"Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 19 мамырдағы № 361 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2022 жылғы 21 тамыздағы № 278 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 22 тамызда № 29197 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 19 мамырдағы № 361 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11165 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "1. Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада тұрақты автожанармай құю станциялары арқылы өткізудің шекті бағалары қосылған құн салығы есебімен мынадай мөлшерде белгіленсін:

      1) Аи-80 маркалы бензин – 1 литр үшін 89 теңге;

      2) Аи-92 және Аи-93 маркалы бензин:

      Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында – 1 литр үшін 187 теңге;

      Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау, сондай-ақ Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында – 1 литр үшін 182 теңге;

      3) дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – 1 литр үшін 450 теңге;

      Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Абай облыстарында:

      Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде 1 тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде – 1 литр үшін 260 теңге;

      жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға Қазақстан Республикасында берілген көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде 1 тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде – 1 литр үшін 260 теңге;

      Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау, сондай-ақ Жетісу, Ұлытау облыстарында:

      Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде 1 тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде – 1 литр үшін 230 теңге;

      жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға Қазақстан Республикасында берілген көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде 1 тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде – 1 литр үшін 230 теңге.".

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай тасымалдау және өңдеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2023 жылғы 9 қаңтарды қоса алған кезеңге қолданылады.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
міндетін атқарушы
Ж. Нұрмағанбетов

 

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі