Құрманғазы ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің қағидасын бекіту туралы

Атырау облысы Құрманғазы ауданы мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 475-V шешімі. Атырау облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 29 желтоқсанда № 3408 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97-бабының 2-тармағына, "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысына, "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі қаулысына, "Тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 319 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11015 санымен тіркелген) бұйрығына сәйкес аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Құрманғазы ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің қағидасы (бұдан - әрі Қағида) қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудандық мәслихаттың әлеуметтік сала, жастар саясаты, заңдылық және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясына (төрағасы Ш.Жәлелов) жүктелсін.
      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді, ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Аудандық мәслихаттың ХХХХІV
сессиясының төрағасы
Б. Жүгінісов
      Аудандық мәслихат хатшысы Р. Сұлтанияев

  Аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 475-V шешіміне қосымша
  Аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 475-V шешімімен бекітілген

Құрманғазы ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің қағидасы

      Осы Қағида Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 319 "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" бұйрығымен бекітілген "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11015 санымен тіркелген) (бұдан әрі –Стандарт), Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" (бұдан әрі – Қаулы), 2009 жылғы 14 сәуірдегі "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" қаулыларына сәйкес әзірленді және Құрманғазы ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;
      2) кондоминиум объектісін басқару органы – кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      3) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар – үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінің жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар арқылы кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ аспаптарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және салыстырып тексеруге, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге, сондай-ақ кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін болашақта жүргізілетін күрделі жөндеуге ақша жинақтауға арналған шығыстарының міндетті сомасы;
      4) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсандағы отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;
      2. Шекті жол берілетін шығыстар үлесі - телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматының) бір айда тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығындарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) орташа айлық жиынтық кірісіне бес пайызбен қатынасы.
      3. Тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп–ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалатын шығындардың көлем нормалары коммуналдық кәсіпорындармен белгіленеді.

2. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      4. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат) Қаулыға сәйкес тұрғын үй көмегін тағайындау мен төлеуді іске асыратын уәкілетті органға жүгінеді, сонымен қатар Стандарттың 3-тармағына сәйкес, өтініштерді қабылдау және нәтижесін беру "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалы – "Халыққа қызмет көрсету орталығы" департаментінің Құрманғазы аудандық бөлімі және "Электрондық үкіметтің" www.egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – Атырау облысы Құрманғазы ауданы мәслихатының 25.04.2016 № 17-VI шешімімен (жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      5. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Құрманғазы ауданында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
      1) жекешелендірілген тұрғынжайларда тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй–жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп–ұстауға жұмсалатын шығыстарға;
      2) тұрғынжайдың меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;
      3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге беріледі.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді – Атырау облысы Құрманғазы ауданы мәслихатының 29.01.2016 № 504-V шешімімен (жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      6. Өтініш беруші толық емес немесе дұрыс емес мәліметтер ұсынған жағдайда, отбасының (азаматтың) жиынтық табысы есептелмейді.
      7. Тұрғын үй көмегін алушы он күн мерзімде тұрғын үй көмегінің мөлшерін өзгертуге және оны алу құқығы үшін негіз бола алатын жағдайлар туралы уәкілетті органға хабарлайды.

3. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу тәртібі

      8. Отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері Агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай–ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7412 санымен тіркелген) бұйрығымен бекітілген тұрғын үй көмегін алуға, сондай–ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасымен айқындалады.

4. Тұрғын үй көмегін төлеу

      9. Тұрғын үй көмегін төлеу екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылады.

5. Қорытынды ереже

      10. Осы Қағидамен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.