29.01.2015

Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою қағидаларын бекіту туралы

      "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1-тармағына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 13.04.2020 № 135/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті (С.С. Сарсенов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада бекітілген тәртіпте мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында жариялануын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың

      2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Респубикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі А.Қ. Жұмағалиевке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛДІ":

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      _______________ Е. Досаев

      2015 жылғы 12 ақпан



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және
даму министрінің
2015 жылғы 29 қаңтардағы
№ 67 бұйрығымен
бекітілген

Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 13.04.2020 № 135/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 13-бабының 1-тармағына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және нөмірлеу ресурстарын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою тәртібін айқындайды.

      2. Нөмірлеу ресурстарын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою мемлекеттік көрсетілетін қызмет (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) болып табылады.

      Мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, қызмет көрсету процесінің сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес "Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында келтірілген.

      Мемлекеттік қызметті жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) ABC коды – географиялық нөмірлеу аймағының телекоммуникациялық желісін не оның бір бөлігін сәйкестендіретін код;

      2) DEF коды – географиялық емес нөмірлеу аймағының интеллектуалды байланыс желісінің қызметін немесе телекоммуникациялық желіні сәйкестендіретін код;

      3) "X1" индексі – географиялық тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймағы абонентінің аймақтық телефон нөмірінің миллиондық нөмірлер тобының коды;

      4) "X1X2" индексі – географиялық тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймағы абонентінің аймақтық телефон нөмірінің жүз мыңдық нөмірлер тобының коды;

      5) "Х1Х2Х3" индексі – географиялық тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймағы абонентінің аймақтық телефон нөмірінің он мыңдық нөмірлер тобының коды;

      6) абоненттік нөмірді көшіру – абоненттің басқа ұялы байланыс операторымен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы жаңа шарт жасасу кезінде оған ұсынылатын, ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді сақтап қалу және пайдалану бойынша көрсетілетін қызмет;

      7) бағыттау нөмірі (routіng number, RN) – ұялы байланыс желілерінде және ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісінде ұялы байланыстың көшірілген абоненттік нөміріне шақырулар жасау үшін қолданылатын адресті ақпарат. Бағыттау нөмірі (routіng number, RN) префикстен (бір оналтылық санау жүйесіндегі "D" цифры) және ондық санау жүйесіндегі екі таңбалы ұялы оператор желісінің кодынан тұрады;

      8) байланыс операторы – байланыс қызметтерін көрсететін және (немесе) байланыс желілерін пайдаланатын, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жеке немесе заңды тұлға;

      9) желінің нөмірлеу сыйымдылығы – телекоммуникациялар желісінің ақырғы пайдаланушылық жабдығын сәйкестендіретін нөмірлер саны;

      10) желіні нөмірлеудің жоспарланатын сыйымдылығы – белгілі бір кезеңге желіні дамыту кезінде байланыс операторы қол жеткізуді жоспарлайтын телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу сыйымдылығы;

      11) желіні нөмірлеудің қолданыстағы сыйымдылығы – желіде жалғанған барлық ақырғы (пайдаланушылық) жабдықтарды сәйкестендіретін нөмірлерді, сонымен қоса бақылауда және қызметтік мақсаттарда қолданылатын нөмірлерді, сондай-ақ оларға қызмет көрсеткені үшін абоненттік төлем алынатын, пайдаланушы броньдаған нөмірлерді есепке алатын желіні нөмірлеудің сыйымдылығы;

      12) желіні нөмірлеудің ең жоғарғы ықтимал сыйымдылығы – желіде қабылданған нөмірлеудің мәнділігі шеңберінде желіні нөмірлеудің ең жоғарғы сыйымдылығы;

      13) зияткерлік желі – деректерді беруді және өңдеуді бірлестіретін коммуникациялық желі;

      14) қолжетімді нөмірлеу ресурсы – қолдануға техникалық мүмкіндік бар нөмірлеудің бос ресурсы;

      15) қызмет провайдері – меншікті байланыс инфрақұрылымы жоқ және пайдаланушыларға байланыс операторларының желілері арқылы телекоммуникация қызметтерін көрсететін жеке немесе заңды тұлға;

      16) қызмет абонентінің логикалық нөмірі – Х1..Хn интеллектуалды байланыс желісі қызметтері абоненті нөмірінің тікелей қызмет абонентін сәйкестендіретін бөлігі. Қызметті абоненттеу кезінде байланыс операторымен (қызмет провайдерімен) "(Х4)Х5Х6Х7" қызметтер абоненттерінің логикалық нөмірлері бөлінеді;

      17) нөмірдің "көшуі" (nomadіcіty) – тіркелген телефон байланысы желісіндегі пайдаланушының өзінің желілік қолжетімділік нүктесін ауыстыру қабілеті;

      18) тіркелген байланыс желісі – түпкілікті терминалдарында аумақтық тіркелген орналасу орны бар телекоммуникация желісі. Тіркелген телефон байланысы желісі жергілікті телекоммуникация желілері, қалааралық және/немесе халықаралық байланыс операторларының телекоммуникация желісі, тіркелген жерсеріктік байланыс желілері болып бөлінеді;

      19) белгіленген аумақта немесе DEF кодымен нөмірлеу аймағында нөмірлеу ресурсының шектеулілігі – белгіленген аумақта немесе DEF кодымен нөмірлеу аймағында жұмыс істейтін телекоммуникациялар желісінің жағдайы, бұл ретте барлық байланыс операторларына бөлінген және байланыс операторларының өтініші бойынша сұралатын нөмірлеу ресурсы қолжетімді мөлшерден 90 пайыз жоғары;

      20) префикс – нөмірдің, желілердің, қызметтердің, байланыс операторларының түрлі тұрпаттарын таңдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бір саннан немесе одан көп белгілерден тұратын индикатор.

2-тарау. Нөмірлеу ресурсын бөлу тәртібі

      4. Телефондық байланыс қызметтерін және телефондық нөмірлеуді пайдалану арқылы қамтамасыз етілетін қызметтерді көрсетуге арналған Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу ресурсын (бұдан әрі – нөмірлеу ресурсы) мыналарды қамтиды:

      1) жалпы пайдаланылатын телекоммуникациялар желісінің географиялық анықталатын нөмірлеу аймақтарының "АВС" кодтарын;

      2) нөмірлеудің географиялық анықталатын аймағында жергілікті телекоммуникациялар желілерінің "X1", "Х1Х2" және "Х1Х2Х3" индекстерін;

      3) ұтқыр телекоммуникациялық байланыс желілерінің, соның ішінде ұялы байланыс желілерінің, жылжымалы радиотелефон байланысы желілерінің, транкингтік байланыс желілерінің, спутниктік жылжымалы байланыс желілерінің географиялық емес тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймақтарының "DEF" кодтарын;

      4) ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіруді қамтамасыз ететін бағыттау нөмірінің (routіng number, RN) құрамында кіретін ұялы оператор желісінің кодын;

      5) ведомстволық телекоммуникациялар желілерінің, арнайы тағайындалған телекоммуникациялар желілерінің, корпоративті желілердің географиялық емес тұрғыда белгіленетін анықталатын нөмірлеу аймақтарының "DEF" кодтарын;

      6) байланыс операторлары өзінің абоненттеріне – желі учаскелерінің әр түрлі әкімшілік аумақтарына бөлінген біріктіруді талап ететін қосымша қызметтерді заңды тұлғаларға ұсыну үшін тіркелген телефон байланысы желілерінің географиялық емес тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймақтарының "DEF" кодтары мен "DEF" кодындағы "X1", "X1X2" индекстерін;

      7) абоненттерді нөмірдің "көшу" (nomadіcіty) функциясымен қамтамасыз ететін, тіркелген телефонды байланыс желілерінің географиялық емес анықталатын нөмірлеу аймағының "DEF" кодтары мен "DEF" кодындағы "X1", "X1X2" индекстерін;

      8) ведомстволық, корпоративті және нөмірлеудің сыйымдылығы 100 мың нөмірден аспайтын, басқа географиялық бөлінген телекоммуникациялар желілерінің географиялық емес анықталатын нөмірлеу аймағының "DEF" кодындағы "X1", "X1X2" индекстерін;

      9) қызметтерге қолжетімділік кодтарын (бұдан әрі - ҚҚК):

      қалааралық және (немесе) халықаралық телефондық қосылуларды ұсыну үшін ІP-телефония (Интернет-телефония);

      Интернет желісіне қолжетімділік;

      байланыстың зияткерлік желілері;

      қалааралық және (немесе) халықаралық желінің коммутациялық станциясы техникалық қызметкерлерінің бақылау-сынақ жабдықтарына қолжетімділікті;

      10) қызметтерге қолжетімділік кодтарын пайдаланумен байланыс қызметтерін ұсынатын (Х1Х2X3)/(Х1Х2Х3X4) операторлар кодтарын;

      11) "1UV(Х1(Х2))" шұғыл жедел, ақпараттық-анықтамалық және тапсырыс беру қызметтеріне қолжетімділік нөмірлерін;

      12) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторларын таңдау префикстерін;

      13) "АВС" кодымен нөмірлеудің географиялық белгіленетін аймағындағы жергілікті телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу ресурсын;

      14) қызметтерге қолжетімділік кодтарын пайдаланумен (Х4Х5Х6Х7)/(Х5Х6Х7) қызметтер абоненттерінің логикалық нөмірлерін қамтиды.

      5. Көрсетілетін қызметті алушы (мирасқорлық тәртібімен) оған бөлінген нөмірлеу ресурсын басқа жеке және заңды тұлғаларға беру осы Қағидалардың талаптарына сәйкес нөмірлер бөлу, сондай-ақ оларды алып қою тәртібімен жүзеге асырылады.

      Байланыс операторына нөмірлеу ресурсы телекоммуникациялар қызметін көрсету үшін желі абоненттеріне нөмірлерді бөлу немесе қызметке қолжетімділікті ұйымдастыру арқылы пайдалануға бөлінеді.

      Бір байланыс операторының нөмірлеу ресурсы басқаға тек ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қызметін көрсету кезінде беріледі.

      6. Көрсетілетін қызметті беруші нөмірлеу ресурсын есепке алу бойынша жұмысты ұйымдастырады және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бөлінген және резервтік нөмірлеу ресурстарының тізілімін (бұдан әрі - Тізілім) жүргізеді.

      7. Нөмірлеу ресурсын алған байланыс операторлары, қызметтер провайдерлері және желілердің иелері, олар анықтайтын нөмірлеу жоспарына сәйкес алынған нөмірлеу ресурсын қызмет көрсетілетін аумақ бойынша немесе байланыс қызметтері бойынша бөледі.

      Белгіленген нөмірлеу жоспарының көшірмесі және пайдаланылатын (қолданыстағы) нөмірлеу туралы мәліметтерді байланыс операторлары, желілердің иелері, қызметтер провайдерлері жыл сайын 30 қаңтардан кешіктірмей көрсетілетін қызметті берушіге Қазақстан Республикасының нөмірлеу жоспарына қосу үшін ұсынады.

      8. Абоненттерді нөмірдің "көшу" (nomadіcіty) функциясымен қамтамасыз ететін тіркелген телефондық байланыс желілерінің географиялық емес тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймақтарының "АВС" кодтары, "DEF" кодтары, қызметтерге қолжетімділік кодтарының нақты алушысы жоқ және олар Қазақстан Республикасының нөмірлеу жүйесі мен жоспарына сәйкес уәкілетті органмен белгілі бір аумаққа немесе телекоммуникациялар қызметінің түріне бекітіледі.

      Нөмірлеудің бір географиялық белгіленетін аймағының нөмірлеу ресурстары тек осы географиялық анықталатын аймақта пайдаланылады.

      Нөмірлеудің географиялық тұрғыда белгіленетін анықталатын аймағының нөмірлеу ресурсы осы аймақта жұмыс істейтін тіркелген байланыс желілерінің операторлары үшін ортақ болып табылады.

      9. Көрсетілетін қызметті беруші "АВС" кодымен нөмірлеудің географиялық белгіленетін аймағында жергілікті телекоммуникациялар желілерінің "Х1Х2", "X1X2X3" индекстерін жоспарлау мен бөлуді, олардың ауыстырылуын немесе резервке қоюды нөмірлеудің әр географиялық белгіленетін аймақтың қолданыстағы нөмірлеу жоспарларына сәйкес іске асырады.

      10. Байланыс операторына нөмірлеудің географиялық анықталатын аймақтың аумағында (үстеме желі) орналасқан бірнеше жергілікті желілерді сәйкестендіру үшін осы аймақтың "АВС" коды ресурсынан бос "Х1Х2" индексі бөлінуі мүмкін.

      "Х1Х2" индексі байланыс операторына нөмірлеудің географиялық белгіленетін аймағының аумағында байланыс операторы жергілікті желілерінің қосынды жоспарланған сыйымдылығы он бес мыңнан кем емес нөмір құрағанда, ал байланыс операторының қолданыстағы жергілікті желілерінің сыйымдылығы – жоспарланғаннан елу пайыздан кем емес құрайтын жағдайда ғана бөлінеді.

      Нөмірлеудің географиялық тұрғыда белгіленетін аймағында байланыс операторының жергілікті желілерінің қосынды сыйымдылығы ең жоғары мүмкін болатын нөмірлеудің тоқсан пайызына дейін (жетпіс екі мың нөмір) жоғарылаған жағдайда байланыс операторына бір индекстен көп "Х1Х2" бөлінеді.

      11. Егер нақты аумақта барлық нөмірлеу ресурсын алушыларға бөлінген жергілікті желінің нөмірлеу ресурсы қолжетерлік ресурстан тоқсан пайызға жоғары болса, онда көрсетілетін қызметті беруші ресурсқа шектеудің болғандығын тіркейді.

      Ресурстың шектеулілігі туралы ақпарат көрсетілетін қызметті берушінің интернет-ресурсында жарияланады.

      Көрсетілетін қызметті беруші жергілікті желінің нөмірлеу ресурсын ұлғайту бойынша мынадай шаралар қабылдайды:

      нөмірлеу ресурсын қайта бөлу арқылы (талдау жүргізу және көрсетілетін қызметті алушымен бөлінген мерзімнен бастап екі жыл ішінде елу пайыздан астам бөлінген жергілікті телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу ресурсынан пайдаланбағанын анықтау);

      Қазақстан Республикасының нөмірлеу жүйесі мен жоспарына сәйкес жергілікті желіде абоненттің бес таңбалы нөмірінен алты таңбалыға, жергілікті желіде абоненттің алты таңбалы нөмірінен жеті таңбалыға ауыстыру жолы арқылы.

      12. Нөмірлеудің географиялық емес анықталатын аймағының "DEF" кодтары:

      ұялы телекоммуникациялық байланыс (оның ішінде жылжымалы радио/радиотелефон байланысы және транкингтік байланыс) желілеріне;

      ұялы байланыс, спутниктік жылжымалы байланыс желілеріне Қазақстан Республикасының барлық аумағында қызметтер ұсынған жағдайда берілген лицензия негізінде бөлінеді.

      Желі сыйымдылығының ең жоғарғы мүмкіндігінен тоқсан пайызға дейін жоғарылаған жағдайда, осы желіге жаңа DEF коды бөлінеді.

      Өңірлік ұялы байланыс желілеріне, жекелеген елді мекендер аумағында жұмыс істейтін ұтқыр телекоммуникациялық байланыс желілеріне (оның ішінде жылжымалы радио/радиотелефон және транкингтік байланыс желілеріне) нөмірлеудің географиялық анықталатын аймағының шегінде осы географиялық анықталатын аймағының нөмірлеу ресурсы бөлінеді.

      13. Егер өтініш беруші желі учаскелерін (фрагменттерін) бір нөмірлеу кодымен біріктірген жағдайда басқарушылық және өндірістік қызметтің тиімділігін едәуір жоғарылайтындығын дәлелдейтін негіздеулер келтіретін болса, ведомстволық, корпоративтік желілерге және арнайы тағайындалған байланыс желілеріне "DEF" кодтары бөлінеді.

      Ведомстволық және корпоративтік желілерге "DEF=767" кодындағы "Х1Х2" индексі, желінің қосынды сыйымдылығы кем дегенде жүз мың нөмір болған жағдайда ғана бөлінеді.

      Заңды тұлғаларға нақты нөмірлеудің географиялық анықталатын аймағына байланбаған, ведомстволық және корпоративтік желілерді ұйымдастыру қызметтерін ұсынатын тіркелген байланыс операторына "DEF" коды немесе "DEF=767" ("DEFХ1Х2") кодындағы индекс бөлінеді.

      Ведомстволық және корпоративтік желілерге "DEF"/"DEFХ1Х2" кодтарын бөлумен қатар, желілерді пайдаланушыларға қолайлылықты қамтамасыз ету мақсатында "АВС" кодымен нөмірлеу аймағында жергілікті желілердің нөмірлеу ресурсын тағайындауға рұқсат етіледі.

      14. "DEF" кодтарын немесе "DEF" кодтарындағы "Х1Х2" индекстерін, жергілікті телекоммуникациялар желілерінің "АВС" кодтарындағы "Х1Х2", "Х1Х2Х3" индекстерін алған байланыс операторлары және желілер иелері бұдан әрі нөмірлеу ресурсын бөлуді өздері әзірлейтін нақты желілердің нөмірлеу жоспарларына сәйкес дербес іске асырады.

      15. Бөлінген телекоммуникациялар желілерінің нөмірлеу жоспарын осы желілер операторлары дербес (желілерді, коммутациялық станцияларды идентификациялау, абонент нөмірлерінің мәнділігі) анықтайды.

      Ортақ пайдаланудағы телекоммуникациялар желісі мен бөлінген желінің түйіскен жағдайда ол Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникациялар желісінің басқа желілер санаттарына ауысады, желінің нөмірленуі осы Қағидаларға сәйкес өзгертіледі.

      16. Ұялы байланыс операторлары "DEF" кодтарында "0", "1" және "8" сандарынан басталатын нөмірлерден басқа қысқа нөмірлер бөледі:

      "0" саны – ұлттық желіге шығуға префикс ретінде қолданылатын болады;

      "1" саны – шұғыл, анықтамалық-ақпараттық және тапсырыс беру қызметтеріне қатынау үшін бірінші санын белгілеуге қолданылады.

      "8" саны – қалааралық және халықаралық байланысқа шығуға қолданылады.

      17. Операторды таңдау префикстері "12ХХ" тек қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторларына бөлінеді, бұл ретте байланыс операторына қалааралық, сондай-ақ халықаралық байланыс үшін пайдаланылатын қалааралық және (немесе) тек бір префиксі бөлінеді.

      18. "Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 171 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10999 болып тіркелген) сәйкес телекоммуникациялар қызметін көрсетуге абонент және байланыс операторы (қызмет провайдері) арасында шарт жасалған кезде байланыс операторы (қызмет провайдері) абоненттерге оператор желісінің нөмірлеу жоспарынан абоненттік нөмірлер береді.

      19. ІP-телефония (Интернет-телефония) қызметін көрсету үшін көрсетілетін қызметті беруші тағайындаған қызметтердің қол жеткізу кодындағы нөмірін пайдаланумен қатар қалааралық және халықаралық байланыс операторларының анықтамалық-ақпараттық және тапсырыстық қызметтеріне қатынауға арналған диапазонынан "1UV (Х1(Х2))" жергілікті телефон нөмірі пайдаланылады, бұл ретте бұл нөмір көрсетілетін қызметті берушінің бұйрығымен қызметке қолжеткізілген нөмір ретінде бекітіледі.

      20. Қазақстан Республикасының нөмірлеу жүйесі мен жоспары өзгерген жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші отыз жұмыс күні ішінде байланыс операторларына және телекоммуникациялар желілерінің иелеріне бөлінген нөмірлеу ресурсының, сондай-ақ нақты алушысы жоқ нөмірлеу ресурсының өзгеруі туралы шешім қабылдайды. Көрсетілетін қызметті беруші байланыс операторларына, қызметтер провайдерлеріне, телекоммуникациялар желілерінің иелеріне бөлінген нөмірлеу ресурсын өзгерту туралы шешім қабылданғаннан кейін он жұмыс күні ішінде байланыс операторларын, қызметтер провайдерлерін, телекоммуникациялар желілерінің иелерін хабардар етеді.

      Бұл ретте байланыс операторлары мен желі иелеріне қолданыстағыға баламалы нөмірлеу ресурсы ұсынылады.

      Қазақстан Республикасының желілерін цифрлық станцияларға көшіру шамасына қарай көрсетілетін қызметті беруші шұғыл және анықтамалық-ақпараттық, тапсырыс беру қызметтеріне қатынау үшін бөлінген "1UV" нөмірлерін Қазақстан Республикасының нөмірлеу жүйесі мен жоспарына сәйкес "1UV (X1(X2))" нөмірлеріне ауыстырады.

3-тарау. Нөмірлер беру, сондай-ақ оларды алып қою тәртібі

      21. Көрсетілетін қызметті алушы нөмірлерді алу үшін www.egov.kz, www.elіcense.kz "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі - портал) арқылы көрсетілетін қызметті берушіге мыналарды жібереді:

      1) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бірыңғай телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу ресурсын бөлуге арналған өтініш;

      2) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша түсіндірме жазба.

      3) әр аймақта оператордың болуын қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторын таңдау мақсатында желілердің қосылуының стандартты нүктесі болып табылатын оператор желісінің транзитті коммутациялық станциялар тізбесі - қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторына қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторын таңдау префиксін алу үшін;

      4) қызметтің толық сипаттамасы, осы қызметті ұйымдастырудың мақсаттылығын негіздеу, ұсынылатын қызметті көрсету әдісінің нақты сипаттамасы, шақыруларды тарифтеу және бағыттау жөніндегі ұсыныстар - байланыс операторына (қызмет провайдеріне) қайта енгізілетін немесе бұрын қолданыстағы қызметтерге қол жеткізу кодын пайдаланып, байланыс қызметтерін көрсететін оператордың "Х1Х2Х3(Х4)" кодын алу үшін.

      22. "АВС" кодымен нөмірлеудің географиялық тұрғыда белгіленетін аймағындағы жергілікті телекоммуникациялар желілерінің нөмірлеу ресурсы телекоммуникациялар желілерінің нөмірлеу ресурстарын бөлуге арналған өтініште көрсетілген көлемнің елу пайыздай мөлшерінде бөлінеді. Нөмірлеу ресурсының елу пайыз мөлшеріндегі қалған бөлігі нөмірлеу ресурсын алушыға резервке беріледі және бөлінген ресурстың қолданыста болу шегі бойынша көрсетілетін қызметті аушымен пайдаланады.

      23. Көрсетілетін қызметті алушы нөмірлерді алып қою үшін көрсетілетін қызметті берушіге портал арқылы осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш ұсынады.

      24. Портал арқылы-көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетінде" мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алу күнін көрсете отырып, мемлекеттік қызметті көрсету үшін өтінішті қабылданғаны туралы мәртебе көрсетіледі.

      25. Көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі құжаттар келіп түскен күні оны қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады. Өтініш берушінің еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нәтижесін беру келесі жұмыс күнінде жүзеге асырылады

      Көрсетілетін қызметті берушінің жауапты құрылымдық бөлімшесінің қызметкері құжаттарды тіркеген сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, жауапты құрылымдық бөлімшесінің қызметкері осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзімде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тарту дайындайды.

      Өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тарту көрсетілетін қызметті берушінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған (бұдан әрі - ЭЦҚ) электрондық құжат нысанында көрсетілетін өтініш берушінің "жеке кабинетіне" жіберіледі.

      Көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын толық ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші құрылымдық бөлімшенің қызметкері көрсетілген мерзімде құжаттарды қарастырып, одан әрі үш жұмыс күні ішінде бөлінген және резервтік нөмірлеу ресурстарының тізіліміне сәйкес бос нөмірлеу ресурсын таңдайды және көрсетілетін қызметті берушінің басшысының электрондық-цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған (бұдан әрі - ЭЦҚ) электрондық құжат нысанында көрсетілетін көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жіберілетін нөмірлеу ресурсын бөлу немесе алып қою туралы бұйрықты немесе қызметті көрсетуден дәлелді бас тарту әзірлейді.

      Жеке тұлғаны куәландыратын, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу), өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы құжаттардың мәліметтерін көрсетілетін қызметті беруші "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

      26. Көрсетілетін қызметті беруші сұратылатын нөмірлерді бөлуден мынадай негіздер бойынша бас тартады:

      1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;

      2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректердің және мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

      3) сараптаманың, зерттеудің не тексерудің теріс қорытындысы;

      4) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты оның қызметіне немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуды талап ететін жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің (үкімінің) болуы;

      5) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты соттың заңды күшіне енген үкімінің болуы, оның негізінде көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алумен байланысты арнаулы құқығынан айырылуы.

4 - тарау. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      27. Көрсетілетін қызметті берушінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымы Қазақстан Республикасының заңнамасында сәйкес көрсетілетін қызметті берушінің, жоғары тұрған органның, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның басшысының атына берілуі мүмкін.

      Көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушінің атына және жоғарыда тұрған мемлекеттік органға келіп түскен шағымы "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 2-тармағына сәйкес оны тіркеген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарауға жатады.

      Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оны тіркеген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Көрсетілген қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.

  Нөмірлеу ресурсын бөлу
және нөмірлерді беру,
сондай-ақ оларды алып
қою қағидаларына
1-қосымша

"Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

1.

Көрсетілетін қызмет беруші атауы

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті

2.

Мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдері (қолжетімділік арналары)

"электронды үкімет" веб-порталы: www.egov.kz, www.elіcense.kz

3.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

бес жұмыс күн

4.

Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны

Электрондық түрде (толық автоматтанырылған)

5.

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі

Нөмірлерді беру немесе оларды алып қою туралы бұйрық;
мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.

6.

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлемақы мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғалар үшін тегін көрсетіледі.

7.

Жұмыс графигі

1) Порталдың жұмыс кестесі – техникалық жұмыстарды жүргізумен байланысты үзілістерді қоспағанда (көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау келесі жұмыс күнінде жүзеге асырылады) тәулік бойы;
2) Көрсетілетін қызметті берушінің жұмыс кестесі - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес, демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбі-жұма аралығында сағат 09.00-ден 18.30-ға дейінгі түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін.
Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекенжайлары:
1) Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің www.gov.egov.kz интернет-ресурсында;
2) порталда орналастырылған.

8.

Мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесі

Нөмірлерді алу үшін:
1) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша нөмірлер бөлуге арналған өтініш;
2) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша түсіндірме жазба.
қызметтің толық сипаттамасы, осы қызметті ұйымдастырудың мақсаттылығын негіздеу, ұсынылатын қызметті көрсету әдісінің нақты сипаттамасы, шақыруларды тарифтеу және бағыттау жөніндегі ұсыныстар - байланыс операторына (қызмет провайдеріне) қайта енгізілетін немесе бұрын қолданыстағы қызметтерге қол жеткізу кодын пайдаланып, байланыс қызметтерін көрсететін оператордың "Х1Х2Х3(Х4)" кодын алу үшін.
Нөмірлеу ресурсын алып қою үшін:
нөмірлерді алып қою туралы өтініш.

9.

Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздерді

1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректердің және мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) сараптаманың, зерттеудің не тексерудің теріс қорытындысы;
4) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты оның қызметіне немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуды талап ететін жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің (үкімінің) болуы;
5) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты соттың заңды күшіне енген үкімінің болуы, оның негізінде көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алумен байланысты арнаулы құқығынан айырылуы.

10.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің ерекшеліктерін ескергендегі өзге де талаптар

Көрсетілетін қызметті алушы қашықтан қол жеткізу режимінде порталдағы "жеке кабинет" көмегімен, сондай-ақ Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы мемлекеттік қызметті көрсету деңгейі мен қарастыру тәртібі туралы ақпаратты ала алады.
Көрсетілетін қызметті алушы қызметті электронды түрде ЭЦҚ болған жағдайда портал арқылы ала алады.
Мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері жөніндегі анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары Министрліктің www.gov.egov.kz интернет-ресурсында "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер" бөлімінде көрсетілген, мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 1414, 8 800 080 7777.

  Нөмірлеу ресурсын бөлу
және нөмірлерді беру,
сондай-ақ оларды алып
қою қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Бөлінген және резервтік нөмірлеу ресурстарының тізілімі

№ р/с

Нөмірлеу ресурсы

Бөлінген және резервтік нөмірлеу ресурстарының саны

Пайдалану аумағы

Көрсетілетін қызметті алушының атауы мен ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны

Нөмірлеу ресурсын бөлу, өзгерту, қайтарып алу туралы бұйрықтың нөмірі мен қол қойылған күні

Қызмет атауы

Ескертпе

1

2

3

4

5

6

7

8

  Нөмірлеу ресурсын бөлу
және нөмірлерді беру,
сондай-ақ оларды алып
қою қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Нөмірлерді бөлуге өтініш

      1. Көрсетілетін қызметті алушы (заңды тұлғалар үшін – толық және қысқаша атауы, жеке тұлғалар үшін – тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)).

      2. Жеке сәйкестендіру нөмірі/бизнес-сәйкестендіру нөмірі.

      3. Пошталық мекенжайы.

      4. Байланыс деректемелері (телефон, факс).

      5. Банктік деректемелер.

      6. Көрсетілетін қызметті беруші берген лицензиясының және оның қосымшасының деректемелері (лицензияланатын байланыс қызметтерін көрсеткен жағдайда).

      7. Желінің толық және қысқартылған атауы (егер болса).

      8. Желіні құруға және пайдалануға жауапты тұлғаның лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда).

      9. Сұратылатын нөмірлеу ресурсының көлемі.

      10. Сұратылатын нөмірлеу ресурсын пайдалану болжанып отырған аумақ.

____________________________
(өтінішке қол қоға
уәкілетті тұлғаның лауазымы)

______________________________
(лауазымды тұлғаның тегі, аты, әкесінің
аты (болған жағдайда))



  Нөмірлеу ресурсын
бөлу және нөмірлерді беру,
сондай-ақ оларда алып
қою қағидаларына
4-қосымша
  Нысан

Түсіндірме жазба

      1. Желінің атауы мен түрі.

      2. Желінің қызмет етуін қамтамасыз ететін әкімшілік-ұйымдастыру қағидаттары (меншік нысаны, иесі, пайдаланылатын кәсіпорындар, кәсіпорын – халықаралық оператор, олардың құқықтық және функционалдық қатынастары).

      3. Өтінім беру кезіндегі желінің пайдалануға дайындығы (немесе пайдалануды бастау мерзімі).

      4. Желі құрудың қысқаша техникалық қағидаттары:

      1) құрылымы, оның ішінде қалааралық (халықаралық, аймақішілік) желілермен өзара іс-қимылын жүзеге асыратын элементтер;

      2) қалааралық (халықаралық) желілермен түйісуді техникалық қамтамасыз ету (желіаралық түйісу хаттамалары, тікелей түйісу, байланыс арналарының түрлері және оларды ұйымдастыру тәсілдері).

      5. Қалааралық және халықаралық байланыс қызметтерін, Интернет желісіне қолжетімділік қызметтерін, ІP-телефония қызметтеріне (Интернет-телефония) және байланыстың интеллектуалдық желілер қызметтеріне ұсыну үшін ұйымдастыру-техникалық дайындығы (шет елдердің түйіндесу желілерінің операторларымен, отандық желілермен немесе транзит беру туралы халықаралық транзиттік тораптармен, халықаралық арналар жабдықтаушыларымен келісімдердің болуы, техникалық құралдардың болуы және функционалдық дайындығы).

      6. Желінің жұмыс істеу ауқымы:

      1) желі топологиясы (Қазақстан Республикасының, ТМД елдерінің, басқа да шет елдердің желі қамтитын қалалары мен аймақтарының тізбесі);

      2) пайдаланушылардың, оның ішінде қалааралық (халықаралық) байланыс қызметтерімен пайдаланылатындардың саны;

      3) тікелей түйіндесу жүргізілетін шетел желілері мен транзиттік тораптарының тізбесі;

      4) пайдаланушыларға, тапсырыс берілген желімен тікелей түйіндесуі жоқ шетел желілерінің абоненттеріне шығуды ұсыну мүмкіндігі;

      5) қалааралық (халықаралық) трафик (кіріс, шығыс);

      6) көрсетілетін қызметтердің құрамы.

      7. Желінің нөмірлеу жоспарын құру қағидаттары.

      8. Көрсетілетін қызметтердің сипаты.

      Ескертпе:

      1) 4, 5-тармақтар бойынша мәліметтер өтініш беру кезіндегі жағдай бойынша жазылады және желіні дамыту жоспары бойынша деректер келтіріледі;

      2) 5-тармақ нөмірлеу аймағының "DEF" кодтарын, "DEFХ1" және "DEF Х1Х2" кодтарын, қызметтерге қолжетімділік кодтарындағы "Х1Х2Х3(Х4)" байланыс операторларының (қызметтер провайдерлерінің) кодтарын сұрататын операторлар үшін ғана; оператордың таңдау префиксін сұрататын қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторлары үшін ғана қолданылады;

      3) 6-тармақтың 3)-5) тармақшалары нөмірлеу аймағының "DEF" кодтарын, "DEF Х1" және "DEF Х1Х2" кодтарын сұрататын операторлар үшін ғана жарамды;

      4) егер бұрын лицензия алуға ұсынылған түсіндірме жазба өзгертілсе, 7-тармақ бойынша жаңа нөмірлеу жоспары қосымша беріледі.

  Нөмірлеу ресурсын бөлу және
нөмірлерді беру, сондай-ақ
оларды алып қою қағидаларына
5-қосымша
  Нысан

Нөмірлерді алып қоюға өтініш

      1. Көрсетілетін қызметті алушы (заңды тұлғалар үшін – толық және қысқаша атауы, жеке тұлғалар үшін – тегі, аты, әкесінің аты).

      2. ЖСН/БСН.

      3. Пошталық мекенжайы.

      4. Байланыс деректемелері (телефон, факс).

      5. Алып қоюға ұсынылатын нөмірлеу ресурсының көлемі.

      6. Нөмірлерді алып қоюға өтініш берген аумақ.

      7. Нөмірлерді алып қоюға өтініш беру себебі.

____________________________
(өтінішке қол қоюға
уәкілетті тұлғаның лауазымы)

______________________________
(лауазымды тұлғаның Т.А.Ә.
(болған жағдайда))




Дата вступления в силу:  16.03.2015
Дата изменения акта:  12.05.2020
Дата принятия акта:  29.01.2015
Информация об официальном опубликовании акта:  "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесі 01.04.2015 ж.; ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі, 01.02.2016 ж.; "Егемен Қазақстан" 18.06.2015 ж. № 113 (28591); "Казахстанская правда" от 18.06.2015 г. № 113 (27989)
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  103035000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  87855
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  67
Статус акта:  upd
Сфера правоотношений:  010000000000
Форма акта:  ПРАВ / ПРИК
Юридическая сила:  1500
Язык акта:  kaz