ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініші субъектісі С.В. Харахориннің және оның өкілі – адвокат М.Ю. Григорьевтің,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Д.М. Ваисовтың,
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілі – Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Төрағасының орынбасары Ю.Р. Овечкинаның,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі Т.Б. Адамовтың,
Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының өкілі – төраға орынбасары Г.А. Смагуловтың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – басшы орынбасары Ә.Ж. Сабыровтың,
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – Әлеуметтік сала және экономика салалары бөлімінің аға ғылыми қызметкері А.А. Сейдімбектің,
Парламентаризм институтының өкілі – норма шығару жұмысы басқармасының атқарушы директоры заң ғылымдарының кандидаты А.К. Канатовтың қатысуымен,
өзінің ашық отырысында С.В. Харахориннің "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Атқарушылық іс жүргізу туралы заң) 118-бабы 1-тармағы екінші бөлігінің және Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 27 маусымда № 32907 болып тіркелген "Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 416 бұйрығымен (бұдан әрі – Бұйрық) бекітілген жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлеріне ескертпенің үшінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Е. Жатқанбаеваны және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Атқарушылық іс жүргізу туралы заңның 118-бабы 1-тармағы екінші бөлігінің және Бұйрыққа ескертпенің үшінші абзацының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 13-бабының 2-тармағына, 27-бабына және 76-бабының 3-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.
Iс материалдарынан өтініш субъектісі берген талап қою арызының негiзiнде оның балаларымен қарым-қатынас жасау тәртiбiн айқындау туралы сот шешiмі шығарылғанын түсінуге болады. Дау айтылып нормаларға сәйкес баламен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу шығыстары өндіріп алушы мен борышкерге тең үлестермен жүктеледі.
С.В. Харахориннің пікірінше, өз пайдасына шығарылған сот шешімін орындау бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі міндетті өндіріп алушыға жүктеу балаларымен қарым-қатынас жасау құқығын іске асыруда қосымша қаржылық кедергілер туғызып отыр.
Дау айтылып отырған Атқарушылық іс жүргізу туралы заң нормаcының және Бұйрыққа ескертпенің конституциялылығы мәселесін қарап, өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Конституцияда неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады деп бегіленеді. Осы конституциялық қағидат неке-отбасы қатынастарын құқықтық реттеудің мазмұнын айқындайды және мемлекетке отбасылық қарым-қатынасты сақтап қалуға және ата-ананың екеуінің де бала тәрбиесіне толыққанды қатысуына жағдай жасау міндетін жүктейді (27-баптың 2-тармағы).
Неке мен отбасы мемлекет қорғауында болады және оларға қолдау көрсетеді деген конституциялық қағидат балалардың отбасыда тәрбие алуына, олардың дамуы мен әл-ауқатына қамқорлық жасауға басымдық беруді айқындайды (Конституциялық Соттың 2024 жылғы 23 шілдедегі № 49-НҚ нормативтік қаулысы).
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1989 жылғы 20 қарашадағы № 44/25 резолюциясымен қабылданып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған Бала құқықтары туралы конвенцияның (бұдан әрі – Конвенция) 7-бабының 1-тармағына сәйкес баланың туылған сәттен бастап ата-ана қамқорлығына құқығы бар. Конвенцияның 9-бабының 3-тармағына сәйкес қатысушы мемлекеттер бала ата-анасының біреуімен немесе екеуімен де айырылысқан кезде, баланың мүдделерін барынша қамтамасыз етуге қайшы келетін жағдайларды қоспағанда, оның ата-анасының екеуімен де тұрақты негізде жеке қарым-қатынас жасау және тікелей байланыс орнату құқығын құрметтейді.
"Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңында әрбiр баланың отбасыда өмiр сүру және тәрбиелену, өзiнiң ата-анасын бiлу, олардың қамқорлығын көру мен тәрбиесiн алу және олармен бірге тұру құқықтары бекітіледі (21 және 25-баптар).
Ата-ананың өз балаларына қатысты тең құқықтары және тең міндеттері болады. Ата-ананың, оның ішінде баласынан бөлек тұратын ата-ананың онымен қарым-қатынас жасауға, оның тәрбиесіне және тыныс-тіршілігіндегі маңызды мәселелерін шешуге қатысуға құқығы бар ("Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – НОтК) 68, 70 және 73-баптары).
Некенің (ерлі-зайыптылықтың) бұзылуы, оның жарамсыз деп танылуы немесе ата-анасының бөлек тұруы баланың ата-анасының екеуімен де, ата-әжелерімен және басқа да туыстарымен толық қарым-қатынас жасауына кедергі болмайды (НОтК-тің 73 және 73-1-баптары). Бұл баласы өзімен бiрге тұратын ата-ананың, егер қарым-қатынас баланың тән саулығына немесе психикалық денсаулығына, сондай-ақ оның адамгершiлiк тұрғысынан дамуына зиян келтiрмесе, осындай қарым-қатынасқа кедергi келтірмеу міндетімен қамтамасыз етіледі (НОтК-тің 73-бабының 1-тармағы).
Аталған нормаларды жүйелі түсіндіруден келіп шығатыны, баланың ата-анасының екеуімен де тұрақты түрде қарым-қатынас жасау құқығы ата-ананың әрқайсысының баласының дамуы мен тәрбиесіне тікелей қатысу құқығымен және міндетімен тығыз байланысты. Мемлекет тиісті құқықтардың нормативтік бекітілуін ғана емес, оларды іске асыру мен қорғаудың тиімді тетіктерін жасауды да қамтамасыз етуге міндетті.
Демек, баланың ата-анасымен қарым-қатынас жасау құқығын және ата-ананың бала тәрбиесіне қатысу құқығын іске асыруға қатысты кез келген заңнамалық шешім әділдік, мөлшерлестік талаптарына сәйкес келуге және баланың мүдделерін барынша қамтамасыз етуге бағытталған болуға тиіс.
2. Конституцияның 13-бабының 2-тармағына сәйкес әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығына кепілдік беріледі.
Сот арқылы қорғалу құқығы кез келген адамның және азаматтың бұзылған құқықтар мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін сотқа жүгіну құқығын білдіреді. Сот шешімін орындау сот арқылы қорғалу тәсілі болып табылады, бұл мемлекеттен оны іске асыруды қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауды талап етеді (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2018 жылғы 3 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысы).
Осы конституциялық кепілдік Конституцияның 76-бабының 3-тармағымен өзара байланысты, осы тармаққа сәйкес сот шешімінің, үкімі мен өзге де қаулысының Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар.
Сот шешімінің міндетті күші сот актісінде көзделген нәтижеге қол жеткізуді қамтамасыз ететін орындаудың құқықтық тетігінің болуын көздейді. Тиісінше, атқарушылық іс жүргізуді заңнамалық реттеу сот шешімі өз пайдасына шығарылған адамның құқықтарын іске асыруға негізсіз кедергілер келтірмеуге тиіс.
Атқарушылық іс жүргізу туралы заңның 116-бабына сәйкес жеке сот орындаушысының қызметі ақылы негізде жүзеге асырылады. Бұл ретте мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану қажеттігі борышкердің сот шешімін ерікті түрде орындамауына байланысты болғандықтан, атқарушылық іс жүргізуде сот актісін орындау бойынша шығыстарды борышкерге жүктеудің жалпы қағидаты қолданылады. Баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы істер бойынша ақы төлеудің өзгеше тәртібін белгілеу аталған қағидаттан ерекшелік болып табылады.
Баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы істерге қатысты сот шешімдерін орындау бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу өндіріп алушы мен борышкерге тең үлестермен жүктеледі (Атқарушылық іс жүргізу туралы заңның 118-бабы 1-тармағының екінші бөлігі). Белгіленген ақы төлеу мөлшері – 20 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) ата-ананың әрқайсысынан ай сайын 10 АЕК мөлшерінде өндіріп алынады (Бұйрыққа ескертпенің үшінші абзацы).
Конституциялық Сот аталған конституциялық нормаларды басшылыққа ала отырып, ата-ана арасында келіспеушіліктердің туындауы, өмірлік жағдайлардың өзгеруі не өзгедей кикілжіңнің орын алуы баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы сот шешімін орындамауға негіз болмайды деп атап өтеді. Белгіленген қарым-қатынас жасау тәртібін іске асыруға кедергі келтіретін мән-жайлар орын алған кезде мүдделі адам оны өзгерту туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы. Алайда, жаңа сот шешімі қабылданғанға дейін қолданыстағы сот актісінің міндетті күші сақталады және орындалуға тиіс.
Сонымен бірге, өндіріп алушыға жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі міндетті жүктеу, шын мәнісінде, сот шешімі өз пайдасына шығарылған адамға осы шешімді екінші тараптың орындамауынан келтірілген шығыстардың бір бөлігін жүктеуді білдіреді.
Баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы сот шешімін мәжбүрлеп орындатуға өтініш білдірген адам өзі бастама көтеріп әрекет етіп отырған жоқ, борышкердің өзіне жүктелген міндетті орындаудан жалтаруы салдарынан барып отыр.
Мұндай жағдайларда сот шешімін орындау шығыстарының бір бөлігін өтеу жөніндегі міндет өндіріп алушының заңды күшіне енген сот актісімен расталған құқығын іске асыру мен қорғаудың заңда көзделген тетіктерін пайдалану мүмкіндігін шектеуге алып келеді.
Демек, дау айтылып отырған нормалар сот шешімімен танылған құқықты іске асыруды өндіріп алушының мүліктік жағдайына байланысты етіп қояды, мәжбүрлетіп орындату тетіктеріне жүгіну үшін қосымша кедергілер туғызып, Конституцияның 13-бабының 2-тармағында кепілдік берілген сот арқылы қорғалу құқығын қозғайды. Сонымен бірге, сот актісі өз пайдасына шығарылған адамға қосымша қаржылық міндеттерді жүктеу салдарынан осы актінің орындалуын қиындататын жағдайға жол берілетіндіктен, бұлар сот шешімінің Конституцияның 76-бабының 3-тармағында бекітілген міндетті күшін іске асырудың тиімділігін төмендетеді.
3. Баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы сот шешімін орындау тек өндіріп алушы ата-ананың құқықтарын іске асыруға ғана емес, баланың ата-анасының екеуімен де тұрақты жеке қарым-қатынасты сақтап қалу құқығын қоса алғанда, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұған дейін Конституциялық Сот баланың тұратын жері, оны асырап-бағу және онымен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы келісімдер жасасу ата-ананың міндеті емес, құқығы болып табылады деп көрсетті (2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 58-НҚ нормативтік қаулы).
Мұндай келісімнің болмауы және даудың кейіннен сот тәртібімен шешілуі сот шешімі өз пайдасына шығарылған ата-ананы осыған қатысты сот таныған құқығын іске асырған кезде қолайсыз жағдайға қалдырмауға тиіс.
Заң шығарушы жекелеген іс санаттары бойынша сот шешімдерін орындаудың ерекшеліктерін белгілеуге құқылы. Алайда мұндай ерекшеліктердің объективті және конституциялық маңызды негіздемесі болып, әділдік, ақылға қонымдылық және мөлшерлестік талаптарына сәйкес болуға тиіс.
Конституциялық Сот баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы атқарушылық құжаттарға қатысты борышкерге атқарушылық іс жүргізу шығыстарын жүктеудің жалпы қағидатынан ауытқуды негіздейтін конституциялық маңызды негіздерді таппады.
Өндіріп алушыға баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы істер бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі міндетті жүктеу аталған талаптарға сәйкес келмейді.
Сонымен қатар, мұндай реттеу ата-ананың бала тәрбиесіне қатысты өз құқықтары мен міндеттерін іске асыруын қиындатады, сондай-ақ баланың мүддесі үшін тұрақты отбасылық қарым-қатынасты сақтап қалу мүмкіндігін шектейді, бұл Конституцияның 27-бабында бекітілген отбасын, ана мен әке және баланы қорғаудың конституциялық кепілдіктеріне сәйкес келмейді.
Осылайша, Атқарушылық іс жүргізу туралы заңның 118-бабы 1-тармағының екінші бөлігі және онымен байланысты жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлеріне ескертпенің үшінші абзацы баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы атқарушылық құжаттар бойынша жария және жеке мүдделер арасында тиісті теңгерімді қамтамасыз етпейді, сот арқылы қорғалу құқығын іске асыруға негізсіз кедергілер туғызып, баланың мүддесі үшін отбасылық қарым-қатынасты сақтап қалу мүмкіндігін шектейді.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 2 және 3-тармақтарын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 63-бабының 3-тармағын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 118-бабы 1-тармағының екінші бөлігі және Қазақстан Республикасы Әділет министрінің "Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы" 2023 жылғы 27 маусымдағы № 416 бұйрығымен бекітілген жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлеріне ескертпенің үшінші абзацы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланған күннен бастап алты айдан кешіктірмей баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлемін құқықтық реттеуді Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыдағы құқықтық ұстанымдарына сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасына бастамашылық жасасын.
Қабылданған шаралар туралы көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берілсін.
3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
|
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |