Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жұмысын ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында, Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңының 9-1-бабы 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 18 наурыздағы «Әділет органдары туралы» Заңының 7-бабы 2-тармағының 3) тарамақшасын басшылыққа ала отырып, БҰЙЫРАМЫН:
1. «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің регламентін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет Министрінің 2015 жылғы 12 ақпандағы № 78 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10342 болып тіркелген, 2015 жылғы 6 наурыздағы «Әділет» ақпараттық-құқықтық жұйесінде ресми жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің регламентінде:
81-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«Жобаны әзірлеген құрылымдық бөлімше оны Министрліктің құрылымдық бөлімшелеріне келісуге жібереді.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одағының құқығын құрайтын халықаралық шарттарды және актілерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экономикалық интеграция мәселелері бойынша тағы басқа ратификацияланған халықаралық шарттарын іске асыру барысында әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасы Экономикалық интеграция бойынша жобаларды сараптау департаментімен келісіледі.
Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің жобаны қарау мерзімі 10 жұмыс күнінен аспайды. Қарау мерзімдері Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Премьер-Министрі Кеңсесінің және Министрлік басшылығының тапсырмаларына сәйкес қысқартылуы мүмкін.
Министрліктің құрылымдық бөлімшелері жоба бойынша ескертулер мен ұсыныстар берген жағдайда әзірлеуші құрылымдық бөлімше оны 5 жұмыс күні ішінде немесе неғұрлым қысқа мерзімдерде пысықтайды және Министрліктің тиісті құрылымдық бөлімшесі басшылығының бұрыштама соғуы үшін келісу парағымен бірге Министрліктің құрылымдық бөлімшелеріне қайтадан енгізеді. Жобаның келісу парағына Министрліктің тиісті құрылымдық бөлімшесінің басшысы 1 жұмыс күні ішінде бұрыштама соғады.
Министрліктің құрылымдық бөлімшелері арасында жоба бойынша еңсерілмейтін келіспеушіліктер болған жағдайда мәселелер жедел кеңеске енгізіледі.»;
83-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«83. Министрліктің құрылымдық бөлімшелері әзірлеген заңнамалық актілердің жобаларына Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталарында енгізлетін түзетулер Заңнама департаментімен, Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарымен және Министрмен, сондай-ақ осы Регламенттің 81-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Экономикалық интеграция бойынша жобаларды сараптау департаментімен міндетті түрде келісіледі.»;
86-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«86. Министрлікке келісуге келіп түскен нормативтік құқықтық актілердің жобаларын ІӘД жобаның өтуіне жауапты құрылымдық бөлімшені айқындау үшін міндеттердің білінуіне қарай Министрлік басшылығының қарауына және өздерінің құзыреттеріне сәйкес Министрліктің мүдделі құрылымдық бөлімшелеріне жібереді. Үкімет қаулыларының, Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын, оларға жобалар жіберілетін құрылымдық бөлімшелер арасындағы заң жобаларын келісу МОИП арқылы мемлекеттік органдардың күәландыратын орталығының электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
Егер аталған Жобада осы Регламенттің 81-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мәселелер қозғалса, Жобаның ілгері жылжуына жауапты құрылымдық бөлімше Экономикалық интеграция бойынша жобаларды сараптау департаментіне келісуге жібереді.
Бұл талап орталық мемлекеттік органдардың және ведомстволардың Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттiк тiркелуге жататын нормативтік құқықтық актілеріне де қолданылады.»;
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Экономикалық интеграция бойынша жобаларды сараптау департаменті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттiк тiркелуiн;
2) осы бұйрық тіркелгеннен кейін оны ресми жариялауды;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін;
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары Э.Ә. Әзімоваға жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Әділет министрі Б. Имашев