Жалпы білім беретін оқу орындарында 2013-2014 оқу жылының басталуы туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 27 мамырдағы № 198 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 21 маусымда № 8519 тіркелді

      Қазақстан Республикасының «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 14) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 37-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жалпы білім беретін оқу орындарында 2013-2014 оқу жылының басталу мерзімі 2013 жылғы 2 қыркүйек болып белгіленсін.
      Оқу жылының ұзақтығы мектепалды дайындық сыныптарында – 32 оқу аптасы, 1-сыныптарда – 33 оқу аптасы, 2-11 (12)-сыныптарда, 12 жылдық білім берудің 11-12-эксперименттік сыныптарында – 34 оқу аптасы. Оқу жылы барысындағы каникулдар:
      1) 1-11 (12) – сыныптарда, 12 жылдық білім берудің 11-12-эксперименттік сыныптарында: күзгі каникул – 8 күн (2013 жылғы 4-11 қарашаны қоса алғанда), қысқы – 10 күн (2013 жылғы 30 желтоқсан – 2014 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда), көктемгі – 12 күн (2014 жылғы 20-31 наурызды қоса алғанда);
      2) мектепалды даярлық сыныптарында: күзгі каникул – 8 күн (2013 жылғы 4-11 қарашаны қоса алғанда), қысқы – 14 күн (2013 жылғы 28 желтоқсан – 2014 жылғы 10 қаңтарды қоса алғанда), көктемгі – 15 күн (2014 жылғы 20 наурыз - 3 сәуірді қоса алғанда);
      3) мектепалды даярлық сыныптары мен 1- сыныптарда: қосымша каникул – 7 күн (2014 жылғы 3-9 ақпанды қоса алғанда) мерзімінде белгіленеді.
      2. 2013 жылғы 1 қыркүйекте барлық жалпы білім беру ұйымдарында «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық - бір ел - бір тағдыр» тақырыбында салтанатты жиын өткізілсін.
      3. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Ж.А. Жонтаева):
      1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.А. Әбеновке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғанынан он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                        Б. Жұмағұлов