Мәслихаттың 2012 жылғы 25 қыркүйектегі № 76 "Қостанай облысында жылыту маусымына дайындалу және өткізу қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Қостанай облысы мәслихатының 2018 жылғы 12 желтосандағы № 351 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2018 жылғы 21 желтоқсанда № 8176 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес Қостанай облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. "Қостанай облысында жылыту маусымына дайындалу және өткізу қағидасын бекіту туралы" Қостанай облыстық мәслихатының 2012 жылғы 25 қыркүйектегі № 76 шешіміне (2012 жылғы 24 қарашада "Костанайские новости" газетінде жарияланған, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3877 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Қостанай облысында жылыту маусымына дайындалу және өткізу қағидаларында:

      2-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидалар:

      1) облыстың жергілікті атқарушы органдарының;

      2) ведомстволық бағыныстылығы және меншік нысанына қарамастан, балансында, жедел басқаруында, шаруашылық жүргізуі немесе жалдауында, қызмет көрсетуінде жылумен жабдықтау көздері, инженерлік құрылыстар, коммуникациялар және ғимараттар бар коммуналдық қызметтерді көрсетушілер мен тұтынушылардың;

      3) Қостанай облысының тұрғын үй-коммуналдық және энергетикалық кешен объектілерін салу, монтаждау, реттеу және жөндеумен айналысатын құрылыс-монтаж, жөндеу және реттеуші ұйымдардың орындауы ұшін қажет.";

      15-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "15. Қарамағында жылу желілері бар ұйымның келiсiмiнсiз жылу желiлерiнің күзет аймақтарында құрылыс, монтаждау, жер қазу, тиеу-түсiру жұмыстарын, ұңғымалар мен шурфтардың орнатылуына байланысты iздеу жұмыстарын жүргiзуге, алаңдарды, автомобиль көлiгi тұрақтарын жайластыруға, базарларды, құрылыстарды, ғимараттарды орналастыруға, материалдарды жинап қоюға, қоршаулар мен дуалдарды соғуға, күйдiргiш коррозиялы заттар мен жанар-жағармай материалдарын шығарып тастауға және төгуге жол берілмейді.

      Жылу желілерінің күзет аймақтарының жанында желілердің зақымдалуын тудыратын жұмыстарды жүргізетін жеке және заңды тұлғалар жұмыстардың басталуына дейін күнтізбелік 12 (он екі) күннен кешіктірмей, қарауында жылу желілері бар ұйымдармен жылу желілерінің сақталуын қамтамасыз ететін осы жұмыстарды жүргізудің талаптарын және тәртібін келіседі және өз қаражаты есебінен тиісті шараларды қабылдайды.";

      17-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "17. Жылу желілерінде аварияларды болдырмау немесе олардың салдарын жою жөніндегі жұмыстар және жөндеу мен қалпына келтіру жөніндегі жоспарлы жұмыстар Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі № 331 "Жылу желілері объектілерінің күзет аймақтарын және осындай аймақтардың шекараларында орналасқан жер учаскелерін пайдаланудың ерекше шарттарын белгілеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес жүргізіледі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15941 болып тіркелген).".

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.