"Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 29 шілдедегі № 66 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2022 жылғы 6 қазандағы № 376/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 13 қазанда № 30149 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 29 шілдедегі № 66 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14158 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі бұйрығында:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) "Пошта туралы" (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) пошта индексi – пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберудi жылдамдату мақсатында жылжымайтын мүлік объектiлерiне оларды әкiмшілік-аумақтық сәйкестендіру және жүйелендіру үшін берiлетiн, мекенжайдың шартты цифрлық және әріптік белгiленуі;

      2) Ұлттық пошта операторы – Заңда көзделген міндеттемелер жүктелген, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, пошта саласындағы уәкілетті орган айқындайтын пошта операторы;

      3) пошта саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – Қазақстан Республикасының аумағында өз құзыретi шегiнде пошта байланысы саласында мемлекеттiк саясатты, мемлекеттік бақылауды, үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      4) пошта операторы – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, пошта қызметі саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Ұлттық пошта операторы және пошта операторлары пошта жөнелтілімдерін жіберуді жүзеге асыру үшін пошта қызметінде пошта индекстерін пайдаланады.

      Ұлттық пошта операторы жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының пошта индекстерінің бірыңғай базасына кіру мүмкіндігін уәкілетті органның интернет-ресурсында және меншікті https://api.post.kz веб-сайтында пошта индекстерін орналастыру арқылы ақысыз негізде ұсынады.".

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин