18.01.1993

Қазақстан Республикасының Президентi жанынан Бас бақылау инспекциясын құру туралы

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарының, қаулылары мен өкiмдерiнiң орындалуына пәрмендi бақылау ұйымдастыру, лауазым иелерiнiң аталған актiлердiң талаптарын орындауға деген жауапкершiлiгiн күшейту мақсатында қаулы етемiн:
      1. Қазақстан Республикасының Президентi жанынан Бас бақылау инспекциясы құрылсын.
      2. Бас бақылау инспекциясы туралы Ереже бекiтiлсiн.
      3. Басбақылау инспекциясының қызметiн қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетiнiң Аппаратына жүктелсiн.
     Қазақстан Республикасының
             Президентi 


                                     Қазақстан Республикасы

Президентiнiң 1993 жылғы 18 қаңтардағы N 1078 Жарлығымен бекiтiлген


               Қазақстан Республикасының Президентi
             жанындағы Бас бақылау инспекциясы туралы
                              ЕРЕЖЕ

            I. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Бас бақылау инспекциясы (бұдан әрi Бас бақылау инспекциясы) өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Президентi алдында жауапты және оған есеп бередi.
      2. Бас бақылау инспекциясының оның қызметiне тiкелей басшылықты жүзеге асыратын, жұмысын ұйымдастыру бойынша өкiмдер, сондай-ақ тексерудi жүзеге асыру жөнiнде нұсқаулар мен ұсыныстар шығаратын төраға басқарады.
      3. Бас бақылау инспекциясы өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарын, қаулыларын және өкiмдерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

           II. Бас бақылау инспекциясының құрамы
               және оны құру тәртiбi

      4. Бас бақылау инспекциясы төрағадан, оның орынбасарларынан және мемлекеттiк инспекторлардан тұрады.
      5. Бас бақылау инспекциясының төрағасын қызметке Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды және мәртебесi жөнiнен Қазақстан Республикасы Премьер-министрiнiң орынбасарына теңестiрiледi.
      6. Бас бақылау инспекциясы басшысының орынбасарларын Қазақстан Республикасының Президентi Бас бақылау инспекциясы төрағасының ұсынуы бойынша қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      7. Мемлекеттiк инспекторларды Бас бақылау инспекциясының төрағасы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, басқа қызметкерлер - ол белгiлейтiн тәртiп бойынша тағайындалады және босатылады.
      8. Бас бақылау инспекциясының құрылымы мен қызметкерлерi санын Қазақстан Республикасының Президентi Бас бақылау инспекциясы төрағасының ұсынуы бойынша белгiлейдi.

           III. Бас бақылау инспекциясының құзыры

      9. Бас бақылау инспекциясы:
      республика министрлiктерiнiң, ведомстволарының, мемлекеттiк комитеттерiнiң, кәсiпорындар мен ұйымдарының меншiк нысандарына қарамастан, жергiлiктi әкiмшiлiктердiң және басқа мемлекеттiк басқару органдарының Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарын, қаулылары мен өкiмдерiн (бұдан былай Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн) орындау жөнiндегi қызметiн бақылауды жүзеге асырады;
      Бетi ашылған кемшiлiктер мен тәртiп бұзушылықтарды жою жөнiнде тексерiлген органдар, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн жүзеге асыруды қамтамасыз ету жөнiнде Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қолданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының Президентiн хабардар етiп отырады, сондай-ақ олардың дұрыс атқарылмауына кiнәлi лауазым иелерiн жауапқа тарту туралы ұсыныс енгiзедi;
      Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң, әкiмдердiң, басқа да мемлекеттiк басқару органдарының қарауы үшiн бетi ашылған тәртiп бұзушылықтарды, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн орындамауға немесе дұрыс орындамауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы нұсқама енгiзедi;
      қылмыс белгiлерi байқалған жағдайда тексерудiң материалдарын анықтау және тергеу органдарына бередi.
      10. Аталған функцияларды iске асыру мақсатында Бас бақылау инспекциясы:
      тексерiлетiн органдардың басшыларынан, лауазымды және басқа адамдардан ауызша және жазбаша түсiнiктемелер, анықтамалар, құжаттар және материалдар алуға;
      заңға сәйкес мемлекеттiк және басқа органдардан, мекемелер мен ұйымдардан өзiнiң функцияларын жүзеге асыруға қажеттi құжаттар мен материалдарды сұратып алуға;
      осы Ереженiң 9-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген Қазақстан Республикасы Президентi актiлерiнiң орындалуы туралы органдар басшыларының хабарын тыңдап отыруға;
      қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдардың мамандары мен қызметкерлерiн тексеру жүргiзуге тартуға өкiлеттi.
      11. Мемлекеттiк инспекторлар, сондай-ақ тексеру жүргiзуге тартылған мамандар мен қызметкерлер өз мiндеттерiн орындау кезiнде:
      белгiленген тәртiппен тексеру мәселесiне қатысты құжаттаманың бәрiмен танысуға;
      мемлекеттiк басқару органдары өткiзетiн мәжiлiстер мен кеңестерге қатысуға;
      қажеттi құжаттар мен материалдардың қол сұғылмастығын қамтамасыз етуге хұқылы.
      12. Мемлекеттiк инспекторлар, сондай-ақ тексеру жүргiзуге тартылған мамандар мен қызметкерлер өзiнiң өкiлеттiктерiн жүзеге асырған кезде заң талаптарын орындауға, тексерiлетiн органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне кедергi жасамауға мiндеттi.
      13. Бас бақылау инспекциясының қызметкерлерiнiң және тексеру жүргiзуге тартылған мамандар мен қызметкерлердiң шешiмi мен iс-әрекетiне Бас бақылау инспекциясының төрағасына және заңда белгiленген тәртiппен шағым жасауға болады.
      14. Республикалық және жергiлiктi мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдары Бас бақылау инспекциясының өзiне жүктелген функцияларды орындауына барынша жәрдемдесуге, тексеру жүргiзуге қажеттi көмек көрсетуге мiндеттi.
      Тексеру жүргiзуге кедергi жасайтын, Бас бақылау инспекциясының қызметкерлерiне жұмыс iстеу үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз етпейтiн лауазым иелерi тәртiптiк және заңда көзделген басқа жолмен жауап бередi.
      15. Бас бақылау инспекциясының қызметiн қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппаратына жүктеледi.
      16. Бас бақылау инспекциясының қызметкерлерiн ұстауға кететiн шығын республикалық бюджет қаржысы есебiнен жұмсалады.

Дата изменения акта:  21.02.1995
Дата принятия акта:  18.01.1993
Место принятия:  100055000000
Орган, принявший акт:  101000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  1078
Статус акта:  yts
Сфера правоотношений:  001003000000 / 001011000000
Форма акта:  УКАЗ
Юридическая сила:  0500
Язык акта:  kaz