Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органды қоспағанда, оригинаторға қойылатын талаптарды белгілеу туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқармасының 2011 жылғы 28 қазандағы № 172 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 13 желтоқсанда № 7337 тіркелді.

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:

      1. Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органды қоспағанда, оригинаторға мынадай талаптар белгіленсін:

      1) оригинатордың меншікті капиталы аудиторлық есеппен расталған, соңғы есепті күнгі жеке жылдық қаржылық есептілікке (бұдан әрі - қаржылық есептілік) сәйкес оның жарғылық капиталынан кем болмауы тиіс. Бұл ретте оригинатордың меншікті капиталы аудиторлық есеппен расталған, соңғы есепті күнгі қаржылық есептілікке сәйкес кемінде бір жүз жетпіс бір мың есе айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне балама соманы құрайды;

      2) аудиторлық есеппен расталған, соңғы есепті күнгі қаржылық есептілікке сәйкес соңғы екі жылдың бір жылында таза пайданың болуы;

      3) оригинатор левереджінің көлемі аудиторлық есеппен расталған, соңғы есепті күнгі жағдай бойынша қаржылық есептілік негізінде есептелетін 7 (жеті) левереджден аспауға тиіс. Осы тармақшаның талабы қаржы ұйымдарына қолданылмайды;

      4) алып тасталды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.01.2019 № 15 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен;

      5) оригинатор мен ислам арнайы қаржы компаниясы арасындағы активтерді сатып алу-сату шарты жасалған немесе, оригинатор ислам арнайы қаржы компаниясының құрылтайшысы болған жағдайда, ол құрылған айдың алдындағы соңғы үш айда пруденциалдық нормативтерді сақтауы. Осы тармақшаның талабы қаржы ұйымдарына ғана қолданылады.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.01.2019 № 15 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен;

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Г. Марченко