1. Осы Жарлық бойынша:
- заңды тұлға мәртебесiнiң бар-жоғына;
- ұйымдық-құқықтық нысандарына;
- қызмет түрлерiне;
- қатыстылығына және меншiк нысандарына қарамастан кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын барлық субъектiлер /жеке тұлғалардың табысына салынатын салық туралы заңда қамтылған субъектiлердi қоспағанда/ пайда мен табысқа салынатын салық төлемгерлерi /бұдан былай- кәсiпорындар/ болып табылады деп белгiленсiн.
2. Кәсiпорын қызметiнiң қаржы нәтижесi болып табылатын және шығындар сомасына кемiтiлген табыс сомасын құрайтын кәсiпорынның баланстық пайдасы салық салу объектiсi болып есептелсiн.
Кәсiпорынның есептi кезеңде атқарған қызметiнен түскен барлық түсiм /ақшалай, заттай және кез-келген басқа түрдегi/ табыс болып табылады.
Кәсiпорынның есептi кезеңде жұмсаған барлық шығыны /ақшалай, заттай және кез-келген басқа түрдегi/ шығыс болып табылады.
Салық салу үшiн меншiктiң барлық нысанындағы кәсiпорындар қызметiнiң қаржы нәтижелерiн қалыптастыру жөнiндегi негiзгi ереженi Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтедi.
Жекелеген салалар бойынша салық салу үшiн қаржы нәтижелерiн қалыптастыру ерекшелiктерiн тиiстi басқару органдары Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен, Экономика министрлiгiмен, Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен келiсе отырып әзiрлейдi.
Қаржы нәтижелерiн қалыптастыру тәртiбiн реттейтiн ережелердi басқа заң және өзге де актiлерге енгiзуге тыйым салынады.
Шет ел қатысатын кәсiпорынның Қазақстан Республикасындағы қызметiне байланысты түскен пайдасын тiкелей анықтау мүмкiн болмаған жағдайда салық органдарына пайданы рентабельдiлiктiң 25 процент мөлшерiндегi нормасын ескере отырып, жалпы табыстың немесе шыққан шығыстары негiзiнде анықтауға рұқсат етiлсiн.
3. Салық салу үшiн баланстық пайда:
кәсiпорындарға тиесiлi акциялар, облигациялар және басқа да бағалы қағаздар /оның iшiнде жарғылық қорды ұлғайтуға жұмсалатын/ бойынша есептелген табыс /дивидендтер, проценттер/ сомасына;
Қазақстан Республикасы аумағында құрылған бiрлескен кәсiпорындарға үлестiк қатысудан алынған табыс сомасына кемiтiлетiн болып белгiленсiн.
4. Пайдаға салынатын салық ставкасы 30 процент, ал банк және сақтандыру қызметiнен түскен пайдаға салынатын салық ставкасы 45 процент мөлшерiнде белгiленсiн.
5. Осы Жарлықтың 2-тармағына сәйкес есептелген салық салынатын пайда:
кәсiпорындардың өндiрiстi дамытуға, ғылыми-зерттеу және тәжiрибе-конструкторлық жұмыстарын жүргiзуге, жаңа және алдыңғы қатарлы технологиялар мен өнiм түрлерiн /оның iшiнде еркiн айналыстағы валютаға экспортқа шығарылатын машина жасау өнiмiн/ әзiрлеу мен игеруге жұмсалған күрделi қаржыға шыққан шығындардың сомасына;
пайда есебiнен жұмсалып, өз қызметкерлерiне тұрғын үй салу және сатып алу үшiн арнаулы тұрғын үй несие - жинақ шоттарына, соңыра қызметкерлердiң несиенi өтеуiне қарай кәсiпорын қызметiнiң нәтижелерiне жатқызылатын, қаржыны аудару жөнiндегi шығындар сомасына;
кәсiпорынның балансында тұрған денсаулық сақтау объектiлерiн, мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiн, балалардың сауықтыру лагерьлерiн, мәдениет және спорт объектiлерiн, халыққа бiлiм беру мекемелерiн, тұрғын үй қоры объектiлерiн ұстауға жұмсалатын шығындар сомасына, сондай-ақ жергiлiктi өкiмет органдары бекiткен нормативтерге сәйкес кәсiпорындардың үлестiк қатысуымен осы мақсаттарға жұмсалған шығындар сомасына кемiтiлетiн болып белгiленсiн.
6. Былай деп белгiленсiн:
- есептi кезеңде өнiм /жұмыс, қызмет/ көлемiн осының алдындағы жылға қарағанда заттай түрiнде немесе салыстырмалы бағамен алғанда арттырған кәсiпорындар, меншiк нысандарына қарамастан, нақты өсiмнiң әрбiр процентi үшiн пайдаға салынатын салықты алу нормативiн бiр өлшемге кемiтедi. Бұл орайда пайдаға салынатын салық ставкасы әрi кеткенде он өлшемге ғана кемiтiлуi мүмкiн.
- кәсiпорындардың өткен есептi жылдардағы өз залалдарын өтеуге жұмсаған және олар құрылғаннан кейiнгi үш жыл iшiнде алған пайдасының бiр бөлiгi салық салудан босатылады. Аталған жеңiлдiк резервтiк қордың немесе мақсаты жөнiнен соған ұқсас қорлардың қаражаты жетiспеген жағдайда пайдаланып, материалдық өндiрiс салаларының кәсiпорындарында қолданылады.
- балансында қымбат металдардан тұратын кен орындары бар кәсiпорындарда құрылған, соларды өндiрумен айналысатын және аталған өнiм үшiн кен өндiру кәсiпорындарымен өзiндiк құн бойынша шығындардың өтелуiн ескеретiн мемлекеттiк нормалар мен бағаларға сәйкес белгiленетiн келiсiмдi бағалармен есеп айырысатын кен шаю артельдерi пайдаға салынатын салықтан босатылады.
Кен шаю жұмыстарымен байланысы жоқ кен шаюшылар артельдерiнiң қызметiнен алатын пайдаға осы Жарлыққа сәйкес салық салынады.
7. Пайдаға салынатын салықты есептеудiң мынадай тәртiбi және төлеу мерзiмi белгiленсiн:
- салық сомасын осы Жарлыққа сәйкес салық ставкалары бойынша салық салынатын пайданың көлемiне қарай кәсiпорындардың өздерi белгiлейдi.
Кәсiпорындар белгiленген мерзiмде өздерi орналасқан жердегi салық органдарына Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бас салық инспекциясы бекiткен нысандар бойынша пайдаға салынатын салық сомасының бухгалтерлiк есептерiн, декларацияларын, сондай-ақ есеп-қисаптарын тапсырады.
Қызметi күнтiзбелiк жыл бiткенге дейiн тоқтатылған жағдайда аталған құжаттар тоқтатылған күннен кейiн бiр ай iшiнде тапсырылуға тиiс. Кiрiс пен шығыстың барлық түрлерi есептi кезеңнiң соңғы күнiне республика валюта биржасындағы саудада қалыптасқан нарықтық бағам бойынша Қазақстан Республикасының валютасына шағылған алу және төлем валютасымен есептеледi.
- шет ел қатысатын кәсiпорындардан басқа кәсiпорындар тоқсан iшiнде, әр айдың 10-нан және 23-iнен кешiктiрмей салық салынатын кезеңдегi /есептегi тоқсандағы/ пайданың болжамды сомасы мен салық ставкасын ескере отырып, салық сомасының 1/6 бөлiгi мөлшерiнде бюджетке аванстық салық жарналарын төлеп тұрады.
Тоқсан үшiн нақты есептелген салық сомасы аванстық төлемдер сомасынан асып кеткен жағдайда пайдаға салынатын салықты уақтылы төлемегенi үшiн заңдарда салық салу туралы белгiленген мөлшердегi өсiм есептеледi.
Жаңадан құрылған кәсiпорындар алғашқы толық есептi тоқсан iшiнде пайдаға салынатын салық бойынша бюджетке аванстық төлемдер жасамайды.
Пайдаға салынатын салық сомасының мөлшерi аз кәсiпорынның өтiнiшi бойынша төлемгер орналасқан жердегi салық органы бюджетке салық төлеудiң белгiлi бiр мерзiмiн - есептi кезеңнен кейiнгi айдың 20- ын белгiлей алады, бұл күнi ол аванстық төлемдер жасамай-ақ салықтың тоқсандық сомасының мөлшерiн бiрден төлейдi.
Бiрiншi тоқсан, жарты жылдық, 9 ай және жыл аяқталған соң кәсiпорындар өздерiнiң салық салынуға тиiс нақты түскен пайдасына және белгiленген ставкаға қарай салық сомасын жыл басынан бастап үдемелi қорытындымен есептейдi;
- салық тоқсандық есеп-қисаптар бойынша - бухгалтерлiк есеп беру үшiн белгiленген күннен кейiн 5 күн iшiнде, ал жылдық есеп-қисаптар бойынша - бухгалтерлiк есеп беру үшiн белгiленген күннен кейiн 10 күн iшiнде төленедi;
- шет ел қатысатын кәсiпорындар жыл бойында әр тоқсанның соңғы айының 15-iнен кешiктiрмей осының алдындағы жылы есептелген, пайдаға салынатын салықтың жылдық сомасының 1/4 мөлшерiнде бюджетке пайдаға салынатын салықтың тоқсандық аванстық жарналарын төлейдi. Пайдаға салынатын салық бойынша нақты есеп айырысу жыл бойындағы қызметтiң нәтижелерi бойынша жүргiзiледi.
Есептелген салық сомасына Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бас салық инспекциясы бекiткен нысан бойынша төлем хабарламасы берiледi. Салық төлем хабарламасында көрсетiлген мерзiмде төленедi;
- пайдаға салынатын салықты бюджетке аударуға берiлген төлем тапсырмаларын төлемгерлер банк мекемелерiне төлем мерзiмi келгенге дейiн тапсырады;
- шет ел қатысатын кәсiпорындар пайдаға салынатын салықты Қазақстан Республикасының валютасымен немесе нақты есеп айырысу мерзiмiне Қазақстан Республикасының валюта биржасындағы саудада қалыптасқан нарықтық бағам бойынша Қазақстан Республикасының валютасына шағылған шетел валютасымен төлейдi;
- артық төленген салық сомалары кезектi төлемдер есебiне жазылады немесе кәсiпорынның жазбаша өтiнiшi түскен күннен кейiнгi 5 күн iшiнде оған қайтарылады;
- Iшкi iстер министрлiгiнiң, Байланыс министрлiгiнiң және Көлiк министрлiгiнiң /тек қана азаматтық авиация мен темiр жол көлiгi басқармалары/ негiзгi қызметiне қатысты кәсiпорындар бойынша бюджетпен есеп айырысу Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.
8. Кәсiпорындар пайдаға салынатын салықтан басқа табыстың мынадай түрлерiнен салық төлейтiн болып белгiленсiн:
- салықтың 15 процент мөлшерiндегi ставкасы бойынша:
кәсiпорындарға тиесiлi акциялар, облигациялар және басқа да бағалы қағаздар /оның iшiнде жарғылық қорды ұлғайтуға жұмсалатын/ бойынша есептелген табыстан /дивидендтерден, проценттерден/;
Қазақстан Республикасының аумағында құрылған бiрлескен кәсiпорындарға үлестiк қатысудан алынған табыстан. Бiрлескен кәсiпорынның шетелдiк қатысушысы аталған табысты шет елге аударған кезде олардан салық төлейдi;
- салықтың 55 процент мөлшерiндегi ставкасы бойынша:
казинолардан, бейнесалондардан, бейнекөрсетулерден, бейне және тыңдау таспалары мен олардағы жазбаларды жалға беруден, ақшалай ұтыстары бар ойын автоматтарынан түскен табыстан;
концерттiк ойын-сауық шараларын өткiзуден алынған табыстан;
- кәсiпорынға тиесiлi акциялардан, облигациялар мен өзге де бағалы қағаздардан есептелген, сондай-ақ бiрлескен кәсiпорындарға үлестiк қатысудан алынған табысқа салынатын салық табыс көзiнен алынады. Салықты ұстау және оны бюджетке аудару жөнiндегi жауапкершiлiк табысты төлейтiн кәсiпорынға жүктеледi.
9. Осы Жарлықта аталған пайда мен табысқа салынатын салықтарды бюджетке есептеу "Қазақстан Республикасындағы салық жүйесi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының бюджет заңдарына сәйкес жүргiзiлетiн болып белгiленсiн.
10. Былай деп белгiленсiн:
- шетелдiк заңды тұлғаларға дивидендтер мен проценттерден түсетiн табыс бойынша 15 проценттiк ставкамен, ал авторлық құқықтардан, лицензиялардан, жал төлемдерiнiң түсуiнен алынатын табыс пен табылу көзi Қазақстан Республикасында орналасқан басқа да табыстар /көлiк жалдаудан алынатын табыстан басқа/ бойынша - 20 проценттiк ставкамен салық салынады;
- халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға байланысты шетелдiк заңды тұлғаларға төленетiн көлiк жалдаудан /фрахтылау/ түскен табыс сомаларына 6 проценттiк ставкамен салық салынады.
- халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасындағы табыс көздерiнен түсетiн табысқа салынатын салықтан толық немесе iшiнара босатылу құқығы бар шетелдiк заңды тұлға Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бас салық инспекциясы белгiлеген тәртiппен салықты азайту немесе жою туралы өтiнiш бередi, ол табыс түскен күннен кейiн бiр жыл iшiнде ұсынылуға тиiс. Жыл етiп кеткен соң берiлген өтiнiштер қарауға қабылданбайды;
- шетелдiк заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасындағы табыс көздерiнен түскен табыстан салықты шетелдiк заңды тұлғаға табыс төлейтiн кәсiпорын әрбiр төлем аударған сайын табыстың толық сомасынан аударым валютасымен ұстап қалады. Салықтың ұсталуы және аударылуы үшiн жауапкершiлiк табыс төлейтiн кәсiпорынға жүктеледi.
- егер Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан табыс көзiнен түскен табысты өнiм /жұмыс, қызмет/ бергенi үшiн кәсiпорынға төленетiн ақыны азайту есебiнен үшiншi жақ төлесе, табысты жасырғаны үшiн жауапкершiлiк төмен ақы алған кәсiпорынға жүктеледi.
11. Егер халықаралық шартта осы Жарлықта көрсетiлгендерден өзге ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылатын болып белгiленсiн.
Салық заңдарында көзделген жағдайлардан басқа кезде, табыс төлейтiн кәсiпорынның басқа кәсiпорын үшiн салық және басқа да төлемдер төлеу жөнiнде өзiне мiндеттеме қабылдауына жол беретiн салық сiлтемелерiнiң шарттар мен контрактыларға енгiзiлуiне тыйым салынсын.
12. Былай деп белгiленсiн:
- кәсiпорынның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерден түсiрген пайдасының /табысының/ сомасы Қазақстан Республикасында салық салынуға тиiс пайданың /табыстың/ жалпы сомасына қосылады және салық мөлшерiн анықтау кезiнде ескерiледi;
- Қазақстан Республикасының аумағы мен экономикалық аймағынан тысқары жерлерден түскен, кәсiпорындар басқа мемлекеттердiң заңдарына сәйкес шет елдерде төленген пайдаға /табысқа/ салынатын салық сомасы олар Қазақстан Республикасында пайдаға /табысқа/ салынатын салықты төлеу кезiнде ескерiледi. Бұл ретте ескерiлетiн сомалардың мөлшерi Қазақстан Республикасында төленуге тиiс пайдаға /табысқа/ салынатын салық сомасынан аспауы керек.
Бұл ереже Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердiң арасында тиiстi екi жақты халықаралық келiсiмдер болған жағдайда қолданылады.
13. Осы Жарлықты орындау үшiн жауапкершiлiк, салық органдарының бақылау жасау және салық органдарының лауазымды адамдарының әрекеттерiне шағымдану тәртiбi Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарымен реттелетiн болып белгiленсiн.
14. Осы Жарлықтың Заңмен бiрдей күшi бар және ол жаңадан
сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1-сессиясында "Кәсiпорындардың пайдасы мен табысына салынатын салық туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғанға дейiн қолданылады. 15. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiне "Кәсiпорындардың пайдасы мен табысына салынатын салық туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын енгiзетiн болсын. 16. Осы Жарлық 1994 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшiне енгiзiлсiн. Қазақстан Республикасының Президентi Алматы. 1994 ж. 12 ақпан N 1568