және (немесе) алып жатқан аумақ қоршауына кірер жолда, сондай-ақ тауарларды өткізетін, жұмыстарды орындайтын және қызметтерді көрсететін жерлердегі жеке және заңды тұлғалардың меншікті (жалдайтын) ғимараттарының, оларға жапсарлас құрылыстарының және уақытша құрылыстарының шегіндегі шатырлар мен қасбеттерде орналастырылатын, жеке және заңды тұлғаларды дараландыру құралдарын қоса алғанда, олардың қызмет түрі туралы ақпарат;

      18) өндіріс қалдықтары – өндіріс процесінде пайда болған және бастапқы тұтынушылық қасиеттерін толығымен немесе ішінара жоғалтқан шикізаттың, материалдардың, басқа да бұйымдар мен тағамдардың қалдықтары;

      19) өтпе жол – тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, кәсіпорындарға, шағын аудандар, орамдар, елді мекендер ішіндегі құрылыс объектілеріне көлік құралдарының кіруін қамтамасыз ететін жол элементі;

      20) тротуар – жаяу жүргіншілердің жүруіне арналған, жолдың жүру бөлігімен шектесетін немесе одан көгалмен немесе арық жүйесімен бөлінген жолдың элементі;

      21) уәкілетті орган – коммуналдық шаруашылықты реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;

      22) ұйым – абаттандыру саласында маманданып жүрген жеке немесе заңды тұлға;

      23) үй – адамдардың тұруына немесе iшiнде болуына, өндiрiстiк үдерістерді орындауға, сондай-ақ материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға пайдаланылатын функционалдық мақсатына қарай, мiндеттi түрде жер бетіне салынып, тұйық көлемді құрайтын, тіреу және қоршау конструкцияларынан тұратын жасанды құрылғы. Yйдiң жер асты бөлiгi болуы мүмкiн;

      24) фриз – сәулеттік құрылыстың сол немесе басқа бөлігін аяқтайтын немесе көмкеретін көлденең жолақтар немесе таспалар түріндегі декоративтік құрылым;

      25) шағын архитектуралық нысандар – декоративтік сипаттағы және іс жүзінде пайдаланылатын объектілер (мүсiндер, субұрқақтар, барельефтер, гүл құмыралары, павильондар, күркелер, отырғыштар, құтылар, балалар ойындары және ересектердiң демалысына арналған жабдықтар мен конструкциялар);

      26) іргелес аумақ – ғимараттар, құрылыстар, қоршаулар, құрылыс алаңшаларының, сауда, жарнама объектілеріне және жеке немесе заңды тұлғалардың балансындағы, меншігіндегі, иелігіндегі, жалға алуындағы басқа объектілер шекараларына тікелей (периметрі бойынша 5 метр шекарадағы) жанасып жатқан аумақ.

      27) ірі көлемді қалдық – өзінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан, тұтыну және шаруашылық қызметтерінің қалдықтары (тұрмыстық техниканы, жиһазды және басқаларын қоса алғанда);

      28) халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары – егде жастағы, мүгедектігі бар адамдар, өз бетінше жүріп-тұру, көрсетілетін қызметтерді, ақпаратты алу немесе кеңістікте бағдарлану кезінде қиындық көріп жүрген, оның ішінде балаларға арналған арбаларды және (немесе) кресло-арбаларды пайдаланатын адамдар.";

      31 және 32-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. Жеке және заңды тұлғалар, олардың қызметі нәтижесінде пайда болған коммуналдық қалдықтары пайда болған кезінен бастап қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуді және қалдықтарға арналған контейнерлерде (бұдан әрі –контейнер) жинақтауды қамтамасыз етеді.

      32. Коммуналдық қалдықтарды басқару Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 28 желтоқсандағы № 508 бұйрығымен бекітілген Коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26341 болып тіркелген) нормаларымен реттеледі.";

      34-тармақ алып тасталсын;

      35 және 36-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "35. Үй иелерінің аумағында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-331/2020 бұйрығымен бекітілген "Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21934 болып тіркелген) талаптарына сәйкес мамандандырылған көлік үшін ыңғайлы кірме жолдармен контейнерлерді орналастыруға арналған арнайы алаңдар болады.

      36. Контейнерлерге және контейнерлік алаңдарға тек коммуналдық қалдықтарды тастауға және жинауға жол беріледі.";

      37-тармақ алып тасталсын;

      38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "38. Контейнерлер босатылғаннан кейін сол жерде дезинфекциялық ерітіндімен өңделеді немесе босатылған орындарда өңдеуден өткен тазаларына ауыстырылады. Контейнерлерді өңдеу орындарын тазалауға, жууға және дезинфекциялауға арналған, ыстық және суық су өткізілген, судың ағып кетуі ұйымдастырылған құрылғылармен жабдықтау қажет.";

      41-тармақ алып тасталсын;

      42 және 43-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "42. Контейнерлік алаңдарды және контейнерлерді пайдаланатын және оларға қызмет көрсететін ұйымдар:

      1) контейнерлік алаңдарды, контейнерлерді және оған іргелес аумақтарды тиісті санитариялық күтіп-ұстауды қамтамасыз етеді;

      2) оларға уақтылы жөндеу жүргізеді және одан әрі пайдалануға жарамсыз контейнерлерді ауыстырады;

      3) қоқыс қабылдайтын камералардың, алаңдардың, сондай-ақ қалдық жинағыштардың тұрақты жуылуын, дезинфекциялануын, шыбындарға, кеміргіштерге қарсы дезинсекциялануын, дератизациялануын қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдайды.

      43. Контейнерлерден коммуналдық қалдықтарды тасымалдауды жүзеге асыратын мамандандырылған көлікке тиеу кезінде шашылып қалған қоқыстарды жинауды оларды шығаратын ұйымның жұмыскерлері жүргізеді.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыстық мәслихаттың хатшысы А. Нугманов