Батыс Қазақстан облысында жылыту маусымына дайындық және өткізу Қағидасын бекіту туралы

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2015 жылғы 9 желтоқсандағы № 29-9 шешімі. Батыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 15 қаңтарда № 4236 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңдарын басшылыққа ала отырып және Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 17 қарашадағы № 341 қаулысы негізінде Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған Батыс Қазақстан облысында жылыту маусымына дайындық және өткізу Қағидасы бекітілсін.
      2. Облыстық мәслихат аппаратының басшысы (А. Сұлтанов) осы шешімнің әділет органдарына мемлекеттік тіркелуін, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы шешім алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Сессия төрағасы С. Сүлеймен
      Облыстық мәслихат хатшысы М. Құлшар

  Батыс Қазақстан облыстық
мәслихатының
2015 жылғы 9 желтоқсандағы №29-9
шешімімен бекітілген

Батыс Қазақстан облысында жылыту маусымына дайындық және өткізу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Батыс Қазақстан облысында жылыту маусымына дайындық және оны өткізу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңдары, 2000 жылғы 7 желтоқсандағы № 1822 "Электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық кесімдерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде әзірленген және Батыс Қазақстан облысында жылыту маусымына дайындық және оны өткізу тәртібін айқындайды.
      2. Қағида Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдары, тұрғын үй-коммуналдық және отын-энергетикалық кешен ұйымдарының облыстың өндірістік, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық және отын-энергетикалық кешен объектілерін жылыту маусымына дайындау және оның өтуі кезеңінде тұрақты қызмет көрсетуін қамтамасыз ету бойынша қызметін үйлестіреді.
      3. Осы Қағидада келесідей негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      қызмет көрсетуді беруші – электрмен жабдықтаумен, жылумен жабдықтаумен, сумен жабдықтаумен, канализациялаумен (бұдан әрі – энергиямен жабдықтайтын ұйым) айналысатын заңды және жеке тұлға, сондай-ақ қоқысты әкету мен лифт бойынша қызмет көрсету, абоненттері мен кондоминиум объектілеріне қызмет көрсету – жылу және электр энергиясын жеткізу болып табылады;
      тұтынушы – электр және (немесе) жылу энергиясын шарт негізінде тұтынатын жеке немесе заңды тұлға;
      энергия беруші ұйым – электр немесе жылу энергиясын беруді шарттар негізінде жүзеге асыратын ұйым;
      энергиямен жабдықтау – тұтынушыларға электр энергиясын, жылу энергиясын, су (бұдан әрі - энергия) жеткізу және сату;
      энергиямен жабдықтаушы ұйым – сатып алынған электр және (немесе) жылу энергиясын тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйым;
      энергия өндіруші ұйым – электр және (немесе) жылу энергиясын өз қажеттіліктері және (немесе) өткізу үшін өндіруді жүзеге асыратын ұйым;
      4. Облыстың аумағында күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа объектілердің дайындығы Батыс Қазақстан облысының өндірістік және әлеуметтік кешенін күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа дайындау туралы облыс әкімдігінің жыл сайынғы қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
      5. Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдарының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының, бюджеттік мекемелердің негізгі міндеттері тұтынушыларды газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау және отынмен жабдықтауды тұрақты қамтамасыз ету, энергия жеткізушілердің қажетті параметрлерін ұстап тұру және энергияны тұтыну мақсаттары мен төлем тәртібін ескере отырып ғимараттардағы нормативтік температуралық режимді қамтамасыз ету болып табылады.
      6. Жылыту маусымын дайындауға және оны өткізуге жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңнамалық және басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес белгіленеді.
      7. Облыстың жергілікті атқарушы органдарының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ұйымдарының жылыту маусымына дайындығы және оны өткізуі осы Қағидамен айқындалған тәртіппен облыс әкімдігімен жыл сайынғы қабылдаған қаулыларда мазмұндалған алдағы жылу маусымына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін дайындау бойынша тапсырмалар есебінен жүзеге асырылады.
      8. Жылыту маусымына дайындық және оны өткізу бойынша кешенді шаралар үш кезеңнен құралады:
      1) жылу маусымына дайындық және бақылау;
      2) мерзімді жылыту;
      3) жылу маусымын өткізу.
      9. Жергілікті атқарушы органдар, энергиямен жабдықтайтын ұйымдардың диспетчерлік қызметтерінің өзара қатынастары қолданыстағы заңнамалармен айқындалады.
      10. Энергиямен жабдықтайтын ұйымдардың қызмет көрсетушілермен және тұтынушылармен арасындағы өзара қатынастары олардың арасында жасалған келісім-шарттар мен қолданыстағы заңнамалар негізінде айқындалады.
      11. Тұтынушыларға жылуды жіберу сенімділігі бойынша қазандықтарға:
      бірінші санатқа - жылудың бірден бір көзі болып табылатын және бірінші санаттағы тұтынушыларды қамтамасыз ететін жеке резервтік жылу көздері жоқ қазандықтар;
      екінші санатқа - қалған қазандықтар жатады.
      12. Жылу электрорталығы, қазандықтар, жылу желілері және жылуды пайдаланушы қондырғылардың белгіленген жұмыс режимінің бұзылуын пайдаланушы ұйым тексереді және арнайы журналдарға тіркеледі.
      13. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 наурыздағы № 209 "Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 сәуірде № 10774 тіркелді) ыстық сумен жабдықтау жүйесіне арналған бастапқы су және тұтынушыға берілетін ыстық судың сапасы қолдану жүйесіне және өңдеу тәсіліне қарамастан, орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау жүйесі суының сапасына қойылатын талаптарға сай келуі тиіс.
      14. Ыстық суды дайындау және халыққа жеткізудің барлық кезеңдерінде судың сапасына зертханалық-өндірістік бақылау жүргізіледі.
      15. Ыстық судың сапасын зертханалық өндірістік бақылау:
      1) жылумен жабдықтаудың жабық жүйелерінде – бастапқы судың түсу (суқұбыры) орындарында және су ысытқыштардан кейін;
      2) жылумен жабдықтаудың ашық жүйелерінде – бастапқы судың түсу (су құбыры немесе су көзі) орындарында, суды дайындаудан кейін (ішуге жарамды су) ыстық сумен жабдықтау желісіне келіп түсу алдында жүзеге асырылады.

2. Жылу маусымына дайындық және бақылау

      16. Жергілікті атқарушы органдарымен, электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп,өздерінің құзыреттілігі шегінде ведомстволық бағынысына және меншік нысанына қарамастан тиісті аумақтың әкімшілік-аумақтық бірлігінде орналасқан қызмет көрсетушілердің жылу маусымына дайындығын және оны өткізуін бақылау жүзеге асырылды.
      17. "Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) облыстағы өндірістік және әлеуметтік кешендердің жылыту маусымына дайындығына мониторингті жүргізеді.
      18. Алдағы жылу маусымында облыстың өңірлерінің инженерлік-энергетикалық кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін қысқы кезеңде жұмысқа дайындаудың жыл сайынғы жоспарын (бұдан әрі - жылу маусымына дайындық жоспары) ұсыну тәртібі:
      1) облыстың тұрғын үй-коммуналдық және отын-энергетикалық кешеніне жататын кәсіпорындар жыл сайын, жылу маусымы аяқталғаннан кейін қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарына жылу маусымына дайындық жоспарларын ұсынады;
      2) қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдары ұсынылған жылу маусымына дайындық жоспарларын бірыңғай жоспарға біріктіреді;
      3) қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдары жылу маусымына дайындықтың бірыңғай жоспарларын Басқармаға жинақтау үшін ұсынады.
      19. Жылу маусымына дайындық жоспарларын орындау жөніндегі есептер мына тәртіпте ұсынылады:
      1) тұрғын үй-коммуналдық және отын-энергетикалық кешенге жататын кәсіпорындармен қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарына – апта сайын;
      2) қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарымен аудан бойынша жинақ есепті – Басқармаға апта сайын;
      3) Басқарма Батыс Қазақстан облысы бойынша жинақ есепті – Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне апта сайын ұсынады.
      20. Қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдары Басқармаға жылу маусымына объектінің әзірлік паспорттары жоқ тұрғын үйлердің мекенжайлары жазылған тізімдерді жолдайды. Жылу маусымына дайындық кезінде жоспарланған жұмыстар орындалмаған жағдайда мекенжайлар жазылған тізімге орындалмау себебі, жұмыстың тоқтауына кінәлі тұлғалар және жұмыстарды орындаудың жаңа мерзімдері көрсетілген анықтама жалғанады.
      21. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерінің кезекті жылу маусымына дайындығы өткен жылдағы техникалық жағдайға талдау жасау, жұмыстың нақты режимі және орнатылған қондырғылардың пайдалану деңгейі, жөндеу көлемін нақтылау, ұйымдастырушылық-техникалық шаралардың тізімін жасау, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға тапсырыстарды ресімдеу, мердігер компаниялармен келісім-шарттар жасасу кезінде анықталған ақауларды және нормативтерден ауытқуларды жүйелендіруден басталады.
      22. Жылу маусымына дайындыққа мыналар жатады:
      1) өткен жылу маусымында орын алған кемшіліктерге талдау жасау, орын алған ақаулар мен бұзылуларды жою бойынша шаралар әзірлеу және орындау;
      2) кезекті жылу маусымында тұрғын үй қорының және инженерлік инфрақұрылым объектілерінің дайындығы бойынша кешенді шаралар жоспарын Басқарманың, қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарының бекітуі;
      3) жөндеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарын материалдық-техникалық және қаржыландырумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу, мердігер компаниялармен келісім-шарттар жасау;
      4) жылумен жабдықтау көздерінде және орталық жылу пункттерінде қажетті жұмыстарды жүргізу, соның ішінде қазандықтарды, тұрба құбырларын қарау және сынақ жүргізу;
      5) инженерлік желілерде, соның ішінде қайта құрылымдау, күрделі және ағымдағы жөндеу, сынақтар мен шаюлар, жылуды жіберу кестесін дайындау мен жылу желілерінде гидравликалық жұмыс режимімен байланысты жұмыстарды орындау;
      6) ғимараттарды дайындау, инженерлік желілерде алдын алу, жөндеу және ауыстыру бойынша жұмыстарды жүргізу;
      7) сумен қамтамасыз ету және су бұру желілерінде алдын алу, жоспарлы және жоспардан тыс жөндеулерді орындау;
      8) резервтік отынның нормативтік қорын, сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде төтенше жағдайлар және (немесе) табиғи апаттар салдарын жою үшін материалдық-техникалық ресурстардың апатты қорларын құру;
      9) отын қоймаларын дайындау, инженерлік құрылғыларға, өртке қарсы шаруашылыққа жөндеуді жүргізу.
      23. Жылу көздері мен орталық жылу пункттеріндегі жұмыстарды мына мерзімдерде аяқтау ұсынылады:
      күзгі кезеңде жылу қажеттілігін қамтамасыз ету үшін – 1 қыркүйекке дейін;
      қысқы ең жоғарғы деңгейдегі жүктеме өту кезеңінде жылу қажеттілігін қамтамасыз ету үшін – 1 қазанға дейін.
      Жылумен жабдықтау көздерін қамтамасыз ететін электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау және газбен жабдықтауды қамтамасыз ету коммуникацияларын жөндеу және алдын алу бойынша жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін аяқтау ұсынылады.
      24. Жылыту маусымы және жөндеу жұмыстары аяқталған соң екі аптадан кейін жыл сайын жылу желілеріне гидравликалық сынақтар (беріктікке және тығыздыққа) өткізілуі тиіс. Сынақтар нәтижесі бойынша актілер дайындалады.
      25. Жылыту желілеріндегі барлық сынақтардың түрлері бөлек өткізіледі, сонымен бірге жылу желілеріне және сынақтардың басшылары мен жекелеген орындаушылар арасындағы жедел байланысқа түбегейлі бақылау қамтамасыз етіледі.
      26. Жылыту желілеріндегі және жылумен жабдықтау көздеріндегі жоспарлы жөндеу (тоқтату), сонымен қатар жылу желілеріндегі сынақтарды өткізу қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарымен келісілген кестелерге сәйкес жүргізіледі. Температуралық сынақтарды өткізу (температуралық ысыраптарға) энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдармен анықталады және кестеге енгізіледі.
      27. Басқармаға кестелер келісуге жолдау үшін ұсынылады:
      1) жылумен жабдықтау көздерін жоспарлы жөндеу – 10 мамырға дейін;
      2) жылу желілерін жөндеу және қайта құру – 10 мамырға дейін;
      3) жылу желілеріндегі жылу сынақтары (жылу тасымалдағыштыңең жоғары деңгейдегі температурасына) – 10 мамырға дейін;
      4) жылу маусымының аяғында жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізу (беріктік пен тығыздыққа) – 20 сәуірге дейін, жылу маусымын өткізудің алдында – 25 тамызға дейін.
      28. Жылумен жабдықтау көздері мен жылу желілерін жоспарлы жөндеу (тоқтату) кестесі келісілгеннен кейін энергиямен жабдықтаушы ұйым бір апта мерзім ішінде оларды мүдделі ұйымдардың назарына жеткізеді.
      29. Монтаждау, күрделі жөндеу және қайта құрылымдаудан кейін жылу желілері гидравликалық шаюға жатады. Жылу желілерінің учаскелерін гидравликалық шаю апатты-қалпына келтіру жұмыстарын орындағаннан соң да жүргізіледі.
      Жылу желілерін шаю теңгерімінде жылу желілері бар нормативтік техникалық құжаттама талаптарына сәйкес ұйыммен бекітілген бағдарлама бойынша жүргізіледі.
      Орталық жылыту желілерін шаюға, желдеткіш және ғимаратты ыстық сумен қамтамасыз етуге жүйелік су шығындарының көлемі жекелеген актілер бойынша белгіленеді.
      Іріктеліп алынған сыналатын суды талдау кезінде ағын судың түсі бұрынғы судың түсімен сәйкес болғанда шаю аяқталған болып есептеледі.
      Жылу желілерін шаю сапасының жауапкершілігі жылумен жабдықтау кәсіпорындарына, ал орталық жылу жүйесі, желдеткіштерді және ғимаратты ыстық сумен қамтамасыз етудегі жауапкершілік – қолданыстағы заңнамаға сәйкес үйдің ішкі жүйесін пайдаланатын ұйымдарға жүктеледі.
      30. Жөндеу және құрылыс ұйымдары жылу көздерінің немесе жылу желілерінің қолданыстағы құрылғыларына жұмыстар жүргізбестен бұрын жұмысты жасау кестесін энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен келіседі. Егер жұмыстардың технологиялық циклі ыстық суды айыру кезеңінен көп уақытты қажет ететін болса, техникалық мүмкіндіктер бар болған жағдайда жұмыстарды ұйымдастыру жобасында тұтынушыларды ыстық сумен қамтамасыз ететін шаралар қарастырылуы қажет.
      31. Энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы жағдайларда жұмысқа әзірлігі паспортын алу тәртібі Қазақстан Республикасының Энергетика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 55 "Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы жағдайларда жұмысқа әзірлігі паспортының нысанын және алу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 19 наурызда № 10516 тіркелді) сәйкес анықталады.
      32. Үй ішілік жылумен жабдықтау жүйелеріне қызмет көрсететін ұйымдарға 15 мамырға дейін жылу маусымына дайындығын анықтау үшін ғимараттарға, жеке жылу пункттерін және үй ішілік жүйелерді іске қосуды көрсететін кестелерді энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдармен келісу ұсынылады. Ғимаратты және үй ішілік жүйелерді іске қосуды дайындау мерзімдері ыстық суды айыру кезеңімен тұспа-тұс келуі қажет. Келісілген кестелер қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарына ұсынылады.
      33. Жылу маусымына дайындық кезеңінде қызмет көрсетушілер көп қабатты үйді жалпы тексеру (көктемгі, күзгі) актісінде көрсетілген тұрғын үй қорына жөндеу және алдын алу жұмыстарын жүргізеді.
      34. Жұмыстар орындалған соң жылуды тұтыну жүйесін қабылдауды энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдар жүзеге асырады және екі жақты актімен ресімдейді.
      Акт бойынша қабылданбаған жылуды тұтыну жүйелері жылу маусымына дайындалмаған болып есептеледі және 10 күннің ішінде қайта куәландыруға жатады.
      35. Қайтадан қосылған жылуды пайдаланатын қондырғылар жобалық құжаттамаға сәйкес орындалады. Үй ішілік жүйелерге қызмет көрсететін
      ұйымдар (тұтынушылар) жылу қондырғылары мен желілерін іске қоспастан бұрын энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдар өкілінің қатысуымен монтаждау ұйымымен бірлесіп қажетті сынақтар, жөндеу және шаюды жүргізуі қажет.
      36. Жылыту жүйелерін дайындаған соң желілік сумен толтыру арқылы әрі қарай сыртқы желіден айыру, қажет болған жағдайда, қақпақшаны орната отырып, оны консервациялауды жүргізеді.
      37. Жылу маусымына дайындықты тексеру актілері негізінде ресімделетін әзірлік паспорттарымен расталады:
      білім беру объектілері бойынша 25 тамызға дейін аяқтау ұсынылады;
      тұрғын үйлер мен басқа да әлеуметтік объектілер бойынша 1 қазанға дейін аяқтау ұсынылады.
      38. Энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдармен объектінің дайындығын тексеру актісін ресімдемей тұрып жылуды тұтыну жүйесіне қосуға жол берілмейді.
      39. Үйдің ішкі жүйелеріне қызмет көрсететін ұйымдар (тұтынушылар) және энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдармен пайдалануға қабылдап алмаған жаңадан салынған үйлердің қазандықтарын, жылу желілерін, орталық жылу пункттерін, сорап станцияларын, орталық жылыту және ыстық сумен жабдықтау жүйелерінің жылу маусымына дайындауды құрылыс ұйымдары қамтамасыз етеді. Қолданыстағы инженерлік коммуникацияларға қажетті қосылуларды 1 қыркүйекке дейін орындау ұсынылады.
      40. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде су құбырлары жүйелерінен су алуды ұлғайтумен байланысты қандай да бір жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдар шара басталмастан бұрын осы шара туралы сумен жабдықтаушы кәсіпорынды хабардар етуі қажет.
      Осы тармақтың талаптары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілеріндегі апат салдарын жою кезіндегі кәсіпорындар мен ұйымдардың өзара іс-қимылы туралы ережесімен анықталған, орындалуы ерекше тәртіппен жүзеге асырылатын апатты қалпына келтіру жұмыстарына қолданылмайды.

3. Мерзімді жылыту

      41. Сырттағы ауаның қалыптасқан орташа температурасының төмендеуін және басқа да ауарайының жағымсыз факторларын ескере отырып қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарымен жылыту бойынша шаралар қабылдануы мүмкін, бұл ретте жылу жіберу шектеледі және жылумен қамтамасыз етуде үзілістер орын алады. Бұл ретте жылумен жабдықтау жүйелерінің мерзімді жылыту режимінде жұмыс жасауының уақытша кезеңі бес күнтізбелік күннен кем болмайды.
      42. Энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдарға 1 қыркүйектен бастап қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарымен жылумен жабдықтау жүйелерін қосу кестесін әзірлеп, келісіп, үй ішілік жылумен жабдықтау жүйелеріне қызмет көрсететін ұйымдарға (тұтынушылар) жолдау ұсынылады.
      Бір мезгілде толтырылатын үй ішілік жүйелер санын анықтау кезінде жылумен жабдықтаушы көздердің шаруашылық ауыз сумен, су дайындау және су сіңіргіш қондырғылардың өнімділігімен қамтамасыз етілуін ескеру қажет.
      43. Барлық ғимараттар қосылғаннан кейін үй ішілік жылумен жабдықтау жүйелеріне қызмет көрсететін ұйымдар (тұтынушылар) 7 тәуліктің ішінде құрал-жабдықтардың жағдайын тексеру және үй ішілік жүйелерді алғашқы реттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл ретте энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдар ғимаратқа енгізуде есептік гидравликалық көрсеткіштермен қамтамасыз етеді.
      44. Жылумен жабдықтау көздерін жұмысқа қосу барысын жедел бақылау үшін, сонымен қатар ғимараттарды жылумен жабдықтау жүйелеріне қосу үшін күн сайын барлық ғимараттарды қосып болғанға дейін қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдары Басқармаға жедел анықтамалар жолдайды.
      45. Мерзімді жылыту кезінде анықталған жылумен жабдықтау көздерінің, жылу желілерінің және үй ішілік жүйелердің жұмысындағы кемшіліктер ұдайы жылыту басталмастан бұрын жойылады.

4. Жылу маусымын өткізу

      46. Сыртқы ауаның орташа температурасы 3-5 тәулік бойы +10°С және одан төмен болған жағдайда немесе сыртқы ауа температурасының күрт төмендеуі туралы ауарайы болжамы берілгенде қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдары барлық мақсаттағы ғимараттарға жылуды жүйелі беруді хабарлайды.
      47. Тұтынушыларды жылу жүйесіне қосу жылу жүйесіне қосылатын тұтынушылардың көрсетілген қызметтер үшін бережақтарының жоқтығы және жылу энергиясын қабылдауға техникалық дайындығының бар болуын есепке ала отырып энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдар жасаған кесте бойынша жүргізіледі.
      48. Жылумен жабдықтау режимдерінің бұзылуын уақтылы анықтау және жою жұмыстарын талдау үшін жылумен жабдықтаудың үй ішілік жүйелеріне қызмет көрсететін ұйымдар энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға апта сайын энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдармен келісілген бақылау нүктелеріндегі жылу тасымалдағыштың параметрлері туралы тұрақты ақпаратты ұсынады.
      49. Тұтынушыларды жылу желісіне қосқаннан кейінгі 3 тәулік ішінде жылу шаруашылығына жауапты адамдар қосуды реттеуді (қақпақтар, бұрандалар, тірек қақпаларының жұмысын) жүргізеді.
      50. Энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдар жүйелі жылу беру басталғаннан кейін бір айдың ішінде жылу желілерін соңғы реттеуді жүргізеді және ғимараттарға, үй ішілік жылумен жабдықтау жүйелеріне қызмет көрсететін ұйымдарға (тұтынушылар) қосады – үй іші жүйесіне соңғы реттеу жұмысын жүргізеді.
      Егер жылу таратушының есепті гидравликалық параметрінде жылумен жабдықтау көзі мен кварталға (шағынауданға) қосуда параметрлер қамтамасыз етілмесе, энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың үй ішілік жылумен жабдықтау жүйелеріне қызмет көрсететін ұйымдардың (тұтынушылар) ақпараты бойынша 12 күн мерзімде қақпақтар мен диафрагмаларды қайта есептеуді жүргізеді. Ауыстыру жұмыстарын энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдар өкілдерінің бақылауымен үй ішілік жылумен жабдықтау жүйесіне қызмет көрсететін ұйымдар (тұтынушылар) жүргізеді.
      51. Батыс Қазақстан облысын жылумен жабдықтау жүйесі жүйелі жылу беру барысында келесідей режимнің бірінде жұмыс істейді:
      1) қалыпты – сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы -15°С дейін болғанда;
      2) күшейтілген – сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы -15°С -тан -26°С дейін болғанда;
      3) есепсіз – сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы -26°С төмен болғанда.
      Жылумен жабдықтау жүйесін күшейтілген және есепсіз жұмыс режиміне ауыстырған кезде қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдары мен қызмет көрсетушілер қалалар мен елді мекендердің жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау және газбен жабдықтау жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдайды. Қабылданған шаралар туралы ақпарат қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарына жолданады.
      52. Жылу маусымы өту кезінде энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдарға мыналарды жүзеге асыру ұсынылады:
      1) тұтынушыларды есепті гидравликалық және температуралық параметрлермен қамтамасыз ету. Жылумен жабдықтау көздерінің есепті температуралық жұмыс кестесінен жоспарлы ауытқуға жергілікті атқару органдардың келісімі бойынша жол беріледі;
      2) жылу беруді жоспардан тыс шектеу немесе тоқтату, ыстық су сапасының нашарлауы кезінде себебін, қабылданатын іс-шаралар мен жою мерзімін көрсете отырып жергілікті атқарушы органдарға коммуналдық қызмет көрсетушілердің кезекшілік қызметіне жедел хабарлама беру;
      3) жылумен жабдықтау орындары мен инженерлік желілерде орын алған апатты жағдайларда электрмен жабдықтау және жылумен жабдықтау жүйелеріндегі апатты оқиғаларды жою тәртібі туралы нұсқаулықта белгіленген мерзімде өкілдерін оқиға орнына жеткізуді жылу, электр және сумен жабдықтау ұйымдары, үй ішілік жылумен жабдықтау жүйелеріне (тұтынушылар), құрылыс-жөндеу, көлік ұйымдары және басқа қызметтердің өзара іс-әрекеті есебінен қамтамасыз ету;
      4) жылыту желілері құбырларындағы ақаулар мен бұзылуларды жою жұмыстарын жүргізу. Қажет болған жағдайда жұмыстар жылумен жабдықтау ұйымы әзірлеген және жергілікті атқарушы органдармен келісілген жұмыс жасау бағдарламасы және кестесі бойынша жүргізіледі;
      5) кәсіпорынның балансындағы инженерлік желілер мен құрылғылардың техникалық жағдайына бақылауды жүзеге асыру.
      53. Жылыту беру маусымын өту кезінде үй ішілік энергиямен жабдықтау жүйелеріне (тұтынушылар) қызмет көрсететін ұйымдарға ұсынылады:
      1) тұрғындардан шағым қабылдауды ұйымдастырады және олардың себептерін жою бойынша іс-шаралар жүргізеді;
      2) қызмет көрсетушілердің энергияны тұтыну режиміне қатысты жедел нұсқауларын орындайды;
      3) өздігінен (жылумен жабдықтау ұйымының рұқсатынсыз) диафрагмалар мен қақпақтарды кесу, алу немесе бұрғылауға, тірек бағана арқылы су құюға жол бермейді;
      4) барлық қыздыру құралдарының біркелкі қызуын қамтамасыз етеді;
      5) ыстық сумен жабдықтау жүйелеріндегі су температурасын реттеуді қамтамасыз етеді:
      жылумен қамтамасыз етудің ашық жүйелеріндегі түзу және кері құбырларға тікелей жалғанған құбырларға +60°С тан кем емес температура шегінде;
      жылумен қамтамасыз етудің жабық жүйесі құбырларына жылу алмасу аппараттары арқылы жалғанғандарға +70°С-тен кем емес шекте.
      6) ұйымның балансындағы инженерлік желілердегі технологиялық ақауларды болдырмау және жою жөнінде жедел іс-шаралар қабылдайды және тұрғын үйлер мен әлеуметтік сала объектілерінің инженерлік жабдықтау жүйелеріндегі апаттар мен ақауларды жоюды нормативтік мерзімде жүзеге асырады;
      7) тұтынушыларды жылумен жабдықтауды шектеу және тоқтату себептері мен мерзімдері туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және үйлердің кіреберісіне хабарлама ілу арқылы хабарландырады;
      8) ыстық және суық су крандарының тығыздығын жүйелі бақылайды, сондай-ақ судың азаюымен ақауларды мен анықтау және жою шараларын қабылдайды;
      9) сыртқы жылу желісінде немесе жылумен жабдықтау орындарында жылумен жабдықтауды айырып тастау және желілік судың циркуляциясын тоқтатумен байланысты апаттар орын алған жағдайда үй ішілік жылыту жүйелерін, ыстық және суық сумен жабдықтау жүйелерін босату, сондай-ақ олардың сыртқы ауа температурасының төмен болуында қатып қалмауын болдырмау үшін ақауларды жойғаннан кейін жұмысқа қайта қосуды қамтамасыз етеді. Су жүйелерін құрғату туралы шешімді үй ішілік жылумен жабдықтау жүйелеріне қызмет көрсететін (тұтынушылар) ұйымдар қабылдайды, ол үшін энергиямен жабдықтау ұйымдарына алдын-ала хабарлама жіберіп, қала және аудандардағы жергілікті атқарушы органдардың келісімін алуы қажет;
      10) жөндеу-құрылыс, көлік ұйымдары және басқа қызметтердің үй ішілік жылумен жабдықтау жүйелеріне қызмет көрсететін ұйымдармен (тұтынушылар) энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындар мен ұйымдардың әрекет етуі есебінен электрмен және жылумен жабдықтау жүйелерінде апатты жағдайларды жою тәртібі туралы нұсқаулықтармен анықталған мерзімдерде технологиялық бұзылыстар кезінде айыру аймағына жататын ведомстволық бағынысты объектілер немесе объектілерге апатты жағдайлар кезінде өзінің өкілдерін баруын қамтамасыз етеді;
      11) энергияны үнемдеу шараларын жүргізеді.
      54. Энергетикалық жүктеменің қысқы ең жоғары деңгейде өтуі жылытуға арналған есептеулерге жақын сыртқы ауа температурасының төмен болуы кезеңімен айқындалады.
      55. Сыртқы ауа температурасы орташа тәуліктік -15°С болған кезде жергілікті атқарушы органдар жылумен қамтамасыз етудің күшейтілген режимін хабарлайды, оның ішінде:
      1) хабарландыру схемасы нақтыланады, энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдар және үй ішілік жылумен жабдықтау жүйелеріне қызмет көрсететін ұйымдардың (тұтынушылар) жауапты қызметкерлерінің кезекшілігі белгіленеді, қажет болған жағдайда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің иелері мен жалға алушылары да тартылады;
      2) қызмет көрсетушілердің апаттық бригадалары жоғарғы дайындық жағдайына ауыстырылады, олардың апатты қалпына келтіру жұмыстарын жасау үшін құрылғылармен, құралдармен, материалдармен және қосалқы бөлшектер мен жинақталғаны тексеріледі;
      3) үй ішілік жылумен жабдықтау жүйелеріне қызмет көрсететін ұйымдар (тұтынушылар) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің жұмыс жасауын және ғимараттарды жылыту жағдайына тұрақты бақылауды ұйымдастырады;
      4) жылумен жабдықтау көздерінде резервтік құрал-жабдықтардың жұмысы, қолда бар негізгі және қордағы отын тексеріледі.
      56. Орташа тәуліктік температура -26°С төмен болған кезде қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдары жылумен жабдықтаудың есепсіз режимін хабарлайды:
      1) барлық энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдарда басшылық және инженерлік-техникалық құрамның жауапты тұлғаларының тәулік бойы кезекшілігі енгізіледі;
      2) қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарымен қызметкерлердің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылады.
      57. Жылумен жабдықтау көздерін резервтік отынға ауыстыру және қатты салқындықтар кезінде және газ тасымалдау жүйесінде апаттар болған кезде газ және электр энергиясын тұтынушы кәсіпорындарды газ және электр энергиясымен қамтамасыз етуде шектеу облыс әкімдігі бекіткен кестелерге сәйкес жүзеге асырылады.
      58. Жылу маусымын аяқтау орташа айлық температура жылынған кезеңде жүргізіледі.
      59. Сыртқы ауа температурасы 3-5 тәулік бойы +10°С жоғары болған жағдайда немесе сыртқы ауа температурасының күрт жоғарылауы туралы ауарайы болжамы жасалғанда қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдары және энергия беруші ұйымдардың бұйрығымен жылу маусымы тоқтатылды деп жарияланады.
      60. Жылу маусымының аяқталғаны туралы жарияланғаннан кейін үй ішілік жылумен жабдықтау жүйелеріне қызмет көрсететін ұйымдар (тұтынушылар) жылумен жабдықтау жүйелерін жазғы жұмыс режиміне көшіру (ыстық сумен қамтамасыз ету) кезінде жарылуларды болдырмас үшін үйдің жылу беру жүйесін бітеу арматурасының көмегімен тоқтатады, қажет болған жағдайда бітеу тетіктерін орнатып, жөндеу жұмыстары басталғанға дейін жүйеде желілік суды қалдырады, сондай-ақ жылу тұтыну құрылғыларын, жылытқыштарды кептіру және желдету жұмыстарын орындау және ыстық сумен жабдықтау жүйелерінің жұмысын жазғы схема бойынша қамтамасыз етеді.
      61. Жылу беру кезеңі аралығында энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жылумен жабдықтау орындарының жұмыс режимін көрсете отырып құралдар мен жылыту желілерінің бекітілген схемасы бойынша тұтынушыларды ыстық сумен қамтамасыз етеді, бұл ретте бақылау орындарындағы жылу таратушының көрсеткіштері бекітілген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Су беру орындарына берілетін су температурасы нормативтік-техникалық құжаттар талаптарына жауап беруі тиіс.
      62. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға жылу беру кезеңі аралығында ыстық сумен жабдықтау режимін бақылау үшін жергілікті атқарушы органдарға жылумен жабдықтау орындарының жұмыс режимі кестесін 1 мамырға дейін жолдау ұсынылады.
      63. Өткен жылу маусымында тұрғын үй және қоғамдық ғимараттарды пайдалану барысында, сонымен бірге көктемгі тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктер мен ескертулер объектінің осы жылу маусымына әзірлігі паспортына жазылады.

5. Қағиданы бұзғаны үшін жауапкершілік

      64. Қағиданы бұзғаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
      Аббревиатураның шешілуі:
      оС – Цельсий градусы.