10.04.1992

Жеке тұрғын үй құрылысы мен тұрғын үй кооперациясын дамытуды жеделдету үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына, кәсіпорындары мен ұйымдарына қосымша жеңілдіктер беру және экономикалық ынталылығын туғызу туралы

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентiнiң 13.08.1997 N 3613 Жарлығымен (жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi).

Республикалық және жергілікті
газеттерде жариялау үшін  

      Азаматтардың жеке тұрғын үйлер салуға мүдделілігін арттыру, тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени құрылыс үшін құрылыс, әрлеу материалдары мен үй тұрмысы заттарын өндіретін кәсіпорындар мен ұйымдардың іскерлік белсенділігін, кәсіпорындар мен ұйымдарды осы мақсатқа өз пайдасының бір бөлегін жұмсауға ынталандыру мақсатында, сондай-ақ құрылыс құнының едәуір қымбаттауына байланысты ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қазақстан Республикасының Жинақ банкіне Қазақ КСР Президентінің «Жеке тұрғын үй құрылысын және тұрғын үй кооперациясын одан әрі дамыту жөніндегі қосымша шаралар туралы» 1991 жылғы 19 наурыздағы Жарлығының 3 тармағына сәйкес азаматтарға берілетін несиелердің мөлшерін бес есе ұлғайтуға, сондай-ақ тұрғын үй және тұрғын-үй құрылыс кооперативтерінің мүшелеріне жеке тұрғын үйлер құрылысына несиелер берудің шарттарын қолдануына рұқсат етілсін.
      2. «Қазақ КСР-індегі мемлекеттік жастар саясаты туралы» және «Қазақ КСР-інде ауылды, селоны және агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басымдығы туралы» Қазақ КСР заңдарын жүзеге асыру мақсатында:
      жеке немесе кооперативтік тұрғын үй салуына немесе сатып алуына жас азаматтар мен отбасыларына (30 жасқа дейінгі) несие оның құнының 75 проценті мөлшерінде 30 жыл мерзімге берілетін, бірақ 200 мың сомнан аспайтын, әр бала туған сайын қарыздың 15 проценті орнына салынатын;
      селода тұратын жастар мен жас отбасыларына тұрғын үй салуына немесе сатып алуына берілген несиенің жартысы тұрғын үй сатып алғаннан кейін немесе құрылысты пайдалануға бергеннен кейін 5 жыл өткен соң орнына салынатын болып белгіленсін.
      Облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкімдері бір ай мерзімде жастарға тұрғын үй шараларына берілген несиенің бөлегін бюджеттің, кәсіпорындардың, шаруашылықтар мен ұйымдардың қаржыларының есебінен орнына салу механизмін анықтап, тәртібін белгілесін.
      3. Қазақстан Республикасының Жинақ банкі тұрғын үй шараларына арналған несиелер беруді процентсіз негізде жүргізетін болып белгіленсін.
      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жыл сайын жеңілдік несиелерін беруге байланысты банктердің шығынын қайтару үшін республикалық бюджетте қаржылардың болуын қарастырсын.
      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік банкіне үйлерінің құрылысын 1992 жылғы 1-қаңтарға дейін бастаған тұрғын үй-құрылыс кооперативтеріне несие берудің тәртібін анықтау, бұл ретте құрылыс толық аяқталғанға дейін оларға несие берудің бұрын қолданылып келген шарттарын сақтау қажеттігін ескеру ұсынылсын.
      5. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті:
      құрылыс құнының өзгеруіне қарай азаматтарға тұрғын үй шараларына берілетін жеңілдік несиелердің мөлшерін жыл сайын қайта қарап отыратын болсын;
      бір ай мерзімде жеке және кооперативтік тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелерін шешуде азаматтарға, кәсіпорындар мен ұйымдарға қосымша жеңілдіктер беру және экономикалық ынталылығын туғызуға бағытталған Қазақстан Республикасының заңдарындағы өзгерістер туралы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне ұсыныстар енгізсін, бұл орайда:
      жеке тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқан азаматтарға үй құрылысының нормативтік мерзімі ішінде үзіліссіз еңбек стажын сақтай отырып, негізгі жұмыс орны бойынша еңбек шартының күшін уақытша тоқтата тұру хұқын беруді;
      тұрғын үй құрылысы бойынша атқарылатын жұмыстар мен қызметтің қосылған құнына салынатын салықтан босатуды;
      тұрғын үй-азаматтық құрылыс үшін құрылыс және әрлеу материалдарын, конструкцияларын, бұйымдарын және үй тұрмысының заттарын өндіретін жаңа іске қосылған кәсіпорындарды жұмыс істеген алғашқы жылы салық төлемінен босатуды және екінші жылы оның пайдасына кесімді мөлшерінің 50 процентіне кемітілген салық салуды;
      кәсіпорындар мен ұйымдардың салық салынатын пайдасын жеке құрылыстардың территорияларын инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жұмсалатын шығынның сомасына, сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлеріне жеке және кооперативтік тұрғын үй құрылысына берілген несиелерді орнына салуға пайдаланылатын шығындардың сомасына кемітуді ескеретін болсын.
      6. Осы Жарлықтың қабылдануына байланысты Қазақ КСР Президентінің «Жеке тұрғын үй құрылысын және тұрғын үй кооперациясын одан әрі дамыту жөніндегі қосымша шаралар туралы» 1991 жылғы 19 наурыздағы Жарлығының 3 тармағы жетінші, оныншы және он бірінші абзацтарының және Қазақстан Республикасы Президентінің «Материалдық орта салаларындағы өндірісті тұрақтандыру және өркендету жөніндегі шаралар туралы» 1992 жылғы 8 ақпандағы Жарлығының 7 тармағы алтыншы абзацының күші жойылған деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н. Назарбаев


Дата вступления в силу:  10.04.1992
Дата изменения акта:  13.08.1997
Дата принятия акта:  10.04.1992
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  101000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  82540
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  715
Статус акта:  yts
Сфера правоотношений:  018004000000 / 006003013000 / 021011000000
Форма акта:  УКАЗ
Юридическая сила:  0500
Язык акта:  kaz