2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 72-бабы сегізінші бөлігі 4) тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 16 мамырдағы № 44-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі – азамат Б-ның,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі – бірінші вице-министр Т.С. Сұлтанғазиевтің,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Л.К. Мерсалимованың,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары М.А. Аюбаевтың,

      Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілі – Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ю.Р. Овечкинаның,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты А.К. Есимбекованың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің өкілі – Құқықтық бөлімнің бас консультанты А.А. Шамишевтің,

      Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Заңнаманы жетілдіру бөлімінің меңгерушісі Б.М. Беисовтің,

      Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Д.Б. Закиеваның қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында азамат Б-ның 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 72-бабы сегізінші бөлігі 4) тармағының Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Е.Ә. Оңғарбаевты және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет елдердің қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ҚК-нің 72-бабы сегізінші бөлігі 4) тармағының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 14-бабына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті, ол бойынша жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты кәмелетке толмаған адам он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда, осындай қылмыс үшін сотталған адамдарға қолданылмайды.

      Облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен өтініш субъектісі ҚК-нің 124-бабының үшінші бөлігінде көзделген қылмысты жасауда кінәлі деп танылып, оны педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалған.

      Өтініштен және оған қоса берілген материалдардан өтініш беруші сотқа жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхат бергенін түсінуге болады. Қаланың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының қаулысымен бұл өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартылған.

      Аталған қаулымен келіспеген ол апелляциялық сатыдағы сотқа жекеше шағым түсірген. Қала сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен жекеше шағым – қанағаттандырусыз, бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған. Сот алқасы өз шешімін негіздеу үшін ҚК-нің 72-бабы сегізінші бөлігінің 4) тармағына сілтеме жасаған.

      Өтініш субъектісі ҚК-нің дау айтылып отырған нормасы Конституцияның 14-бабына қайшы келеді және 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – 1997 жылғы 16 шілдедегі ҚК) 120-бабының төртінші бөлігі бойынша көрінеу он төрт жасқа толмаған жәбірленушілерге қатысты зорлау жасаған, бірақ, өзінің пікірінше, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға құқығы бар сотталғандармен салыстырғанда өзін тең емес жағдайға қояды деп ойлайды.

      Қаралып отырған ҚК нормасының конституциялылығын тексеру кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Өтініш субъектісі жасаған, сол үшін жазасын өтеуіне байланысты ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі мәселесін қойып отырған қылмыс кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс болып табылады. Басқа да құқықтық құралдардың қатарында қылмыстық-құқықтық шаралар баланың құқықтары мен заңды мүдделері жататын конституциялық құндылықтарды қорғауға бағытталған.

      Конституцияның 27-бабының 1-тармағында неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады деп белгіленген.

      Бұған дейін Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3 нормативтік қаулы "Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады және олар Негізгі Заңда тұжырымдалған биік мақсаттар мен базалық қағидаттардан заңды түрде туындайтын Республиканың іргелі конституциялық құндылықтары қатарына жатады. Өзінің жиынтығында олар ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етеді, егемендіктің иесі, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатын Қазақстан халқының сақталуы мен дамуының шарттары ретінде көрінеді" деп атап өткен болатын.

      Конституциялық Сот та өз шешімінде қоғам мен ғылыми-техникалық прогрестің серпінді даму жағдайларында жаңа сын-қатерлер және қылмыстық іс-әрекет түрлері пайда болады, бұл балалардың өмірін, құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін соған сай құқықтық реттеуді талап етеді дегенге назар аударған болатын (2023 жылғы 1 маусымдағы № 18-НҚ нормативтік қаулы).

      Балалардың жасын, олардың түрлі құқыққа қарсы қолсұғушылықтар мен қолайсыз факторларға әлсіздігін ескере отырып, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, мемлекет Негізгі Заң деңгейінде балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің басымдығын және оларды ерекше қорғау қажеттігін таниды.

      Балалардың қауіпсіздігі мен игілігіне кепілдік беру мемлекеттің негізгі конституциялық міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл балалардың құқықтарын қамтамасыз ету және олардың дене бітімі, интеллектуалдық, психикалық, рухани және имандылық тұрғысынан дамуына теріс ықпал етуден қорғау кепілдіктерін нығайтуға бағытталған заңнамалық шараларды іске асыру жөніндегі тиімді құқықтық саясатты әзірлеуді талап етеді.

      "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңында балалар мүддесін көздейтін мемлекеттік саясат мемлекеттік органдар қызметінің басым саласы болып табылады және баланың құқықтарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге және баланың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны, оған зиян келтіргені үшін лауазымды адамдардың, азаматтардың жауаптылығына негізделген деп белгіленген (6-баптың 2-тармағының 1) және 4) тармақшалары).

      Қазақстанның осы саладағы мемлекеттік саясаты жалпыға бірдей танылған халықаралық құқықтық актілермен үйлеседі.

      Мәселен, 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан) 24-бабының 1-тармағында "Әрбір бала нәсіліне, түр-түсіне, жынысына, тіліне, дініне, ұлттық немесе әлеуметтік тегіне, мүліктік немесе туу жағдаяттарына қарамастан, ешқандай кемсітусіз отбасы, қоғам және мемлекет тарапынан, өзінің жас шамасы талап ететін тиісті қорғау шараларын иеленуге құқылы" деп бекітілген.

      Бала құқықтары декларациясында (Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының (бұдан әрі – БҰҰ БА) 1959 жылғы 20 қарашадағы 1386 (ХIV) резолюциясымен қабылданған) "Балаға заңмен және басқа да құралдармен арнайы қорғау қамтамасыз етілуге және оған дене бітімі, ақыл-ойы, имандылық, рухани және әлеуметтік тұрғыдан салауатты әрі қалыпты жолмен және бостандық пен қадір-қасиет жағдайында дамуына жол беретін мүмкіндіктер мен қолайлы жағдайлар ұсынылуға тиіс. Осы мақсатта заңдар шығарылған кезде басты ниет бала мүдделерін барынша қамтамасыз ету болуға тиіс" деп атап өтілген.

      Бала құқықтары туралы конвенцияның (БҰҰ БА-ның 1989 жылғы 20 қарашадағы 44/25 резолюциясымен қабылданған, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған) 34-бабы қатысушы мемлекеттерді баланы сексуалдық қанаудың және сексуалдық азғырудың барлық түрлерінен қорғауға міндеттейді.

      2. Қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді, оларды жасағаны үшін жаза түрлерін және қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату шарттарын заңнамалық айқындау Қазақстан Республикасы Парламентінің (бұдан әрі – Парламент) Негізгі Заңның 61-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында бекітілген өкілеттігіне кіреді, оған сәйкес Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы.

      ҚК-де іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының барлық белгілерінің болуы адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың бірден-бір негізі болып табылады деп белгіленген (4-бап).

      Парламент ҚК-нің 3-бабының 42) тармағында кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың тізбесін айқындады, оларға: "ҚК-нің 120 (зорлау), 121 (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер), 122 (он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау), 123 (жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету), 124 (жас балаларды азғындық жолға түсіру), 134 (кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту), 144 (кәмелетке толмағандарды эротикалық мазмұндағы өнімдерді жасауға тарту)-баптарында, 312-бабының (кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды дайындау және олардың айналымы не оларды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысу үшін тарту) екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, жас балаларға және кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған іс-әрекеттер" жатқызылады.

      Көрсетілген баптардың санкцияларында балама жазалар көзделеді, олардың ішінде белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру ең қатаң жаза болып табылады.

      3. Конституцияның 39-бабының 1-тармағында "адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін" деп атап өтіледі.

      ҚК-нің 72-бабы сегізінші бөлігінің 4) тармағында кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты кәмелетке толмаған адам он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда, осындай қылмыс үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылмайды деп белгіленген.

      Қылмыстық заңнамаға жүргізілген талдау аталған шектеу балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылыққа жол бермеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қосымша шаралар қабылдаумен байланысты екенін көрсетеді.

      Тиісінше, Парламент мұндай қылмыстардың қоғамға аса қауіпті екенін және олардың салдарын, оның ішінде психиканы күйзелтетін залал келтіруді, қайталанудың елеулі тәуекелін ескере отырып, осы шектеуді белгіледі, бұл Негізгі Заңның 27-бабы 1-тармағының ережелерімен негізделген.

      Егер кәмелетке толмаған адамдар мұндай қылмыстарды он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаса, ҚК-нің қаралып отырған нормасы оларға қолданылмайды. Мұндай заңнамалық тәсіл кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға қатысты ізгілік қағидатын іске асыруға бағытталған, бұл қылмыстық саясаттың жалпы бастауларынан және осы салада қабылданған жалпыға бірдей танылған халықаралық құқықтық актілерден туындайды.

      4. Конституцияның 14-бабына сәйкес заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

      Конституциялық Сот өзінің нормативтік қаулыларында "Конституцияның 14-бабының 1-тармағында кепілдік берілген заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген қабылданатын заңдарда адамдардың құқықтарында объективті және ақылға қонымды негіздемесі жоқ айырмашылықтар белгіленбейді дегенді білдіреді. Тең жағдайлар кезінде құқық субъектілері тең құқықтық жағдайда болуға тиіс. Конституциялық-құқықтық мақсаттарды көздемейтін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеу шегі мәселесіне өзгеше көзқарас Конституцияның 39-бабына қайшы келетін болады" деп атап өткен болатын. Сонымен қатар, бұл қағида тиісті құқықтық қатынастардың барлық субъектілері үшін талаптар мен құқықтық жауаптылықтың біртұтастығын көздейді (2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ және 2023 жылғы 3 қазандағы № 31-НҚ нормативтік қаулылар).

      Жауаптылық мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің уақыт бойынша қолданылу қағидаларына қатысты Конституция және қылмыстық заңнама нормаларын негізге ала отырып, әртүрлі уақытта қылмыстық жауаптылыққа тартылған және кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан адамдар Конституцияның 14-бабының мәнмәтінінде салыстыру субъектілері бола алмайтынын атап өту керек. ҚК-ның 5-бабында "Іс-әрекеттiң қылмыстылығы мен жазаланушылығы сол іс-әрекет жасалған уақытта қолданыста болған заңмен айқындалады. Қоғамға қауiптi әрекет (әрекетсiздiк) жүзеге асырылған уақыт, зардаптардың туындаған уақытына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылық жасалған уақыт деп танылады" деп атап өтіледі.

      1997 жылғы 16 шілдедегі ҚК (жаңа ҚК-нің қабылдануымен күші жойылған) қолданылған кезеңде кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға шектеу қою белгіленбеген болатын.

      Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған адамдарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға қатысты дау айтылып отырған шектеу алғаш рет заңнамалық деңгейде қолданыстағы ҚК-мен 2016 жылы бекітілді.

      Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес "жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауапкершілік заңмен алынып тасталса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылады".

      Осы конституциялық қағидат ҚК-нің 6-бабының үшінші бөлігінде іске асырылады, онда "Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын белгiлейтiн, осы іс-әрекеттi жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын күшейтетiн немесе жағдайын өзге де түрде нашарлататын заңның керi күшi болмайды" деп көрсетілген.

      Жалпы қағида бойынша, жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану-қолданбау мәселелері қылмыстық заңның кері күшінің белгіленген қағидалары ескеріле отырып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану кезінде қолданыста болатын қылмыстық заңға сәйкес шешіледі.

      Осы жазылғандарды ескере отырып, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысы үшін ол қолданысқа енгізілгенге дейін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға шектеу қоюды қолданбау Конституцияның 77-бабы 3-тармағы 5) тармақшасының және ҚК-нің 6-бабы үшінші бөлігінің нормаларынан туындайды, осыған байланысты Конституциялық Сот Конституцияның 14-бабының заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең туралы ережелерінің бұзылуын таппады.

      5. Конституциялық Сот өтініш субъектісі дау айтып отырған норманың конституциялылығын тани отырып, қылмыстық заңның одан әрі жетілдіруді талап ететін жекелеген ережелеріне назар аударады.

      Бұрын атап өтілгендей, ҚК-де кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарға кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне тікелей қол сұғатын, жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарды ғана емес, отбасы мен кәмелетке толмағандардың мүдделері, халық денсаулығы және имандылық тектес объектісі болып табылатын қылмыстарды қамтитын ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстарды қоса алғанда қылмыстық жазаланатын бірқатар іс-әрекеттер (3-баптың 42) тармағы) жатқызылған (ҚК Ерекше бөлімінің 1, 2 және 11-тараулары).

      Осыған байланысты аталған тізбені ҚК-нің 72-бабы сегізінші бөлігі 4) тармағы нормасының қабылдану мақсаттарын және аталған қылмыстық құқық бұзушылықтарға қол сұғудың тікелей объектісін ескере отырып өзектендіру ұсынылады, бұған шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға шектеу қою мүмкіндігі байланысты болады.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 72-бабы сегізінші бөлігінің 4) тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені қарау ұсынылсын.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты