"Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 23 қаңтардағы № 51 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 4 шілдедегі № 441 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 23 тамызда № 15532 болып тіркелді

      "Ішкі су көлігі туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 26-7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 23 қаңтардағы № 51 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10400 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 17 наурызда жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларында:

      63-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "63. Массасы қоса алғанда екі жүз килограмға дейінгі және қозғалтқыштарының (орнатылған жағдайда) қуаты қоса алғанда сегіз киловатқа дейінгі шағын көлемді кемелер, сондай-ақ ұзындығы тоғыз метрден аспайтын, қозғалтқыштары жоқ және демалуға арналған орындармен жабдықталмаған спорттық желкенді кемелер мемлекеттік тіркелуге жатпайды.

      2014 жылғы 1 қаңтарға дейін тіркелген, массасы қоса алғанда екі жүз килограмға дейінгі өздігінен жүрмейтін шағын көлемді кемелер, сондай-ақ ұзындығы тоғыз метрден аспайтын, қозғалтқыштары жоқ және демалуға арналған орындармен жабдықталмаған спорттық желкенді кемелер шағын көлемді кеме иесінің өтінішінсіз кеме кітабынан алып тасталуға жатады.".

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, бұл ретте бұйрықтың 1-тармағындағы бесінші абзацы 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ақпарат және

      коммуникациялар министрі

      _______________ Д. Абаев

      2017 жылғы 17 шілде

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ______________ Т. Сүлейменов

      2017 жылғы 24 шілде