ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініш субъектілері С.-ның және А.М. Глинскаяның, олардың өкілдері – адвокат Т.О. Азадовтың және заң консультанты Ю.А. Богатыревтың,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі Т.Б. Адамовтың,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі – Төраға орынбасары С.С. Мүксімовтің,
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі – вице-министр Е.Ж. Тұяқбаевтың,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Экономика салаларының заңнама департаментінің директоры С.А. Жукеновтің,
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – басшы орынбасары Ә.Ж. Сабыровтың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі Т.Ю. Сыздыкованың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – аға ғылыми қызметкер А.А. Сейдімбектің,
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының өкілі – Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Қ.Х. Рахимбердиннің қатысуымен,
өзінің ашық отырысында С.-ның және А.М. Глинскаяның 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ЕК) 160-бабы бесінші бөлігі бірінші және екінші абзацтарының, 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 455-бабының және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының (бұдан әрі – Жоғарғы Сот) "Сот актілерін жаңадан ашылған немесе жаңа мән жайлар бойынша қайта қарау кезінде соттардың Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің нормаларын қолдануы туралы" 2017 жылғы 8 желтоқсандағы № 12 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – ЖС НҚ) 1-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) сәйкестігін тексеру туралы өтініштерін қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.С. Мусинді және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ЕК-нің 160-бабы 2) тармақшасы бесінші және алтыншы абзацтарының, АПК-нің 455-бабы екінші және үшінші бөліктерінің Конституцияның 12-бабының 1 және 2-тармақтарына, 13-бабының 2-тармағына, 14-бабына, 39-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкестігін қарау туралы С.-ның өтініші келіп түсті.
Өтініш мазмұнынан және оған қоса берілген құжаттардан С.-ның қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – ҚқҚ туралы заң) 80-бабы 1-тармағының 12) және 13) тармақшаларына сәйкес ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылғанын түсінуге болады. Жұмыстан шығаруға қызметтік тексеру материалдары негіз болған.
Сот өзінің шешімімен оның жұмыстан шығарылуын заңды деп танып, С.-ның сотқа жүгіну мерзімін ұзарту туралы өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдырған және жауапкердің өтінішхатындағы жұмысқа қайта алу туралы талап қоюын ЕК-нің 160-бабында көзделген талап қоюдың ескіруінің үш айлық мерзімін өткізіп алуына байланысты қанағаттандырудан бас тартқан.
Жоғары тұрған соттар бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.
2025 жылғы 3 сәуірде өтініш берушінің Жоғарғы Сот Төрағасының іс бойынша қабылданған сот актілерін қайта қарау туралы ұсыну енгізуі туралы өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған.
Өтініш субъектісінің өтінішхаты бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жою туралы енгізген наразылығын Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2026 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен қанағаттандырусыз қалдырған.
С. ТК-нің 160-бабы талаптарына талап қоюдың ескіруінің жалпы мерзімі қолданылатын басқа азаматтармен салыстырғанда, жұмыстан шығарылуына дау айтатын азаматтар үшін сотқа жүгінудің едәуір аз мерзім белгілейтіндіктен, өзінің құқықтарын сот арқылы қорғауға және кемсітушіліктен қорғауға қатысты конституциялық құқықтары бұзылып отыр деп есептейді.
С. өзінің жұмыстан шығарылуына негіз болған қызметтік тәртіп пен әдепті бұзуы және кір келтіретін теріс қылық жасауы заңды күшіне енген сот үкімімен толығымен теріске шығарылды деп көрсетеді. Алайда, АПК-нің 455-бабының екінші және үшінші бөліктері С.-ның әрекеттерінде қандай да бір заң бұзушылық жоқ деп анықтаған заңды күшіне енген сот үкімі секілді заңды фактінің азаматтық іс бойынша шешімді қайта қарауға негіз ретінде көздемеуіне байланысты ол жаңа мән-жайлар бойынша өз құқықтарын қалпына келтіру үшін сотқа жүгіну мүмкіндігінен айырылып отыр.
А.М. Глинскаяның Павлодар облыстық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 қазандағы қаулысын АПК-нің 455-бабының тәртібімен қайта қарау туралы өтінішін Павлодар облыстық сотының судьясы 2025 жылғы 12 мамырдағы ұйғарымымен қайтарғандықтан, ол да Конституциялық Сотқа АПК-нің 455-бабының Конституцияның 4, 13, 14 және 76-баптарына сәйкестігін қарау туралы өтініш берді. Сот өзінің қайтаруында ол ұсынып отырған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімі АПК-нің 455-бабында көзделген қайта қарау негіздеріне жатпайды деп уәж келтірген. Өтініш субъектісі АПК-нің 455-бабы өзін сот арқылы қорғалудың тиімді тетігінен айыратындықтан, бір-біріне қайшы келетін сот актілерінің қолданылуына жол беретіндіктен және құқықтарды қорғауды дауды қараудың процестік нысанына тәуелді ететіндіктен, аталған бап өзінің конституциялық құқықтарын бұзады деп санайды.
"Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 49-бабы 2-тармағының негізінде С.-ның және А.М. Глинскаяның өтініштері Конституциялық Соттың 2026 жылғы 6 мамырдағы қаулысымен бір конституциялық іс жүргізуге біріктірілді.
Конституциялық Сот өтініш субъектісі С. дау айтып отырған ережелер құрылымы жағынан ЕК-нің 160-бабы бесінші бөлігінің бірінші және екінші абзацтарына жатады, сондықтан "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген құрылымға сәйкес ЕК-нің 160-бабының ережелері конституциялық тексеру нысанасы болып табылады атап өтеді.
ЖС НҚ-ның 1-тармағының дау туғызып отырған төртінші абзацы Жоғарғы Соттың 2026 жылғы 11 маусымдағы № 6 нормативтік қаулысымен қолданыстағы құқықтан алып тасталуына байланысты Конституциялық заңның 38-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Конституциялық Соттың 2026 жылғы 12 маусымдағы қаулысымен ЖС НҚ-ның 1-тармағының Конституцияға сәйкестігін қарау бөлігінде конституциялық іс жүргізу тоқтатылды.
Аталған ЕК және АПК нормаларының конституциялылығын тексеріп, өтініштер нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Негізгі Заңның 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы адам құқықтары мен бостандықтарына қарай анықталады (Конституцияның 12-бабының 2-тармағы).
Сот шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады (Негізгі Заңның 76-бабының 3-тармағы).
Негізгі Заңның 13 және 24-баптарының ережелері еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау, заңмен белгіленген тәсілдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу, бұзылған құқықтарды сот арқылы қорғау құқықтарын бекіте отырып, еңбек қатынастары саласындағы адам құқықтарын қорғаудың конституциялық негізін құрайды.
Еңбек ету бостандығы құқығы – адамның іргелі әлеуметтік құқықтарының бірі. Еңбек ету құқығы әр адамның өз еркiмен таңдап алған немесе өз еркiмен келiскен еңбегімен күнкөрiс жасау мүмкiндiгiн қамтиды (2005 жылғы 21 қарашадағы № 87 Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің 6-бабының 1-тармағы). Осы еңбек адамға лайықты өмір сүруді, экономикалық дербестікті және қоғам өміріне толыққанды қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ететіндіктен, еңбек ету құқығы адам бостандығы мен әлеуметтік қорғалу негіздерінің бірі ретінде қаралады.
Тиісінше, конституциялық кепілдіктердің мазмұнын негізге ала отырып, мемлекет еңбек құқықтарының сот арқылы қорғалуының әділ тетіктерін және бұзылған құқықтардың тиімді қалпына келтірілуін қамтамасыз етуге міндетті.
2. Жұмыстан шығару (жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу) жұмыскерді едәуір ауыр салдарға: табыс көзінен, кәсіптік мәртебеден, жұмыспен қамтылуға байланысты әлеуметтік кепілдіктерден, ал құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты еңбек сіңірген жылдарынан және белгіленген талаптарға сәйкес келгенде тиісті зейнетақымен қамсыздандырылу құқығынан айыруға әкеп соғады. Жұмыскердің жұмыстан шығарылу салдарын азаматтың басқа еңбек құқықтарының бұзылу салдарымен, мысалы, жекелеген төлемді кешіктірумен немесе демалыс беруден бас тартумен салыстыруға келмейді. Сондықтан заң шығарушы жұмыс берушінің мұндай шешімінің жұмыскерге тигізетін құқықтық, материалдық және әлеуметтік салдарын негізге ала отырып, жұмысқа қайта алу туралы дауларды жалпы жеке еңбек дауларынан негізді түрде бөліп көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі 1999 жылғы 29 наурыздағы № 7/2 нормативтік қаулысында Конституцияның 13-бабы 2-тармағының нормасы кез келген адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін сотқа шағым жасау құқығын білдіреді деп белгілеп берді. Бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, яғни адам құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуының іске асатындығы, Конституциялық Соттың пікірінше, сотқа жүгінудің заңда белгіленген мерзімнің ұзақтығымен ғана емес, осындай мерзімді тиімді пайдалану мүмкіндігімен де қамтамасыз етіледі.
ЕК-нің 159-бабы 1-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес жеке еңбек дауларын жұмыс беруші өкілдері мен жұмыскерлер өкілдерінің бірдей санынан тепе-тең негізде ұйымдарда құрылатын келісу комиссиясы, ал реттелмеген мәселелер не келісу комиссиясының шешімі орындалмаған жағдайлар бойынша соттар қарайды.
ЕК-нің 160-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында жұмысқа қайта алу туралы дауды шешу бойынша жүгінудің мынадай мерзімдері белгіленген: келісу комиссиясына жүгіну үшін – бір ай, келісу комиссиясының шешімінен кейін сотқа жүгіну үшін – екі ай.
Осы ереже еңбегі Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен ЕК-де реттелетін жұмыскерлердің жекелеген санаттарына, оның ішінде әскери қызметте тұратын жұмыскерлерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайды (ЕК-нің 159-бабы 1-тармағының екінші бөлігі). Аталған жұмыскерлер санатына сотқа тікелей жүгіну құқығы заңмен мынадай мерзімдермен берілген: жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша – жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы актісінің көшірмесі табыс етілген немесе поштамен жіберілген күннен бастап – үш ай мерзім; басқа еңбек даулары бойынша – жұмыскер өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуі тиіс болған күннен бастап – бір жыл.
3. Заң шығарушы жұмыстан шығарылу салдарының ауырлығын негізге ала отырып, жұмысқа қайта алу туралы дауларды жалпы жеке еңбек дауларынан бөліп көрсетеді. Сонымен бірге, ЕК-нің 160-бабының бесінші бөлігінде даулардың осы санаты үшін сотқа жүгінудің үш айлық қысқартылған мерзімі белгіленген, ал басқа еңбек даулары бойынша бір жылдық мерзім қолданылады. Бұл ретте тиісті заңнамалық өзгерістерді қабылдау үшін бірге ұсынылатын материалдардан сот арқылы қорғалу мерзімдерін осылай саралаудың қажеттігіне анық негіз жоқ.
Жоғарыда аталған ЕК нормаларына және Жоғарғы Соттың "Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2024 жылғы 28 қарашадағы № 1 нормативтік қаулысына сәйкес арнайы заңдарда әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, мемлекеттік қызметшілердің жеке еңбек дауларын келісу комиссияларында қарау мүмкіндігі көзделмеген.
Конституциялық Сот мемлекеттің құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлері үшін шектеулер белгілеу құқығын, мұндай шектеулер лауазымдық міндеттердің сипатына негізделген және аталған органдар қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайда дәйекті түрде таниды.
Конституциялық бақылау органы заң шығарушы мұндай заңдарды қабылдай отырып, конституциялық құқықтар мен бостандықтардың мәнін бұрмаламай және Конституцияда айқындалған мақсаттарға сәйкес келмейтін шектеулерді енгізбей, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің жол берілетін конституциялық шегін негізге алуға міндетті деп бірнеше рет атап өткен болатын (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 14 шілдедегі № 22-НҚ, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ, 2023 жылғы 20 қыркүйектегі № 28-НҚ және 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 38-НҚ нормативтік қаулылары).
Конституцияның 33-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметке, оның жекелеген түріне жататын құқық қорғау қызметіне кандидаттарға қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана негізделеді. ҚқҚ туралы заңның 17-бабында белгіленген шектеулер қызметтік міндеттерін орындаған кезде қызметкердің мінез-құлқын реттейді және ол құқық қорғау қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету қажеттігіне негізделген.
Сонымен бірге жұмыстан заңсыз шығару туралы еңбек даулары қызмет тоқтатылғаннан кейін туындайды және лауазымдық міндеттерді атқаруға қатысы болмайды. Жұмыскерлердің осы санатының жұмыстан шығаруға дау айтуына қысқартылған мерзімді белгілеу қызметтік шектеулердің сипатына байланысты емес және оның объективті негіздемесі жоқ.
4. Салыстырмалы-құқықтық талдау көрсеткендей, бірқатар шет елдердің құқық қолдану практикасында жұмыстан шығаруға дау айтудың қысқартылған мерзімдері, әдетте еңбек құқықтарын қорғаудың кешенді тетіктері шеңберінде қолданылады.
Мұндай тетіктердің қатарына еңбек даулары бойынша істерді қарауда жеңілдетілген рәсімдері бар мамандандырылған соттар, міндетті ымыраға келу рәсімдері, дамыған кәсіподақтық құқықтық көмек жүйесі, сот шығыстарын сақтандыру, жұмыскерлердің өкілді органдарының жұмыстан шығару рәсімдеріне қатысуы, сондай-ақ жұмыскер ақылға қонымды сақтық танытқан кезде сот арқылы қорғалуына уақтылы жүгіну мүмкіндігінен объективті түрде айырылған жағдайларда өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру мүмкіндігі жатады.
Аталған тетіктер сот әділдігінің нақты қолжетімділігін қамтамасыз етуге және құқықтық айқындылық талаптары мен еңбек құқықтарын сот арқылы қорғаудың тиімділігі арасындағы теңгерімді сақтауға бағытталған.
Конституциялық Сот заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең болуы басты конституциялық қағидаттардың бірі деп атап өтеді. Бұл қағидат адамдардың құқықтық жағдайындағы айырмашылықтарда объективті және ақылға қонымды негіздемесі болуын, олардың реттелетін қатынастардың ерекшеліктерімен байланысты болуын және конституциялық маңызды мақсаттарға сәйкес келуін көздейді. Өздерінің еңбек құқықтарын қорғайтын адамдар қорғалу тәсіліне қарамастан бірдей құқықтық жағдайда болады, ол қалпына келтіруді талап ететін бұзылған еңбек құқығына негізделеді.
Өзінің жұмыстан шығарылуына шағым жасаған жұмыскер де, басқа да еңбек құқығының бұзылғанына байланысты сотқа жүгінген жұмыскер де сол бір еңбек ету бостандығы конституциялық құқығын қорғайды (Конституцияның 24-бабы) және сот арқылы қорғалу құқығын іске асырады (Конституцияның 13-бабының 2-тармағы). Қорғалу тәртібіндегі айырмашылық жұмыскердің өз қалауына емес, еңбек қатынастарының тиісті санатының заңнамалық тұрғыдан белгіленуіне негізделген. Екі жағдайда да адам бұзылған құқығын қалпына келтіру үшін жүгінеді, сондықтан берілетін процестік кепілдіктер көлеміндегі айырмашылықтарда нормативтік негіздеме жеткілікті болуға тиіс.
Бұған дейін Конституциялық Сот құқық субъектілерінің құқықтары мен міндеттерінде айырмашылықтарға алып келетін құқықтық реттеуді кез келген саралауды заң шығарушы Конституция талаптарын, оның ішінде заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең қағидатына сәйкес келетін талаптарды сақтай отырып жүзеге асыруға тиіс деп атап өткен болатын. Конституцияның 14-бабының 1-тармағында көзделген бұл қағидат қабылданатын заңдарда адамдардың құқықтарында объективті және ақылға қонымды негіздемесі жоқ айырмашылықтар белгіленбейді дегенді білдіреді (2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 56-НҚ нормативтік қаулы).
Конституциялық Сот Конституцияның 39-бабына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық маңызды мақсаттарға қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін деп атап өткен болатын. Мұндай шектеулер әділдік, мөлшерлестік және құқықтық айқындылық талаптарына сай келуге тиіс (2025 жылғы 23 сәуірдегі № 71-НҚ нормативтік қаулы). Конституциялық Сот сот арқылы қорғалу құқығын іске асыруға қатысты кез келген шектеулер көзделген мақсаттарға барабар болуға және бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге шамадан тыс кедергі келтірмеуге тиіс деп санайды.
Жұмысқа қайта алу туралы еңбек дауы – жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы жанжалды жағдайдың ең жоғары деңгейінің салдары болып табылады және жұмыскердің аса маңызды құқықтары мен мүдделерін қозғайды. Сонымен бірге, оны шешу үшін заң шығарушы ең аз мерзім белгілеген, барлық басқа еңбек даулары бойынша жұмыскердің, оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болған жұмыскердің сотқа жүгінуіне өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл мерзім беріледі. Бұл мерзім қарапайым жұмыскерлерге де, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне де қолданылады.
Конституциялық Сот жұмысқа қайта алу туралы еңбек даулары бойынша сотқа жүгіну мерзімін қысқарту қажеттігін туғызатын айқын жария және өзге де мүдделер болмаған кезде еңбек дауының түріне байланысты жұмыскерлердің еңбек құқықтарын сот арқылы қорғауды қамтамасыз етуде заңнамалық диспропорцияны белгілеудің ақылға қонымды негіздемесі жоқ деп санайды.
5. АПК-нің 455-бабында заңды күшіне енген сот шешімдерін, ұйғарымдарын және қаулыларын мән-жайлардың екі түрі бойынша: жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау көзделеді. АПК-нің 455-бабының бірінші бөлігінде, туындаған немесе орын алған, алайда олар туралы сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін белгілі болған, бұрын қаралған істі дұрыс шешу үшін айтарлықтай маңызы бар заңды фактілер қайта қарауға негіздер болады деп белгіленеді. АПК-нің 455-бабының екінші бөлігінде негіздердің үш тобы: жалған айғақтар; процеске қатысушылардың немесе судьялардың қылмыстық құқық бұзушылығы; дау айтылып отырған шешімге негіз болған сот актісінің немесе мемлекеттік орган қаулысының күшін жою секілді негіздер қамтылған.
Осы баптың үшінші бөлігінде санамаланған преюдициялық актінің күшін жою, мәмілені жарамсыз деп тану, қолданылған норманы конституциялық емес деп тану, төрелік шешімнің күшін жою жаңа мән-жайларға жатады.
АПК-нің 455-бабының ережелеріне жүргізілген жүйелі талдау оның нормативтік құрылымында ерекшеліктер бар екенін көрсетті, бұл оған сот арқылы қорғалу құқығын қамтамасыз ету тұрғысынан баға беруді талап етеді.
Конституциялық Соттың пікірінше, осы баптың бірінші бөлігінде жалпы құқықтық тәсіл бекітіледі, оған сәйкес істі дұрыс шешу үшін айтарлықтай маңызы бар және шешім заңды күшіне енгеннен кейін белгілі болған заңды фактілер болған кезде сот актісін қайта қарауға жол беріледі. АПК-нің 455-бабының екінші және үшінші бөліктері қайта қарау негіздерінің толық тізбесін белгілеу арқылы осы тәсілді нақтылай түседі. Бірақ мұндай заңнамалық құрылым бірінші бөлікте тұжырымдалған өлшемшарттарға сәйкес келетін жекелеген заңды фактілер формалды түрде осы тізбеге жатпайтын жағдайларға алып келуі мүмкін.
Нәтижесінде, кейіннен үкіммен немесе өзге де сот актісімен теріске шығарылған мән-жайлар негізінде ісі шешілген адам бұрын қабылданған шешімді қайта қарауға бастамашылық жасау мүмкіндігінен айырылып қалуы мүмкін.
Мұндай жағдайларда соттың да нақты негіздері кейін заңды күшіне енген басқа сот актісімен күмән тудырған не теріске шығарылған сот шешімін өзгерту мүмкіндігі шектелген.
АПК-нің 76-бабының үшінші бөлігіне сәйкес соттың заңды күшіне енген үкімі әрекеттердің орын алғаны-алмағаны және оларды осы адамның жасаған-жасамағаны туралы мәселелер бойынша азаматтық істі қарайтын сот үшін, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және оларға құқықтық баға беруге қатысты міндетті болады.
Қолданыстағы реттеу тетігі азаматтық іс қаралып жатқан кезде үкім бар болған жағдайда ғана оның міндетті күші толық көлемде іске асырылуына жол береді.
Егер үкім азаматтық іс бойынша шешім заңды күшіне енгеннен кейін шығарылса, АПК-нің 455-бабының екінші және үшінші бөліктерінің ережелері бұрын қабылданған сот актісін қайта қарау кезінде ол анықтаған мән-жайларды ескерудің тікелей тетігін көздемейді.
Ұқсас жағдай АПК-нің 455-бабы мен 76-бабының сегізінші бөлігі арасында өзара байланыс болған кезде де туындайды, 76-бапта заң шығарушы әкімшілік іс бойынша заңды күшіне енген сот шешімімен анықталған әкімшілік актінің заңсыздығы оның азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қараған кезінде қайтадан дәлелденбейді деп көзделеді. Алайда, АПК-нің 455-бабында, егер әкімшілік актінің заңсыздығы туралы әкімшілік соттың шешімі актіден кейін шығарылса, азаматтық іс бойынша бұрын шығарылған сот актісін қайта қараудың тиісті тетігі қамтылмаған.
Осылайша, АПК-нің 455-бабының екінші және үшінші бөліктері бұрын қабылданған шешімнің нақты негіздерін теріске шығаратын мән-жайлар заңды күшіне енген басқа сот актісімен анықталған жағдайларда сот актісін қайта қарау мүмкіндігін іс жүзінде жол бермейді.
Конституциялық Соттың пікірінше, мұндай реттеу тетігі Конституцияның 13-бабында кепілдік берілген тиімді сот арқылы қорғалу құқығын іске асыруды және бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді толық көлемде қамтамасыз етпейді, сондай-ақ Конституцияның 14 және 76-баптарынан туындайтын заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең болуы және әділ сот төрелігі қағидаттары тұрғысынан баға беруді талап етеді.
Осы жазылғандарың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 160-бабы бесінші бөлігінің бірінші және екінші абзацтары жеке еңбек дауларын қарау бойынша келісу комиссиясына жүгінбей, сотқа жүгінуге құқығы бар еңбек қатынастарына қатысушылар үшін жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша сотқа жүгінудің үш ай мерзімін белгілеу бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін жұмыскерлердің аталған санаты үшін жұмысқа қайта алу бойынша сотқа жүгінудің мерзімін айқындаған кезде Қазақстан Республикасының Конституциясы және осы Кодекстің 160-бабы бесінші бөлігі үшінші абзацының еңбек даулары бойынша сотқа жүгінудің бір жыл мерзімі туралы ережесі басшылыққа алынсын.
2. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 455-бабының бірінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 455-бабының екінші және үшінші бөліктері қайта қарауға жататын сот актісінің нақты негіздерін теріске шығаратын мән-жайлар анықталған заңды күшіне енген басқа сот актісі, осы мән-жайлар бұрын қаралған істі дұрыс шешуге айтарлықтай маңызды болған кезде және шешім шығарғанда сотқа белгілі болмаған кезде, сот актісін қайта қарау үшін негіз ретінде көзделмейтін бөлікте Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін сот актілерін осы бөлікте қайта қараған кезде Қазақстан Республикасының Конституциясы және осы Кодекстің 455-бабының бірінші бөлігі басшылыққа алынсын.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланған күннен бастап алты айдан кешіктірілмейтін мерзімде еңбек және азаматтық процестік заңнаманы Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыдағы құқықтық ұстанымдарына сәйкес жетілдіруге бағытталған заң жобасына бастамашылық жасасын.
Қабылданған шаралар туралы көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берілсін.
5. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
6. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
|
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |