"Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 15 желтоқсандағы N 343 қаулысы. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 18 қаңтарда N 4347 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 18 наурыздағы № 70 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 18.03.2017 № 70 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
       РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 27-бабының 2-тармағына, 39-бабының 2-тармағына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 17-бабының 7) тармақшасына, 164-бабына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған "Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
      2. Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы (Б.Қ. Қизатов) осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары Н.А. Сақтағановқа жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов

  Шығыс Қазақстан облысы
әкімдігінің 2015 жылғы
"15" желтоқсандағы
№ 343 қаулысымен бекітілген

"Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. "Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) еңбек қатынастарын реттеу және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi талаптардың сақталуын мемлекеттiк бақылау саласында басшылықты жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғасы болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      5. Басқарма мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      7. Басқарма құрылымы мен штат санының лимитін қолданыстағы заңнамаға сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекітеді.
      8. Басқарманың орналасқан жері: индекс 070002, Қазақстан Республикасы, Өскемен қаласы, Белинский көшесі, 32.
      9. Мемлекеттік органның толық атауы – "Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Шығыс Қазақстан облысы бюджетінен жүзеге асырылады.
      12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      13. Миссиясы: Басқарма еңбек қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады.
      14. Міндеттері: Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру.
      15. Функциялары:
      1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      2) жұмыс берушілер ұсынған ұжымдық шарттардың мониторингін жүзеге асырады;
      3) өндiрiстiк жарақаттанудың, кәсiптiк аурулардың, кәсiптiк уланулардың себептерiне талдау жүргiзедi және олардың профилактикасы жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;
      4) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тергеп-тексередi;
      5) жұмыс берушiлердегі еңбек қауiпсiздiгiн және еңбектi қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдардың бiлiмiн тексерудi жүргiзедi;
      6) өндiрiстiк мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау жөнiндегi қабылдау комиссиясының құрамына қатысады;
      7) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау нормативтерiн жетiлдiру мәселелерi бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушiлердiң өкiлдерімен өзара iс-қимыл жасайды;
      8) жұмыскерлердiң, жұмыс берушiлер мен олардың өкiлдерiнiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi жөнiндегi өтiнiштерiн қарайды;
      9) өндiрiстiк объектiлердi еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау мониторингiн жүзеге асырады;
      10) Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес тексерулер кестелерін әзiрлейдi және бекiтедi;
      11) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға еңбектi қорғау және еңбек қауiпсiздiгi жөнiндегi ақпараттық жүйе базасында кезеңдiк есептердi, сондай-ақ еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жай-күйi мониторингiнiң нәтижелерiн ұсынады;
      12) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға еңбек қатынастары бойынша қажеттi ақпаратты бередi;
      13) қалалық, аудандық деңгейде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді жүзеге асырады;
      14) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзгеде өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      16. Құқықтары мен міндеттері:
      Басқарма:
      өзiне жүктелген мiндеттердi және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру үшін мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажеттi ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;
      құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;
      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
      Басқарма:
      Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүктелген міндеттерді орындауға міндетті.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      17. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
      18. Басқарманың бірінші басшысын - Шығыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік еңбек инспекторын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      19. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары - Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік еңбек инспекторы болады.
      20. Басқарма басшысының өкілеттігі:
      1) заңнамаға сәйкес Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      2) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жаза қолданады;
      3) Басқарма бұйрықтарына қол қояды;
      4) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
      5) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді, сот, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдарда Басқарманың мүддесін білдіруге сенімхаттар береді;
      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бойынша қажетті шаралар қабылдайды және оған дербес жауапты болады;
      7) ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеттері мен кәсіптік даярлығына сәйкес олардың мемлекеттік қызметке тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
      8) қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      21. Басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      22. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      23. Басқармаға бекітілген мүлік Шығыс Қазақстан облысының коммуналдық меншігіне жатады.
      24. Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.