"Азаматтық және қызметтiк қарудың және оған патрондардың криминалистік талаптарға сәйкестігіне қорытынды беру" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 18 наурыздағы № 224 бұйрығына өзг

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2021 жылғы 9 қыркүйектегі № 540 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 14 қыркүйекте № 24342 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Азаматтық және қызметтiк қарудың және оған патрондардың криминалистік талаптарға сәйкестігіне қорытынды беру" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 18 наурыздағы № 224 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20173 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      жоғарыда аталған бұйрықпен бекітілген "Азаматтық және қызметтік қарудың және оған патрондардың криминалистік талаптар сәйкестігіне қорытынды беру" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) арыз иесі (көрсетілетін қызметті алушы) – әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін әкімшілік органға, лауазымды адамға өтініш жасаған адам, сондай-ақ өзіне қатысты әкімшілік акті қабылданатын, әкімшілік әрекет жасалатын (әрекетсіздік танылатын) (әкімшілік акті адресаты) адам;

      2) әкімшілік акті (мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі) – әкімшілік орган, лауазымды адам жария-құқықтық қатынастарда қабылдайтын, белгілі бір адамның немесе жекелей белгілі бір адамдар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім;

      3) әкімшілік орган (көрсетілетін қызметті беруші) – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау (әрекетсіздік таныту) жөнінде өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекеттік заңды тұлға, сондай-ақ өзге ұйым;

      4) әкімшілік рәсім – әкімшілік органның, лауазымды адамның өтініш негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешім қабылдау және орындау қызметі, сондай-ақ оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібінде жүзеге асырылатын қызмет.

      5) Бірыңғай байланыс-орталығы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, көрсетiлетiн қызметтi алушыларға мемлекеттiк және өзге де қызметтер көрсету мәселелерi бойынша – ақпарат, сондай-ақ мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету мәселелері бойынша ақпарат беру жөнiндегi ақпараттық-анықтамалық қызмет функцияларын орындайтын заңды тұлға;

      6) көрсетілетін қызметті берушінің бейінді құрылымдық бөлінісі – аумақтық полиция органының жедел-криминалистикалық бөлінісі;

      7) криминалистикалық талаптар – азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарына, оларды сәйкестендiру және заңсыз қолдан жасау мүмкiндiгiн болғызбау мақсатында қойылатын арнайы техникалық талаптар;

      8) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты – процестің сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі;

      9) сынау зертханасының басшысы – аумақтық полиция органының жедел-криминалистикалық бөлінісінің бастығы немесе ол уәкілеттік берген адам;

      10) сынау объектілері – азаматтық және қызметтiк қару және оның патрондары;

      11) "электрондық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе;

      12) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесiлiлiгiн және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандардың жинағы.";

      мынадай мазмұндағы 10-1-тармақпен толықтырылсын:

      "10-1. Сынау жүргізу кезінде сынау объектілерінің азаматтық және қызметтік қарудың және оған патрондардың криминалистік талаптарға сәйкес еместігі анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 73-бабының бірінші бөлігіне сәйкес көрсетілетін қызметті беруші міндетті түрде көрсетілетін қызметті алушыға сынау нәтижелері бойынша алдын ала шешімді жолдайды не көрсетілетін қызметті берушінің алдын ала шешімі бойынша көрсетілетін қызметті алушының ұстанымын білдіру үшін тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабарлайды.

      Сынау нәтижелері бойынша алдын ала шешім не тыңдау туралы хабарламаны мемлекеттік қызметті көрсетуші алдын ала, бірақ әкімшілік акті қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей жолдайды. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін береді";

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.".

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Мемлекеттік қызметті тікелей көрсететін көрсетілетін қызметті алушының мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес оны тіркеген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарауға жатады.

      Шағым көрсетілетін қызметті берушіге және (немесе) шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адамға беріледі. Көрсетілетін қызметті беруші, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жолдайды.

      Бұл ретте көрсетілетін қызметті беруші, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адам егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акті қабылдаса, әкімшілік әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермеуге құқылы.".

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерімен, сондай-ақ шағымға алынған жауаппен келіспеген кезде, егер заңда өзгеше көзделмесе, көрсетілетін қызметті алушының сотқа жүгінуіне сотқа дейінгі тәртіпте шағым жасағаннан кейін жол беріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жедел-криминалистикалық департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшiлiк ететiн орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ішкі істер Министрі
Е. Тургумбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі