27.12.2013

Мемлекеттік қызметшілердің және мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервіне алынған адамдардың тағылымдамасын ұйымдастыру мен одан өту қағидаларын бекіту туралы

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 05.05.2018 № 681 Жарлығымен.

      "Мемлекеттік қызмет туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қызметшілердің және мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервіне алынған адамдардың тағылымдамасын ұйымдастыру мен одан өту қағидалары бекітілсін.

      2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 27 желтоқсандағы
№ 718 Жарлығымен
бекітілген

Мемлекеттік қызметшілердің және мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервіне алынған адамдардың тағылымдамасын ұйымдастыру мен одан өту
ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік қызметшілердің және мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервіне алынған адамдардың (бұдан әрі – резервшілер) тағылымдамасын ұйымдастыру мен одан өтуінің осы қағидалары "Мемлекеттік қызмет туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген және мемлекеттік қызметшілер мен резервшілердің тағылымдамасын ұйымдастыру мен одан өтуі тәртібін айқындайды.

      2. Тағылымдама мемлекеттік қызметшілер мен резервшілердің мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби білім мен тәжірибе алуы үшін жүргізіледі.

      3. Мемлекеттік қызметшілер мен резервшілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, олардың дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы өздеріне тиесілі еншілес ұйымдарында (бұдан әрі – компаниялар) тағылымдамадан өтеді.

      4. Мемлекеттік қызметшілер мен резервшілер тағылымдамадан ақысыз негізде өтеді.

      Мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер болып табылатын резервшілердің тағылымдамадан өтуінің барлық уақыты ішінде жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы сақталады.

2. Тағылымдаманы ұйымдастыру тәртібі

      5. Мемлекеттік қызметшілер мен резервшілердің тағылымдамадан өтуінің мақсаты, міндеттері, мерзімі мен орны тағылымдамадан өту кестесіне сәйкес ұйымдастырылады.

      6. Тағылымдамадан өту кестелерінің жобалары тағылымдамадан өту көзделген мемлекеттік органдармен және компаниялармен келісіледі. Кестелер жобаларын әзірлеу кезінде мемлекеттік қызметшілерден және резервшілерден ұсыныстар сұратылады.

      7. Мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамадан өту кестесін мемлекеттік қызметшілер жұмыс істейтін мемлекеттік органдар әзірлеп, бекітеді.

      Резервшілердің, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер болып табылатын резервшілердің тағылымдамадан өту кестесін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері әзірлеп, бекітеді.

      Тағылымдамадан өту кестелері жарты жылда бір рет бекітіледі.

      Мемлекеттік қызметшілердің басқа лауазымдарға тағайындалған, олардың босатылуы, уақытша еңбекке қабілетсіздігіне, демалыста, іссапарда болуымен байланысты жұмыста болмаған, сондай-ақ резервшілер кадр резервінен шығарылған жағдайда тағылымдамадан өту кестесіне өзгерістер енгізуге жол беріледі.

      8. Мемлекеттік органдардың тағылымдамадан өту кестелерін қалыптастыру жөніндегі қызметін үйлестіруді, мемлекеттік органдар мен компаниялардың тағылымдаманы ұйымдастыру жөніндегі қызметін талдауды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.

3. Тағылымдамадан өту тәртібі

      9. Тағылымдама үш айдан аспайтын мерзімге белгіленеді.

      10. Мемлекеттік қызметшілерді, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер болып табылатын резервшілерді тағылымдамаға жіберу тиісті мемлекеттік органның актісімен ресімделеді.

      Мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын резервшілерді тағылымдамаға жіберу мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің хатымен ресімделеді.

      11. Мемлекеттік қызметшілер мен резервшілерді тағылымдамаға қабылдайтын мемлекеттік органдар мен компаниялар өздерінің персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) ұсыныстары бойынша:

      1) тағылымдаманы ұйымдастыруға жауапты құрылымдық бөлімшелер тізбесі мен адамдарды айқындайды;

      2) мемлекеттік қызметшілері тағылымдамаға жіберілетін мемлекеттік органдар әзірлеген тағылымдаманың жеке жоспарларын, сондай-ақ резервшілер мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп әзірлеген тағылымдаманың жеке жоспарларын келіседі;

      3) тағылымдамадан өтетін мемлекеттік қызметшілер мен резервшілердің тағылымдаманың жеке жоспарын орындауы үшін жағдайлар жасайды;

      4) тағылымдаманың ұйымдастырылуына бақылауды жүзеге асырады.

      12. Мемлекеттік қызметшілер мен резервшілердің тағылымдамадан өтуін ұйымдастыруға жауапты адам:

      1) тағылымдамаға басшылықты жүзеге асырады;

      2) тағылымдамадан өтетін мемлекеттік қызметшілер мен резервшілерді тағылымдаманың жеке жоспарымен қолын қойдыра отырып таныстырады;

      3) тағылымдамадан өтетін мемлекеттік қызметшілер мен резервшілерге тағылымдамадан өту кезеңіне рұқсаттама ресімдеу жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      4) тағылымдамадан өтетін мемлекеттік қызметшілер мен резервшілерге тағылымдаманың жеке жоспарларына енгізілген мәселелер бойынша, оның ішінде мемлекеттік органның немесе компанияның өзге де қызметкерлерінің қатысуымен консультация береді;

      5) тағылымдамадан өтетін мемлекеттік қызметшілер мен резервшілердің тағылымдаманың жеке жоспарын орындауына бақылауды жүзеге асырады.

      13. Тағылымдамадан өтетін мемлекеттік қызметшілер мен резервшілер үшін еңбек күнінің ұзақтығы оларды тағылымдамаға қабылдайтын мемлекеттік органдар мен компаниялардың еңбек тәртібіне сәйкес белгіленеді.

4. Тағылымдаманы қорытындылау

      14. Тағылымдамадан өткен мемлекеттік қызметшілер мен резервшілер тағылымдама аяқталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тағылымдамадан өткен мемлекеттік органның немесе компанияның персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) тағылымдама бойынша тапсырмалардың орындалуы туралы жазбаша есеп ұсынады.

      Жазбаша есеп:

      1) тағылымдаманың жеке жоспарының орындалуы туралы ақпаратты;

      2) тағылымдама барысында алынған шеберлік, дағды, теориялық және практикалық білім туралы ақпаратты;

      3) мемлекеттік органның немесе компанияның жұмысын жақсарту жөніндегі ұсыныстарды қамтиды.

      15. Тағылымдаманы ұйымдастыруға жауапты адам тағылымдама аяқталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызметші немесе резервші тағылымдамадан өткен мемлекеттік органның немесе компанияның персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) ол туралы пікір ұсынады.

      Пікірде мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      1) тағылымдамадан өткен мемлекеттік қызметшінің немесе резервшінің тағылымдаманың жеке жоспарын орындауын бағалау;

      2) тағылымдамадан өткен мемлекеттік қызметшінің немесе резервшінің кәсіби даярлығын бағалау;

      3) тағылымдамадан өткен мемлекеттік қызметшінің немесе резервшінің алдағы қызметі жөніндегі ұсынымдар.

      16. Мемлекеттік қызметші немесе резервші тағылымдамадан өткен мемлекеттік органның немесе компанияның персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) тағылымдама аяқталған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызметшіні немесе резервшіні тағылымдамадан өтуге жіберген мемлекеттік органға жазбаша есеп пен пікірдің көшірмесін жолдайды.

      17. Мемлекеттік қызметшілерді тағылымдамаға жіберген мемлекеттік органдар тағылымдамадан өтуге мониторинг және талдау жүргізеді. Жүргізілген мониторинг пен талдаудың нәтижелері бойынша мемлекеттік қызметшілер мен резервшілердің қызметін жақсартуды талап ететін бағыттар, оларды оқыту мен мемлекеттік қызметті өткеруі бойынша ұсыныстар тұжырымдалады.

5. Қорытынды ережелер

      18. Мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметшілердің қызмет ерекшеліктерін ескере отырып, осы Қағидаларға сәйкес олардың тағылымдамасын ұйымдастыру мен одан өтуі тәртібін дербес айқындай алады.

      19. Мемлекеттік қызметшілер мен резервшілердің тағылымдамасын ұйымдастыру мен одан өтуі жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.


Дата вступления в силу:  27.12.2013
Дата изменения акта:  05.05.2018
Дата принятия акта:  27.12.2013
Информация об официальном опубликовании акта:  "Егемен Қазақстан" 31.12.2013 ж. № 285 (28224); "Казахстанская правда" от 31.12.2013 г. № 347 (27621); Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 76, 992-құжат
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  101000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  76235
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  718
Статус акта:  yts
Сфера правоотношений:  002004001000 / 002004002000 / 002010010000
Форма акта:  УКАЗ
Юридическая сила:  0500
Язык акта:  kaz