Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2020 жылғы 17 наурыздағы № 142 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 26 наурызда № 20169 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асырудың қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 229 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10795 болып тіркелген, 2015 жылғы 15 мамырда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асырудың қағидаларында:

      10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Тапсырыс беруші:

      1) дербес немесе басқа мамандарды тарта отырып, салынуы белгіленген объектіні жобалауға арналған тапсырманы дайындайды.

      Жобалауға арналған тапсырма жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу жөніндегі тапсырысты орындау шартының ажырамас бөлігі және оны тапсырыс беруші бекіткен сәттен бастап тараптар үшін міндетті болып табылады.

      Мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілерді жобалауға арналған тапсырмада тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің дерекқорына қосылған, "Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің дерекқорын қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 қарашадағы № 1107 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12767 болып тіркелген) бекітілген Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің дерекқорын қалыптастыру және жүргізу қағидаларына (бұдан әрі - ТЖКҚ дерекқорын жүргізу қағидалары) сәйкес қалыптастырылған қазақстандық өндірістің құрылыс материалдарын, жабдықтарын, бұйымдары мен конструкцияларын қолдану міндетті талап болып табылады.

      Жобалауға арналған тапсырмада Заңның 20-бабының 23-16) тармақшасына сәйкес бекітілетін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес мүгедектер және басқа да халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімді жағдайларын қамтамасыз ету, сондай-ақ "Мүгедектің жұмыс орны стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 14 маусымдағы № 519 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13913 болып тіркелген) сәйкес еңбек жағдайларын жасау міндетті талап болып табылады.

      Жобалау процесінде тапсырыс берушінің тапсырмасы бойынша жобалауға арналған тапсырма түзетіледі және нақтыланады. Егер тапсырыс берушінің бастамасы бойынша жобалауға арналған тапсырмаға енгізілген түзетулер жобалау алдындағы немесе жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының әзірленген бөлімдерін қайта өңдеуді қажет ететін болса, онда орындалған жұмыс көлемін ескере отырып, шартқа қосымша келісім жасалады;

      2) тапсырыс беруші мемлекеттік емес инвестициялардың есебінен қаржыландырылатын жағдайды қоспағанда, "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заң) сәйкес іздестіру және (немесе) жобалау жұмыстарын, қажет болған жағдайда ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды орындау үшін ұйымдарды таңдауды жүзеге асырады және олармен шарт жасасады;

      3) жобалау ұйымына (бас жобалаушыға) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12684 болып тіркелген) бекітілген Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларында көзделген жер учаскесіне құқық белгілейтін құжатты, құрылыс (сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ), тік жоспарлау белгілерін, түбегейлі жоспарлау жобасынан алынған көшірмені, жолдар мен көшелердің көлденең қималарын, техникалық шарттарды, сыртқы инженерлік желілер трассасының схемаларын) немесе реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) (тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертумен байланысты қолданыстағы ғимараттардағы үй-жайларды (жекелеген бөліктерін) реконструкциялауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) шешімді, сәулет-жоспарлау тапсырмасын, техникалық шарттарды және сыртқы инженерлік желілер трассасының схемаларын (өтініш берушімен сауалнама парағын және топографияляқ түсірілімді ұсынған кезде) жобаларын әзірлеу үшін бастапқы материалдарды береді;

      4) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңның 6-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда, тапсырыс беруші құрылыс жобаларын (техникалық-экономикалық негіздемелерді немесе жобалау-сметалық құжаттаманы) әзірлеуге және оларға сараптама жүргізуге бөлек конкурстарды ұйымдастырады және өткізеді.

      Ведомстводан тыс кешенді сараптамаға жататын, бірақ мемлекеттік монополияға жатпайтын және мемлекеттік сатып алу нысанасы болып табылмайтын жобаларға тапсырыс беруші сараптама жүргізу үшін өз қалауы бойынша кез-келген аккредиттелген сараптама ұйымын таңдайды;

      5) жобалау алдындағы (техникалық-экономикалық негіздеме) және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманы ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін мемлекеттік нормативтерде көзделген көлемде ұсынады.

      Сараптаманың оң қорытындысы:

      жобалау алдындағы құжаттаманы белгіленген тәртіпте бекітуге және инвестордың құрылыс объектісін одан әрі қарай инвестициялау және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу жөнінде шешім қабылдауына;

      объектiлер мен олардың кешендерін салуға және өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға, күрделі жөндеуге), инженерлік және көлік коммуникацияларын төсеуге, аумақты инженерлік дайындауға, абаттандыруға және көгалдандыруға жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын бекітуге, сондай-ақ жобаны іске асыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуді бастау үшін негіз болады;

      6) мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобалар бойынша:

      Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының 2017 жылғы 14 қарашадағы № 249-нқ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16073 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасында құрылыстың сметалық құнын айқындау жөніндегі нормативтік құжатқа 8-қосымшаға сәйкес бекітілген нысан бойынша материалдық ресурстар мен жабдықтардың жиынтық ведомосін;

      жобалардың ведомстводан тыс кешенді сараптамасының бірыңғай порталында электрондық-цифрлық нысанда жасалған, қазақстандық қамтуды ескере отырып, негізгі құрылыс материалдары, бұйымдары, құрастырмалары мен жабдықтары қажеттілігінің жиынтық ведомосін жобалардың ведомстводан тыс кешенді сараптамасының бірыңғай порталында соңғы редакцияда жариялайды;

      7) жобалау ұйымының сараптама ескертулерін жоюын қамтамасыз етеді;

      8) бас жобалаушыдан саны төрт данадан кем емес қағаздағы және екі данада электрондық жеткізгіштегі жобалау алдындағы немесе жобалау-сметалық құжаттаманың түпкілікті нұсқасын қабылдауды, сақтауды және мердігерге беруді жүзеге асырады, сондай-ақ сараптама өткізген ұйымның мұрағатына тапсырады.

      11. Тапсырыс беруші құрылысты ұйымдастыру және құрылыс алаңын дайындау барысында:

      1) құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіле басталғанға дейін "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы16 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Заң) 46-бабымен белгіленген тәртіпте мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын органға құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіле басталғаны туралы хабарлама жібереді;

      2) мыналар бойынша тиісті ұйымдардан:

      электр берудің әуе желілері және байланыс желілері аймағында, теміржол бөлінген белдеуде, құрылыс алаңында орналасқан жер асты коммуникацияларының өтетін орындарында, жер учаскелерінде жерасты қазба жұмыстарын жүргізу аймақтарында жұмыс жүргізуге;

      егер тапсырыс берушінің құрылысы үшін жеке газбен жабдықтау, сумен жабдықтау, бумен жабдықтау және энергиямен жабдықтау объектілері болмаған жағдайда, құрылысты ұйымдастыру жобасына сәйкес қалаларда және басқа елді мекендерде құрылыс салу кезеңі ішінде бұрыннан бар көздерден электр энергиясын, газды, суды, буды уақытша пайдалануға;

      ормандарды кесуге және ағаштарды отырғызуға рұқсат алады;

      3) көрнекі орындар аумағында, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектісін қорғау аймақтарында жүргізілетін жерге орналастыру, жер, құрылыс, мелиорациялық, шаруашылық жұмыстарды келісуді қамтамасыз етеді;

      4) объектіні салу үшін геодезиялық бөлу негізін құрады;

      5) тапсырыс беруші мемлекеттік емес инвестициялардың есебінен қаржыландырылатын жағдайды қоспағанда, "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңға сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау үшін мердігерді таңдауды жүзеге асырады.

      Мердігерлік шарттағы жұмыстарды орындау мерзімдері жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманың құрамында сараптамадан өткен құрылысты ұйымдастыру жобасына (бұдан әрі - ҚҰЖ) кіретін және шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын құрылыс-монтаждау жұмыстарының күнтізбелік жоспарымен, сондай-ақ күнтізбелік жоспарға байланыстырылған құрылыс-монтаждау жұмыстарын қаржыландыру кестесімен анықталады. Бұл ретте, жұмыстарды орындаудың бастапқы және соңғы мерзімдері, сондай-ақ жұмыстардың жекелеген сатыларының аяқталу мерзімдері (аралық мерзімдері) көрсетіледі. Құрылысты ұйымдастыру жобасында (ҚҰЖ) әзірленетін негізгі құжаттардың құрамы осы Қағидаларға 1-қосымшада келтірілген;

      6) заңнамада белгіленген тәртіпте авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асыруға шарттар жасасады.

      Штатта аттестатталған сарапшылар болған жағдайда, техникалық қадағалауды тапсырыс берушінің өзі жүзеге асырады;

      7) мердігерге белгіленген тәртіпте:

      онымен келісілген мерзімде жер учаскесіне құқық белгілейтін құжатты және осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларына сәйкес тиісті ұйымдардан алынған рұқсатты;

      геодезиялық бөлу негізінің құрамында: құрылыс торын, қызыл сызықтарды, ғимараттың (құрылыстың) габаритін анықтайтын бас бөлу остерін, биік қада белгілерін, инженерлік коммуникациялардың, автожолдардың, электрмен жабдықтау желілерінің, байланыс, су құбыры, кәріз, жылу беру, газдандыру трассаларының бас остерін, ресімделген құрылыс үшін геодезиялық бөлу негіздерін қабылдау актісін;

      бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманы және құрылысқа қажетті құрылыс өндірісін ұйымдастыру бойынша нормативтік-техникалық құжаттармен регламенттелген басқа да құжаттарды береді.

      Бұл ретте, мердігер өз күшімен не мамандандырылған ұйымды тарта отырып, жұмыстарды жүргізу жобасын (бұдан әрі – ЖЖЖ) әзірлейді. Жұмыстарды жүргізу жобасында (ЖЖЖ) әзірленетін негізгі құжаттардың құрамы осы Қағидаларға 2-қосымшада келтірілген. ЖЖЖ жалпы объектінің құрылысына әзірленеді және жұмыстардың жеке түрлерін орындау жобаларынан тұрады;

      8) мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде құрылысқа мемлекеттік инвестициялар есебінен іске асырылатын жобалардың, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін, ресми интернет-ресурсында жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында көзделген бекітілген негізгі құрылыс материалдары, жабдықтар, бұйымдар және конструкциялар қажеттіліктерінің жиынтық ведомосін жариялауды қамтамасыз етеді;

      9) жұмыстарды жүргізудің күнтізбелік жоспарын, кестелерін сақтай отырып құрылысты жалпы жүргізуді, бақылауды және объект құрылысының мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

      10) мердігермен қамтамасыз етілетін мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілерде ТЖКҚ дерекқорын жүргізу қағидаларына сәйкес жасалған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді және оларды берушілердің дерекқорына енгізілген қазақстанда өндірілген құрылыс материалдарын, жабдықтарын, бұйымдары мен конструкцияларын қолдану бойынша бақылауды жүзеге асырады;

      11) шартта көзделген жағдайларда және тәртіпте мердігерге жұмыстарды жүзеге асыру үшін қажетті ғимараттар мен құрылыстарды пайдалануға береді;

      12) құрылыстың мердігерлік шарттарын жасау және орындау барысында құрылысқа қатысушылармен туындайтын келіспеушіліктерді реттейді;

      13) салынып жатқан объектіге барады, қажетті атқарушы техникалық құжаттамалармен танысады;

      14) авторлық және техникалық қадағалауды ұйымдастыру арқылы орындалған жұмыс түрлерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылайды, олар белгіленген мемлекеттік нормативтердің талаптарына, жобалау-сметалық құжаттамаға жауап беруге, сондай-ақ шарттың талаптарына сәйкес келуі тиіс;

      15) мердігерден авторлық және техникалық қадағалаудың нұсқауларын орындауды талап етеді және оларды орындамағаны не уақтылы орындамағаны және сапасыз орындағаны үшін мердігерге қатысты шаралар қолданады;

      16) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органдарының нұсқамаларын орындауды қамтамасыз етеді;

      17) жұмыстарды жүргізген кезде олар жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынан және нормативтік талаптардан, сондай-ақ жасалған құрылыс мердігерлік шартынан ауытқитын болса, жұмыс жүргізуді тоқтатады;

      18) мердігерден құрылыстың мердігерлік шартының талаптарын орындауды және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізген кезде жол берілген кемшіліктер мен жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынан ауытқуларды ақысыз жоюды талап етеді;

      19) ұсыныстарды қарайды және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеушімен келісе отырып, бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға түбегейлі емес, объектінің конструктивтік схемасына, оның көлемдік-жоспарлау, инженерлік-техникалық немесе технологиялық жобалық шешімдеріне, бекітілген техникалық-экономикалық көрсеткіштерін қозғамайтын өзгерістерді енгізу бойынша шешім қабылдайды, оларды кейіннен ресімдеп, сақтауға тапсырады;

      20) мердігерлік ұйымнан шарт міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімақы) өндіріп алу жөнінде шаралар қолданады.".

      2. "Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 299 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10722 болып тіркелген, 2015 жылғы 21 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 79-1-тармақпен толықтырылсын:

      "79-1. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін мемлекеттік инвестициялар есебінен және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобалар бойынша жауапты сарапшы:

      Нормативтік құжатның 8-қосымшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша материалдық ресурстар мен жабдықтардың жиынтық ведомосін;

      Порталда электрондық-цифрлық нысанда жасалған, қазақстандық қамтуды ескере отырып, негізгі құрылыс материалдары, бұйымдары, құрастырмалары мен жабдықтары қажеттілігінің жиынтық ведомосін ақпараттық жүйеде соңғы редакцияда орналастырады.

      Қаржыландырылатын жобалар бойынша мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен тапсырыс беруші кешенді ведомствовадан тыс сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін Порталда жоғарыда көрсетілген жиынтық ресурстық ведомосттерді олардың соңғы редакциясында жариялайды.".

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің міндетін атқарушы
К. Ускенбаев