Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын консервациялау кезеңінде тағайындалатын уақытша әкімшіліктің (уақытша басқарушының) қызметі туралы нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі басқармасының 2010 жылғы 3 қыркүйектегі № 139 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 12 қазанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6548 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 23 қарашадағы № 99 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 99 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Ұсынылып отырған Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын консервациялау кезеңінде тағайындалатын уақытша әкімшіліктің (уақытша басқарушының) қызметі туралы нұсқаулық бекітілсін.

      2. Осы қаулы ол бірінші рет ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      3. Сақтандыру нарығының субъектілерін және басқа қаржы ұйымдарын қадағалау департаменті (Д.Ш. Қарақұлова):

      1) Заң департаментімен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;

      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне мәлімет үшін жеткізсін.

      4. Агенттіктің Төрайым қызметі (А.Ә. Кенже) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымының орынбасары А.Ө. Алдамбергенге жүктелсін.

Төрайым

Е. Бахмутова


  Қазақстан Республикасы
Қаржы нарығын және қаржы
ұйымдарын реттеу мен қадағалау
агенттігі Басқармасының
2010 жылғы 3 қыркүйектегі
№ 139 қаулысымен бекітілген

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын консервациялау кезеңінде тағайындалатын уақытша әкімшіліктің (уақытша басқарушының) қызметі туралы нұсқаулық

      1. Осы Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын консервациялау кезеңінде тағайындалатын уақытша әкімшіліктің (уақытша басқарушының) қызметі туралы нұсқаулық "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Заң)55-5-бабының 2-тармағын іске асыру мақсатында әзірленген және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) шешімі бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын (бұдан әрі – сақтандыру ұйымы) консервациялауды жүргізу кезеңіне тағайындалған (тағайындалатын) уақытша әкімшіліктің (уақытша басқарушының) қызметін, сондай-ақ оның үшінші тұлғалармен өзара қарым-қатынас принциптерін нақтылайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.05.2016 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Сақтандыру ұйымы уақытша әкімшілігінің (уақытша басқарушысының) (бұдан әрі – уақытша әкімшілік) міндеттері сақтандыру ұйымының өз міндеттемелерін уақытылы және толық орындауға қабілеттілігін сақтау немесе қалпына келтіру, жұмыстағы бар кемшіліктерді және Қазақстан Республикасының заңнамасы мен сақтандыру ұйымының ішкі құжаттарындағы бұзушылықтарды жою, сондай-ақ сақтандыру ұйымының қаржылық жай-күйін сауықтыру, оның жұмысының сапасын жақсарту, сақтандыру ұйымы көрсететін қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау, сақтандыру ұйымында тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйелерін жақсарту мақсатында іс-шараларды жүзеге асыру болып табылады.

      3. Уақытша әкімшілік алқалы орган болып табылады, оны консервациялау режиміндегі сақтандыру ұйымы атынан іс-әрекет ететін басшы басқарады. Уақытша әкімшіліктің басшысы уақытша әкімшіліктің мүшелері арасында міндеттерді бөледі.

      4. Уақытша әкімшіліктің сақтандыру ұйымының қызметі мәселелері бойынша шешімдер Заңның 55-5-бабының талаптары ескеріле отырып, дербес қабылданады.

      Уақытша әкімшілік жай көпшілік дауыспен шешім қабылдайды, дауыстар тең болған кезде оның басшысының дауысы шешуші роль атқарады.

      5. Уақытша әкімшілік уәкілетті органның сақтандыру ұйымын консервациялауды жүргізу туралы шешімінде көрсетілген ұсынымдарды және уәкілетті органның жазбаша ұйғарымдарын ескере отырып, сақтандыру ұйымын консервациялау кезеңінде негізгі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – консервациялау жоспары) бекітеді.

      6. Консервациялау жоспары мынадай іс-шараларды көздейді:

      1) сақтандыру ұйымының барлық активтері мен міндеттемелерін, баланстан тыс шоттарда есепке алынатын мүлкін, оның ішінде кепілге қойылған мүлкі мен олар бойынша құқық белгілеуші құжаттарды түгендеуді жүргізу;

      2) басқарудың оңтайлы құрылымын және сақтандыру ұйымы қызметкерлерінің санын айқындау;

      3) сақтандыру ұйымымен, оның ішінде сақтандыру ұйымының аффилиирленген тұлғаларымен бұрын жасалған оның қызметіне байланысты шарттардың мақсатқа лайықтылығын анықтау және сақтандыру ұйымының қаражатын салуды көздейтін шарттарды бұзу жөніндегі шараларды қабылдау;

      4) жарияланған акциялардың санын арттыру және оларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында орналастыру туралы, оның акционерлеріне дивидендтер төлеуді шектеу және (немесе) өтеу мерзімі бес жылдан астам реттелген борышты тарту туралы шешімдер қабылдау жолымен сақтандыру ұйымын капиталдандыру бойынша шараларды жүзеге асыру;

      5) мерзімі өткен дебиторлық берешекті өндіріп алу жұмысын жүргізу, активтерді сату, қаржыландырудың кез келген түрін жүзеге асыруды тоқтату, өтімді активтердің көлемін арттыру жолымен активтердің сапасын жақсарту;

      6) шығыс операцияларын жүргізуге бақылауды белгілеу, бар тарифтерді, сыйақы ставкаларын, сақтандыру ұйымының операциялары бойынша комиссияларды, еңбекке ақы төлеу шығыстарын, жалпы шаруашылық шығыстарды және амортизациялық аударымдар нормаларын қайта қарау жолымен сақтандыру ұйымының кірістілігін ұлғайту;

      7) сақтандыру ұйымындағы тәуекелдерді басқару жүйесін бағалау және оны жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру;

      8) сақтандыру ұйымының аффилиирленген тұлғалармен, оның ішінде сақтандыру тобының немесе сақтандыру ұйымы қатысушысы болып табылатын банк конгломератының қатысушыларымен өзін тәуекелге душар ететін операцияларды жасауды шектеу жөніндегі шараларды жүзеге асырудың қажеттілігін анықтау;

      9) сақтандыру ұйымының ірі қатысушысының сақтандыру ұйымының қаржылық жай-күйі нашарлауы мүмкін жағдайларда сақтандыру ұйымын қайта капиталдандыру жоспарына сәйкес оның ішінде сот органына тиісті өтініш жолдау арқылы іс-шараларды ұйымдастыруды орындау жөнінде шараларды қабылдауы.

      Қажет болған кезде консервациялау жоспары сақтандыру портфелін басқа сақтандыру ұйымына бөліп не толық көлемде табыс ету жөніндегі іс-шараларды іске асыруды көздейді.

      7. Уақытша әкімшілік уәкілетті органның консервациялауды жүргізу туралы шешім қабылдаған күні мынадай іс-әрекеттерді орындайды:

      1) уәкілетті органның сақтандыру ұйымын консервациялауды жүргізу туралы шешімінің көшірмесін осы сақтандыру ұйымының сақтанушыларының (сақтандырылғандарының, пайда алушыларының) көзіне көрінетін орынға орналастырады;

      2) сақтандыру ұйымының басшы қызметкерлерінен бухгалтерлік және өзге құжаттамаларды, материалдық құндылықтарды, мөрлерді, мөртабандарды, клише мен пломбирлерді, сақтандыру ұйымын мемлекеттік тіркеуге байланысты құжаттарды, сақтандыру ұйымына берілген лицензиялардың түпнұсқаларын, фирмалық бланктерді, ақпаратты электронды тасымалдағыштарды, программалық қамтамасыз етуді, меншік иесі сақтандыру ұйымы болып табылатын құжаттамалық нысанда шығарылған басқа заңды тұлғалардың бағалы қағаздарын, сондай-ақ қабылдау-өткізу актісі бойынша қабылданатын Заңның 77-бабында көзделген сақтандыру ұйымының құжаттарын дереу табыс етуді талап етеді;

      3) уәкілетті органның консервациялауды жүргізу туралы шешімінде жазылған ұйғарымға сәйкес сақтандыру ұйымының басшы қызметкерлерінен өзінің жұмысы туралы есепті, кірістері туралы декларацияны, меншігінің барлығы мен оның мөлшері туралы мәліметтерді беруді талап етеді.

      8. Уақытша әкімшілік консервациялау іс-әрекеті басталған сәттен бастап мынадай іс-шараларды орындайды:

      1) сақтандыру ұйымын басқаруды жүзеге асырады және сақтандыру ұйымының атынан барлық шарттарға және құжаттарға қол қояды;

      2) сақтандыру ұйымында бар барлық ақшалай және өзге құндылықтарды тексере отырып, сақтандыру ұйымының, оның филиалдары мен өкілдіктерінің кассаларын тексеру (ревизия) жүргізеді, оларды екінші деңгейдегі банктерде ашылған сақтандыру ұйымының ағымдағы шоттарына аудару үшін қолма-қол ақшаларды инкассациялауды ұйымдастырады;

      3) сақтандыру ұйымының банк шоттарының болуын анықтайды және ондағы қалдықтарға (оның ішінде шетелдік банктердегі) салыстыру жасайды. Сақтандыру ұйымының бухгалтерлік есебінің деректері бойынша шоттардың қалдықтары аталған шоттар ашылған банктердің деректерімен салыстырылады және салыстыру қорытындысы бойынша тиісті акт жасалады;

      4) толық материалдық жауапкершілігі бар, оның ішінде бухгалтерлік есепті жүргізудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне және сақтандыру ұйымының қаржылық және өзге есептілігін жасауға қол жеткізе алатын тұлғалар аясы анықталады;

      5) сақтандыру ұйымының атынан осының алдында берілген сенімхаттардың күшін жояды;

      6) электронды түрде бар бухгалтерлік ақпаратты басып шығаруды жүзеге асырады. Осы ақпарат электронды түрде болмаған жағдайда негіздемеге қағаз тасымалдағыштағы ақпарат алынады;

      7) сақтандыру ұйымының мүлкі мен құжаттары қабылдау-өткізу актісі бойынша қабылданады және олардың сақталуын қамтамасыз етеді;

      8) сақтандыру ұйымының атынан және оның мүддесі үшін соттарға, оның ішінде сақтандыру ұйымы органдарының мүшелерін, оның басшы қызметкерлерін егер олардың әрекетінен (әрекетсіздігінен) сақтандыру ұйымына зиян келтірілген жағдайда оларды жауапкершілікке тарту туралы шағым-талаптар ұсынады;

      9) жұмыстан шығару, қызметін төмендету немесе қызметтен уақытша шеттету, сақтандыру ұйымының қызметкерлері арасында міндеттерді бөлу туралы бұйрықтарды қосқандағы бұйрықтарды шығарады;

      10) уәкілетті органға жасалған жұмыс туралы есепті, оның қызметі және сақтандыру ұйымының қызметі туралы өзге ақпаратты береді.

      Уақытша әкімшілік сақтандыру ұйымы органына және консервациялауды жүргізу кезеңінде өкілеттіктері тоқтата тұрылатын оның басшы қызметкерлеріне жүктелген функцияларды атқарады.

      9. Уақытша әкімшілік сақтандыру ұйымының мүлкін түгендейді және оның тізбесін жасайды. Бухгалтерлік балансқа енгізілмеген мүлік түгендеу ведомосінде көрсетіледі және соңынан бухгалтерлік балансқа енгізілуге жатады.

      10. Сақтандыру ұйымының мүлкін сату уәкілетті органмен келісе отырып, уақытша әкімшілік белгілеген тәртіпте және талаптарда жүргізіледі.

      11. Уақытша әкімшілік мүлікті сату кезінде хабарландыруды Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын кем дегенде екі мерзімдік баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялайды. Хабарландыруларда сатылатын мүліктің тізбесі, сондай-ақ уақытша әкімшілік өкілінің тегі, аты, бар болса - әкесінің аты, тұратын орны, сатып алу туралы ұсыныстар жасалуы мүмкін телефон мен факс нөмірлері, сонымен бірге осы ұсыныстар қабылданатын күн көрсетіледі. Егер мүлікті тиісінше сатуды өткізу үшін мейлінше кешірек мерзім қажет болса аталған күн ауыстырылуы мүмкін.

      Уақытша әкімшілік мүлікті сатып алу туралы ұсыныстардың қанағаттандырылғаны туралы шешім қабылдайды және сатып алушыны жазбаша түрде хабардар етеді.

      12. Сақтандыру ұйымы консервациялауды жүргізу кезеңінде Сақтандыру қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте және мерзімде есептілікті ұсынады.