"Білім алушыларды білім беру ұйымдарының түрлері бойынша ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 қаңтардағы № 19 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2017 жылғы 28 сәуірдегі № 201 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 8 маусымда № 15203 болып тіркелді.

      БҰЙЫРАМЫН:
      "Білім алушыларды білім беру ұйымдарының түрлері бойынша ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 қаңтардағы № 19 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10297 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2015 жылғы 12 наурыздағы № 47 (28525) санында жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Білім алушыларды білім беру ұйымдарының түрлері бойынша ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларында:
      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "6. Білім алушы шетелдік білім беру ұйымынан ауыстырылған немесе қайта қабылданған кезде меңгерілген оқу бағдарламалары туралы құжат (академиялық анықтама немесе транскрипт), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 10 қаңтардағы № 8 бұйрығымен бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5135 болып тіркелген Білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау қағидаларында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында нострификациялау рәсімінен өтуі тиіс білім берудің алдыңғы деңгейін аяқтағаны туралы құжат ұсынылады.";
      мынадай мазмұндағы 6-1 және 6-2 тармақтармен толықтырылсын:
      "6-1. 1-курстың бірінші семестрінен кейін шетелдік ЖОО-дан ауыстыру немесе қайта қабылдану кезінде, тұлғалар 6-тармақта көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрі міндетін атқарушының 2007 жылғы 23 қазандағы № 502 "Білім беру ұйымдары білім беру қызметінде пайдаланатын қатаң есептіліктегі құжаттардың нысанын бекіту туралы" бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4991 болып тіркелген) үлгідегі ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі – ҰБТ) немесе кешенді тестілеу (бұдан әрі – КТ) сертификатын ұсынады.
      ҰБТ мен КТ-ға қатыспаған немесе өту балын жинамаған тұлғалар Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі "Білім туралы" Заңының 5-бап, 12-тармақшасына сәйкес уәкілетті органмен бекітілген, ҰБТ және КТ өткізу қағидаларында көрсетілген мерзімде КТ тапсырады.
      6-2. Шетелдік ЖОО-дан ауыстыру немесе қайта қабылдану кезінде тұлғалар 1-курстың бірінші семестрінен кейін 6-тармақта көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ шетелдік ЖОО-ға түсер алдындағы сынақ нәтижелерін ұсынады.";
      32 және 33-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      "32. Магистранттар, резидентура тыңдаушылары және докторанттар басқа ЖОО-ға тек ақылы негізде ауысады.
      33. Студенттерді, магистранттарды, резидентура тыңдаушыларын және докторанттарды басқа ЖОО-дан ұлттық ЖОО-ғa ауыстыру тек ақылы негізде ғана жүзеге асырылады.
      Бұл ретте, студенттің ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің сертификатындағы балл саны 60-тан төмен болмауы және орташа үлгерім балы (GPA - Grade Point Average (Грейд Пойнт Эверейдж)) аталған ұлттық ЖОО-дағы белгіленген ауысу балынан төмен болмауы тиіс.";
      мынадай мазмұндағы 33-1 тармақпен толықтырылсын:
      "33-1. Білім алушыларды шетелдік ЖОО-дан ауыстыру тек ақылы негізде ғана жүзеге асырылады.".
      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (Д.Ж. Ахмед-Заки) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмесін ресми жариялау үшін мерзімді баспа басылымдарына және Қазақстан Республикасы Әділет ақпараттық-құқықтық жүйесіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Э.А. Суханбердиеваға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушы
Б. Асылова