Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану тәртібі мен шарттарын бекіту туралы

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 4 маусымдағы № 192 қаулысы. Солтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 15 шілдеде N 3305 болып тіркелді. Күші жойылды – Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы N 482 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 11.12.2015 N 482 қаулысымен (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңының 13-бабының 1-1-тармағы 6-1) тармақшасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берiлiп отырған Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану тәртібі мен шарттары бекітілсін.
      2. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Солтүстік Қазақстан облысының
әкімі
Е. Сұлтанов

  Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 04 маусымдағы № 192 қаулысымен бекітілген

Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану тәртібі мен шарттары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану тәртібі мен шарттары (бұдан әрi – Тәртіп) "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шiлдедегi Заңына сәйкес әзiрлендi және автомобиль жолдарын басқару жөнiндегi концессионерге берiлген облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану тәртiбi мен шарттарын айқындайды.
      2. Осы Тәртіпте мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган – Қазақстан Республикасының заңңамасына сәйкес жалпыға ортақ пайдаланылатын мемлекеттік автомобиль жолдарын басқаруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;
      2) автомобиль жолдарын пайдаланушылар – жол қозғалысына қатысушылар болып табылатын немесе облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына бөлiнген белдеу мен жол бойындағы белдеу шегiнде өзге де қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
      3) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігін және Азаматтық қорғанысты ұйымдастыруды қамтамасыз ету бөлігінде азаматтық қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді, мемлекеттік саясатты әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      4) ақылы жүрудi ұйымдастырушы – концессионер;
      5) концессионер – концессия шартын жасасқан, оның ішінде өз қызметін бірлескен қызмет (жай серіктестік) туралы шарт негізінде жүзеге асыратын, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға және (немесе), мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерін қоспағанда (концессиялық жобаларды қаржыландыру жөніндегі ұйымдардан басқа), заңды тұлға;
      6) көпiр өткелi – көпiрдi, көпiрге кiреберiстi, реттеу және қорғау құрылыстарын қамтитын, су кедергiлерiн еңсеруге арналған инженерлiк құрылыстар кешенi;
      7) облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану – облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдары және көпiр өткелдерi бойынша автокөлiк құралдарының белгiленген жүктемелерiмен, габариттерiмен үздiксiз, қауiпсiз қозғалысын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру және пайдалану кезеңiнде олардың көлiктiк-пайдалану жай-күйiн ұстау.

2. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану тәртiбi мен шарттары

      3. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды жөндеу мен күтiп ұстау жөнiндегi iс-шараларды ақылы жүрудi ұйымдастырушының уақтылы қамтамасыз етуiн көздейдi.
      4. Ақылы жүрудiң ұйымдастырушы облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдары мен көпiр өткелдерiн тиiстi пайдалану мақсатында:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес автомобиль жолдарын пайдалану кезiнде қауiпсiздiк талаптарының сақталуын қамтамасыз етедi;
      2) қысқы кезеңде ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн қардан тазартуды қамтамасыз етедi және жамылғының тайғақтығына қарсы шаралар қабылдайды;
      3) көлiк құралдарының үздiксiз және қауiпсiз жүрiп өтуiн және табиғатты қорғау заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етедi;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес автомобиль жолдарын пайдаланушыларға жол жағдайларының себептерi бойынша туындаған жол-көлiк оқиғалары келтiрген зиянды өтеу жөнiндегi шараларды қабылдайды;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес автомобиль жолдарына бөлiнген белдеудiң фитосанитариялық жай-күйiн қамтамасыз етедi;
      6) автомобиль жолдарының бойында қорғаныш екпелерiн күтiп-ұстайды;
      7) жол органдарымен келiсiм бойынша, жол полициясы бөлiмшелерiмен және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен бiрлесiп, шұғыл жағдайларда (қолайсыз ауа райы-климаттық жағдайлар, дүлей апаттар, өрт, автомобиль жолдарының көтеру қабiлетiнiң жойылуы), сондай-ақ жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргiзген кезде бұл жөнiнде жергiлiктi атқарушы органдарды және автомобиль жолдарын пайдаланушыларды тиiстi жол белгiлерiн қойып және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар ете отырып, көлiк құралдары қозғалысын шектейдi немесе тоқтатады;
      8) дүлей метеорологиялық құбылыстар мен табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жояды;
      9) жол полициясы бөлiмшелерiмен өзара iс-қимыл жасай отырып, жол-көлiк оқиғаларының есебiн жүргiзедi, олардың туындауына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды талдайды, олардың алдын алу мен жою жөнiндегi iс-шараларды әзiрлейдi;
      10) "Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Жол қозғалысының ережелерiнде белгiленген жылдамдық режимiнiң шеңберiнде көлiк құралдарының қауiпсiз жүрiп өту мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi;
      11) жол қозғалысына қатысушыларды құтқару, жол-көлiк оқиғалары, авариялар, дүлей апаттар жағдайларында оларға дәрiгерге дейiнгi медициналық көмек көрсету бойынша шаралар қабылдайды;
      12) жол полициясы бөлiмшелерiне жол-көлiк оқиғаларын тергеуге жәрдем көрсетедi, сондай-ақ егер жол-көлiк оқиғасы iлеспе жол жағдайлары бойынша болса, қызметтiк тексеру жүргiзедi;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдарға жәрдем көрсетедi;
      14) жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын (қоршаулар, жол белгiлерi, жолды белгiлеу, бағыттайтын құрылғылар, жарықтандыру желiлерi, бағдаршамдар, қозғалысты автоматтандырылған басқару жүйелерi) орнату мен жөндеудi қамтамасыз етедi;
      15) қажеттi ақпараттық-коммуникациялық желiлерге қосу арқылы автокөлiк құралдары қозғалысының мониторингi үшiн өлшеу құрылғыларын, жабдықтарды орнатуды және бағдарламалық қамтуды қамтамасыз етедi;
      16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақылы автомобиль жолдары (жол учаскелерi) бойынша жүрiп өткенi үшiн ақы алуды қамтамасыз етедi.
      5. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн күтiп-ұстау бойынша жұмыстар тұрақты негiзде жүзеге асырылады.
      6. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары мен көпiр өткелдерiн күтiп-ұстау бойынша жұмыстарды уақтылы жүргiзу мақсатында оларды визуалды тексеру күн сайын жүзеге асырылады.
      7. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарының және көпiр өткелдерiнiң пайдаланылуын бақылауды автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.