Жезқазған қаласының шалғайдағы елді мекенінде тұратын балаларды жалпы білім беретін мектепке тасымалдау схемасы мен тәртібін бекіту туралы

Қарағанды облысы Жезқазған қаласының әкімдігінің 2015 жылғы 15 желтоқсандағы № 28/46 қаулысы. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 26 қаңтарда № 3638 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабына, Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі "Автомобиль көлігі туралы" Заңының 14 бап 3 тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес Жезқазған қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Жезқазған қаласының шалғайдағы елді мекенінде тұратын балаларды жалпы білім беретін мектепке тасымалдаудың схемасы бекітілсін.
      2. Қоса беріліп отырған Жезқазған қаласының шалғайдағы елді мекенінде тұратын балаларды жалпы білім беретін мектепке тасымалдаудың тәртібі бекітілсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары З.Д.Ақылбековаға жүктелсін.
      4. Осы қаулы оның алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Жезқазған қаласының әкімі Б. Ахметов

  Жезқазған қаласы әкімдігінің
2015 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 28/46 қаулысына
қосымша

Жезқазған қаласының шалғайдағы елді мекенінде тұратын балаларды
№ 13 жалпы орта бiлiм беретiн мектепке тасымалдау схемасы

      


  Жезқазған қаласы әкімдігінің
2015 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 28/46 қаулысымен
бекітілген

Жезқазған қаласының шалғайдағы елді мекенінде тұратын балаларды жалпы білім беретін мектепке тасымалдаудың тәртібі

1. Жалпы ережелер

      1. Жезқазған қаласының шалғайдағы елді мекенінде тұратын балаларды жалпы орта білім беретін мектебіне тасымалдаудың осы тәртібі Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабымен және Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі "Автомобиль көлігі туралы" Заңының 14 бабына сәйкес, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушысының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 349 "Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен бекітілген Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11550 болып тіркелген) сәйкес құрастырылған.
       2. Автобустарда жол жүруге мынадай балаларға және ересек еріп жүрушілерге рұқсат етілмейді:
      1) қауіпсіздік шараларын бұзуға әкеп соғатын, толқыған жай-күйінде;
      2) алкоголь, есірткі, психотропты және улағыш заттардың әсері болғанда.

2. Балаларды тасымалдау тәртібі

      3. Балалардың 22.00-ден бастап 06.00 сағатқа дейін автобустармен тасымалдау, сондай-ақ көрінім жеткіліксіз жағдайда (тұман, қар жауған, жаңбыр және басқалар) тыйым салынады.
      Тасымалдау қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жол және метеорологиялық жағдайлардың қолайсыз өзгеруi кезiнде, автобустардың қозғалысын уақытша тоқтату туралы қолданыстағы нормативтiк құжаттарда көзделген жағдайда тасымалдаушы рейстi алып тастауға және бұл туралы тапсырыс берушiге дереу хабарлауға тиiс.
      4. Тәулiктiң жарық мезгiлiнде балаларды автобуспен тасымалдау фаралардың жақын қосылған жарығымен жүзеге асырылады.
      5. Автобусты күтіп тұрған балаларға арналған алаңшалар, олардың жүріс бөлігіне шығуын болдырмайтындай жеткілікті үлкен болуы тиіс.
      Алаңдарда жайластырылған өту жолдары болуы және жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарының аялдама пункттерiнен бөлек орналасуы тиiс.
      Егер балаларды тасымалдау тәулiктiң қараңғы мезгiлiнде жүзеге асырылса, онда алаңшалардың жасанды жарығы болуы тиiс.
      Күзгi-қысқы кезеңде алаңдар қардан, мұздан, кiрден тазартылуы тиiс.
      6. Балаларды оқу орындарына тасымалдауға Тапсырыс берушi балаларды отырғызу және түсiру орындарының жай-күйiн тұрақты түрде (айына кемiнде бiр рет) тексередi.
      7. Автобустардың қозғалыс кестесiн тасымалдаушы мен тапсырыс берушi келiседi.
      Жол жағдайларының қолайсыз өзгеруi кезiнде, басқа жағдайлар кезiнде (қозғалысқа шек қою, уақытша кедергiлердiң көрiнуi, бұл жағдайда жүргiзушi кестеге сәйкес жылдамдықты жоғарылатпай жүре алмайды), кесте жылдамдықты төмендету жағына (қозғалыс уақыттарының артуына) түзетiлген болуы тиiс. Кестенiң өзгеруi туралы тасымалдаушы тапсырыс берушiге хабарлауы тиiс, ол балаларды дер кезiнде хабарландыру бойынша шаралар қабылдайды.
      8. Тапсырыс берушi балаларды тасымалдайтын әрбiр автобусқа балалармен оларды жеткiзу орнына дейiн алып жүретiн, тапсырыс берушi-ұйым қызметкерлерiнiң немесе ата-аналарының iшiнен жауаптыларды белгiлейдi (мектепке балаларды тұрақты тасымалдауды жүзеге асырған кезде жауапты ретiнде ерiп жүрушiлер үшiн арнайы нұсқама алған жоғары сынып оқушыларын белгiлеуге жол берiледi).
      9. Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген нұсқаманы жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге немесе тасымалдаушыға тиесiлi көлiк құралдарын пайдалануға жауапты адам жүргiзедi.
      10.Балаларды тәулiктiң қараңғы мезгiлiнде тасымалдаған жағдайда фаралардың жақын немесе алыс жарығымен қоса тұманға қарсы фаралар пайдаланылуы мүмкiн.
      11. Балаларды тасымалдаған кезде жүргiзушiге:
      1) автобус қозғалысының белгiленген маршрутынан ауытқуға және белгiленген жылдамдық режимдерiн бұзуға;
      2) қозғалыс барысында автобусты басқарудан алаңдауға (сөйлесуге, тамақ iшуге, кабинада қатты музыка қосуға);
      3) тасуға тыйым салынған нәрселердi, заттарды және материалдарды автобуста алып жүруге;
      4) топырақ жолдарға шығып кетуге және олармен жүруге (балаларды жолды жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын жүргiзу кезiнде тасымалдаған жағдайдан басқа) тыйым салынады.
      12. Автобустың қозғалысы барысында ерiп жүрушiлер автобустың әрбiр есiгiнiң жанында орналасуы тиiс. Егер автобуста бiр ерiп жүрушi болса, ол автобустың алдыңғы есiгiнiң жанында орналасуы тиiс.
      13. Сапар кезiнде ерiп жүрушiлер балалардың:
      1) салонда тұруына және жүруiне;
      2) есiктер мен терезелерге жантаюына;
      3) жоғарғы сөрелерге ауыр және орнықсыз заттарды қоюына;
      4) қол жүгiн өту жолдарына және кiреберiстегi (шыға берiстегi) алаңдарда орналастыруына;
      5) терезе ойықтарынан бастарын шығаруына;
      6) терезеден қоқысты және қандай болса да өзге заттарды тастауға;
      7) жазатайым жағдайдың алдын алуға бағытталған жолаушылардың денсаулығы мен өмiрiне қауiп төндiретiн ахуал туралы хабарламалардан басқа жүргiзушiнi көлiк құралын басқарудан алаңдатуына;
      8) жолаушылардың денсаулығы мен өмiрiне қауiп төндiрмейтiн жағдайларда авариялық жабдықтарды пайдалануына;
      9) есiктердi ашуына;
      10) төбелесуiне, итерiсуiне, қимыл ойындарын ойнауға;
      11) шылым шегуге, сiрiңке, оттық жағуға;
      12) спирттiк iшiмдiктердi iшуiне, есiрткi, психотропты және улы заттарды қабылдауына жол бермейдi.
      14. Ерiп жүрушiлер мыналарды қамтамасыз етедi:
      1) барлық оқушылардың қозғалыс, аялдау, тамақтану, түнеу кезiнде жеке гигиена ережелерiн сақтау;
      2) әрбiр топта дәрiгерге дейiнгi көмек көрсетуге қажеттi дәрiгерлiк және тану құралдарының жиынтығымен жабдықталған медициналық дәрi қобдишасы болуын;
      3) балалардың хал-жағдайын әрдайым қадағалауын, қажет болған жағдайда ауырғандар мен жарақаттанғандарға дәрiгерге дейiнгi көмек көрсетуiн.
      15. Бүкiл маршрут бойы балалар автобусқа алғашқы отырғызу кезiнде оларға бөлiнген орындарды алады. Автобустың қозғалыс барысында және аялдамадан (тұрақтан) кейiн ерiп жүрушiнiң рұқсатынсыз орыннан орынға отырғызуға тыйым салынады.
      16. Автобус салонындағы терезелер (желдеткiштер) жабық болады. Салонды желдету қажет болған жағдайда және тек ерiп жүрушiнiң рұқсатымен ғана төбедегi желдету люктерi ашылады.
      17. Тасымалданатын балалардың қалыпты жағдайы мен денсаулығын қамтамасыз етуге байланысты қажеттiлiк болған кезде автобустың жүргiзушiсi ерiп жүрушiнiң нұсқауымен жол жүру барысында жоспарланбаған аялдамалар жасайды.
      Аялдама және тұрақ орындарын таңдағанда жүргiзушi Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алуы тиiс.
      Тәулiктiң қараңғы мезгiлiнде, сондай-ақ жеткiлiксiз көру жағдайында аялдама (тұрақтау) жасаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сыртқы жарық құралдарын пайдаланған жөн.
      18. Ерiп жүрушiлер қауiпсiздiк шараларын сақтау қажеттiгi, топтың артында қалып қоюына жол берiлмейтiндiгi және егер бала қалып қойған
      жағдайда iс-қимыл тәртiбi туралы балаларға ескерте отырып, әрбiр аялдаманың алдында тұрақтау уақытын хабарлайды.
      19. Тұрақтау (аялдау) кезiнде балаларды автобустан шығару алдыңғы есiктер арқылы жүзеге асырылады. Автобустан бiрiншi болып ерiп жүрушiлер шығады. Тұрақтау (аялдау) кезiнде ерiп жүрушiлер: бiреуi – автобустың алдыңғы бөлiгiнде, екiншiсi – автобустың артында тұруы және балалардың түсуiн және содан кейiн балалардың жолдың жүру бөлiгiне жүгiрiп шықпауын бақылау қажет.
      Балалар автобусқа оралғаннан кейiн ерiп жүрушiлер балалардың өз орындарында орналасқандығына көз жеткiзедi, содан кейiн ғана жүргiзушiге сапарды жалғастыру мүмкiндiгi туралы хабарлайды.
      20. Маршрут бойынша автобустың қозғалысы мына жағдайларда тоқтатылады:
      1) автобуста Жол жүру ережесiне сәйкес қозғалыс немесе оларды пайдалану тыйым салынған техникалық ақаулар пайда болғанда;
      2) жол-метеорологиялық жағдайлар өзгергенде және қолданыстағы нормативтiк құжаттарға сәйкес автобустар қозғалысына тыйым салынған тасымалдаудың қауiпсiздiгiне қауiп төндiретiн өзге де жағдайларда (көк тайғақ, тұман, жолдардың бұзылуы, жүретiн жолдың маңында авариялар болу);
      3) жол жүргенде бала жарақат алғанда, кенеттен ауырғанда, қан кеткенде, талғанда;
      4) жүргiзушiнiң хал-жағдайы нашарлағанда.
      21. Техникалық ақауға байланысты автобусты мәжбүрлi тоқтатқан кезде жүргiзушi және еріп жүрушілер Қазақстан Республикасының заңнамасын негізге алады.
      22. Жол-көлiк оқиғасы болған жағдайда жүргiзушi және ерiп жүрушiлер көлiк құралынан балаларды олардың жеке заттарын шығармай жедел эвакуациялау қажет.
      23. Көлiк құралында өрт пайда болған жағдайда ерiп жүрушiлер:
      1) өрт жөнiнде жүргiзушiге белгi беруге;
      2) көлiк құралы тоқтағанға дейiн балаларды өрт көзiнен мүмкiндiгiнше алысырақ апаруға және оны салонда бар өрт сөндiргiшпен және қол астындағы заттармен сөндiруге кiрiсуге;
      3) тоқтағаннан кейiн балаларды және барлық жолаушыларды көлiк құралы жарылған кезде жарақаттарды болғызбайтын қауiпсiз қашықтыққа жеке заттарсыз жедел шығаруға міндетті.
      24. Жол-көлiк оқиғасы және өрт кезiнде балаларды көлiк құралынан эвакуациялағаннан кейiн ерiп жүрушiлер және жүргiзушi:
      1) зардап шеккендерге алғашқы дәрiгерлiк көмек көрсетуге және оларды жақын орналасқан дәрiгерлiк мекемеге жеткiзуге;
      2) жол-көлiк оқиғасы немесе өрт орнына жол полициясы және егер қажет болса "жедел көмек" қызметкерлерiн, құтқарушыларды, өртке қарсы қызметтiң мамандарын шақыру шараларын қабылдауға;
      3) зардап шекпеген балаларды олардың қауiпсiздiгiне қауiп төнбейтiн орынға жинап, оларды тыныштандыруға, қажет болған жағдайда денсаулығы әлсiреген, жүрек-тамыр және асқынуы стреске әкеп соғуы мүмкiн өзге де аурулары бар балалардың дәрiгер белгiленген дәрiлердi қабылдауын қамтамасыз етуге;
      4) өрттi сөндiрудi аяқтағаннан кейiн, сондай-ақ жол-көлiк оқиғасы орнында қауiп болмаған кезде жол полициясы қызметкерлерiнiң келiсiмi бойынша топ жетекшiлерiнiң және ересек ерiп жүрушiлердiң күшiмен мүмкiндiгiнше балаларды тартпай жеке заттарды жинап, оларды балаларға беруге;
      5) балаларды онан әрi тасымалдау мүмкiндiктерiн және маршрутын анықтауға;
      6) қажет болғанда орынға келiп жеткен жол полициясының қызметкерлерiне балаларды тасымалдауды ұйымдастыруға көмек көрсету туралы өтiнiш жасауға;
      7) телефон арқылы оқиға және балалардың хал-жағдайы туралы тапсырыс берушiнiң әкiмшiлiгiне хабарлауға, оның көмегiмен медициналық мекемелерге жiберiлген балалардың заңды өкiлдерiне олардың орналасқан жерi және хал-жағдайы туралы, сондай-ақ зардап шекпеген балалардың заңды өкiлдерiне олардың орналасқан жерi және топтың онан әрi жүру маршруты туралы жедел хабарлауын қамтамасыз етуге міндетті.
      25. Балалардың тасымалдауын орындаған кезде автобустың жүргiзушiсi маршруттың соңғы пунктiне келген бойдан ол туралы тасымалдаушыға хабарлауға тиiс.

3. Қорытынды ережелер

      26. Қаланың шалғайдағы елді мекенінде тұратын балаларды жалпы білім беретін мектебіне тасымалдау бойынша осы тәртіппен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.