Қазақстан Республикасы Конституциясы 52-бабының 3 және 5-тармақтарын ресми түсiндiру туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің 2003 жылғы 12 мамырдағы N 5 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға Ю.А.Хитрин, Кеңес мүшелерi Х.Ә.Әбiшев, Қ.Ж.Балтабаев, С.Ф.Бычкова, А.Есенжанов, A.K.Koтoв және Қ.Ә.Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:
      өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi - Республика Парламентi Сенатының депутаты Е.Ж.Жұмабаевтың,
      Республика Жоғарғы Сотының судьясы Ж.Н.Бәйiшевтiң,
      Республика Бас Прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың,
      Республика Орталық сайлау комиссиясының мүшесi В.К.Фоостың,
      Республика Әдiлет вице-министрi М.Қ.Раевтың қатысуымен,
      өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi Сенаты Төрағасының Қазақстан Республикасы Конституциясы 52-бабының  3 және 5-тармақтарын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.
      Қолдағы бар материалдарды зерделеп, баяндамашы - Конституциялық Кеңестiң мүшесi А.К.Котовты, өтiнiш субъектiсi өкiлiнiң, отырысқа қатысушылардың сөздерiн және сарапшы - заң ғылымының кандидаты, Қазақ гуманитарлық-заң университетiнiң доцентi Қ.Ж.Қапсалямовтың қорытындысын тыңдап шығып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны анықтады:
      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi Қазақстан Республикасы Парламентi Сенаты Төрағасының Қазақстан Республикасы Конституциясы 52-бабының  3 және 5-тармақтарын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн конституциялық iс жүргiзуге қабылдады, бұл өтiнiште өтiнiш субъектiсi мынадай сұрақтарды түсiндiрудi сұрайды:
      1) "Парламент депутатының өкiлеттiгi тоқтатылады" және "Парламент депутаты өз мандатынан айрылады" деген ұғымдардың мазмұны мен заңдық салдары жағынан ара қатынасы қандай?
      2) Парламент депутатына қатысты заңдық күшiне енген айыптау үкiмi бар болған жағдайда Парламент Палатасы оны өз мандатынан айыру немесе айырмау туралы шешiм қабылдауға хақылы ма?
      Конституциялық Кеңес, Қазақстан Республикасы Конституциясы 52-бабының  3 және 5-тармақтарын өтiнiште қойылған сұрақтарға қатысты түсiндiрген кезде, мынаны ескердi.
      1. Конституцияның 52-бабы  3 және 5-тармақтары, Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының өтiнiшi бойынша 2001 жылғы 17 мамырдағы N 7/2 қаулыда  және Парламент Мәжiлiсi Төрағасының өтiнiшi бойынша 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 19/2 қаулыда  Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң ресми түсiндiруiне арқау болған едi.
      Бұл қаулылар, Парламент депутатының өкiлеттiгi тоқтатылуының Конституцияның 52-бабы  3 және 5-тармақтарымен белгiленген негiздерiн және осы баптың нормаларынан келiп туындайтын өзге де негiздерiн түсiндiруге қатысты болған едi. Конституциялық Кеңестiң бұл қаулыларының заңдық күшi сақталады.
      Сонымен бiрге Конституцияның 52-бабы  3 және 5-тармақтарында қолданылатын "Парламент депутатының өкiлеттiгi тоқтатылады" және "Парламент депутаты өз мандатынан айрылады" деген ұғымдардың мазмұны туралы, сондай-ақ Парламент Палаталарының бұл реттерде қабылданатын қаулыларының заңдық салдары туралы сұрақтар, - жоғарыда аталған өтiнiштерде қойылмаған болатын және де Конституциялық Кеңес қаулыларында түсiндiру нысаны етiп алынбаған болатын.
      Конституцияның 52-бабы  3 және 5-тармақтарының және Конституцияның  басқа нормаларынан келiп туындайтын депутаттық өкiлеттiк тоқтатылуының өзге де негiздерiнiң мазмұны бойынша, көп жағдайда оны Парламент Палатасының тоқтатуы түрiндегi жоюы туралы айтылады. Конституция  мына төмендегi негiздерге қатысты "өз мандатынан айрылады" деген ұғымды қолданады, олар: Парламент депутаты оған қатысты соттың айыптау үкiмi күшiне енгiзiлген кезде және депутат Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты қоныс аударған жағдайда.
      Палата, Конституцияның 52-бабы  3 немесе 5-тармақтары негiзiнде, Конституциялық Кеңестiң 2001 жылғы 17 мамырдағы N 7/2 , 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 19/2  қаулысы негiзiнде және Конституцияның 62-бабы  1-тармағына сай, сол немесе өзге бiр депутатқа қатысты - бiр құқықтық актiмен - Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының немесе Мәжiлiсiнiң тиiстi қаулысымен Парламент депутатының өкiлеттiгiн тоқтатады немесе оны депутаттық мандатынан айырады.
      Парламент депутатының өкiлеттiгiн тоқтату немесе оны мандатынан айыру туралы Парламент Палаталарының қаулылары, оларды қабылдау нәтижесiнде туындайтын салдар бойынша емес, бұл адамның Парламент Палатасы құрамынан шығып қалуына әкеп соқтырған негiздердiң сипаты бойынша ажыралады. Көп жағдайларда Палатаның қаулысымен депутаттық өкiлеттiктi тоқтату түрiнде оны жоғалтуға объективтi негiздер себеп болады.
      Парламент депутатының өкiлеттiгiн оны мандатынан айыру түрiнде жоғалту, соттың заңды күшiне енген айыптау үкiмi бойынша анықталған оның айыбының салдары, немесе Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен расталған, депутаттың Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты қоныс аударуының салдары болып табылады.
      Конституция, 52-баптың  3-тармағында көрсетiлген депутаттық мандатпен сыйыспаушылық туралы конституциялық ереженiң бұзылуын, депутатқа қатысты соттың айыптау үкiмi шығарылуы мүмкiн әрекет жасағаны үшiн, Конституцияда көзделген депутат айыбының дәрежесiне қарағанда төмен дәрежедегi деликт деп таниды. Соның салдарынан Парламент депутаты Конституцияның 52-бабы  5-тармағы негiзiнде мандатынан айрылады.
      Дәл осындай салдар Конституцияда , адам Парламентке сайлана отырып, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты қоныс аударған кезде депутаттық өкiлеттiктi тастап кеткенi үшiн де көзделген. Соның нәтижесiнде ол өкiлдi органмен арадағы тұрақты байланысын ерiктi түрде үзедi. Конституция  бұдан, Кеңестің пікірінше, депутаттың сайлаушылар сенiмiне және халық мүддесiне деген немқұрайлылығын байқайды. Конституцияның  мұндай жағдайларға деген терiс көзқарасы және олардың алдын алуға деген ұмтылысы, 52-баптың  5-тармағында осындай жағдайларға қатысты Парламент депутаты өз өкiлеттiгiн жоғалтуының бiр нысаны ретiнде оны мандатынан айыруды қолдануынан байқалады.
      Палатаның тиiстi конституциялық негiздер бойынша Парламент депутатын мандатынан айыру немесе Парламент депутатының өкiлеттiгiн тоқтату туралы шешiм қабылдауының құқықтық салдары депутат үшiн бiрдей - ол заңды түрде депутаттық өкiлеттiгiн жоғалтады.
      Депутаттық өкiлеттiктi жоғалту туралы сол немесе өзге бiр нысанда шешiм қабылдау, Конституцияның 57-бабы  4) тармақшасының мазмұны бойынша Парламент Палаталарының әрбiрiнiң дербес құзыретiне жатқызылып, олардың "Палаталар депутаттарының өкiлеттiгiн тоқтатады..." деген хақылығымен қамтылады.
      "Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" 1999 жылғы 6 мамырдағы редакциядағы Конституциялық заңның 24-бабы  4-тармағына сәйкес, депутаттық өкiлеттiктi тоқтату немесе одан айыру туралы шешiмдi Республика Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен Парламенттiң тиiстi Палатасы өз депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылдайды.
      2. Парламент депутатына қатысты соттың айыптау үкiмi күшiне енген кезде, Палатаның оны мандатынан айыру туралы қаулы қабылдамауы, заңды түрде депутаттық өкiлеттiктен "айырмау" деген шешiмдi бiлдiрмейдi.
      Конституция бұл бөлiкте, депутаттардың қалауы бойынша Палата депутатты өз мандатынан айырмауы мүмкiн дегенге жол бермейдi. Конституция 52-баптың  5-тармағында депутат мандатының соттың күшiне енген айыптау үкiмiмен құқықтық сыйыспаушылығын бiржақты белгiлейдi. Бұл конституциялық нормада, Парламент депутаты "оған қатысты соттың айыптау үкімі күшiне енгiзiлген кезде өз мандатынан айрылады", - делінген. Бұл орайда, Парламенттiң тиiстi Палатасы депутатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға келiсiм бердi ме, немесе мұндай келiсiм Конституция бойынша әуелбастан қажет болмады ма, ол маңызға ие емес.
      Конституцияның 52-бабы  5-тармағының нормасы өктемдiк сипатқа ие. Онда депутатқа қатысты соттың айыптау үкiмi күшiне енуiнiң заңдық фактiсiне сiлтеме жасалуы депутаттық өкiлеттiктi сөзсiз жоғалтуға әкеп соқтырады. Депутат өзiнiң мандатынан соттың айыптау үкiмi заңдық күшiне енгеннен бастап айрылады. Депутатқа қатысты соттың айыптау үкiмi күшiне енуiнiң заңдық фактiсi, жасаған қылмысы үшiн оған тағайындалған жазаның түрiне қатыссыз, Палатаның оны мандатынан айыру туралы қаулы қабылдауына негiз болады. Соттың адамға шартты жаза, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауы, дәл сол сияқты сотталғанды жауаптылықтан немесе жазадан босатуы, Парламент Палатасы үшiн Конституцияның 52-бабы  5-тармағы нормасының сипатын өзгертпейдi. Бұл нормада депутатқа қатысты қай мазмұндағы айыптау үкімі оны мандатынан айыру үшiн негiз бола алатындығына сiлтеме жасалмаған. Конституцияның 52-бабы  5-тармағы Парламент депутатына қатысты соттың айыптау үкiмiнiң барлық түрiн көздейдi.
      Сот шешiмiнiң, Конституцияның 76-бабы  3-тармағына сай, Республиканың бүкiл аумағында мiндетi күшi болады. Заңды күшiне енген сот үкiмiнiң ақиқаттық презумпциясы жекелеген мемлекеттiк органдарға немесе лауазымды адамдарға тәуелдi емес. Бұл үкiм Парламент Палаталары үшiн де мiндеттi. Депутатқа қатысты соттың күшiне енген айыптау үкiмi негiзiнде депутатты өз мандатынан айыру туралы қаулы қабылдай отырып, Палата депутаттық өкiлеттiктi жоғалту фактiсiн танып, оны жойғанын айтады. Заң жүзiнде бұл, Республиканың Орталық сайлау комиссиясы шығып қалған Парламент депутатының орнына сайлау тағайындауға мiндеттi мерзiмнiң қай сәттен бастап есептелетiнiн анықтау үшiн қажет ("Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1999 жылғы 6 мамырдағы редакциядағы Конституциялық заңның 69-бабы  4-тармағы, 85-бабы  4-тармағы).
      Палатаның депутатты мандатынан айыру туралы шешiм қабылдамауы, соттың оған қатысты айыптау үкiмi күшiне енуiне байланысты депутаттық өкiлеттiгiн жоғалтқан адамның депутаттық өкiлеттiгi сақталуына немесе қалпына келтiрiлуiне әкеп соқтырмайды.
      Конституцияның 52-бабы  5-тармағында көрсетiлген негiз бойынша Палатаның депутатты өз мандатынан айыру туралы шешiм қабылдаудан бас тартуы, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы шығып қалғандардың орнына Парламент депутаттарының сайлауын тағайындайтыны туралы 12-бабы  1-тармағы 13) тармақшасының талаптарын орындауға кедергi болады.
      Осылайша, Конституцияның 52-бабы  3 және 5-тармақтарында көзделген негiздер және депутаттық өкiлеттiктi жоғалтудың Конституция нормаларынан келiп туындайтын өзге де негiздерi болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң 2001 жылғы 17 мамырдағы N 7/2  және 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 19/2  қаулыларына сай, Қазақстан Республикасы Парламентi Палаталары Парламент депутатының өкiлеттiгiн тоқтату туралы немесе Парламент депутатын мандатынан айыру туралы тиiстi қаулылар қабылдайды.
      Баяндалғанның негiзiнде, және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы  1-тармағының 4) тармақшасын және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 1-бабын , 17-бабы  3-тармағының 1) тармақшасын, сондай-ақ 32,   33, 37-баптарын  және 41-бабы  1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы  3 және 5-тармақтарымен көзделген "Парламент депутатының өкiлеттiгiн тоқтату" және "Парламент депутатын өз мандатынан айыру" деген ұғымдарды, соларға әкеп соқтыратын негiздердiң сипаты бойынша ажыралатын, Парламент мүшесi депутаттық өкiлеттiгiн жоғалтуының Негiзгi Заңмен белгiленген нысандары деп түсiнген жөн.
      Қазақстан Республикасы Парламентi Палаталарының бұл мәселелер жөнiндегi қаулыларының заңдық салдары - депутат мандатын жойылды деп тану, Қазақстан Республикасы Парламентi Палатасының құрамынан шығып қалған депутаттың орнына сайлау тағайындайтын конституциялық мерзiм осы сәттен бастап есептеледi.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы  5-тармағы, Парламент депутатына қатысты соттың күшiне енген айыптау үкiмiнiң кез келген түрi болған жағдайда, Палата Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабы  1-тармағына сәйкес оны мандатынан айыру туралы қаулы қабылдайтынын бiлдiредi. Мұндай қаулының қабылданбауы, депутаттық өкiлеттiк сақталуына немесе қалпына келтiрiлуiне әкеп соқпайды.
      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы  3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы  4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.
      4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы