"Болашақ" халықаралық стипендиясын іске асыру бойынша кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 7 қазандағы № 413 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 11 қыркүйектегі № 455 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 28 қыркүйекте № 15771 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Болашақ" халықаралық стипендиясын іске асыру бойынша кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 7 қазандағы № 413 бұйрығына (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тіркеу тізілімінде № 8880 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2013 жылғы 11 желтоқсандағы № 272 (28211) санында жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Стипендиаттармен оқуға/тағылымдамадан өтуге шарт жасасу, стипендиаттарды орналастыруды жүзеге асыру, стипендиаттардың үлгерім мониторингі мен еңбек қызметін жүзеге асыру, стипендиаттардың міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету ретінде ұсынылған кепіл мүлкін ауыстыру, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім шығарған күннен бастап тұрақсыздық төлемін (айыппұлды) қоса алғанда, стипендиатқа жұмсалған шығыстарды өтеу қағидаларында:

      1-тарау атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) академиялық демалыс – Стипендиаттың шетелдік жоғары оқу орнымен келісім бойынша медициналық көрсеткіштер бойынша және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де айрықша жағдайларда оқуын уақытша тоқтату кезеңі;

      2) академиялық оқу – шетелдік жоғары оқу орнында дәреже алуға, резидентурада оқуға бағытталған оқу процессі;

      3) "Болашақ" халықаралық стипендиясы иегерлері өтініштерін қарау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – Республикалық комиссияның жұмыс органы ретінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы консультативтік-кеңесші орган;

      4) депозит – оқу және/немесе тұру үшін кепілді жарнаның аванстық төлем сомасы;

      5) еңбек қызметі (жұмыспен өтеу) – еңбек қызметін алған мамандық бойынша Қазақстан Республикасында жүзеге асыру бөлігінде шарттық міндеттемелерді орындау процессі;

      6) кепіл хат – тілдік курстарға, магистратура алдындағы дайындыққа, академиялық оқуға, тағылымдамадан өтуге тіркелу және виза ресімдеу үшін Стипендиаттарға Қоғам беретін, шығыстарды жабу міндеттемесін кепілдендіретін ресми хат;

      7) магистратура алдындағы дайындық – Стипендиаттарды оқу еліне байланысты 2 (екі) айдан артық емес мерзіммен шетелдік жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесіне және оқу әдістеріне бейімделуге дайындау;

      8) орналастыру – шетелдік жоғары оқу орнын, шетелдік ұйымды таңдау, стипендиаттың Стипендиаттың тілдік курстарға, магистратура алдындағы дайындыққа, академиялық оқуға құжаттар тапсыру және түсу рәсімі;

      9) өтініш-сауалнама – шетелдік жоғары оқу орны, шетелдік ұйым әзірлеген құрылымдалған сұхбат негізінде қалыптастырылған сұрақтарды қамтитын сауалнама;

      10) преференс-нысан – шетелдік жоғары оқу орны және тағайындалған мамандық баламалары көрсетілген академиялық оқуға орналастыру үшін толтырылатын нысан;

      11) түлек – тиісті академиялық дәреже тағайындалумен оқуды аяқтаған немесе тағылымдамадан өткен және академиялық оқуды немесе тағылымдамадан өтуді аяқтау туралы тиісті құжатты алған Стипендиат;

      12) тілдік мектеп – Стипендиаттардың тілдік курстардан өтуін жүзеге асыратын ұйым;

      13) тілдік курстар – тілдік тесттерге дайындық курстарды қамтитын, академиялық бағыттағы шет тілін меңгеру деңгейін арттыру курстары (магистратура алдындағы пәндер бойынша дайындық курстарды қамтымайды);

      14) шартсыз шақырту – оқу мерзімдері көрсетілген, оқу ақысы туралы шартты қоспағанда, түсу үшін қажетті шарттарды қамтымайтын академиялық оқуға, тілдік курстардан, тағылымдамадан өтуге ресми шақырту;

      15) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия (бұдан әрі – Республикалық комиссия) – "Болашақ" стипендиясы мәселелері жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган;

      16) шетелдік жоғары оқу орны (бұдан әрі – Оқу орны) – Стипендиаттардың шетелдегі академиялық оқуы шеңберінде таңдалған мамандық бойынша жоғары кәсіби білім беретін ұйым;

      17) шетелдік ұйым – Стипендиаттардың тағылымдамадан, тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан өтуін жүзеге асыратын Оқу орны, ұйым;

      18) "Халықаралық бағдарламалар орталығы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қоғам) – Қазақстан Республикасының Үкіметі "Болашақ" халықаралық стипендиясын (бұдан әрі – "Болашақ" стипендиясы) әкімшілендіру бойынша қызметтерді жүзеге асыруға өкілдік берген ұйым.";

      2-тарау атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша оқуға/тағылымдамадан өтуге шарт жасасу тәртібі мен шарттары";

      10, 11 және 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Оқу құнын жабатын ауыртпалығы жоқ жылжымайтын мүлік болмаған немесе оның құны жеткіліксіз болған жағдайда, кепілге Стипендиатқа, оның отбасы мүшелеріне (ата-анасына, жұбайына, балаларына), сондай-ақ үшінші тұлғаларға меншік құқығында тиесілі барлық ауыртпалығы жоқ жылжымайтын мүлік қабылданады.

      11. Стипендиаттың академиялық оқуының жалпы құны жабылмаған жағдайда, кепіл мүлкімен қамтамасыз етілмеген қалған сомаға кепілдік шарт (-тар) жасалады.

      Жабылуға тиісті сомаға байланысты кепілгерлер мындай санда ұсынылады:

      оқу құны кепілзатпен жетпіс пайыздан артық қамтамасыз етілген жағдайда – бір кепілгер;

      оқу құны кепілзатпен елу пайыздан жетпіс пайызға дейін қамтамасыз етілген жағдайда – екі кепілгер;

      оқу құны кепілзатпен отыз пайыздан елу пайызға дейін қамтамасыз етілген жағдайда – үш кепілгер;

      оқу құны кепілзатпен отыз пайыздан кем қамтамасыз етілген жағдайда – төрт кепілгер.

      Академиялық оқуға жіберілетін және ауылдық аумақтарда соңғы 6 (алты) ай ішінде тұратын және жұмыс істейтін Стипендиаттар үшін оқу құнын кепілдік қамтамасыз етумен жабу пайызына қарамастан кепілгерлердің кез келген саны (бірден төртке дейін) шарттық міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету ретінде ұсынылады.

      12. Тағылымдамадан өтуге жіберілетін Стипендиаттар міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында екі кепілгер ұсынады.";

      3-тарау атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Стипендиаттарды тілдік курстарға, магистратура алдындағы дайындыққа, академиялық оқуға, тағылымдамаға орналастыруды ұйымдастыру тәртібі, үлгерім және түлектердің еңбек қызметін жүзеге асыру мониторингін жүргізу";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Тілдік курстарға, магистратура алдындағы дайындыққа, академиялық оқуға, тағылымдамаға орналастыруды ұйымдастыру оқуға/тағылымдамадан өтуге шарттар күшіне енген сәттен басталады.";

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Тілдік курстар оқуға/тағылымдамадан өтуге шартта көзделген мерзім ішінде (оқу еліндегі визалық талаптармен белгіленетін жағдайларды қоспағанда) жалғасады.

      Тілдік мектепті ауыстыру оқуға орналастыру сәтінде бекітілген "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімінде (бұдан әрі – Тізім) тілдік мектеп болған жағдайда, Стипендиаттың Қоғамға жазбаша өтініші негізінде жүзеге асырылады.

      Ағымдағы оқу курсы (семестр/триместр немесе тілдік мектеп белгілеген кезең) аяқталғанға дейін тілдік мектепті ауыстыруға рұқсат берілмейді.";

      мынадай мазмұндағы 22-1, 22-2 және 22-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "22-1. Магистр дәрежесін алу үшін конкурсқа қатысқан және академиялық оқуға шартсыз шақыртуы бар стипендиаттар қажет болған жағдайда магистратура алдындағы дайындықтан өтеді.

      Стипендиаттың академиялық оқуға шартсыз шақыртуды және "айлтс" (ielts) немесе "тоефл" (toefl) тесті нәтижесінің көшірмесі қоса берілген жазбаша өтінішінің негізінде Қоғам келесі өлшемшарттардың бірін басшылыққа алып, Стипендиатты магистратура алдындағы дайындық курсына орналастыру қажеттілігі туралы шешім қабылдайды:

      1) Стипендиат "Болашақ" бағдарламасы шеңберінде шетелде алдын ала тілдік курстардан өткен жоқ;

      2) Стипендиат "академиялық ағылшын тілі" бағдарламасы бойынша шетелде 6 (алты) айдан аспайтын тілдік курстардан өтті және осы бағдарламаның мазмұны магистратура алдындағы дайындық бағдарламасы мазмұнын қайталамайды (бағдарламалар мазмұндары бірдей болған жағдайда магистратура алдындағы дайындық ұзақтығы 1 (бір) айдан аспайды).

      22-2. Қоғам келесі модульдерді қамтитын магистратура алдындағы дайындыққа орналастыруды қамтамасыз етеді:

      оқу елінің әлеуметтік-мәдени ортасымен, халықаралық студенттерге арналған ережелермен және көрсетілетін қызметтермен танысу;

      білім беру жүйесін, оқу әдістерін, халықаралық студенттерге қойылатын талаптарды зерттеу және оқу елінің академиялық ортасымен танысу;

      академиялық дағдыларды (кәсіби мәтіндерді жазу және оқу дағдылары, презентацияларды дайындай алу, магистратура бағдарламасының таңдалған бағыты бойынша салалық терминологияны, плагиатқа жол бермеу бөлігінде академиялық материалды пайдалану нормасын қолдану) жетілдіру;

      диссертация немесе жобалық жұмыс жазу бөлігінде магистратура бағдарламасын сәтті игеру үшін қажетті зерттеушілік дағдыларды алу;

      кәсіби модуль (заң, бизнес және экономика, ғылым және инженерия бағыттарының бірі бойынша курс) болуы;

      бір апта ішіндегі сағаттардың қажетті саны.

      22-3. Қоғам магистратура алдындағы дайындыққа орналастыруды шетелдік ұйымның халықаралық және/немесе мемлекеттік/ұлттық аккредитациясы не шетелдік студенттер үшін магистратура алдындағы дайындық бағдарламасын өткізуге рұқсаты болған жағдайда, Тізімде көрсетілген "Болашақ" халықаралық стипендиясы иегерлерінің тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылған шетелдік ұйымдар базасында академиялық оқу басталуының тура алдында жүзеге асырады.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Стипендиатты преференс-нысанға сәйкес Оқу орындарына академиялық оқуға орналастыру барысында Стипендиат өтініш-сауалнамаларды өз бетінше толтырады және Оқу орны белгілеген мерзімде тапсырады. Қоғам өтініш-сауалнамаларды тапсыру мерзімдеріне мониторинг жүргізеді және Стипендиаттарды бұл туралы хабарландырады, Стипендиаттардан өтініш-сауалнамаларды толтыру жағдайы туралы сұрайды, өтініш-сауалнамаларды толтыру дұрыстылығын Оқу орнына тапсыру алдында тексереді.";

      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Үлгерім және түлектердің еңбек қызметін жүзеге асыру мониторингі оқуға/тағылымдамадан өтуге шарт талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Түлектен немесе кепіл берушіден ауыртпалықты алу туралы өтініш түскенде Қоғам түлектің еңбек өтілімі бойынша шарттық міндеттемелерінің орындалуын төмендегілерді:

      түлек алған мамандығы бойынша еңбек қызметін жүзеге асырған жұмыс берушілердің еңбек кітапшасындағы жазбаларын;

      еңбек өтілімінің талап етілетін кезеңі ішінде аударылған міндетті зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірмелерде көрсетілген зейнетақы аударымдарын (Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты заңнамасының ерекшеліктері ескерілген) есепке алып, тексереді.

      Еңбек өтілімі мерзімдерін есептеуді Қоғам күнтізбелік күндермен жүзеге асырады. Түлектердің еңбек өтілімін жүзеге асыруының мерзімдері мен орны Іріктеу қағидаларымен реттеледі.

      Түлек еңбек қызметін астанада немесе республикалық маңызы бар қалада, содан кейін өңірлерде немесе керісінше жүзеге асырған жағдайда, еңбек өтілімі мерзімін есептеу астанада немесе республикалық маңызы бар қалада атқарылған жұмыс күндері саны мен өңірде атқарылған жұмыс күндері санының пайыздық ара қатынасын қосу жолымен жүзеге асырылады.";

      4-тарау атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Стипендиаттардың оқуы мен тағылымдамасын ұйымдастыруға байланысты шығыстарды қаржыландыру, стипендия аудару және төлеу, оқуға ақы төлеу, шығыстарға аванс беру, Стипендиат өз қаражаты есебінен жүргізген шығыстарды өтеу, "Болашақ" стипендиясынан айырылған/бас тартқан кезде Стипендиатқа жұмсалған шығыстарды өтеу";

      36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Оқу орындары мен шетелдік ұйымдарға инвойстар мен сметалар бойынша оқу ақысының төленуін көрсету оқуға ақы төлеу үшін валюта сатып алу күніне екінші деңгейлі банк белгілеген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша жүргізіледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаменті (Н. А. Байжанов) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электронды түрдегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмесін ресми жариялау үшін мерзімді баспа басылымдарына жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Б. А. Асыловаға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрі
Е. Сағадиев