"Мемлекеттік рәміздер және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерле

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 9 тамыздағы № 974 Жарлығы

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі
актiлерiнiң жинағында
жариялануға тиiс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Мемлекеттік рәміздер және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградаларының геральдикасы мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 155 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия туралы ережеде:

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Жұмыс органы:

      1) Комиссияның қызметін ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етеді;

      2) ақпаратты жинауды, өңдеуді, мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау практикасын талдауды жүзеге асырады, осы саладағы жұмысты жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдайды;

      3) Комиссияның құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен, лауазымды адамдармен және ұйымдармен хат жазысуды жүргізеді;

      4) Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындауды және Комиссияның хаттамасын ресімдеуді жүзеге асырады;

      5) мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградаларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларының тізбесін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуді жүзеге асырады;

      6) Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиялар туралы үлгілік ережені әзірлеуді және бекітуді жүзеге асырады;

      7) Комиссияның қызметін қамтамасыз етуге қажетті өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.".

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев