03.12.2015

Генерациялайтын қондырғылардың электр қуатына аттестаттауды өткізу қағидаларын бекіту туралы

      "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңы 5-бабының 70-17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Генерациялайтын қондырғылардың электр қуатына аттестаттауды өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты алған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
В. Школьник

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 3 желтоқсандағы
№ 686 бұйрығымен бекітілді

Генерациялайтын қондырғылардың электр қуатына аттестаттауды өткізу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 10.12.2018 № 492 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Генерациялайтын қондырғылардың электр қуатына аттестаттауды өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 70-17) тармақшасына сәйкес әзірленді және генерациялайтын қондырғылардың электр қуатына аттестаттауды өткізу тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар қолданылады:

      1) аттестатталған электр қуаты – тиісті аттестаттау нәтижелері бойынша электр станцияларының аттестатталған электр қуатының жиынтығы, мегаватта есептеледі (бұдан әрі – МВт);

      2) бақылау кезеңі – жергілікті уақыт бойынша 17:00-ден бастап 23:00-ге дейін күнтізбелік күн уақытының мерзімі (мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап жұманы қоса);

      3) тіркеу уақыты – энергия өндіруші ұйымның генерациялайтын қондырғыларының электр қуатына аттестаттауды өткізуге өтінімінде көрсетілген және Жүйелік оператормен келісілген уақыт мерзімі, сол уақыт ішінде энергия өндіруші ұйымның электр станциясы генерациялайтын қондырғыларының желісіне электр қуатын босату тіркеледі;

      4) генерациялайтын қондырғы – электр энергиясын өндіретін құрылғы;

      5) генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын аттестаттау – Жүйелік оператор жүргізетін іс-шаралар, олар аттестатталған электр қуатының мәндерін және электр қуатын ұлғайту мен азайтудың аттестатталған жылдамдықтарын айқындауға бағытталған;

      6) жоспарлы жөндеу – Жүйелік оператормен келісілген жөндеу графигіне енгізілген жоспарлы жөндеу;

      7) жүйелiк оператор – орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды, басқа мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен қатарлас жұмыс iстеудi қамтамасыз етудi, энергия жүйесiндегi теңгерiмдi ұстап тұруды, жүйелiк қызметтер көрсетудi және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен қосалқы көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желiсi бойынша берудi, оған техникалық қызмет көрсетудi және оны пайдалану әзiрлiгiнде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұлттық компания;

      8) орталықтандырылған сауда нарығының операторы – электр энергиясының және электр қуатының әзірлігін қолдау бойынша көрсетілетін қызметтің спот-саудасын қоса алғанда, электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын жүзеге асыратын ұйым;

      9) тесттік команда – энергия өндіруші ұйымның құрамына кіретін электр станцияларының электр қуатын өзгертуге энергия өндіруші ұйымға Жүйелік оператор берген өкім;

      10) техникалық минимум – конденсациялық, жылыту, газтурбиналы және бу-газды электр станциялары үшін – тиісті паспорттық деректерге сәйкес олардың жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету жағдайлары бойынша; гидроэлектр станциялары үшін – су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органмен тапсырылған су шығынын қамтамасыз ету жағдайлары бойынша генерациялайтын қондырғылардың жұмысында минималды рұқсат етілген электр қуатының жиынтығы, МВт;

      11) технологиялық минимум – генерациялайтын қондырғылардың минималды электр қуаттарының жиынтығы (олардың жылу жүктемесінің берілген деңгейі кезінде), МВт;

      12) энергия өндіруші ұйым – электр және (немесе) жылу энергиясын өз қажеттіліктері және (немесе) өткізу үшін өндіруді жүзеге асыратын ұйым;

      13) электр станциясының аттестатталған электр қуаты – тіркеу уақытында энергия өндіруші ұйымның электр станциясының генерациялайтын қондырғыларының желісіне босатылатын электр қуатының орташа мәні, МВт;

      14) электр қуатының аттестатталған азаю жылдамдығы – электр станциясының генерациялайтын қондырғыларының электр қуатын аттестаттаудың үшінші кезеңінен өту уақытында энергия өндіруші ұйымның электр станциясы генерациялайтын қондырғыларының электр қуатын азайту жылдамдығының орташа мәні, минутына/МВт;

      15) электр қуатының аттестатталған ұлғаю жылдамдығы – электр станциясының генерациялайтын қондырғыларының электр қуатын аттестаттаудың бірінші кезеңінен өту уақытында энергия өндіруші ұйымның электр станциясының генерациялайтын қондырғыларының электр қуатын ұлғайту жылдамдығының орташа мәні, минутына/МВт.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

2-тарау. Генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын аттестаттауды өткізу тәртібі

      3. Энергия өндіруші ұйымдардың электр станциясының генерациялық қондырғылары аттестаттаудан өтуге жатады.

      Бұл ретте тек қана жылу кестесінде жұмыс істеуге технологиялық негізделген электр станциясының жұмыс істеп тұрған генерациялайтын қондырғыларының электр қуаты генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын аттестаттау нәтижелері бойынша осы генерациялайтын қондырғылардың желісіне (олардың жылу жүктемесінің белгілі бір деңгейінде) минималды электр қуатын босатудың алдағы жылға жоспарланған максималды көлемінде электр станциясының аттестатталған электр қуатына қосылады.

      4. Энергия өндіруші ұйым электр қуатының әзірлігін ұстап тұру үшін қызмет көрсетуді жоспарлап отырған өзінің әрбір құрамдас электр станциясы бойынша Жүйелік операторға жыл сайын отыз бірінші қаңтарға дейін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделген генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын аттестаттауды өткізуге өзінің ресми бланкінде жеке өтінім береді.

      5. Жүйелік оператор генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын аттестаттауды (бұдан әрі – аттестаттау) энергия өндіруші ұйымның өтінімі бойынша онымен келісілген мерзімдерде, бірақ аттестаттау өткізуге арналған өтінімді алғаннан кейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей жүзеге асырады.

      Жүйелік оператор аттестаттауды осы Қағидалардың 16-тармағын ескере отырып, Жүйелік оператордың диспетчерлік пункттеріне автоматты түрде тарату арқылы электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі, телеметрия аспаптары болған жағдайда жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде және қатарлас жұмыс жасайтын энергожүйелерде режимдік жағдай өзгерген (нашарлаған) кезде, сондай-ақ Жүйелік оператордың диспетчерлік пункттеріне автоматты түрде тарату арқылы, электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі, телеметрия аспаптары болмаған жағдайда, Жүйелік оператор тиісті энергия өндіруші ұйымдарға жазбаша хабарлай отырып, осы мерзімді (күнін, уақытын) өзгерте алады. Бұл ретте Жүйелік Оператор айқындаған аттестаттау күні тиісті электр станцияларының (генерациялайтын қондырғылардың) жоспарлы жөндеу мерзімімен қатар түспеуі керек.

      6. Энергия өндіруші ұйымның электр станциясын аттестаттау Жүйелік оператордың өкімі бойынша электр энергиясын өндіруші ұйымның электр станциясы генерациясының электр қуатының ағымдағы мәнін технологиялық және техникалық минимумның ағымдағы мәндерінің ең үлкеніне өзгертуді қамтамасыз еткеннен кейін басталады және үш кезеңде жүзеге асырылады:

      1) бірінші кезең: энергия өндіруші ұйым Жүйелік оператордың өкімі бойынша электр станциясы генерациясының электр қуатының мәнін технологиялық және техникалық минимумдардың ағымдағы мәндерінің ең үлкенінен, электр станциясы ұзақ уақыт бойы тасымалдай алатын ең үлкен мәнге дейін өзгертуді қамтамасыз етеді. Бұл ретте, кезеңнің басталуы Жүйелік оператор тиісті өкім берген уақытпен анықталады, ал аяқталуы - электр станциясы ұзақ уақыт бойы тасымалдай алатын ең үлкен мәнге қол жеткізу туралы электр станциясынан келіп түскен жедел ақпаратты Жүйелік оператордың тіркеген уақытымен анықталады.

      2) екінші кезең: тіркеу уақытында электр станциясының генерациялайтын қондырғыларының желісіне электр қуатын босатуды тіркеу, бұл жағдайда кезеңнің басталуы Жүйелік оператордың тиісті өкім берген уақытымен анықталады, ал аяқталуы тіркеу уақытының аяқталуына байланысты болады. Бұл ретте, схемалық-режимдік жағдай өзгерген кезде, тіркеу уақыты Жүйелік оператор арқылы дереу түзетілуі мүмкін;

      3)үшінші кезең: Жүйелік оператордың өкімі бойынша энергия өндіруші ұйым электр станциясы генерациялайтын қондырғыларының электр қуатын тиісті ағымдағы мәннен технологиялық және техникалық минимумдардың ағымдағы мәндерінің ең үлкеніне дейін төмендетеді, бұл ретте, кезеңнің басталуы Жүйелік оператордың өкім берген уақытымен анықталады, ал аяқталуы – технологиялық және техникалық минимумдардың ағымдағы мәнінен ең үлкеніне қол жеткізу туралы электр станциясынан келіп түскен жедел ақпаратты Жүйелік оператордың тіркеген уақытымен анықталады.

      Энергия өндіруші ұйымның электр станциясын аттестаттаудың әрбір кезеңінің басталу және аяқталу уақыты он бес минутқа еселі болады.

      Жиілікті және қуатты автоматты түрде реттеуді жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымның электр станциясы аттестаттау уақытына Жүйелік оператордың жедел басқаруына ауысады.

      7. Электрмен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз ету жағдайлары салдарынан, немесе жаңғырту, кеңейту, реконструкциялау және (немесе) жаңарту туралы инвестициялық келісім шеңберінде пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғылар электр станциясында болған жағдайда,

      сондай-ақ электр станциясына байланысты емес себептер бойынша аттестаттау өткізу мүмкін емес болған жағдайда, энергия өндіруші ұйымның электр станциясының барлық генерациялайтын қондырғыларының электр қуатын бір мезгілде аттестаттау мүмкіндігі болмаған жағдайда, Жүйелік оператор электр станциясының әрбір генерациялайтын қондырғысы бойынша жеке аттестаттау өткізуі мүмкін. Ол кейіннен электр станциясының аттестатталған электр қуаты мен электр қуатын ұлғайту және азайтудың аттестатталған жылдамдықтарын қосу арқылы аттестаттаудың жиынтық нәтижелерін шығарады.

      8. Аттестаттау кезінде электр қуатын желіге босату мәндерін және электр энергиясын өндіруші ұйымның электр станциясының электр қуатын ұлғайту және азайту жылдамдығын тіркеу Жүйелік оператордың диспетчерлік пункттеріне автоматты түрде берілетін телеметрия аспаптары арқылы бақылай отырып, электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің деректеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Егер энергия өндіруші ұйым Жүйелік оператордың тиісті өкімдеріне сәйкес осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген барлық іс-әрекеттерді жүзеге асырмаса, немесе егер осы іс-әрекеттердің жүзеге асыру нәтижесі бойынша электр энергиясын өндіруші ұйымның электр станциясының электр қуатын аттестатталған ұлғайту (азайту) жылдамдығы оның типіне сәйкес келетін, осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген электр қуатының ұлғайту (азайту) орташа жылдамдығының минималды мәнінен төмен болса, аттестаттаудан өтпеді деп есептеледі.

      Бұл ретте, егер электр станциясының құрамында тек жылу кестесінде ғана жұмыс істеуге технологиялық негізделген жұмыс істеп тұрған генерациялайтын қондырғылар болмаса, онда электр станциясының аттестатталған электр қуаты нөлге тең болады, ал егер олар электр станциясының құрамында болған жағдайда – осы Қағидалардың 2-тармағына сәйкес аталған генерациялайтын қондырғылардың (олардың жылу жүктемесiнiң тиiстi деңгейi) желiсiне босатылған минималды электр қуатының алдағы жылға жоспарланған максималды мәніне тең болады.

      10. Энергия өндіруші ұйымның аттестаттаудан өтпеген күннен кейін төрт жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде берілген аттестаттауды өткізу туралы қайта Өтінімі бойынша сол жылы энергия өндіруші ұйымның электр станциясына қайтадан (бір рет) аттестаттаудан өтеді. Жүйелік оператор аттестаттаудан өтпеген күнiнен кейін күнтiзбелiк елу күннен кешiктiрмей қайта аттестаттаудың мерзімдерін дербес айқындайды және Өтiнiмдi алған күннен кейін үш жұмыс күнi iшiнде ол туралы энергия өндiрушi ұйымға хабарлайды.

      11. Жүйелік оператор генерациялайтын қондырғылардың электр қуатына аттестаттау нәтижелері бойынша аттестаттау өткізген күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірмей генерациялайтын қондырғылардың электр қуатына аттестаттау актісін (бұдан әрі – аттестаттау актісі) ресімдейді және энергия өндіруші ұйымға жібереді, осы актіде энергия өндіруші ұйымның генерациялайтын қондырғылары электр қуатының электр энергиясын өндіруге дайын аттестатталған шамасы көрсетіледі.

      Бұл ретте энергия өндiруші ұйымның электр энергиясын өндiруге дайын генерациялайтын қондырғыларының аттестатталған электр қуаты энергия өндiрушi ұйымның электр станциясының аттестатталған электр қуаты болып табылады.

      Аттестаттау актісі осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша энергия өндіруші ұйымның аттестаттауға мәлімделген әрбір электр станциясы бойынша бөлек жасалады.

      Осы Қағидалардың 4 және 10-тармақтарына сәйкес Жүйелік операторға берілген энергия өндіруші ұйымның өтінімдері бойынша жүргізілген барлық аттестаттау нәтижелері бойынша Жүйелік оператор оның аттестатталған электр қуатын есептеп шығарады және соңғы аттестаттауды өткізген күнінен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей энергия өндіруші ұйымның жаңғырту, кеңейту, реконструкциялау және (немесе) жаңарту жөніндегі инвестициялық келісімнің шеңберінде пайдалануға енгізілетін электр станцияларының құрамына кіретін генерациялық қондырғылардың аттестатталған электр қуатын көрсете отырып, уәкілетті органға, бірыңғай сатып алушыға, орталықтандырылған сауда нарығының операторына және электр энергиясын өндіруші ұйымға осы аттестатталған электр қуаты туралы жазбаша ақпарат жібереді.

      12. Жүйелік оператор энергия өндіруші ұйымдардың электр станцияларын аттестаттау актілерінің негізінде осы станцияға сәйкес келетін электр қуатын ұлғайту және азайтудың аттестатталған жылдамдықтарын көрсете отырып, энергия өндіруші ұйымдардың электр станцияларының тізбесін (бұдан әрі – тізбе) қалыптастырады.

      13. Генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын кезектен тыс аттестаттау мынадай жағдайларда:

      1) жүйелік оператор генераторлық қондырғылардың электр қуатының нақты шамасы мен аттестатталған параметрлері арасындағы сәйкессіздікті (бұдан әрі – сәйкессіздік) анықтаған кезде;

      2) энергия өндіруші ұйымның бастамасы бойынша жүзеге асырылады.

      Сәйкессіздік – Қазақстан Республикасы Энергетика министрiнiң 2015 жылғы 27 ақпандағы № 152 бұйрығымен бекiтiлген Электр қуаты нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10612 болып тіркелген) сәйкес есеп айырысу кезеңі (күнтізбелік ай) iшiнде Жүйелік оператор беретін үш тесттік команданы энергия өндiрушi ұйымның қатарынан орындамауы.

      Бастама энергия өндіруші ұйым өзінің ресми бланкінде өзінің құрамына кіретін, соны пайдалана отырып электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша қызмет көрсетуге жоспарланып отырған әрбір электр станциясы бойынша өтінім беру арқылы осы энергия өндіруші ұйымның электр станциясының белгіленген электр қуатына өзгерістер енгізілген жағдайда іске асырылады.

      Жүйелік оператор Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде және қатарлас жұмыс істейтін энергетикалық жүйелердегі режимдік жағдайды ескере отырып, энергия өндіруші ұйымның электр станцияларының кезектен тыс аттестаттауын өткізу күнін (күндерін) белгілейді.

      Кезектен тыс аттестаттаулар осы Қағидалардың 6, 7, 8 және 9-тармақтарына сәйкес жүргізіледі.

      14. Электр станциясының кезектен тыс аттестаттау нәтижелері бойынша оны өткізген күннен кейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей Жүйелік оператор осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кезектен тыс аттестаттау актісін ресімдеп, энергия өндіруші ұйымға жібереді және тізбені жаңартады.

      Энергия өндіруші ұйымның электр станцияларының бүкіл кезектен тыс аттестаттау нәтижелері бойынша Жүйелік оператор оның аттестатталған электр қуатын есептеп шығарады және күнтізбелік бес күннен кешіктірмей уәкілетті органға, бірыңғай сатып алушыға және энергия өндіруші ұйымға осы аттестатталған электр қуаты туралы жазбаша хабарлайды.

      15. Аттестаттаулар шеңберінде (Жүйелік оператордың өкімдері бойынша) энергия өндіруші ұйымның электр станцияларының шиналарынан қосымша босатылған немесе босатылмаған электр энергиясы энергия өндіруші ұйымның реттеуге қатысуға арналған өтініміне сәйкес электр энергиясын өндірудің-тұтынудың тәуліктік графигінің тиісті жоспарлы шамаларына (бұдан әрі – ауытқу) қатысты электр энергиясының теңгерімді нарығында қаржылық реттеледі.

      Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы имитациялық режимде жұмыс істеген жағдайда, ауытқуларды Жүйелік оператор ағымдағы есеп беру кезеңі (күнтізбелік ай) ішінде физикалық түрде реттейді.

      16. Электр қуатының нарығын қолданудың бірінші жылында энергия өндіруші ұйымдардың аттестатталған электр қуаттары электр қуатының нарығын енгізу жылының алдындағы жылдың бірінші қаңтарындағы жағдай бойынша олардың қолда бар электр қуатына теңестіріледі, ал олардың құрамына кіретін электр станцияларының электр қуатын ұлғайтудың (азайтудың) аттестатталған жылдамдығы осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген электр станцияларының электр қуатын ұлғайтудың (азайтудың) орташа жылдамдығының минималды мәндерінің тиісті деректеріне теңестіріледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген электр қуатының нарығын енгізу жылының алдындағы жылдың бірінші қаңтарындағы жағдай бойынша қолда бар электр қуаттары туралы ақпаратты энергия өндіруші ұйымдар уәкілетті органға, бірыңғай сатып алушыға, орталықтандырылған сауда нарығының операторына және Жүйелік операторға ұсынады.

  Генерациялайтын
қондырғылардың электр
қуатына аттестаттауды өткізу
қағидаларына 1-қосымша
  Нысан
  (Жүйелік оператор болып
табылатын ұйымның атауы
көрсетілетін орын)

Өтінім

      _________________________________________________________________

                        (энергия өндіруші ұйымның атауын көрсетіңіз)

      генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын аттестаттаудан өткізуге

      ___________________________________________________________________.

                  (энергия өндіруші ұйымның электр станциясының атауын көрсету)

Электр станциясының параметрлері

Өлшемі

Мәні*

1

2

3

4

1.

Белгіленген электр қуаты

МВт


2.

Орташа жылдық қолда бар электр қуаты

МВт


3.

Жеке тұтынудың максималды электр қуаты (меншікті және шаруашылық қажеттіліктер)

МВт


4.

Жұмыс істейтін генерациялайтын қондырғылардың саны

Бірлік


5.

Генерациялайтын қондырғылардың электр қуатына аттестаттаудан өтетін жұмыс істейтін генерациялайтын қондырғылардың станциялық нөмірлері

-


6.

Тіркеу уақыты

сағат


7.

Аттестатталған электр қуатының күтілетін мәні

МВт


8.

Электр қуатының аттестатталған ұлғаю жылдамдығының күтілетін мәні

МВт/мин


9.

Электр қуатының аттестатталған азаю жылдамдығының күтілетін мәні

МВт/мин


10.

Генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын аттестаттау кезінде генерациялаудың электр қуатының күтілетін минималды мәні

МВТ


      Ескертпе:

      * - кестенің параметрлерінің сандық мәндері он бүтінге дейін көрсетіледі.

      Генерациялайтын қондырғылардың электр қуатына аттестаттауды өткізу күні: "____" ____________ 20___ж.

(Энергия өндіруші ұйымның уәкілетті тұлғасының лауазымын көрсету орны)

(қол қою орны)

(Энергия өндіруші ұйымның уәкілетті тұлғасының Т.Ә.А. көрсету орны)

  Генерациялайтын
қондырғылардың электр
қуатына аттестаттауды өткізу
қағидаларына 2-қосымша

Электр станцияларының электр қуатын ұлғайтудың орташа жылдамдығының минималды мәндері

  МВт/мин

Электр станциясының түрі

Жылдамдық мәні

1

2

3

1

Конденсаттық электр станциясы

3,0

2

Жылу-энергия орталығы

1,4

3

Гидравликалық электр станция

8,0

4

Газ турбиналы электр станциясы

6,0

5

Бу-газды электр станциясы

6,0

Электр станцияларының электр қуатын азайтудың орташа жылдамдығының минималды мәндері

  МВт/мин

Электр станциясының түрі

Жылдамдық мәні

1

2

3

1

Конденсаттық электр станциясы

3,0

2

Жылу-энергия орталығы

1,5

3

Гидравликалық электр станция

8,0

4

Газ турбиналы электр станциясы

6,5

5

Бу-газды электр станциясы

6,5

  Генерациялайтын
қондырғылардың электр
қуатына аттестаттауды өткізу
қағидаларына 3-қосымша
  Нысан

АКТ

      аттестаттаудың нәтижелері

      _______________________________________

      (электр станциясының атауын көрсетіңіз)

      ______________________________________________________________,

      (энергия өндіруші ұйымның атауын көрсетіңіз)

      ______________ қаласы, "____" ____________20___ж.

      Аттестация № ___________.өтінімге сәйкес жүзеге асырылды

Электр станциясының параметрлері

Өлшемі

Мәні *

1

2

3

4

1.

Электр станциясының аттестатталған электр қуаты, соның ішінде:

МВт


жаңғырту, кеңейту, реконструкциялау және (немесе) жаңартуға арналған инвестициялық келісім бойынша пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғылардың аттестатталған электр қуаты

МВт


2.

Электр қуатын ұлғайтудың аттестатталған жылдамдығы

МВт/мин


3.

Электр қуатын азайтудың аттестатталған жылдамдығы

МВт/мин


4.

Меншікті тұтынудың максималды электр қуаты (меншікті және шаруашылық қажеттіліктер)

МВт


5.

Генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын аттестаттау кезінде генерациялаудың электр қуатының минималды мәні

МВт


      Ескерту:

      * - кестенің параметрлерінің сандық мәндері оныншы шегінде көрсетіледі.

("KEGOC" АҚ өкілетті тұлғаның Т.Ә.А. көрсету орны)

(қол қою орны)

(Энергия өндіретін ұйымның уәкілетті тұлғасының Т.Ә.А. көрсету орны)

(қол қою орны)

  Генерациялайтын
қондырғылардың электр
қуатына аттестаттауды өткізу
қағидаларына 4-қосымша
  Нысан

АКТ

      Кезектен тыс аттестаттаудың нәтижелері

      ______________________________

      (электр станциясының атауын көрсетіңіз)

      ________________________________________________________________,

      (энергия өндіруші ұйымның атауын көрсетіңіз)

      ______________ қаласы, "____" ____________ 20___ж.

Электр станциясының параметрлері

Өлшемі

Мәні *

1

2

3

4

1.

Электр станциясының аттестатталған электр қуаты

МВт


2.

Электр қуатын ұлғайтудың аттестатталған жылдамдығы

МВт/мин


3.

Электр қуатын азайтудың аттестатталған жылдамдығы

МВт/мин


4.

Меншікті тұтынудың максималды электр қуаты (меншікті және шаруашылық қажеттіліктер)

МВт


5.

Генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын аттестаттау кезінде генерациялаудың электр қуатының минималды мәні

МВт


      Ескертпе:

      * - кестенің параметрлерінің сандық мәндері он бүтінге дейін көрсетіледі.

("KEGOC" АҚ уәкілетті адамының Т.А.Ә., лауазымын көрсету орны)

(қол қою орны)

(Энергия өндіретін ұйымның уәкілетті тұлғасының Т.А.Ә. көрсету орны)

(қол қою орны)



Дата вступления в силу:  24.12.2015
Дата изменения акта:  10.12.2018
Дата принятия акта:  03.12.2015
Информация об официальном опубликовании акта:  "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесі 14.01.2016 ж.; "Егемен Қазақстан" 29.07.2016 ж. № 140 (28868); "Казахстанская правда" от 29.07.2016 г. № 140 (28266)
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  103036000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  96641
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  686
Статус акта:  upd
Сфера правоотношений:  008001001000 / 002004002000
Форма акта:  ПРАВ / ПРИК
Юридическая сила:  1500
Язык акта:  kaz