05.05.1999

Маңғыстау облыстық сотының Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 292-бабының алтыншы бөлігін конституциялық емес деп тану туралы ұсынымы жөнінде

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі құрамында Төраға Ю.А.Ким және Кеңес мүшелері Н.І.Өкеев, Ж.Д.Бұсырманов, А.Е.Есенжанов, А.К.Котов, Қ.Ә.Омарханов және В.Д.Шопин қатысқан, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы М.С.Нәрікбаевтың, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары С.О.Оңғарбаевтың, Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі К.А.Мәмидің, сарапшы-заң ғылымдарының докторы, Д.Қонаев атындағы Гуманитарлық университеттің профессоры М.Ч.Қоғамовтың қатысуымен, Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 17-бабы 4-тармағы 1) тармақшасына сәйкес, ашық отырысында Маңғыстау облыстық сотының Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 292-бабы алтыншы бөлігін конституциялық емес деп тану туралы ұсынымын қарады. 
      Қолда бар материалдарды зерделеп шығып, баяндамашы Қ.Ә.Омархановтың хабарламасын және отырыс қатысушыларының сөйлеген сөздерін тыңдап, Конституциялық Кеңес мынаны анықтады:

      1999 жылғы 6 сәуірде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне Республика Конституциясының 78-бабына сәйкес Маңғыстау облыстық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ҚІЖК) 292-бабы алтыншы бөлігін конституциялық емес деп тану туралы ұсыныммен өтінім берді. 
      Маңғыстау облыстық сотының өтінім беруіне Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төралқасының Өтегенов пен Дядовке қатысты қылмыстық іс бойынша қаулысы себеп болды. Жәбірленуші Т.Самутинаның шағымы бойынша бұл сот сатысы, айыпталушылардың жағдайын нашарлататын негіз бойынша, алдында болып өткен барлық сот қаулыларының күшін жойған және істі жаңадан қарауға жіберген. 
      Маңғыстау облыстық соты, ҚІЖК-нің 461-бабы екінші бөлігінде белгіленген шағым беру мерзімін Самутина өткізіп алғандықтан, Жоғарғы Сот төралқасы оның шағымын өндіріске қабылдауға тиіс емес еді деп есептейді. Алайда, айыпталушы Дядов пен оның қорғаушысы Жоғарғы Сот пленумына төралқаның заңсыз қаулысына шағым бере алмайды, себебі жергілікті соттар бірінші саты бойынша қарайтын істердің категориялары үшін Жоғарғы Соттың төралқасы соңғы - ең жоғары қадағалау сатысы болып табылады. Облыстық соттың пікірі бойынша, Жоғарғы Сот пленумының ҚІЖК-нің 292-бабы екінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларға қатысты істер бойынша осы сот төралқасының қаулыларын қайта қарай алу мүмкіндігін көздейтін ҚІЖК-нің 292-бабы алтыншы бөлігі, Жоғарғы Сот төралқасы олар үшін соңғы саты болып табылатын азаматтардың өзге категориясының сот арқылы қорғалу құқығына нұқсан келтіреді. Мұнда облыстық сот азаматтардың Республика Конституциясының 13-бабы 2-тармағында (өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы) және 39-бабы 3-тармағында (13-бапта көрсетілген құқықтарды шектеуге жол бермеу) бекітілген құқықтарына нұқсан келтіруді көріп отыр. Баяндалғанды есепке алып, Маңғыстау облыстық соты 1999 жылғы 5 наурызда бұл іс бойынша өндірісті тоқтата тұрды және ҚІЖК-нің 292-бабы алтыншы бөлігін Республика Конституциясына сәйкес емес деп тану туралы ұсыныммен Конституциялық Кеңеске өтінім берді. 
      Маңғыстау облыстық сотының Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 292-бабы алтыншы бөлігінің конституцияға сәйкестілігін тексеру туралы ұсынымын қарау кезінде Конституциялық Кеңес мыналарды ескерді. 
      13-баптың 2-тармағында адамның, азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығын белгілей отырып, Республика Конституциясы бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін әркімнің сотқа өтінім бере алу мүмкіндігін көзде тұтады. Сонымен бірге Конституция бұл конституциялық құқықты жүзеге асырудың тәртібін анықтамайды. Конституцияның 75-бабынан және 77-бабының 3-тармағы 3) тармақшасынан бұл механизм сот жүйесінің ұйымдық-құқылық құрылуының және сот төрелігі іске асырылуының мәселелерін реттейтін Республика заңдарында белгіленетіні келіп шығады. 
      Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасы істердің соттылығы туралы ережелердің болуын көзде тұтады. Соттардың әртүрлі деңгейінің құзыреті заңмен олардың басқаруына жатқызылған істердің шеңбері бойынша ғана анықталады. Сонымен бірге еліміздің сот жүйесінің барлық буындарында істерді қараудағы іс жүргізу тәртібі барлық сотталушыларға қатысты бірыңғай және міндетті болып табылады және тұлғалардың бір тобына қандай-да бір жеңілдіктер жасамайды, сондай-ақ кімнің де өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуы құқығына нұқсан келтірмейді. 
      Жергілікті соттар қаулы еткен үкімдер үшін, ҚІЖК-і заңдылықты сақтау және сот қателіктерін болдырмау мүддесін көздей отырып, оларды қайта қараудың бірнеше сатыларын белгілейді. 
      ҚІЖК-нің 292-бабы екінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың қылмыстары туралы қылмыстық істерді тек қана Жоғарғы Соттың қарауы Конституцияның 13-бабы 2-тармағының және 14-бабының талаптарына қайшы келмейді. Бұл тұлғалардың ерекше құқықтық мәртебесін ескеріп, заң олар үшін республиканың ең жоғарғы сот органының соттылығын белгілейді, бұл Конституцияның талаптарын бұзбайды және өзге азаматтардың құқықтарын кемсітпейді. Сонымен бірге, істердің мұндай категорияларына соттылық талаптарын тарату үшін Жоғарғы Сот пленумына қадағалау органының функциясы беріледі. 
      ҚІЖК-нің 292-бабының екінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар жасайтын қылмыстар үлкен қоғамдық қауіп тудырады, заңның қорғауындағы құндылықтардың маңыздырақ объектілеріне қастандық келтіреді. Сондықтан бірқатар жағдайларда олардың лауазым бабы ауырлататын жағдай болып табылады, бұл да сондай-ақ қылмыстық істердің соттылығын алдынан анықтайды. 
      Конституцияның 14-бабы 1-тармағының талаптары, Республика Конституциясының Республикада сот төрелігін сотта іс жүргізудің белгіленген нысандары арқылы тек қана сот жүзеге асырады делінген 75-бабымен келісіледі. Сонымен бірге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіруді немесе тұлғалардың қандай-да бір категориясына жеңілдіктер жасауды болдырмау мақсатында соттардың міндеттері мен өкілеттіктері бар қандай-да бір органдарды құруға жол берілмейді. Бұл мағынада адам және азамат, сот төрелігін жүзеге асыруға ерекше құқық берілген мемлекеттік орган болып табылатын сот алдында өзінің құқықтары мен міндеттері бойынша тең. 
      Баршаның заң алдындағы теңдігі жеке адамның құқықтары мен міндеттерінің теңдігін, бұл құқықтарды мемлекеттің теңдей қорғайтындығын және бірдей негіздер бойынша әркімнің заң алдындағы тең жауапкершілігін білдіреді. Республика Конституциясының 39-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге тек заңдар арқылы жол беріледі. 
      Республика Конституциясы Жоғарғы Сот пленумы өкілеттілігінің заң шығарушы тәртіппен өзгертілуіне тосқауыл қоймайды. 
      Сондықтан, Конституциялық кеңес ҚІЖК-нің 292-бабының алтыншы бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейді деп есептейді. 
      ҚІЖК-нің 292-бабы алтыншы бөлігінің Республика Конституциясына сәйкестілігі туралы мәселені шеше отырып, Конституциялық Кеңес, сонымен бірге, іс жүргізу заңының аталған нормасының нақты іс бойынша Өтегенов пен Дядовке қатысты дұрыс қолданылуын қарамайды, өйткені бұл оның өкілеттілігіне кірмейді. 
      Баяндалғанның негізінде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 2-тармағын, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 33, 37 және 38-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 292-бабының алтыншы бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағында көзделген жағдайды ескеріп, шағымдануға жатпайды.

       Қазақстан Республикасының
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы

      


Дата вступления в силу:  05.05.1999
Дата изменения акта:  05.05.1999
Дата принятия акта:  05.05.1999
Место принятия:  100051000000
Орган, принявший акт:  106000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  2738
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  8
Статус акта:  new
Сфера правоотношений:  001008000000 / 029002000000
Форма акта:  ПОСТ
Юридическая сила:  0200
Язык акта:  kaz