БҰЙЫРАМЫН:
1. "Бюджеттік мониторинг жүргізу нұсқаулығын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 30 қарашадағы № 629 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14623 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттік мониторинг жүргізу нұсқаулығында:
24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"24. Бюджет шығыстары атқарылуының бюджеттік мониторингін республикалық және тиісті жергілікті бюджеттердің атқарылуы жөніндегі бюджеттік есептілік және бюджеттік бағдарламалар әкімшілері беретін ақпарат негізінде бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар жүзеге асырады.
Есепті кезеңнің соңындағы бюджет қаражатының игерілмеуі төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарының және төленген міндеттемелердің, бюджет қаражатының үнемделуінің, Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган резервтерінің және шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың бөлінбеген қалдықтары арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Бюджет қаражатының үнемделуіне:
мемлекеттік сатып алу нәтижелері бойынша қаражатты үнемдеу; еңбекақы төлеу қоры (бұдан әрі - ЕТҚ) бойынша үнемдеу (бос лауазымдардың болуы, ақысыз демалыстар беру және еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары бойынша, әлеуметтік салық, әлеуметтік аударымдар бойынша төлемдер, банк қызметтеріне ақы төлеу, демалысқа шығу кестесінің өзгеруі есебінен ағымдағы шығындар бойынша үнемдеу);
бюджет қаражатын өзге де үнемдеу: бағамдық айырма, бағаның және табиғи тұтыну көлемінің өзгеруі есебінен қалыптасқан түгел пайдаланылмаған қаражат қалдығы, іссапар шығыстары бойынша үнемдеу, жоспарланғанға қарағанда бюджет қаражатын алушылардың іс жүзіндегі көлемінің азаюы, кредиттер, қарыздар бойынша сыйақы (мүдде) мөлшерлемесінің өзгеруі, іс-шараларға шығу және өткізу мерзімінің көшірілуіне байланысты ағымдағы шығындар бойынша іс-шаралар жоспарының өзгеруі, өкілдік шығындар мен шетелдік іссапарларды қоса алғанда, бөлінетін бюджеттік бағдарламалар бойынша бөлінбеген қалдық.
Есепті жыл қорытындылары бойынша бюджет қаражатының игерілмеуіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша өткен қаржы жылында бөлінген, Бюджет кодексінің 44-бабына сәйкес ағымдағы қаржы жылы толық пайдалануға рұқсат етілген нысаналы даму трансферттерінің игерілмеу сомасы қосылады.
Төмен тұрған бюджеттер жергілікті атқарушы органдарының жоғары тұрған бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттерді және бюджеттік кредиттерді игермеу сомасы жоғары тұрған бюджет үшін бюджет қаражатын игермеуге жатпайды.
Жүргізілген бюджеттік мониторинг негізінде бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар ай сайын есепті айдан кейінгі айдың алғашқы бес жұмыс күні ішінде осы Нұсқаулыққа 7-қосымшаға сәйкес барлау және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ қорғалатын тұлғалардың және объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бөлінісінде қабылданбаған міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарының уақтылы орындалмағаны туралы еске салатын ақпаратты жібереді.
Барлау және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ қорғалатын тұлғалардың және объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне ай сайын есепті айдан кейінгі айдың алғашқы бес жұмыс күні ішінде Бюджет кодексінің 83-бабына сәйкес қабылданған бірақ төленбеген міндеттемелер туралы ақпаратты ұсыну туралы еске салу жіберіледі.".
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаменті (З.А. Ерназарова) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялауын;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
Б. Сұлтанов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитетінің төрағасы
______________ Н. Айдапкелов
2017 жылғы 31 қаңтар