БҰЙЫРАМЫН:
1. "Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 7-1/587 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11940 болып тіркелген, 2015 жылғы 30 қыркүйекте "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларда:
1189-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1189. Жануарлар арасында лейкоздың таралуына жол бермеу мақсатында мынадай ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар жүргізіледі:
жаңадан әкелінген жануарларды лейкозға серологиялық зерттеулер жүргізіле отырып карантиндеу;
жануарларды ветеринариялық және зоотехникалық өңдеу кезінде асептика және антисептика қағидаларын міндетті түрде сақтау;
ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру;
Қазақстан Республикасында және (немесе) Евразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде тіркелген дезинфекциялық құралдармен қора-жайларды және жабдықтарды тұрақты дезинфекциялау;
эпизоотияға қарсы іс-шаралар жоспары бойынша жануарларға диагностикалық зерттеулер жүргізу;
мыналардың:
қолайлы деген мәртебесі жоқ, сондай-ақ карантиндеуден өтпеген шаруашылық жүргізуші субъектілерден жануарлардың әкелінуіне;
құзыреті шегінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының немесе бас мемлекеттік ветеринар дәрігерінің келісімінсіз малдың қайта топтастырылуына жол бермеу жөніндегі шараларды қабылдау.";
1212-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1212. Асыл тұқымдық мақсатта әкелінген жануарларды ИДР, ИФТ немесе ПТР бойынша лейкозға экспорттаушы елде немесе жеткізуші шаруашылықта өткізгенге дейін күнтізбелік 30 күн бұрын және импорттаушы елде немесе сатып алушы шаруашылықта карантиндеу кезеңінде зерттейді.";
мынадай мазмұндағы 1213-1-тармақпен толықтырылсын:
"1213-1. ХЭБ ұсынған зерттеу әдістері бойынша ХЭБ-тің халықаралық референттік зертханасында экспорттаушы елдің сұрауы бойынша және оның есебінен лейкозға карантиндеу кезеңінде диагнозды нақтылауға жол беріледі.";
1214-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1214. Үшінші елдерден әкелінген немесе Евразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында орын ауыстырылатын жануарларды карантиндеу кезеңінде ірі қара мал лейкозының вирусымен залалдануы анықталған кезде, егер, тараптар шартында қалған карантиндеудегі жануарлар басына қатысты өзгеше көзделмесе, алушы ел ірі қара мал лейкозының вирусы анықталған карантиндеудегі жануарлардан бас тартады (жіберуші елге қайтару немесе санитариялық сою (мүмкін емес жағдайда немесе қайтарудан бас тартса)).";
мынадай мазмұндағы 1214-1-тармақпен толықтырылсын:
"1214-1. Республика ішінде келіп түскен, әкелінген, сатып алынған, әкетілетін, орны ауыстырылатын жануарларды карантиндеу кезеңінде ірі қара мал лейкозының вирусымен залалдануы анықталған кезде, егер, тараптар шартында қалған карантиндеудегі жануарлар басына қатысты өзгеше көзделмесе, алушы шаруашылық жүргізуші субъект ірі қара мал лейкозының вирусы анықталған карантиндеудегі жануарлардан бас тартады.
Ірі қара мал лейкозының вирусы анықталған карантиндеудегі жануарлар санитариялық союға жіберіледі.";
1219 және 1220-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"1219. Ірі қара малдың лейкозы бойынша қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектілерді сауықтыруды:
1) мал басы 100 басқа дейінгі табында:
табындағы ірі қара мал басының 30 пайызынан көбі инфекцияланған жағдайда, шаруашылық жүргізуші субъектінің қолайсыз табынын біржолғы толық айырбастау (сою);
табындағы ірі қара мал басының 30 пайыздан азы инфекцияланған жағдайда, табыннан ауру жануарларды бөле және кейіннен оларды сою объектілерінде соя отырып, осы Қағидалардың 1198-тармағында көрсетілген схемаға сәйкес ИДР, ИФТ және гематологиялық әдістермен жүйелі зерттеулер жүргізу жолымен;
2) мал басы 100 бастан асатын табында ауру жануарларды бөле және кейіннен оларды сою объектілерінде соя отырып, осы Қағидалардың 1198-тармағында көрсетілген схемаға сәйкес ИДР, ИФТ және гематологиялық әдістермен жүйелі зерттеулер жүргізу жолымен жүргізеді.
1220. Ірі қара мал лейкозы бойынша қолайсыз пункттерді осы Қағидалардың 1198-тармағында көрсетілген схемаға сәйкес ИДР, ИФТ және гематологиялық әдістермен сауықтыруды былайша жүргізеді:
1) жасы алты айдан жоғары жануарларға зерттеу жүргізеді;
2) кейінен осы Қағидалардың 1199-тармағында көрсетілген схемаға сәйкес ИДР, ИФТ және гематологиялық әдістермен серологиялық зерттеулерді төрт айлық аралықпен қатарынан екі рет теріс нәтиже алғанға дейін жүргізеді. Әрбір диагностикалық зерттеуден кейін қора-жайларға Қазақстан Республикасында және (немесе) Евразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген дезинфекциялық құралдармен дезинфекция жүргізеді;
3) барлық ауру жануарлар союға тапсырылғаннан кейін және қора-жайлар мен іргелес аумаққа қорытынды дезинфекция жүргізгеннен кейін, сондай-ақ осы Қағидаларда көзделген басқа да іс-шаралар орындалған жағдайда, қолайсыз пункт сауықтырылған деп жарияланады.".
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Тамақ қауіпсіздігі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;
4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі |
А. Мырзахметов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
___________ Е. Біртанов
2017 жылғы 31 наурыз
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
___________ Б. Сұлтанов
2017 жылғы 27 наурыз
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
_____________ Т. Сүлейменов
2017 жылғы 10 сәуір