18.02.2005

"Су көздерінің және шаруашылық - ауыз су құбырларының санитарлық қорғау аумағын күтіп-ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық-эпидемиологиялық ережелері мен нормаларын бекіту туралы

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010.07.28 № 554 Бұйрығымен.

      "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
     1. Қоса беріліп отырған "Су көздерінің және шаруашылық - ауыз су құбырларының санитарлық қорғау аумағын күтіп-ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық-эпидемиологиялық ережелері мен нормалары бекітілсін.
     2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті (Байсеркин Б.С.) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберсін.
     3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұйымдастыру-құқықтық жұмыс департаменті (Акрачкова Д.В.) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ресми жариялауға жолдасын.
     4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері А.А. Белоногқа жүктелсін.
     5. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр

     "КЕЛIСIЛДI"
      Қазақстан Республикасының
     Ауыл шаруашылық министрлігі
     Су ресурстары жөніндегі
     комитетінің төрағасы

     21 ақпан 2005 жыл

     "КЕЛIСIЛДI"
      Қазақстан Республикасының
     Ауыл шаруашылық министрлігі
     Орман және аңшылық шаруашылығы
     комитетінің төрағасы

     21 ақпан 2005 жыл

Қазақстан Республикасы      
Денсаулық сақтау министрінің
2005 жылғы 18 ақпандағы N 63    
бұйрығымен бекітілген      

"Шаруашылық - ауыз сумен қамтамасыз ететін су көздері мен
су құбырларының санитарлық қорғау аумағын күтіп ұстауға
қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" туралы
санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар

1. Жалпы ережелер

     1. Осы санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар (бұдан әрі - санитарлық ережелер) жұмысы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесінің (бұдан әрі - су құбырлары) құрылысын жобалауға, құрылысын жүргізуге және пайдалануға байланысты заңды және жеке тұлғаларға арналған.

     2. Санитарлық ережелер су көздерінің санитарлық қорғау аумағын (СҚА) және шаруашылық - ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбырларының санитарлық қорғау жолақтарын белгілеу тәртібін анықтайды.

     3. Осы санитарлық ережелерде төмендегідей терминдер мен анықтамалар қолданылды:
     1) қысымсыз сулар - сулы қабаттың жоғарғы бетінде атмосфералық деңгейде қысымы бар жерасты сулары;
     2) төменгі деңгей - жыл сайын қайталанатын, өзен және көлдердегі су мөлшерінің маусымдық төменгі деңгейі;
     3) қысымы бар сулар - сулы қабаттың жоғарғы бетінде атмосфералық қысымнан асып түсетін қысымның ықпалымен қозғалатын жер асты сулары;
     4) санитарлық - қорғау жолағы (СҚЖ) - шаруашылық - ауыз сумен қамтамасыз ететін сутартқыштың бойымен іргелес жатқан және суды ластанудан қорғауға арналған аумақ;
     5) қорғалған жерасты сулары - СҚА-ның барлық белдеу шегінде біртұтас сутіректі жабындысы бар, жеткіліксіз қорғалған жоғарғы сулы қабаттан жергілікті қоректену мүмкіндігін болдырмайтын, қат-қабат аралық сулар (қысымы бар және қысымы жоқ);
     6) жеткіліксіз қорғалған жерасты сулары - жер бетінен кейінгі қысымсыз сулы қабаттағы, сол өзі таралатын алаңнан қоректенетін, жерасты (топырақ асты) сулары.

2. СҚА және санитарлық қорғау жолағын жобалауға
қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

     4. Елді мекеннің жоспарын немесе құрылыстың бас жоспарын жобалау кезеңінде, сумен қамтамасыз ету көзін таңдау, санитарлық қорғау аумағын ұйымдастыру мүмкіндігі шешіліп және жоспарлы шектеулер сызбасында көрсетіледі.

     5. Жер беті және жер асты су көздері арқылы шаруашылық - ауыз сумен қамтамасыз ететін су көздеріне және суқұбырларының имараттарына СҚА қарастырылуы керек.

     6. СҚА-ның жобасы шаруашылық - ауыз сумен қамтамасыз ету жобасының құрамдас бөлігі болып және бір мезгілде дайындалуы керек. Пайдаланып отырған суқұбырының белгіленген санитарлық қорғау аумағы болмаған жағдайда, СҚА-ның жобасы арнайы дайындалады.

     7. СҚА екі және одан да көп әкімшілік аумаққа таралған жағдайда жоба сол аумақтардың мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарымен келісіледі.

     8. СҚА үш белдеуден тұруы керек:
     1) бірінші белдеу (қатал тәртіптегі), құрамына бас тоғанның аумағы, су құбырларының имараттары орналасқан алаң кіреді және ол бас тоғанды және оның қондырғыларын ластанудан, зақымдалудан сақтауға қызмет етеді;
     2) екінші және үшінші (шектеуші) белдеулер - шаруашылық - ауыз сумен қамтамасыз ететін су көздерін микробиологиялық және химиялық ластанудан ескертуге арналған аумақ.
     Сутартқыштың бойындағы санитарлық қорғау жолағымен құбырлық шаруашылық - ауыз судың ластанудан қорғалуы қамтамасыз етілуі керек.

     9. Су көздері мен суқұбырлары қондырғыларының үш белдеуінің әрбіреуінде және шаруашылық ауыз сумен қамтамасыз ететін сутартқыштың санитарлық-қорғау жолағында, олардың қызметіне қарай арнайы тәртіп орнатылып, су сапасының төмендеуіне жол бермейтін кешенді шаралар қарастырылады.

     10. СҚА және санитарлық қорғау жолағын ұйымдастырудан бұрын оның жобасы жасалынып, оған төмендегідей шаралар кіруі керек:
     1) аумақтың шекарасын және оны құрайтын белдеулердің аумағын анықтау;
     2) СҚА-ның санитарлық жағдайын жақсартуға, су көзін ластанудан қорғауға бағытталған шаралар жоспары;
     3) СҚА-ның үш белдеуінің аумағын пайдаланудың шаруашылық ережелері мен тәртіптері.

     11. Арна астынан алынатын бас тоғанның су құбырлары үшін СҚА жер бетіндегі су көздеріне арналған тәртіпте ұйымдастырылуы керек.

     12. CҚА-ның белгіленген шекарасы және оны құрайтын белдеулері, сутарқыштардың санитарлық-қорғау жолақтары су көздерін пайдалану барысында туындаған (оның ішінде пайда болуы мүмкін) өзгерістерге (оның ішінде жерасты сулары бас тоғанының өнімділігі де кіреді) немесе жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларға байланысты, тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етумен айналысатын органдардың келісімі бойынша қайта қаралуы мүмкін. СҚА-ның жаңа шекарасын жобалау және бекіту алғашқы тәртіп бойынша жүргізілуге тиіс.

3. Сумен қамтамасыз ететін жер асты су
көздерінің СҚА-ның шекарасын анықтауға қойылатын
санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

     13. Сумен қамтамасыз ететін жер асты су көздерінің СҚА-ның бірінші белдеуінің шекарасы жеке бас тоғаннан (ұңғымадан, шахталық құдықтан, шегендеуден) немесе топталған бас тоған құрылғысының шеткі тоғанынан келесі қашықтықта белгіленеді: қорғалған жерасты суларын пайдаланғанда - 30 м; қорғалмаған жерасты суларын пайдаланғанда - 50 м.

     14. Сіңірілетін бас тоғанның СҚА белдеуінің шекарасына, олардың арасындағы қашықтық 150 м кем болған жағдайда бас тоғанның жағалауы мен жер бетіндегі су көзінің арасындағы аумақ кіреді.

     15. Жерасты су қоры жасанды түрде толтырылатын бас тоғандар үшін бірінші белдеудің шекарасы, толық қорғалмаған жерасты су көзі түрінде, бас тоғаннан 50 м кем емес және сіңірілетін имараттар үшін (бассейндер, каналдар және басқалары) 100 м кем емес қашықтықпен анықталуы керек.

     16. Екінші және үшінші белдеулердің шекарасын анықтау барысында, бас тоғанға тек қоректендіру аумағынан жүргізілетін, бас тоғанға сулы қат-қабаттан судың құйылуы есепке алынуы керек.

     17. Жерасты суларының сіңірілетін бас тоғаны және оны қоректендіретін суқоймасы үшін СҚА-ның екінші және үшінші белдеуін 4 тарауға (екінші және үшінші белдеудің шекарасын) сәйкес белгілеу қажет.

     18. Сумен қамтамасыз ететін жерасты көздерінің СҚА-ның екінші және үшінші белдеулерінің шекарасын әртүрлі гидрогеологиялық жағдайларға байланысты анықтау гидрогеологиялық есептеулердің әдістеріне сәйкес жүргізіледі.

4. Сумен қамтамасыз ететін жер бетіндегі
су көздерінің СҚА анықтауға қойылатын
санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

     19. Шаруашылық - ауыз сумен қамтамасыз ететін жер бетіндегі су көздері үшін СҚА-ның бірінші белдеудегі шекарасын төменгі шектеулерге сәйкес белгілейді:
     1) ағынды сулар үшін (өзендер, каналдар): ағыс бойынан жоғарғы жерде орналасса - бас тоғаннан кем дегенде 200 м қашықтықта; ағыс бойынан төмен орналасса - бас тоғаннан 100 м кем емес; бас тоғанға іргелес жатқан жағасының бойымен - жазғы-күзгі су тоқтайтын төменгі кемерінің сызығынан 100 м кем емес.
     Бас тоғанға қарама-қарсы бағыттағы жағада өзен немесе каналдың кеңдігі 100 м кем болғанда - су айдынының барлық беті және жазғы-күзгі су тоқтайтын төменгі су кемерінің сызығынан кеңдігі 50 м болатын қарама-қарсы жаға, өзен немесе каналдың кеңдігі 100 м артық болғанда - бас тоғаннан кеңдігі 100 м кем емес су айдынының жолағы;
     2) су қабылдағыш шөміш түріндегі бас тоғанның бірінші белдеуінің шекарасына шөміштегі су айдынының барлығы кіруге тиіс;
     3) суқоймалары үшін бірінші белдеудің шекарасы жергілікті санитарлық және гидрологиялық жағдайларға байланысты анықталады, бірақ су қоймасының барлық бағыттағы айдынына және суқоймасына іргелес жатқан жағасына дейін жазғы-күзгі су деңгейінің төменгі су кемерінің сызығынан 100 м кем болмауы керек.

     20. Ағын сулардың (өзендер, каналдар) және суқоймаларының (көлдердің) екінші белдеуінің шекарасы табиғи, климаттық және гидрологиялық жағдайларға байланысты белгіленуге тиіс.

     21. Ағын судың екінші белдеуінің шекарасы микробтан өздігінен тазалануы мақсатында мынандай алыстықта болуы керек:
     1) ағыстан жоғары қарай, судың ағу жылдамдығына байланысты су ағар жолдың орташа ені менен ұзындығының немесе оның кейбір бөліктерінде су алатын орындарда белдеу шекарасынан өтетін су мөлшерінің орташа айлық шығыны жазғы-күзгі кезеңде ІА, Б, В, Г және ІІА климаттық аудандар үшін 5 тәулік бойы, ал басқа климаттық аудандар үшін 3 тәулік бойы керекті судың 95% қамтамасыз етуі керек;
     2) ағыстан төмен қарай - су алатын орыннан кері соғатын желдің әсерін ескере отырып кем дегенде 250 м;
     3) бүйірдегі шекаралары - жазғы-күзгі кезеңдегі су деңгейінің тұсында мынандай қашықтықта орналасуы керек:
     егер жер рельефі жазық болса - 500 м кем емес;
     жер рельефі таулы болса - сумен қамтамасыз ету көзіне қарсы бірінші қыраттың ең жоғарғы нүктесіне дейін егер еңістік жайтақ болса 750 м кем болмауы, егер еңістік тік болатын болса 1000 м кем болмауы керек.

     22. Су қоймасындағы СҚА-ның екінші белдеуінің шекарасы бас тоғаннан су акваториясы бойынша айдайтын желбөгетінің мөлшері 10% дейін болса 3 км қашықтықта, ал желбөгетінің мөлшері 10%-дан артық болса 5 км қашықтықта болуы керек.

     23. Жекеленген жағдайларда нақты санитарлық жағдайды ескере отырып және керекті негіздеме бар болғанда мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарымен келісе отырып, екінші белдеудің аумағын үлкейтуге болады.

     24. Сумен қамтамасыз ететін жер беті су көздерінің СҚА-ның үшінші белдеуінің шекарасы ағыспен жоғары және төмен қарай екінші белдеудің шекарасына сәйкес болып, бүйірдегі шекаралары суайрықтарының бойымен, құйылатын суларды есепке ала отырып, 3-5 км шамасында болуға тиіс.

5. Су құбырлары имараттарының СҚА анықтауға
қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

     25. Бас тоған аумағының сыртында орналасқан, шаруашылық - ауыз суға арналған су құбырлары имараттарының санитарлық қорғау аумағы бірінші белдеумен (қатаң тәртіптегі), ал су тасымалдаушылар үшін санитарлық қорғау жолақтары арқылы анықталынады.

     26. Су құбырлары имараттарының СҚА-ның бірінші белдеуінің шекарасы мынандай қашықтықта қарастырылады:
     1) су қорын жасайтын және су мөлшерін реттейтін сыйымдылықтардың қабырғасынан, сүзгілерден және жанасу арқылы мөлдірлендіргіштен - кем дегенде 30 м;
     2) қысым арқылы су беретін мұнаралардан - кем дегенде 10 м;
     3) басқа үй-жайлардан (тұндырғыш, реагенттер сақтайтын орында, хлор сақтайтын қойма, сору станцияларынан және басқаларынан) - кем дегенде 15 м;
     4) жеке орналасқан қысыммен су беретін мұнаралар үшін, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің органдармен келісілген жағдайда, олардың конструкциялық ерекшеліктеріне байланысты СҚА-ның бірінші белдеуі қарастырылмауы да мүмкін.

     27. Санитарлық қорғау жолағының кеңдігін суқұбырының шеткі сызықтарынан екі жағынан бірдей қарастыру керек:
     1) жер асты суы болмаса - сутартқыштың диаметрі 1000 мм дейін болса, оның ұзындығы 10 м кем болмауы және диаметрі 1000 мм артық болса 20 м кем болмауы керек;
     2) егер жер асты сулары бар болса - сутартқыштың диаметріне қарамастан 50 м кем болмауы керек.

     28. Егер сутартқыш құрылысы біткен аумақ арқылы жүргізілетін болса, онда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары дұрыс санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берген жағдайда, СҚЖ-ның енін азайтуға болады.

     29. Су құбыры имараттарының аумағында хлорды сақтайтын және жұмсайтын қойма орналасқан жағдайда санитарлық қорғау аумағының мөлшерін тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға дейін 300 м кем болмауы керек.

6. Сумен қамтамасыз ететін жер асты су
көздерінің СҚА күтіп ұстауға қойылатын
санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

     30. Сумен қамтамасыз ететін жер асты су көздерінің жер бетіндегі СҚА-ның бірінші белдеуінің аумағы ағын суларды одан тыс жерлерге ағызатындай жоспарланып, көгалдандырып, қоршалып, күзетілуі керек. Су құбырлары имараттарын пайдалануға қатысы жоқ бөтен адамдардың бірінші белдеуге және су құбыры қондырғылары орналасқан аумаққа кіруіне рұқсат етілмейді. Елді мекеннің аумағында орналасқан бас тоғанның бірінші белдеуінің аумағы темірбетонды немесе болаттан жасалған торлы қоршаумен, елді мекеннен тысқары жерде биіктігі 1,6-2,5 м тікенді сыммен қоршалуы керек. Имараттарға баратын жолдың қатты жабындысы болуға тиіс.

     31. Су дайындайтын станциялардың, сору станцияларының, су сақтайтын, қысыммен су беретін мұнаралардың алаңдары биіктігі 2,5 м бітеу қоршаумен қоршалуы керек. Кейде бітеу қоршаудың биіктігі 2 м болып, оның үстін 0,5 м дейін тікенді сыммен немесе тормен қоршауға болады. Құрылыстың қоршауына жақын кіретін жол мен әкімшілік-тұрмыстық ғимараттардан басқа құрылыстарды салуға рұқсат етілмейді.

     32. Жер асты және жер беті суларын алуға арналған ғимараттар, суды бірінші сатыға көтеретін және тазаланбаған суды соратын алаңдар үшін, сондай-ақ өндірістік аумақта орналасқан қоршауы және күзеті бар шаруашылық - ауыз суға арналған су құбырларының алаңдары үшін қоршауға керекті материалдарды жергілікті жердің ерекшелігін ескере отырып пайдаланылады.

     33. Елді мекендерден және ұйымдардан тыс жерде орналасқан, сондай-ақ бас тоғанның СҚА-ның бірінші белдеуіне орналасқан су құбырларының ғимараттары мен имараттарына келетін, шығатын жолдар жетілдірілген жеңіл материалдармен жабылуы керек.

     34. Сумен қамтамасыз ететін жер асты су көздерінің СҚА-ның бірінші белдеуі аумағында биік ағаштарды отырғызуға, су құбырлары қондырғыларын пайдалануға, қайта жаңартуға, оның ішінде әртүрлі шаруашылыққа қажетті құбыр салу жұмыстарын жүргізуге және кеңейтуге қатысы жоқ, құрылыстың барлық түрін жүргізуге, тұрғын үйлер және шаруашылық-тұрмыстық ғимараттарды орналастыруға, адамдардың тұруына және аумақта улы химикаттар мен тыңайтқыштарды қолдануға рұқсат етілмейді.

     35. Бас тоған құрылғысының ғимараттары ағын суларды жақын орналасқан тұрмыстық немесе өндірістік канализация жүйесіне жеткізетін канализациямен жабдықталуы керек.
     Егер канализация болмаған жағдайда, СҚА-ның бірінші белдеуінің аумағында ластануды болдырмайтын су өткізбейтін кір суларды жинайтын шұңқыр болуы керек.

     36. Санитарлық қорғау аумағының бірінші белдеуінде орналасқан суқұбырының имараттары ұңғыманың басы және ернеуі, люктер және сыйымдылықтардың құятын құбырлары мен сорғылардың қондырғылары арқылы ауыз судың ластану мүмкіндігін болдырмауды ескере отырып, жабдықталуға тиіс.

     37. Шаруашылық - ауыз сумен қамтамасыз ететін жерасты су көздерінің СҚА-да төмендегідей шаралар жүргізілуге тиіс:
     1) жер асты сулы қабатты ластау қаупін туғызатын барлық ескі, жұмыс істемейтін, ақауы бар немесе дұрыс пайдаланылмайтын ұңғымаларды анықтап, бітеп және қалпына келтіру керек;
     2) топырақты қабатты бүлдіретіндігі туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болғанда, жаңа ұңғымаларды бұрғылау керек;
     3) нысандардың аумағын санитарлық тұрғыдан (канализация құрал-жабдықтарын, су өткізбейтін шұңқырларды, жер беті суларын әкету жұмыстарын ұйымдастыру) көркейту шараларын жүргізу керек.

     38. СҚА-да төмендегілерді жүргізуге рұқсат етілмейді:
     1) жерасты сулы қабатына өңделген суларды айдау, қатты қалдықтарды жинау және жер кенін зерттеуге;
     2) мүрделерді, малдың өлексесін көметін орындарды, алқаптарды ассенизациялауды, сіңіретін алқаптарды, қи сақтайтын қоймаларды, сүрлемдік траншеяларды, жерасты суларын микробтық және химиялық ластау қаупін тудыратын мал және құс өсіретін шаруашылық нысандарын және басқа да нысандарды орналастыруға, тыңайтқыштарды және улы химикаттарды қолдануға; орманды жоюға;
     3) жанар-жағар май, улы химикаттар және минералдық тыңайтқыштар қоймаларын, шаруашылық-тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдық суларды жинағышты, қож сақтағышты және басқа нысандарды орналастыруға.

7. Сумен қамтамсыз ететін жер бетіндегі су
тасығыштың СҚА аумағын күтіп-ұстауға қойылатын
санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

     39. СҚА-на судың сапасына әсер ететін ағынды суларды жіберуге, оның ішінде су көлігінің ағынды суларын, сол сияқты шомылуға, кір жууға, мал суғаруға басқа да суды пайдалану түрлерін жүргізуге рұқсат етілмейді.

     40. Сумен қамтамасыз ететін жер бетіндегі су көздерінің СҚА-ның бірінші белдеуінде осы санитарлық ереженің 30, 34, 35 тармағында көрсетілген шаралар іске асырылуы керек.

     41. Бірінші белдеудің акваториясы батпайтын қалтқылар немесе басқа да белгі беретін заттармен қоршалуы керек. Су көліктері жүретін су қоймаларында су қабылдайтын орында жарықтандырылған белгі қойылуға тиіс.

     42. СҚА-ның екінші белдеуінің шекарасы жол қиылысында, жаяу адам жүретін жолдарда жергілікті билік органдарының шешімімен - "Санитарлық қорғау аумағы" деп жазылған арнайы бағандар қойылады.

     43. СҚА-ның акваториясында құм, малтатас өндіруге және жерді қазып тереңдететін жұмыстарды жүргізуге рұқсат етілмейді.

     44. Сумен қамтамасыз ететін жер бетіндегі су көздерінің СҚА-ның аумағында 37 тармағының 3 тармақшасында қаралған шаралар орындалуға тиіс. 38 тармағының 2, 3 тармақшаларында көрсетілген және төмендегі шараларды орындауға рұқсат етілмейді, сондай-ақ:
     1) орманды кесуге және қайта жаңартуға, сол сияқты ұзақ мерзімге пайдаланылатын орман қорын түбірімен ағаш дайындайтын ұйымдарға бекітіп беруге. Орманға санитарлық тазарту үшін ғана кесуге рұқсат етіледі;
     2) сумен қамтамасыз ететін су көздеріндегі судың сапасын төмендетуге немесе су көлемін азайтуға ықпал етуі мүмкін суқоймаларын және жер учаскелерін пайдалануға, жағалауға жақын ені 500 м емес жолақта малды ұстайтын орындарды, жайымылдықтарды, орман алқаптарын орналастыруға және басқа мақсаттарға пайдалануға рұқсат етілмейді;
     3) өнеркәсіптің, ауылшаруашылығының, қаланың, жауынның ағынды суларын жіберуге болмайды.

     45. Су апаратын жолдың санитарлық қорғау жолағының өн бойында топырақты, жер асты суларын ластайтын көздер (дәретханалар, тазаланатын шұңқырлар, мал қиларын жинайтын орын, қоқыс қабылдағыштар және т.б.) болмауы керек.

     46. Су апаратын жолдарды қоқыс төгетін жерлер, ассенизация жүргізілетін орындар, ауыл шаруашылық дақылдарының өсіруге арналған суғарылатын жерлер, молалар, мал көметін жерлер, сондай-ақ өнеркәсіп және ауыл шаруашылық кәсіпорындарының аумағы орналасқан жерлер арқылы салуға болмайды.

8. СҚА және санитарлық қорғау жолағын анықтау тәртібі

     47. СҚА-ның белдеулерінің шекарасын белгілеу төмендегілерге байланысты жүргізіледі:
     1) сумен қамтамасыз ететін су көздерінің түрлеріне (жер бетінде немесе жерастында);
     2) ластану сипатына (химиялық, микробтық);
     3) жер бетінде ластанудан табиғи қорғалу дәрежесіне (жерасты су көздері үшін);
     4) гидрогеологиялық және гидрологиялық жағдайларға.

     48. СҚА-ның 2, 3 белдеулерінің көлемін анықтағанда мыналар ескерілуге тиіс:
     1) 2-ші белдеу үшін - микроорганизмдердің өміршеңдік уақыты;
     2) 3-ші белдеу үшін - химиялық құрамының сулы ортада тұрақтылығын ескере отырып, химиялық ластанудың таралу қашықтығы.

     49. СҚА-ның белдеулерінің мөлшерін анықтағанда микроорганизмдердің таралу мүмкіндігін шектейтін факторлар (адсорбция, судың температурасы және басқалары) сумен қамтамасыз ететін су көздерінде өтетін химиялық ластанудың өзгеру қабілеті және физикалық-химиялық үдерістердің ықпалынан олардың қанықпасының төмендеуі (сіңірілуі, тұнуы және басқ.), бұл үдерістердің жүру заңдылықтары жеткілікті зерттелген жағдайда ескерілуі керек.

     50. Сумен қамтамасыз ететін жерасты су көздерінің СҚА-ның екінші белдеуінің шекарасы екінші белдеуден тыс жерде сулы қабатқа түсетін микробтық ластану бас тоғанға жетпейді деген шартпен анықталынады.
     Бас тоғаннан екінші белдеудің шекарасына дейінгі қашықтықты анықтайтын негізгі параметрі микробтық ластанудың (Т м ) жерасты суының ағысымен бас тоғанға дейінгі аралықтан өтетін осы санитарлық ережелерге берілген қосымшаға сәйкес жылжу уақыты арқылы анықталынады.

     51. СҚА-ның химиялық ластанудан қорғайтын үшінші белдеуінің шекарасы гидродинамикалық жол арқылы есептелуге тиіс. Химиялық ластанудың бас тоғанға жылжу уақыты есептегі Т х -тан артық болуға тиіс, ол бас тоғанды пайдалану мерзімі (25-50 жыл) ретінде алынады.
     Егер жер асты суларының қоры бас тоғанды пайдалануға ұзақ мерзім беретін болса, онда үшінші белдеу жер асты суларының қорын көп уақыт сақтауға мүмкіндік береді.

     52. Сумен қамтамасыз ететін жерасты және жер үстіндегі су көздерінің СҚА белгілеу үшін бекітілген тәртіп бойынша сумен қамтамасыз ететін нысанның шаруашылық - ауыз суға пайдалануға жарамдылығы жағдайына (жерасты және жер үсті) бағалау жүргізу қажет.

     53. Жерасты су көздерінің СҚА анықтау үшін мынандай мәліметтер болуы керек:
     1) су көзіндегі судың сапасы;
     2) сумен қамтамасыз ететін су көзі орналасқан аумақтың жалпы гидрогеологиялық сипаттамасы; таңдалған су жүретін сулы қабаттың түрі (артизандық-қысымдық, жер асты-қысымынсыз); оның жабындысының тереңдігі (абсолютті белгісі), сулы қабаттың қуаттылығы, таужынысының су жүретін қабаттарын сумен қоректендіретін көздер және одан шығатын су көздері туралы; сулы қабаттағы судың мөлшері туралы мәліметтер (пайдалану қоры); сулы қабаттың барлығы туралы және оны сумен қамтамасыз етуге және басқа мақсатқа пайдалану туралы;
     3) ауданның гидрогеологиялық жағдайы туралы жалпы мәлімет (кенорны) сутартқыш сулы қабаттың қоректену жағдайы, сумен қамтамасыз етуге берілетін бас тоған учаскесінің топографиялық, топырақтық, және санитарлық сипаттамасы, пайдалануға берілетін сутасымалдағыш сулы қабаттың сипаттамасы (литологиялық құрамы, қуаты, қабаттарының сипаты, су алған кезде қалыптасатын судың динамикалық деңгейі);
     4) жабынды қат-қабаттардың өткізгіштік дәрежесі, қоректендіру аумағындағы судың сапасына әсер ету мүмкіндіктер туралы мәліметтер;
     5) бас тоғанға іргелес жатқан жергілікті жердің санитарлық сипаттамасы; бас тоғаннан ластау көзі болуы мүмкін нысанға дейінгі арақашықтық және олардың орналасуы; тасталған ұңғымалар, сіңіруші шұңқырлар, ойықтар, құдықтар, кенорнының өңдеуден кейінгі қалдықтары, жинақтағыштар.

     54. Сумен қамтамасыз ететін жер бетіндегі су көздері:
     1) су көзіндегі судың сапасы;
     2) гидрологиялық мәліметтер: бас тоғанды қоректендіретін бассейннің алаңы, жер бетінен ағынды судың түсу тәртібі, су алатын жердегі судың ең көп, ең аз және орташа шығындары және судың жылдамдығы және деңгейі, мұзды құрсаудың орташа сақталу және судың ашылу мерзімдері, су көзіндегі болжаммен судың шығыны, судың тасуы мен қайтуын сипаттайтын мәліметтер;
     3) бас тоғандағы судың сапасына әсер етуі мүмкін су бассейні бөлігінің жалпы санитарлық сипаттамасы: бассейннің геологиялық құрылымының сипаты, топырағы, өсімдігі, орман-тоғайдың, өңделетін жердің, елді мекеннің; өнеркәсіптік кәсіпорындардың (олардың саны, мөлшері, орналасуы, өндірістік сипаты) болуы;
     4) су көзіндегі судың сапасын төмендететін немесе ықпал етуі мүмкін себептер, су көзі орналасқан аудандағы қатты және сұйық ластағыш қалдықтарды жинау орындары; су қоймасын ластайтын тұрмыстық, өндірістік су ағындарының болуы, әкетілетін ағынды судың мөлшері, оларды тазалайтын қондырғылар және олардың орналасқан орны; ағынды суды жіберетін орынмен бас тоғанның арақашықтығы; су көзін ластауы мүмкін басқа да себептердің (кеме жүру, ағаш ағызу, мал суғару, қыста мұзға жүк түсіру, шомылу, су спорты, суғару жұмыстары, тыңайтқыштар мен улы химикаттардың ауыл шаруашылығында қолдану) болуы;
     5) су қоймасының өз бетімен тазалану мүмкіндігінің сипаттамасы;
     6) су қоймасындағы су айдынының көлемі, оның пайдалы және "өлі" көлемі;
     7) су қоймасындағы суды пайдалану және өңдеу тәртібі;
     8) су қоймасының жоспары, ең терең және саяз жерлерінің тереңдігі, түбінің, жағалауының сипаты, су түбіндегі қалдықтар, су өсімдіктерінің пайда болуы, гүлденуі, түбінің сазбалшықтануы;
     9) жел мен ағыстың басты бағыттары;
     10) су қоймасындағы судың жылжу жылдамдығы;
     11) СҚА-ның әрбір белдеуіне қатысты шекарасының есебі;
     12) су көздеріндегі суды өңдеуден өткізу керектілігі туралы мәліметтер (залалсыздандыру, мөлдірлендіру, темірсіздендіру және т.б.);
     13) бір қоректену көзін пайдаланатын жапсарлас жатқан бас тоғандар туралы мәліметтер (орналасқан жері, су өндірудің мөлшері, судың сапасы).

     55. СҚА-ның жобасына мәтіндік бөлім, картографиялық материал және жерді пайдаланушылармен орындау мерзімдері мен орындаушылар жөнінде келісілген жергілікті басқару органдарының жоспарлаған шаралары тізбесі мен шешімдерінің жобасы кіреді.

     56. Жобаның мәтінінде мынандай жағдайлар көрсетілуі керек:
     1) сумен қамтамасыз ететін көздердің санитарлық жағдайының сипаттамасы, қолданыстағы санитарлық ережелермен қарастырылған судың сапасына жүргізілген талдаулардың қорытындысы көлемде;
     2) гидрологиялық мәліметтер (негізгі, олардың параметрлері және уақытқа байланысты динамикасы) - жер бетіндегі сумен қамтамасыз ету көздері жағдайында немесе гидрологиялық мәліметтер - жерасты су көздері жағдайында;
     3) жерасты су көздері мен жербетіндегі суқоймасының арасында өзара әсер ететін гидравликалық байланысын сипаттайтын мәліметтер;
     4) шаруашылық - ауыз сумен қамтамасыз ететін су көздері орналасқан ауданда жүргізілетін құрылыстың болашағы туралы мәліметтер - оның ішінде тұрғын үйлер, өнеркәсіптік және ауылшаруашылығы нысандары;
     5) СҚА-ның бірінші, екінші, үшінші белдеулерінің шекарасын тиісті негіздемелер және шаралар тізбесінің орындалу мерзімін, жауапты орындаушыларды және қаржыландыру көзін көрсете отырып, анықтау;
     6) санитарлық қорғау аумағына кіретін барлық белдеулердің аумағын шаруашылыққа пайдалану ережелері мен тәртіптері.

     57. Жобаның картографиялық материал төмендегідей көлемде беріледі:
     1) СҚА-ның екінші, үшінші белдеулердің ахуалдық жобасы және бас тоғанның және су құрылғылары имараттарының орналасқан алаңдардың орны, сумен қамтамасыз ететін су көздерін және оны қоректендіретін бассейннің алаңдарын төмендегідей масштабта - жер бетіндегі сумен қамтамасыз ету көздер арқылы - 1:50000 - 1:100000, жерасты сулары арқылы - 1:10000 - 1:25000 көрсету;
     2) сумен қамтамасыз ететін көздер жерастында болғанда - бас тоғанның қоректену аумағының облыстағы гидрологиялық профилдегі басты бағыттарының сипаты;
     3) СҚА-ның бірінші белдеуінің жоспары мына масштабта - 1:500 - 1:1000;
     4) СҚА-ның екінші және үшінші белдеулерінің жоспары, жерасты су көздері жағдайында 1:10000 - 1:25000 масштабында және жер бетіндегі су көздері жағдайында 1:25000 және 1:50000 масштабында және осы аумақта орналасқан барлық нысандарды көрсете орындалуы керек.

                                        Шаруашылық - ауыз сумен
                                    қамтамасыз ететін су көздері
                                   мен су құбырларының санитарлық
                                    қорғау аумағын күтіп ұстауға
                                       қойылатын санитарлық-
                                     эпидемиологиялық талаптар"
                                     туралы санитарлық ережелер
                                        мен нормаларға қосымша

           Жер асты суларының екінші белдеуіндегі
        СҚА-ның шекарасындағы микробтық ластанудың
               жылжуын есептеуге керекті уақыт

Гидрогеологиялық шарттар

Т м (тәулікпен)

І және ІІ
климаттық
аудандар
шегінде

ІІІ климаттық
аудандар
шегінде

1. Жеткіліксіз қорғалған
жер асты сулары (жер асты
сулары, сол сияқты ашық
суқоймасымен тікелей гидра-
вликалық байланысы бар
қысымды және қысымсыз қабат
арасындағы сулар)

400 метр
(бұдан әрі - м)

400 м

2. Толық қорғалған жер асты
сулары (ашық суқоймаларымен
тікелей гидравликалық қатысы
жоқ қысымды және қысымсыз
қабат арасындағы сулар)

200 м

100 м


Дата изменения акта:  28.07.2010
Дата принятия акта:  18.02.2005
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  103010000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  23303
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  63
Статус акта:  yts
Сфера правоотношений:  024003000000
Форма акта:  ПРИК / ПОЛ / НОРМ
Юридическая сила:  1500
Язык акта:  kaz