Ленинск қаласында және Солтүстiк Қазақстан облысында iшкi iстер Министрлiгi мен Әдiлет министрлiгiнiң органдарын құру туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 29 қаңтар 1993 ж. N 77

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүдделерiн қамтамасыз ету, республика азаматтарының хұқықтарын, бостандығы мен мүдделерiн қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Мыналар:
      - Қызылорда облысының Ленинск қаласында Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң iшкi iстер бөлiмi, әскерилендiрiлген өрт күзетiнiң мамандандырылған бөлiмi және Әдiлет министрлiгiнiң әдiлет бөлiмi;
      - Солтүстiк Қазақстан облысының Петропавл стансасында Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң көлiктегi Тың iшкi iстер басқармасының iшкi iстер жол бөлiмi құрылсын.
      Құрылатын iшкi iстер бөлiмi, әскерилендiрiлген өрт күзетiнiң мамандандырылған бөлiмi және әдiлет бөлiмi тиiсiнше Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi мен Әдiлет министрлiгiне бағынады деп белгiленсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi республикалық бюджеттен:
      - Ленинск қаласында штат саны 119 адам iшкi iстер бөлiмiн;
      - Ленинск қаласында штат саны 169 адам әскерилендiрiлген өрт күзетiнiң мамандандырылған бөлiмiн;
      - Ленинск қаласында штат саны 8 адам әдiлет бөлiмiн;
      - Солтүстiк Қазақстан облысының Петропавл стансасында штат саны 144 адам iшкi iстер жол бөлiмiн ұстауға арнап қаржы бөлсiн.
      3. Ленинск қалалық әкiмшiлiгiнiң әкiмiне штат саны 155 адам iшкi iстер бөлiмiн ұстауға бюджеттен қаржы қарастырылуы ұсынылсын.
      4. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi, "Қазконтракт" республикалық контракт корпорациясы" акционерлiк қоғамы Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi мен Әдiлет министрлiгiнiң өтiнiмдерi бойынша қажеттi мөлшерде материалдық-техникалық және көлiк құралдарын бөлсiн.
      5. Ленинск қаласы мен Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмдерi қажеттi қызметтiк үй-жайлар бөлiп, құрылатын органдардың қызметiн қамтамасыз ету үшiн 1993 жылы қосымша қаражат көздейтiн болсын.
      6. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi Ресей Федерациясының Iшкi iстер министрлiгiнiң келiсуi бойынша 1993 жылғы 1 ақпанға дейiн Ресей Федерациясының Iшкi iстер министрлiгi iшкi iстер органдарының қарауында болған үйлердi, ғимараттарды, техниканы, қару-жарақты, басқа да мүлiктi қабылдап алуды жүзеге асырсын.
     Қазақстан Республикасының
         Премьер-министрi