Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
РҚАО-ның ескертпесі!
Осы Жарлық 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын қорғау жүйесін жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесi Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын қорғау жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беру жолымен қайта құрылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп Қазақстан Республикасының нормативтік құқытық актілеріне осы Жарлықтан туындайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қамтамасыз етсін;
2) "Ақпараттық қауіпсіздік саласында мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру орталығы", "Ақпаратты техникалық қорғау орталығы" мемлекеттік мекемелерін және "Алмас" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесiнің қарамағынан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағына беруді қамтамасыз етсін;
3) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесiнен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті штат санын беруді қамтамасыз етсін;
4) заңнамада белгіленген тәртіппен осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің мынадай жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) "Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 1 сәуiрдегі № 2922 Жарлығында:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi туралы ережеде:
1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының (бұдан әрі – ұлттық қауіпсіздік органдары) бірыңғай жүйесіне, барлау, қарсы барлау, жедел іздестіру қызметіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) күзетуге, Үкіметтік байланыс қызметінің және "А" Арнаулы мақсаттағы қызметінің міндеттерін іске асыруға басшылықты, құзыретіне жатқызылған қызмет салаларындағы ведомствоаралық үйлестіруді, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қорғау саласында бірыңғай саясатты іске асыруды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасында мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.";
11-тармақ мынадай мазмұндағы 8-7) және 8-8) тармақшалармен толықтырылсын:
"8-7) мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру;
8-8) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі құқықтық, әкімшілік, экономикалық, техникалық, бағдарламалық және криптографиялық шараларды әзірлеу;".
12-тармақ мынадай мазмұндағы 64-24), 64-25), 64-26), 64-27), 64-28), 64-29), 64-30) және 64-31) тармақшалармен толықтырылсын:
"64-24) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мемлекеттік құпияларды қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асырады, мемлекеттік құпияларды қорғау жүйесін дамытады және жетілдіреді;
64-25) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі құқықтық, әкімшілік, экономикалық, техникалық, бағдарламалық және криптографиялық шаралар жүйесін әзірлейді;
64-26) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлімшелердің кадрларын даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастырады;
64-27) мемлекеттік органдар мен ұйымдарға мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғау мәселелері жөнінде практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді;
64-28) ұлттық қауіпсіздік органдарында шифрды ашу жұмысын ұйымдастырады;
64-29) ұлттық қауіпсіздік органдарының құзыретіне жатқызылған қызмет салаларында техникалық регламенттерді әзірлейді, келіседі және бекітеді, сондай-ақ техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
64-30) қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын барлық органдардың міндеттерді шешу мүддесінде байланыс желісін пайдалануымен байланысты қарсы барлау, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын техникалық тұрғыдан жүзеге асырады;
64-31) ұлттық қауіпсіздік органдары пайдалану үшін Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органы бөлген радиожиілікті бөлуді және есепке алуды жүзеге асырады;";
124-6) тармақша алынып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 125-49) тармақшасымен толықтырылсын:
"125-49) "Алмас" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны өндіретін және сататын тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға белгілейді;";
"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағында тұрған ұйымдардың тізбесі" деген бөлім мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
"3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Алмас" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.";
"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және оның ведомстволарының қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесі" деген бөлімнің "Ұлттық қауіпсіздік комитеті" деген кіші бөлімі мынадай мазмұндағы 15 және 16-тармақтармен толықтырылсын:
"15. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақпаратты техникалық қорғау орталығы.
16. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақпараттық қауіпсіздік саласында мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру орталығы.";
2) құпия.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президентi |
Н. Назарбаев |