26.09.2022

"Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 29 шілдедегі № 65 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 29 шілдедегі № 65 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14370 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында:

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Пошта желісін ұйымдастыру және пошта операторының қызметтерін пайдаланушыларға пошта операторларының қызмет көрсету тәртібі, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың пошта байланысының көрсетілетін қызметтеріне кедергісіз қол жеткізуі жөніндегі тәртіп";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Пошта операторының өндірістік объектілеріне кірер жерде өндірістік объектінің атауы және жұмыс режимі көрсетілген маңдайша орнатылады. Қалаларда орналасқан және жылжымалы график бойынша, түскі үзіліспен немесе демалыс күнімен жұмыс істейтін өндірістік объектілерде, сондай-ақ үзіліссіз немесе демалыс күндерсіз қызметтер ұсынатын жақын маңдағы өндірістік объектінің орналасқан жері және жұмыс режимі туралы хабарландыру ілінеді. Маңдайша мен хабарландыру мәтіні қазақ және орыс тілінде жазылады.

      Мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз қызмет көрсету мақсатында пошта операторлары:

      өндірістік объектіге мүгедектігі бар адамдардың кедергісіз кіруін, сондай-ақ оларға еркін және кедергісіз қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін операциялық терезені жабдықтауды;

      кезектен тыс қызметтер көрсетілуін;

      көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртібі туралы толық және дұрыс ақпаратпен қолжетімді нысанда қамтамасыз етеді.";

      мынадай мазмұндағы 10-1-тармақпен толықтырылсын:

      "10-1. Пошта операторлары ақпараттық жүйе болған кезде пошта саласындағы қызметтерді автоматтандырылған (электрондық) құрылғылар, жабдық, ақпараттық жүйелер арқылы көрсетеді, сондай-ақ оларды пошта саласында қызметтер көрсету процестерін автоматтандыру және оңтайландыру үшін пайдаланады.

      Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға қызмет көрсету ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану арқылы мүмкін болады.";

      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. Тіркелетін пошта жөнелтілімін жіберу пошта жөнелтілімінің қабылданғанын құжаттық не электрондық растау, пошта жөнелтіліміне пошталық тіркеу нөмірін (сәйкестендіру әріптік-цифрлық штрих-код) бере отырып, жөнелтушіге қағаз жеткізгіште не электрондық нысанда растау құжатын беру, сондай-ақ адресатқа пошта жөнелтілімін қол қойғызып не осындай табыс етуді өзге де тәсілмен растайтын автоматтандырылған (электрондық) құрылғыларды, жабдықты, ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып табыс ету арқылы жүзеге асырылады. Тіркелетін пошта жөнелтілімін табыс ету кезінде адресаттан қолхат алынады. Тіркелетін пошта жөнелтілімдері кері мекенжайы міндетті түрде көрсетіліп қабылданады.

      Тіркелетін пошта жөнелтілімінің орауышында: пошта операторының қабылдайтын өндірістік объектісінің атауы және пошталық тіркеу нөмірі (сәйкестендіру әріптік-цифрлық штрих-код) жазылады.

      Тіркелетін пошта жөнелтілімін пошта операторы осы Қағидаларға 3-қосымшада көзделген нысан бойынша пошта жөнелтілімі бланкісін толтыра отырып қабылдайды.

      Тізім бойынша қабылданған пошта жөнелтілімдеріне қағаз жеткізгіште не электрондық нысанда бір растайтын құжат беріледі.";

      33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "33. Тапсырысты пошта жөнелтілімдеріне хаттар, пошта карточкалары, бандерольдер, ұсақ пакеттер, "М" қаптары, алғаны туралы тапсырысты хабарламалар жатады. Жіберудің жекелеген кезеңдерде гибридтік жөнелтілімдер тапсырысты хат түрінде жіберіледі. Электрондық нысанда тапсырысты хаттар, пошта карточкалары және алғаны туралы тапсырысты хабарламалар электрондық абоненттік пошта жәшіктерін пайдалана отырып жіберіледі.";

      65-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "65. Пошта жөнелтілімі, пошталық ақша аударымы адресатқа жеткізілген және (немесе) пошта операторы оларды табыс еткен сәтке дейін жөнелтушіге тиесілі.

      Пошта жөнелтілімін алушының қайтыс болуы, мекенжайы бойынша алушының болмауы, алушы пошта жөнелтілімін алудан бас тартуы себебінен тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, мұндай жөнелтілім бұл туралы пошта операторына белгілі болған кезден бастап жөнелтушіге кері қайтарылады. Қайтарылатын пошта жөнелтілімін кері жіберуді пошта операторы пошта жөнелтілімін жіберу мерзімдеріне сәйкес жүзеге асырады.";

      69-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "69. Пошта операторлары пошта жөнелтілімін қабылдау немесе табыс ету алдында пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының дербес деректерді жинауға, жинақтауға, пайдалануға және сақтауға өтінішін (келісімін) алуға міндетті. Мұндай келісім электрондық цифрлық қолтаңба пайдаланыла отырып, электрондық түрде немесе автоматтандырылған (электрондық) құрылғылар, жабдық немесе ақпараттық жүйелер пайдаланыла отырып, келісім алынғанын растайтын өзге де тәсілмен не қолын қойғызып қағаз жеткізгіште алынады.

      Жөнелтуші дербес деректерін жинауға, пайдалануға және сақтауға келісім беруден бас тартқан жағдайда, пошта операторы пайдаланушыға тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберу қызметін көрсетуден бас тартады.

      Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін қабылдау кезінде пошта операторы алушының дербес деректерін оның келісімінсіз жинауды, жинақтауды, пайдалануды және сақтауды жүзеге асырады.";

      95 және 96-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "95. Пошта операторы адресатқа пошта жөнелтілімін алушының электрондық абоненттік пошта жәшігіне электрондық тәсілмен хабарлама түрінде хабарлама жіберу арқылы межелі жері бойынша тіркелетін пошта жөнелтілімінің келіп түскені туралы хабарлайды, электрондық абоненттік пошта жәшігі болмаған жағдайда хабарлама ұялы байланыстың абоненттік нөміріне ол болған кезде жіберіледі не абоненттік пошта жәшігіне және (немесе) абонементтік пошта жәшігіне дейін қағаз жеткізгіште жеткізіледі жәшік.

      96. Заңды тұлғаның атына жолданған тіркелмейтін хат-хабарлар, пошта жөнелтілімдерін алғаны туралы хабарламалар (қағаз жеткізгіштерде), тіркелетін пошта жөнелтілімдері туралы хабарламалар (қағаз жеткізгіштерде) пошта операторының өндірістік объектілерінде беріледі немесе заңды тұлғаның абоненттік пошта жәшігіне пошташы жеткізеді. Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жеткізу тәртібі пошта операторы мен заңды тұлға арасында жасалған шартпен айқындалады.";

      104-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "104. Тіркелетін пошта жөнелтілімін алған кезде пошта операторының қызметтерін пайдаланушы осы Қағидалардың 31-тармағының алтыншы бөлімімен көзделген жағдайларды қоспағанда, жөнелтілімді алғаны туралы қолхат береді.

      Пошта операторлары пошта жөнелтілімін қабылдау немесе табыс ету алдында пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының дербес деректерді жинауға, жинақтауға, пайдалануға және сақтауға өтінішін (келісімін) алуға міндетті. Мұндай келісім электрондық цифрлық қолтаңба пайдаланыла отырып, электрондық түрде немесе автоматтандырылған (электрондық) құрылғылар, жабдық немесе ақпараттық жүйелер пайдаланыла отырып, келісім алынғанын растайтын өзге де тәсілмен не қолын қойғызып қағаз жеткізгіште алынады.

      Тіркелетін пошта жөнелтілімі пошта жөнелтілімінде көрсетілген тікелей адресатқа (алушыға) беріледі не табыс етіледі. Пайдаланушылардан алған, пошта жөнелтілімдерін алуға арналған нотариалды куәландырылған сенімхатты көрсетуді қоспағанда, пошта жөнелтілімінде көрсетілмеген адамға тіркелетін пошта жөнелтілімі берілмейді не тапсырылмайды.

      Жөнелтуші дербес деректерді жинауға, жинақтауға, пайдалануға және сақтауға келісім беруден бас тартқан жағдайда, пошта операторы көрсетілетін қызметтерді пайдаланушыға пошта жөнелтілімін табыс етпейді.";

      109-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "109. Алушының қайтыс болуы, жөнелтуші көрсеткен мекенжай бойынша алушының болмауы не алушы пошта жөнелтілімін алудан бас тартуы себебінен табыс етілмеген пошта жөнелтілімі талап етілмеген кезде жөнелтуші пошта операторына қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда пошта жөнелтілімін қайтарудан бас тарту туралы өтініш береді, ол кейіннен пошта операторының иелігіне түседі.

      Тіркелетін пошта жөнелтілімін алудан бас тартқан жағдайда, адресат пошта жөнелтілімінде немесе хабарламаға қол қойып тиісті белгі жасайды. Егер адресат тіркелетін пошта жөнелтілімін алудан бас тартса және қолын қойып тиісті белгі жасамаса, пошта операторының жұмыскері пошта жөнелтілімінде және хабарламада "Адресат пошта жөнелтілімінен және қол қоюдан бас тартты" деп белгі жасайды.

      Алушының қайтыс болуы, мекенжайы бойынша алушының болмауы, алушы пошта жөнелтілімін алудан бас тартуы себебі бойынша пошта жөнелтілімі табыс етілмеген кезде пошта операторының қызметкері пошта жөнелтілімінде және хабарламада "Адресат алушының қайтыс болуына байланысты жоқ", "Мекенжайы бойынша алушының болмауы" және "Алушының пошта жөнелтілімін алудан бас тартуы" деген белгі қояды.";

      138-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "138. Пошта жөнелтілімдерін кідірту (тыйым салу) қажетті жағдайларда Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 246-бабына сәйкес тергеушінің судья санкциясы алынған қаулысы арқылы жүзеге асырылады. Қаулы пошта операторының өндірістік объектісінің басшысына жолданады.

      Пошта жөнелтілімдерін ашу олар анықталған жерде уәкілетті органдар өкілдерінің және пошта операторы жұмыскерлерінің қатысуымен жүзеге асырылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Еңбек және халықты

      әлеуметтік қорғау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мәдениет және спорт министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Сыртқы істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық Банкі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі


Дата вступления в силу:  27.09.2022
Дата изменения акта:  26.09.2022
Дата принятия акта:  26.09.2022
Информация об официальном опубликовании акта:  ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі, 30.09.2022 ж.
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  103045000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  172157
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  345/НҚ
Статус акта:  new
Сфера правоотношений:  001011008000 / 010001000000 / 001008000000
Форма акта:  ПРИК / ИЗМ / ДОП
Юридическая сила:  1500
Язык акта:  kaz