Ауыл шаруашылығы жануарларының кейбір паразитарлық ауруларының алдын-алу және жою бойынша шараларды жүргізудің ветеринариялық ережелерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2004 жылғы 16 қыркүйектегі N 503 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 6 қазанда тіркелді. Тіркеу N 3135. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 17 қаңтардағы № 10-1/18 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.01.17 № 10-1/18 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы"  Заңының 26-бабына сәйкес,  бұйырамын :
      1. Қоса берілгендер бекітілсін:
      1) Жануарлар эхинококкозының алдын-алу және жою бойынша шараларды жүргізудің ветеринариялық ережесі;
      2) Жануарлар токсоплазмозының алдын-алу және жою бойынша шараларды жүргізудің ветеринариялық ережесі;
      3) Ет қоректілердің токсокароз және токсаскаридозының алдын-алу және жою бойынша шараларды жүргізудің ветеринариялық ережесі.
      2. Ветеринария департаменті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстардың және Астана, Алматы қалаларының аумақтық басқармаларымен бірге, заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес, осы бұйрықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктердің бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторларына жүктелсін.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді.

       Министр

Қазақстан Республикасы     
Ауыл шаруашылығы министрінің  
"Ауыл шаруашылығы жануарларының
кейбір паразитарлық ауруларының
алдын-алу және жою бойынша   
шараларды жүргізудің     
Ветеринариялық ережелерін   
бекіту туралы"        
2004 жылғы 16 қыркүйектегі  
N 503 бұйрығымен бекітілді  

  Жануарлар эхинококкозының алдын-алу және жою бойынша
шараларды жүргізудің ветеринариялық ережесі

      Осы Жануарлар эхинококкозының алдын-алу мен жою бойынша шараларды жүргізудің ветеринариялық ережесі (кейін - Ветеринариялық ереже) Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  26-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалармен орындалуға міндетті ветеринариялық шараларды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тәртібін анықтайды.

  1. Жалпы ереже

      1. Эхинококкоз - Taeniidae тұқымдасы цестодаларының балаңқұрт сатысында тоғышарлық етуімен шақырылатын, ауыл шаруашылығы малдары мен жабайы өнеркәсіптік жануарлардың және адамдардың ауруы.

      2. Жануарлар аралық иелері болып табылады, олардың зақымдануы азықпен және сумен бірге жұмыртқаларды жұтқан кезде болады.
      Эхинококкоздың кең таралуына бұралқы иттердің жүруі, оларды сойғаннан кейін қалған қалдықтармен азықтандыру, малдардың аулада бақылаусыз сойылуы және шаруашылық субъектілерінде ветеринариялық-санитариялық жағдайдың төмен деңгейі, мал өлекселерін көметін жерлердің жоқтығы қолайлы әсер етеді.

      3. Ірі қара және ұсақ малдың эхинококкозын тірі кезінде балау үшін интрадермальды Казони реакциясы қолданылады. Аллерген ретінде эхинококк ларвоцисталарынан шыққан сұйықтық, сколекс пен көпіршіктің қабығынан дайындалған полисахаридті фракция пайдаланылады, бірақ бұл аллерген басқа да ларвальды тениидоздарда оң реакция береді.
      Балаудың ең қолайлы иммунологиялық әдістері: сколексопреципитация, тура емес гемагглютинация, комплементті ұзақ байлау реакциялары. Өлгеннен кейін балау мал өлекселерін қарау арқылы анықталады, бірақ көпіршіктердің бірен-сараны табылған жағдайда, оларды мал өлуінің себебі деп санауға болмайды. Малдың эхинококкоздан өлуі ларвоцисталармен қатты инвазияланғанда ғана болуы мүмкін.

  2. Ветеринариялық-санитариялық таза аймақтарда
жүргізілетін алдын-алу шаралары

      4. Жануарлардың эхинококкозбен зақымдануының алдын-алу мақсатында шаруашылық субъектілері, ветеринариялық мамандар, сондай-ақ мал иелері қажет:
      1) жануарларды толық құнды азықпен қамтамасыз ету, азықтандыру мен күтіп-бағу гигиенасын сақтау;
      2) мал шаруашылығы фермаларының, қасапханалардың, ет өңдейтін кәсіпорындардың территорияларына және мал азығын сақтайтын жерлерге иттерді жібермеу;
      3) иттерді арнайы белгіленген жерлерде серуендету;
      4) малдарды аулада союды жүргізбеу;
      5) өлген малдардың өлекселерін немесе сойылған малдардың қалдықтарын иттерге, терісі бағалы аңдарға және мысықтарға азыққа бермеу;
      6) күзеттік және қызметтік иттерге мерзімді дегельминтизация жүргізу;
      7) ет және ет өнімдерін ветеринариялық-санитариялық сараптаусыз сатуға тиым салу.
      5. Әр шаруашылық субъектісін қоршалған қасапханамен, Беккари шұңқырымен немесе өлексе жағатын пешпен қамтамасыз ету қажет.

  3. Эхинококкоздан таза емес пункттерде және
эпизоотиялық ошақтарда жүргізілетін шаралар

      6. Шаруашылық субъектісінде жануарлардың эхинококкозбен ауруына күдік пайда болған жағдайда ветеринариялық маман тез арада сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторына хабарлайды.

      7. Сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторы эхинококкоз ауруының пайда болуы туралы хабарды алғаннан кейін тез арада ауру шыққан жерге келеді және таза емес пункттің індет ошағының шекарасын анықтау мен эпизоотологиялық тексеруді ұйымдастырады. Диагноз қою үшін ауру малдардан патологиялық материалдар алады және оны ветеринариялық лабораторияға жібереді.

      8. Ақырғы диагноз қойылғаннан кейін шаруашылық субъектісінің аумағында ұйымдастыру-шаруашылық және санитариялық-насихаттық шаралар кешенін жүргізеді:
      1) отарлар мен табындардағы иттердің санын қажетті шекке дейін қысқарту;
      2) бұралқы иттер мен мысықтарды жүйелі түрде жою;
      3) өлекселер мен зақымдалған мүшелерді утильдеу немесе жағу арқылы немесе биотермиялық шұңқырда жою;
      4) отарлар мен табындардағы, сондай-ақ халықтағы барлық иттерді есепке алу;
      5) отарлар мен табындардағы, сондай-ақ кәсіпорындардың, ұйымдардың және жеке иеліктегі жасы үш айдан асқан барлық иттерді әр 45-50 күн сайын дегельминтизациялау;
      6) шаруашылық субъектілерінің қызметкерлерін мерзімді түрде (3-6 ай сайын) тексеру және зерттеу;
      7) санитариялық-насихаттау жұмыстарын жүргізу және жеке гигиена ережелерін сақтау.

      9. Ішкі мүшелерді ашып, тексеру жолымен еттің толық ветеринариялық-санитариялық сараптамасын жүргізу қажет. Эхинококктар табылған жағдайда ондай мүшелер жойылады.

Қазақстан Республикасы     
Ауыл шаруашылығы министрінің  
"Ауыл шаруашылығы жануарларының
кейбір паразитарлық ауруларының
алдын-алу және жою бойынша   
шараларды жүргізудің     
Ветеринариялық ережелерін   
бекіту туралы"        
2004 жылғы 16 қыркүйектегі 
N 503 бұйрығымен бекітілді  

  Жануарлар токсоплазмозының алдын-алу және жою бойынша
шараларды жүргізудің ветеринариялық ережесі

      Осы Жануарлар токсоплазмозының алдын-алу және жою бойынша шараларды жүргізудің ветеринариялық ережесі (кейін - Ветеринариялық ереже) Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  26-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалармен орындалуға міндетті ветеринариялық шараларды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тәртібін анықтайды.

  1. Жалпы ереже

      1. Токсоплазмоз - жүйке, лимфа және эндокринді жүйелердің, көздің зақымдалуымен сипатталатын әр түрлі клиникалық белгілердің кешенімен өтетін сүтқоректі жануарлардың, құстардың және адамдардың протозойлы, табиғи-ошақты антропозоонозды індеті.

      2. Жануарларға алиментарлық, аэрогендік, ішкі құрсақтық (плацентарлық қан айналым арқылы) және трансмиссивтік (кенелер арқылы) жолдармен жұғады.
      Токсоплазмоз қоздырушысының көзі мысықтар және Felidae тұқымдасының басқа да өкілдері болып табылады.

      3. Токсоплазмозға диагноз зерттеулер кешені негізінде қойылады, оның ішінде эпизоотологиялық, клиникалық, паталогоанатомиялық және лабораториялық зерттеулер.
      Лабораториялық зерттеулер ең дұрысы болып табылады. Микроскопиялық диагностикалау үшін лимфа түйіндерінің, бауырдың, көкбауырдың, жұлынның және бас мидың пункттарынан жұғындылар дайындайды. Мысықтарда токсоплазмозды нәжісті паразитологиялық зерттеу жолымен ооцисталарды табу арқылы анықтайды.
      Токсоплазмозды бруцеллезден, кампилобактериоздан, лептоспироздан, лейшманиоздан және ірі қара малдың трихомонозынан ажырату қажет. Ооцисталарды идентификациялау үшін биометрия және биосынама жүргізеді. 

  2. Ветеринариялық-санитариялық таза аймақтарда
жүргізілетін алдын-алу шаралары

      4. Жануарлардың токсоплазмозбен зақымдануының алдын-алу мақсатында шаруашылық субъектілеріне, ветеринариялық мамандарға, сондай-ақ мал иелеріне қажет:
      1) токсоплазмоз бойынша таза шаруашылықтардың малдарынан отарлар, табындар құру;
      2) бөлмелерді жүйелі түрде дезинвазиялау және алдын-алу мақсатында дезакаризациялау;
      3) мал шаруашылығы бөлмелеріне мысықтар мен иттерді жібермеу;
      4) мысықтар мен иттерге өлі немесе іш тастаған төлдерді жегізбеу;
      5) 30 күн бойы жаңадан келген барлық малдарды карантиндеу.

  3. Токсоплазмоздан таза емес пункттерде және
эпизоотиялық ошақтарда жүргізілетін шаралар

      5. Шаруашылық субъектісінде жануарлардың токсоплазмозбен ауруына күдік пайда болған жағдайда ветеринариялық маман тез арада сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторына хабарлайды.

      6. Сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторы токсоплазмоз ауруының пайда болуы туралы хабарды алғаннан кейін тез арада ауру шыққан жерге келеді және таза емес пункттің індет ошағының шекарасын анықтау мен эпизоотологиялық тексеруді ұйымдастырады. Диагноз қою үшін ауру малдардан патологиялық материалдар алады және оны ветеринариялық лабораторияға жібереді.

      7. Эпизоотологиялық және клиникалық белгілері (этиологиясы белгісіз қысыр қалу және іш тастау, мутацияланған және тіршілікке икемсіз төлдердің тууы) байқалған шаруашылық субъектілерінде барлық малдардың қанын токсоплазмозға тексереді. Өлген және лажсыз сойылған малдардың басын, бауырын, көкбауырын, өкпесін, жүрегін, сондай-ақ өлі туған төлдерін лабораторияға жібереді.

      8. Клиникалық белгілерінен басқа микроскопиялық түрде токсоплазмоздың қоздырушысы табылған жағдайда ғана мал ауру деп танылады.
      Тек клиникалық белгілері мен оң реакция берген жағдайда малдарды ауруға күдікті деп санайды.

      9. Шаруашылық субъектісі аумағында ақырғы диагноз анықталған жағдайда келесі шаралар жүргізіледі:
      1) токосплазмозбен ауырған ауыл шаруашылығы малдарын союға жібереді, олардан алынған ет қайнатылғаннан кейін қолданады, субөнімдерін жояды;
      2) ауруға күдікті малдарды оқшаулайды, ал жайылымдық күтіп-бағуда оларды жеке жайылым учаскесіне жаяды;
      3) ауру малдардан алынған сүтті пастеризациядан немесе қайнатылғаннан кейін ғана пайдалануға рұқсат етеді;
      4) өлі туған және іш тастаған төлдерді лабораторияға зерттеуге жібереді;
      5) ауруға күдікті барлық малдарға ветеринариялық бақылау жүргізеді және айына бір рет (алты ай бойы) токсоплазмозға қанның сары суын зерттейді.
      Егер осы мезгіл ішінде сол жануарлардың арасынан токсоплазмозбен ауру мал анықталмаса, ал қанның сары суын зерттеген кезде титрдің төмендегені байқалса, ондай малдарды сау малдар тобына ауыстырады;
      6) токсоплазмозбен ауру иттерді, мысықтарды және терісі бағалы аңдарды, сондай-ақ ауруға күдіктілерін жояды;
      7) токсоплазмозбен ауру немесе ауруға күдікті малдарды сойғаннан кейін алынған терілерді өңдегеннен (тұздау, кептіру және басқа да әдістер) кейін шектеусіз шығарады;
      8) ауру немесе ауруға күдікті малдарды ұстаған бөлмелерді дезинвазиялайды.

      10. Токсоплазмоздан таза емес пункттерде ауру малдар сойылғаннан кейін және ауруға күдікті малдар оқшауланғаннан кейін қалған малдарды шектеусіз сату мен шығаруға және олардан алынған барлық мал шаруашылығы өнімдерін қолдануға рұқсат етіледі.

      11. Шаруашылық субъектілерінде клиникалық сау малдарды айына бір рет сауықтырылғанға дейін серологиялық әдіспен зерттейді. Клиникалық белгілер байқалған және серологиялық зерттеу нәтижелері екі рет оң болған жағдайда, малдарды ауруға күдікті малдар тобына ауыстырады. Мал өлген, іш тастаған, өлі төл туған жағдайда және буаздықтың басқа да патологиялық түрлерінде алынған материалдарды лабораторияға жібереді.

      12. Токсоплазмоз ауруы анықталған шаруашылық субъектілері бір жыл ішінде ауру малдар бөлінбеген, аурудың айқын клиникалық белгілері, сонымен бірге буаздықтың патологиясы байқалмаған жағдайда сауықтырылды деп саналады.

Қазақстан Республикасы     
Ауыл шаруашылығы министрінің  
"Ауыл шаруашылығы жануарларының
кейбір паразитарлық ауруларының
алдын-алу және жою бойынша   
шараларды жүргізудің     
Ветеринариялық ережелерін   
бекіту туралы"        
2004 жылғы 16 қыркүйектегі   
N 503 бұйрығымен бекітілді  

  Ет қоректі жануарлардың токсокароз және токсаскаридозының
алдын-алу және жою бойынша шараларды жүргізудің
ветеринариялық ережесі

      Осы Ет қоректі жануарлардың токсокароз және токсаскаридозының алдын-алу мен жою бойынша шараларды жүргізудің ветеринариялық ережесі (кейін - Ветеринариялық ереже) Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  26-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалармен орындалуға міндетті ветеринариялық шараларды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тәртібін анықтайды.

  1. Жалпы ереже

      1. Токсокароз және токсаскаридоз - өкпенің, бауырдың зақымдалуымен, қызбамен, аллергиялық белгілермен сипатталатын және адамға берілетін, ет қоректі жануарлардың гельминтозды ауруы.

      2. Жануарлар токсокарозбен үш жолмен зақымданады: инвазияланған жұмыртқаларды азықпен (сумен) бірге жұтқан кезде, токсокаралардың капсуламен көмкерілген балаң құрттарын етпен бірге жеген кезде және балаң құрттар төлге жолдасы арқылы ішкі құрсақтық өткен кезде.
      Инвазияның көзі - ауру жануарлар, резервуарлық иелер (тышқан, атжалман, басқа да кеміргіштер). Токсокарозбен көбінесе жас ет қоректі жануарлар ауырады, туған күннен бастап 20-күндік жасқа дейін. Күшіктер негізінен анасынан ішкі құрсақтық жолмен зақымданады. Токсаскаридоз жаңа туған және жас күшіктерде (ақ түлкінің күшіктерінен басқа) кездеспейді. Бұл гельминтозбен ересек жануарлар ауырады, негізгі зақымдану жолы алиментарлық.

      3. Диагноз эпизоотологиялық мәліметтердің, клиникалық белгілердің және копроовоскопия нәтижелерінің қорытындысы негізінде қойылады. Бұнымен қатар, иттің, түлкінің және ақ түлкінің токсокарозы организмде жүретін балаң құрттармен шақырылатын ларвальды түрде және ересек құрттармен шақырылатын ішектік түрде өтеді.
      Өлгеннен кейінгі диагноз ішкі мүшелердің патологанатомиялық өзгерістері бойынша және паразиттерді табу арқылы қойылады.

  2. Ветеринариялық-санитариялық таза аймақтарда
жүргізілетін алдын-алу шаралары

      4. Инвазияның пайда болуы мен оның таралуының алдын алу үшін шаруашылық субъектілері, ветеринариялық мамандар, сондай-ақ мал иелеріне қажет:
      1) аңдарды жерден жоғары көтерілген торлы едені бар клеткаларда ұстау;
      2) торларды, қашарларды, мал ұстайтын тағы да басқа жерлерді жануарлардың экскременттерінен және басқа да заттардан күнделікті тазарту және дезинфекция жүргізу;
      3) буаз саулықтарды отырғызар алдында торлардың темір жерлері мен едендерін паяльды лампамен зарарсыздандыру, ағаш жерлерін ыстық сумен шаю;
      4) мезгілді копроовоскопиялық зерттеулер жүргізу (күшіктерді ай сайын, ересек жануарларды - тоқсан сайын) және инвазияланған жануарлар анықталған кезде - дегельминтизация жүргізу;
      5) терісі бағалы аңдарға жемістерді ағынды сумен толық жуғаннан кейін азыққа беру;
      6) алдын-ала ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізілмеген шикі етті, ішкі мүшелерді терісі бағалы аңдар мен иттерге азықтандыруға жол бермеу;
      7) аң фермаларының аумағына бұралқы иттерді жіберуге тиым салу;
      8) шаруашылық аумағында және бөлмелерде мерзімді дератизация жүргізу.
      5. Аңдардың жоспарлық профилактикалық дегельминтизациясын маусым-шілде айларында күшіктерді бөлгеннен кейін, екінші рет - желтоқсан айында шағылыстыруға дейін.

      6. Токсокароз бен токсаскаридоздың алдын-алу үшін күшіктерді туғаннан кейін 20-25 және 70-80 күннен соң дегельминтизациялайды. Буаз саулықтарды төлдеуге дейін бір ай бұрын және төлдегеннен кейін бір айдан соң дегельминтизациялайды. Күзеттік және қызметтік иттерді мезгілді тексереді және қажет жағдайда дегельминтизациялайды.

      7. Токсокарозбен адамдар зақымданады, көбінесе балалар, сондықтан балалар ойнайтын жерлерде, аулаларда иттер мен мысықтарды серуендетуге, адамдар шомылатын көлдерде және басқа да тоғандарда оларды шомылдыруға қатаң тиым салынады.

      8. Қалаларда иттерді серуендету арнайы бөлінген тормен қоршалған алаңдарда және волъерлерде серуендетуге болады.

3. Токсокароз бен токсаскаридоздан таза емес
пункттерде және эпизоотиялық ошақтарда
жүргізілетін шаралар

      9. Жануарлардың токсокарозбен және токсаскаридозбен ауруына күдік пайда болған кезде ветеринариялық маман тез арада сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторына хабарлайды.

      10. Сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторы жануарлардың токсокарозбен және токсаскаридозбен ауруына күдік пайда болуы туралы хабарды алғаннан кейін тез арада ауру шыққан жерге келеді және таза емес пункттің індет ошағының шекарасын анықтау мен эпизоотологиялық тексеруді ұйымдастырады. Диагноз қою үшін ауру малдардан патологиялық материалдар алады және оны ветеринариялық лабораторияға жібереді.

      11. Ақырғы диагноз анықталған жағдайда ветеринариялық маман шаруашылық субъектісінің жетекшісімен және мал иелерімен бірігіп келесі шаралар кешенін жүзеге асырады:
      1) барлық ауру жануарларды оқшаулайды және жануарлардың экскремент жерлерін дезинвазиялаудың санитариялық ережелерін сақтай отырып дегельминтизациялайды;
      2) серуендету алаңдарын, малдарды ұстайтын жерлерді мерзімді механикалық тазалауды жүргізеді;
      3) санитариялық-насихаттау жұмыстарын жүргізеді және жеке гигиена ережесін сақтайды.

      12. Иттер мен терісі бағалы аңдарды емдеу үшін, қолдану инструкциясына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ветеринариялық препараттардың мемлекеттік реестрінде тіркелген препараттар қолданылады.