"Жүйелік оператордың қызмет көрсету, жүйелік және қосалқы көрсетілетін қызметтер нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 3 желтоқсандағы № 691 бұйрығына өзгерістер мен т

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2019 жылғы 18 қарашадағы № 376 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 21 қарашада № 19630 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жүйелік оператордың қызмет көрсету, жүйелік және қосалқы көрсетілетін қызметтер нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 3 желтоқсандағы № 691 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12562 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 13 қаңтарда жарияланған) бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жүйелік оператордың қызмет көрсету, жүйелік және қосалқы көрсетілетін қызметтер нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) веб-сайт – жеке тұлғалар немесе ұйымдардың компьютер желілерінде жалпы мекенжайы (домендік атауы немесе ІP-мекенжайы) бар электрондық құжаттар жүйесі (файл мәліметтері және коды);

      2) веб-интерфейс — бұл құралдардың жиынтығы, оның көмегімен қолданушылар браузер арқылы веб-сайтпен немесе кез келген басқа да қосымшалармен өзара іс-қимыл жасайды;

      3) диспетчер – төмен тұрған диспетчерлік орталықтың диспетчеріне немесе электр энергетикасы субъектілерінің жедел персоналына тиісті диспетчерлік орталықтың операциялық аймағында электр энергетикасының режимі мен электр жабдығын, құрылғылары мен электр желілерін пайдаланудың жай-күйін басқару жөнінде диспетчерлік орталықтың атынан командалар мен өкімдер беруге уәкілетті қызметкер;

      4) диспетчерлік команда – жоғары тұрған диспетчерлік орталықтың диспетчері байланыс арналары бойынша төмен тұрған диспетчерлік орталықтың диспетчеріне немесе электр энергетикасы субъектілерінің жедел персоналына технологиялық жұмыс режимдері мен электр жабдығын, құрылғылары мен электр желілерін пайдалану жай-күйін басқару жөнінде нақты іс-қимыл (іс-қимылдар) жасауға (жасаудан қалыс қалуға) беретін нұсқауы;

      5) жедел басқару – көрсетілген жабдықтың, құрылғылар мен электр желілерінің пайдаланылу жай-күйі тиісті диспетчерлік орталық диспетчерінің командасы бойынша ғана өзгертілетін электр жабдығын, құрылғылар мен электр желілерінің пайдаланылу жай-күйін басқаруды ұйымдастыру;

      6) жедел жүргізу – көрсетілген жабдықпен, құрылғылармен және электр желілерімен операцияларды орындау қарамағында көрсетілген жабдық пен құрылғы бар жедел-диспетчерлік басқарудың жоғары тұрған диспетчерінің рұқсатымен жүргізілетін электр жабдығының, құрылғылар мен электр желілерінің пайдаланылу жай-күйін басқаруды ұйымдастыру;

      7) жоспарлау жүйесі – электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің электр энергиясын өндіру-тұтыну жөніндегі өтінімдерін бір күн бұрын беру, электр энергиясын өндірудің-тұтынудың тәуліктік кестесін қалыптастыру, сондай-ақ күнбе-күн өтінімдерін (бекітілген тәуліктік кестесін түзету) беруге арналған бағдарламалық-техникалық құралдар жиынтығы;

      8) жүйелік шектеулер – Қазақстан БЭЖ-дің технологиялық жұмыс істеу параметрлерінің шекті рұқсат етілетін мәндері;

      9) Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің (Қазақстан БЭЖ-і) қалыпты жұмыс режимі – режимді жоспарлау кезінде көзделген электр энергетикасы жүйесінің барлық элементтері жұмыс істейтін және жасалған шарттардың талаптарына сәйкес электр энергиясының барлық тұтынушыларын электрмен жабдықтауды қамтамасыз ететін қалыптасқан жұмыс режимі;

      10) Қазақстан БЭЖ-дің авариядан кейінгі жұмыс режимі – электр энергетикасы жүйесінің зақымданған элементін авариялық ажыратудан кейін туындайтын және қалыпты жұмыс режимін қалпына келтіргенге дейін жалғасатын қалыптасқан режим;

      11) Қазақстанның БЭЖ-і электр қуатының резерві – шартта көзделген талаптарға сәйкес келетін қажетті құрылымы, шамасы, сондай-ақ диспетчерлендіруге дайындық дәрежесі бар энергия өндіруші ұйымдар агрегаттарының электр қуаты;

      12) Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндірудің-тұтынудың нақты теңгерімі (бұдан әрі – нақты теңгерім) – жүйелік оператор есепті кезеңде жасаған электр энергиясының орталықсыздандырылған және орталықтандырылған сауда нарықтарында, теңгерімдеуші нарығында өндірілген, берілген және тұтынылған электр энергиясының көлемін атаулы бөлуді белгілейтін құжат. Нақты теңгерім Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің арасында өзара есеп айырысу жүргізу үшін негіз болып табылады;

      13) орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқару – жүйелік оператор жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі сенімділігінің нормативтік деңгейін және электр энергиясының нормативтік сапасының сақталуын қамтамасыз ететін энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен электр энергиясын тұтынушылардың техникалық келісілген жұмысын үздіксіз басқару процесі.

      14) электр энергиясын сатып алу-сату шарты – электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің арасында белгіленген кезеңде оларды табиғи жеткізумен электр энергиясын сатып алуға-сатуға жасалатын келісім;

      15) электрмен жабдықтауды шектеу – тұтынушыға электр энергиясын беруді толық немесе ішінара тоқтату;

      16) электр энергиясын өндірудің-тұтынудың тәуліктік кестесі – электр энергиясын орталықсыздандырылған сатып алу-сату және электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарықтарындағы көтерме сауда нарығына қатысушылар жасасқан электр энергиясын сатып алу-сату шарттарына сәйкес күнтізбелік әрбір тәулікте электр энергиясын өндіру мен тұтынудың сағат сайынғы шамаларын регламенттейтін, жүйелік оператор бекіткен құжат.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Ұлттық электр торабы бойынша электр энергиясын беру қызметтері:

      1) электр энергиясын белгілі бір уақыт кезеңінде (апта, ай, тоқсан, жыл) жеткізіп, екіжақты сатып алу-сату мәмілелерін жасасқан көтерме сауда нарығының субъектілеріне;

      2) электр энергиясын Қазақстан Республикасының электр энергетикалық жүйесінен іргелес мемлекеттер территориясы арқылы алатын көтерме сауда нарығының субъектілеріне көрсетіледі.

      Бұндай жағдайларда электр энергиясының көтерме сауда нарығының осы субъектілері ұлттық электр торабы бойынша электр энергиясын жеткізу қызметтерінің ақысын алынған электр энергиясының көлемінде бір рет төлейді.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Жүйелік оператор электр энергиясын желіге босатуды және тұтынуды техникалық диспетчерлеу қызметін энергия өндіруші ұйымдар, сондай-ақ энергиямен жабдықтаушы, энергия жеткізуші ұйымдарға және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерден электр энергиясын жеткізуді (импорттауды), соның ішінде Қазақстан Республикасының электр энергетикалық жүйесінен іргелес мемлекеттер территориясы арқылы электр энергиясын жеткізетін тұтынушыларға көрсетеді.";

      9-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен белгіленген талаптарға жауап беретін электр энергиясын коммерциялық есепке алуды қамтамасыз ету.";

      11-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) электр энергиясының көтерме сауда нарығында жасалған шарттардың талаптарын бұзатын, сондай-ақ қатар электр қуатының жүктемені көтеруге дайындығын қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсету шартының талаптарын бұзатын электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектілеріне шектеулер енгізу жөніндегі шараларды әзірлеу;";

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Жүйелік оператор орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыру кезінде технологиялық байланыс, релелік қорғау, аварияға қарсы және режимдік автоматика, телемеханика мен объектілерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерінің, олардың жұмыс режимдерін бақылау, электр энергиясын есепке алу мен электр энергиясын тұтынуды басқару құралдарының құрылымын, дамуы мен пайдалануын ұйымдастыруды белгілейді.";

      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Жедел диспетчерлік басқару субъектілері орталықтандырылған диспетчерлік басқару процесінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының белгіленген талаптарына сәйкес:

      1) орталықтандырылған диспетчерлік басқару жүйесі нормаларының сақталуын, екі тәуелсіз бағыт бойынша өңірлік диспетчерлік орталықпен байланыстың болуын;

      2) электрмен жабдықтауға жасалған шарттар бойынша жүйелік оператор белгілеген режимдердің сақталуын;

      3) жүйелік операторды электр энергиясының нақты теңгерімдерін жасау үшін қажетті дұрыс және уақтылы ақпаратпен;

      4) Заңға сәйкес жүйелік оператордың жедел басқаруындағы Қазақстан Республикасының электр станциялары жабдықтарын жөндеу кестелерінің сақталуын;

      5) жүйелік оператордың жедел басқаруындағы, иелігіндегі релелік қорғау, аварияға қарсы және режимдік автоматика құрылғылары жұмыс режимдерінің және схемаларының сақталуын;

      6) Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану және қорғау саласындағы өкілетті орган белгілеген су қоймаларынан суды жіберуін орындау;

      7) аварияға қарсы автоматика жүйелері мен аспаптарын, автоматтандырылған диспетчерлік басқару жүйесі, релелік қорғау және автоматика құралдарын орналастыру және орнату жөнінде жүйелік оператордың нұсқауларының орындалуын және олардың тиісінше пайдаланылуын;

      8) диспетчерлік технологиялық басқару құралдарының, соның ішінде жүйелік оператордың жедел-ақпараттық кешенімен біріздендірілген жүйелік оператордың диспетчерлік орталықтары, дисрпечтерлік басқарудың жедел-ақпараттық кешенімен байланыс құралдарының болуын қамтамасыз етеді.";

      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. Жүйелік оператор тәуліктік кестені:

      1) электр энергиясының орталықсыздандырылған сатып алу-сату нарығында жасалған шарттарға және орталықтандырылған сауда нарығында жасалған мәмілелерге сәйкес және энергия өндіруші ұйымдар мен бірыңғай сатып алушы арасында электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша қызмет көрсетуге жасалған шарттарды есепке ала отырып, электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілері жобалау жүйесіне ұсынған алдағы тәуліктің әрбір сағатына арналған электр энергиясын өндіру-тұтыну бойынша өтінімдер;

      2) энергия өндіруші, энергиямен жабдықтаушы, энергия жеткізуші ұйымдардан, электр энергиясының тұтынушылары мен басқа мемлекеттердің энергия жүйелерінен түскен өтінімдер негізінде қалыптастырады және веб-интерфейсте орналастырады.";

      34, 35 және 36-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Мәлімделген жеткізілімдердің негізділігін растау үшін жүйелік оператор жоспарлау жүйесімен қабылданған өтінімдерді шарттарда көрсетілген көлемдермен салыстырады:

      1) қосалқы қызметтер көрсетуге;

      2) ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру жөніндегі қызметтер көрсетуге;

      3) электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетуге;

      4) желіге босатуды және электр энергиясын тұтынуды техникалық диспетчерлендіру жөніндегі қызметтерді көрсетуге (қажет болған жағдайда);

      5) энергия өндіруші ұйымдар мен Бірыңғай сатып алушы арасында жасалған электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу туралы;

      6) қуат нарығының тұтынушылары мен электр қуаты нарығындағы бірыңғай сатып алушы арасында жасалған электр қуатының жүктеме көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсетуге.

      Жүйелік оператор берілген өтінімдердің Қазақстан БЭЖ жұмысының орнықтылығы және сенімділігі өл шемдеріне сәйкес техникалық іске асырылуы мәніне техникалық сараптаманы жүзеге асырады.

      35. Жүйелік оператор электр энергиясын өндіру-тұтыну бойынша мына жағдайларда:

      1) жүйелік оператор тіркеген жүйелік қызмет көрсетуге арналған шарттар болмаған кезде;

      2) көтерме сауда тұтынушыда бірыңғай сатып алушымен электр қуатының жүктеме көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетуге арналған шарттар болмаған кезде;

      3) өтінім осы Қағидалардың 41-тармағымен белгіленген мерзімнен кешіктіріліп берілген кезде;

      4) өтінімдердің Қазақстан БЭЖ жұмысының орнықтылығы мен сенімділігі өлшемдеріне сәйкес келмеген кезде;

      5) Қазақстанның оңтүстік аймағының көтерме сауда нарығының субъектілеріне электр энергиясын беруге арналған өтінімдер осы Қағидалардың 39-тармағына сәйкес бөлінген Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитінің өткізу қабілетінің көлеміне сәйкес келмеген кезде өтінімнен бас тартады.

      36. Көтерме сауда тұтынушысы мен энергия өндіруші ұйымның өтінімдерінде жеткізу көлемі сәйкес келмеген жағдайда, жүйелік оператор тәуліктік кестеде мәлімделген көлемдердің ең төменгісін есепке алады.

      Бұл ретте энергия өндіруші ұйымның генерациясының жұмыс электр қуаттарының, технологиялық және техникалық минимумдарының ведомосіне сәйкес энергия өндіруші ұйымды генерациялаудың техникалық мүмкіндігі ескеріледі.";

      мынадай мазмұндағы 38-1-тармағымен толықтырылсын:

      "38-1. Энергия өндіруші ұйым Жүйелік операторға тиісті жоспарлау тәулігіне ұсынылған энергия өндіруші ұйымның құрамына кіретін электр станцияларының жұмыстық электр қуаттары, технологиялық және техникалық минимумдары шеңберінде тұтынушылардың өтінімдеріне сәйкес генерациялау режимдерін сағаттық жоспарлауды қамтамасыз етеді.";

      39-тармақтың 10) тармақшасы алып тасталсын;

      41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "41. Орталықсыздандырылған сауда нарығында жасалған шарттар бойынша өтінімдер операция тәулікте тәулік сайын алдындағы тәуліктің сағат 11-ге дейін (бұл жерде және бұдан әрі Нұр-Сұлтан қаласының уақыты) жіберіледі. Өтінімдер XML-файл түрінде жоспарлау жүйесінің веб-интерфейсі арқылы жүктеу жолымен немесе электрондық пошта (e-maіl) арқылы жөнелту жолымен беріледі және жүйелік оператордың веб-сайтында орналастырылған электр энергиясын жеткізуге арналған өтінімдерді қалыптастыру, жеткізу, өңдеу жөніндегі жүйелік оператор әзірлеп бекіткен нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) сәйкес өңделеді. Жоспарлау жүйесінің веб-интерфейсіне жүгінген кезде технологиялық іркілістер болған жағдайда өтінімдерді беру электронды пошта арқылы жүйелік оператормен келісілген электрондық мекенжайға жіберіледі. Сенбі, жексенбі мен дүйсенбіге арналған өтінімдер жұма күні, мерекелік күндерге өтінімдер мерекенің алдындағы жұмыс күні беріледі.";

      46-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "46. Бекітілген тәуліктік кестеге операциялық сағат басталғаннан бұрын 2 сағаттан кешіктірілмей түзету енгізуге жол беріледі.

      Түзетуге энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар және электр энергиясын сатып алу жүзеге асырылатын тиісті энергия өндіруші ұйымдардың келісімі бойынша көтерме сауда нарығының субъектілері болып табылатын тұтынушылар бастамашылық жасайды.

      Түзетулер беру жүйелік оператордың диспетчерлік персоналымен жедел келіссөз жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

      Энергия өндіруші ұйымдардың техникалық мүмкіндігі сатып алу-сату шарттарына сәйкес болған жағдайда, болжалды түзетулердің техникалық іске асырылуы мүмкін болған жағдайда жүйелік оператор жоспарлау жүйесіне түзету енгізеді, түзетуге келісу белгісін береді және тәуліктік кестеге енгізеді.";

      53-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы қолданыстағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін электр энергиясын коммерциялық есепке алуды қамтамасыз етеді;";

      58-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "58. Қуатты (жиілікті) реттеу бойынша жүйелік операторға қосалқы қызмет көрсету кезінде бұл қызметтердің жеткізушілері:

      1) жүйелік операторға Қазақстан БЭЖ-де реттеуіш диапазонды құру үшін қажетті ақпаратты ұсынады;

      2) Заңға сәйкес өз жабдықтарының, реттеу жүйелерінің тиісті техникалық жай-күйін қамтамасыз етеді;

      3) жүйелік оператордың қосалқы қызметтер көрсету шарттарында белгіленген көлемдер мен мерзімдерге сәйкес электр энергиясы генерациясының (тұтыну) көлемін өзгерту өкімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;

      4) қосалқы қызметтер көрсету шарттарында белгіленген көлемдер мен мерзімдерге сәйкес электр энергиясы генерациясының көлемдерін өзгертуге жиілік пен қуатты автоматты реттеу жүйесінің сигналдарын іске асыруды қамтамасыз етеді.

      Бұл ретте қуатты (жиілікті) реттеу бойынша қосылқы қызметтер көрсету үшін ең алдымен жиілік пен қуатты автоматты реттеуге жұмылдырылған және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 210 бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының Электржелілік қағидаларына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10899 болып тіркелген) Электр желілік қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі жиілікті және қуаттың сальдо-ағындарын реттеу бойынша электр станцияларына қойылатын талаптарға сай келетін қызмет жеткізушілері тартылады.";

      59-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) қосалқы қызмет көрсету шартында белгіленген көлем мен мерзімге сәйкес электр энергиясын өндіру (тұтыну) шамасының өзгеруіне, соның ішінде автоматты режимде, нұсқаулар береді. Қуатты (жиілікті) реттеу бойынша көрсетілген қызметтің нақты көлеміне шартта белгіленген тәртіппен ақы төленуге тиіс.";

      60-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) реттеудің кепілді ауқымы (МВт) және оны ұсыну тәртібі.".

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеген күннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр К. Бозумбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрлігі