"Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ педагогтің қызметін курстан кейінгі қолдау қағидалары" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 95 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 8 қарашадағы № 556 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 9 қарашада № 25068 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ педагогтің қызметін курстан кейінгі қолдау қағидалары" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 95 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13420 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ педагогтің қызметін курстан кейінгі қолдау қағидаларында:

      5-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "5. Курстарды педагогтердің біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламаларын іске асыратын келесі білім беру ұйымдары (бұдан әрі - Ұйым) өткізеді: "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы, "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, "Бөбек" Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру, сауықтыру орталығы, Түзеу педагогикасы ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Адамның үйлесімді дамуы Ұлттық институты, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, "Talap" коммерциялық емес акционерлік қоғамы, меншік нысанына қарамастан және Жарғыға сәйкес курстар өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жоғары оқу орындары, заңды тұлғалар, сондай-ақ облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әдістемелік кабинеттері.

      Шетелде курстарды білім беру саласындағы уәкілетті орган, "Халықаралық бағдарламалар орталығы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Орталық), "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы және облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары тиісті бюджеттер немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен ұйымдастырады.

      Шетелде курстарды шетелдік білім беру ұйымдары, педагогтердің біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламаларын іске асыратын халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтары (бұдан әрі - Шетелдік ұйым) Ұйым мен Шетелдік ұйым арасында жасалған біліктілікті арттыру бойынша қызмет көрсету шарты және шетелде Курстар өткізу кестесі негізінде жүргізеді. Шетелде өтетін курстардың қорытындылары бойынша курстан кейінгі қолдау және мониторинг талап етілмейді.".

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың осы тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Аймагамбетов