Халық шаруашылығында статистиканы, бастапқы есеп пен бухгалтерлiк есептi қайта құру жөнiндегi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағдарламасы туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 29 желтоқсан 1992 ж. N 1098. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы N 124 қаулысымен

      Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң "Республиканың халық шаруашылығында бухгалтерлiк есеп пен статистика жүйесiн жетiлдiру мәселелерi" жөнiндегi 1992 жылғы 31 наурыздағы N 306 қаулысын орындау үшiн, түбегейлi экономикалық өзгерiстердi халықаралық байланыстардың кеңеюiн, Қазақстан Республикасының дүниежүзiлiк қоғамдастыққа табан тiреуiн ескере келiп, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. Халық шаруашылығында статистиканы бастапқы есеп пен бухгалтерлiк есептi қайта құру жөнiндегi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк бағдарламасы бекiтiлсiн. 
      2. Халық шаруашылығында статистиканы, бастапқы есеп пен бухгалтерлiк есептi қайта құру жөнiндегi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру жөнiндегi жұмыстарды бақылау мен үйлестiрудi, туындаған ведомствоаралық проблемаларды шешудi, есеп пен статистика саласында халықаралық ынтымақтастық ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшiн министрлiктердiң, ведомстволар мен ғылыми ұйымдардың басшылары мен мамандарынан Үйлестiру кеңесi құрылсын. 
      Үйлестiру кеңесiнiң Төрағасы болып Қазақстан Республикасы Премьер-министрiнiң Бiрiншi орынбасары Д.Х. Сембаев жолдас бекiтiлсiн. 
      Д.Х. Сембаев жолдасқа Үйлестiру кеңесiнiң құрамын белгiлеу тапсырылсын. 
      Үйлестiру кеңесi бiр ай мерзiм iшiнде Үйлестiру кеңесi туралы ереженi әзiрлеп, бекiтсiн. 
      3. Халық шаруашылығында статистиканы, бастапқы есеп пен бухгалтерлiк есептi қайта құру жөнiндегi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк бағдарламаны жүзеге асыруға жауапты Қазақстан Республикасының министрлiктерi мен ведомстволары бiр ай мерзiм iшiнде, халықаралық ынтымақтастық мәселелерiн қоса, белгiленген шараларды орындауды ұйымдастырудың жоспарын жасап, Үйлестiру кеңесiне тапсырсын. 
      4. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жыл сайын Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк бюджетiнiң жобасында халық шаруашылығында статистиканы, бастапқы есеп пен бухгалтерлiк есептi қайта құру жөнiндегi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк бағдарламасын орындауды қамтамасыз ету үшiн, соның iшiнде есептеу техникасын, бағдарламалық құралдар мен басқа да материалдық ресурстарды сатып алуға қаржы қаражатын (валюталық қаржыны қосқанда) көздесiн. 
      Үйлестiру кеңесi аталған қаржыны халық шаруашылығында статистиканы, бастапқы есеп пен бухгалтерлiк есептi қайта құру жөнiндегi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асырудың нақтылы орындаушылары арасында бөлiп беретiн болсын. 
      5. Қазiргi ақпарат базасын сақтау мен оны халықаралық практикада қолданылатын стандарттарға көшу үшiн негiз ретiнде пайдалану мақсатында бұрын әзiрленген жалпы одақтық жүйелеу үшiн Қазақстан Республикасының бүкiл аумағы бойынша мiндеттi түрде қолдануға арналған мәртебе белгiленсiн. 
      Экономика жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Стандарттау және метрология жөнiндегi Бас басқармасы 1993 жылғы 1 қаңтарға дейiн техникалық-экономикалық және әлеуметтiк ақпараттың жалпы республикалық жүйелеулерiн жасау мен жүргiзуге жауапты министрлiктер мен ведомстволарды анықтап, оларды енгiзу жөнiндегi ұсыныстарын Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне тапсырсын.
      Техникалық-экономикалық және әлеуметтiк ақпараттың жалпы  республикалық жүйелеудiң ақпараттық базасын автоматтандырып жүргiзу iсi Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетi мен оның жер-жердегi органдарына жүктелсiн.

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-министрi

Қазақстан Республикасы    
Министрлер Кабинетiнiң    
1992 жылғы 29 желтоқсандағы 
N 1098 қаулысымен       
Бекiтiлген           

Халық шаруашылығында статистиканы, 
бастапқы есеп пен бухгалтерлiк есептi
қайта құру жөнiнде Қазақстан
Республикасының Мемлекеттiк бағдарламасы
(Алматы, 1992 жыл)

Кiрiспе

      Бұл мемлекеттiк бағдарлама Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң "Республика халық шаруашылығында бухгалтерлiк есеп пен статистиканы жетiлдiру мәселелерi туралы 1992 жылғы наурыздың 31-жұлдызындағы 366 номерлi қаулысына сәйкес дайындалған. 
      Мемлекеттiк бағдарламада есепке алу мен статистика жүйесiнiң әлемдiк тәжiрибеден алшақтығын жою, статистикалық көрсеткiштердiң бiрыңғай жүйесiн жасап, оларды алу және талдау методологиясын жасау, Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуын көрсететiн жүйелi статистикалық ақпарлар қалыптастыру көзделген. 
      Көрсеткiштердiң құрамы белгiленiп, оларды есептеудiң методологиясы зерттелген, қолданылып жүрген көрсеткiштер есеп-қисаптың дүние жүзiлiк әдiстемесiне сәйкес келтiрiлген, ұлттық есеп-қисапты жүргiзудiң тәсiлдерi меңгерiлiп, оны ақпармен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар белгiленген, банктiк есеп пен қаржы статистикасын реформалау белгiленген, кәсiпорындардың қаржы-шаруашылық қызметiнiң бухгалтерлiк есебi бойынша есептесу жоспары жасалып, оны қолдану жөнiнде нұсқаулар анықталған. 
      Қазақстан Республикасының статистикалық қызметiнiң халықаралық ұйымдарға жарна төлеу мөлшерiн анықтаудың негiзi ретiнде мемлекеттiң қаржы жағдайы, оның төлем балансы, ұлттық табысының мөлшерi туралы БҰҰ методологиясы бойынша халықаралық ұйымға қажеттi статистикалық ақпар берiп отыруы жөнiндегi мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз ету мiндеттерi шешiлуде. 
      Қажеттi халықаралық сараптау жүргiзiлiп, математикалық бағдарламамен қамтамасыз етуге деген қажеттiлiк анықталған, кәсiпорындар мен ұйымдарды жүйелеудi қайта қарау және олардың Мемлекеттiк регистрi мен Халықтың жан басы регистрiн жасау жөнiнде жұмыстар жүргiзiлуде. Каталогтар жүйесiн жасаудың негiзгi жобалық шешiмдерi талдап жасалуда. 
      Халық шаруашылығы мамандары мен оқу орындарының оқытушыларын оқыту iсi ұйымдастырылуда. Экономистер, статистиктер, бухгалтерлер дайындайтын жоғары және орта дәрежелi оқу орындарының бағдарламалары қайта қаралуда, есеп және статистика қызметкерлерiн қайта дайындаудың жоспарлары мен бағдарламалары жасалуда. Қолданбалы сипаттағы шұғыл ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргiзiлуде. 
      Мемлекеттiк және ведомстволық статистика мен есепке алудың арасында мiндеттердi бөлу мәселелерi шешiлуде. Жасалған және халықаралық сараптан өткен көрсеткiштер жүйелерiн шаруашылықтың әр түрлi салалары мен тарауларында қолдану iсi жүзеге асырылуда, халық шаруашылығын дамуының негiзгi көрсеткiштерiн талдап қорытатын және жұмыстың барлық салалары бойынша статистикалық ақпарларды өңдеуге сүйенетiн ұлттық есеп-қисап жүйесiнiң схемасы бойынша салааралық кең көлемдi есеп балансын есептеу iсi жүргiзiлуде. 

 

I. Мемлекеттiк бағдарламаның мақсаты 
мен мiндеттерi 

       Мемлекеттiк бағдарламаның негiзгi мақсаты халық шаруашылығының жұмысын мемлекет тарапынан тиiмдi етiп реттеп отыруы үшiн Қазақстан экономикасының және оның жекелеген салаларының бiрлестiктердегi ролi мен маңызын объективтi түрде талдау үшiн қажеттi жағдайлар жасау, бұл: 
      - әлеуметтiк-экономикалық процестiң әр түрлi қорларының статистикалық көрсеткiштер жүйесiнде халықаралық үлгiлерге сәйкес көрсетiлу саласын ұлғайту; 
      - статистикалық деректердi аналитикалық талдау бағытын және мәлiметтер жинаудың, өңдеудiң, талдаудың және оларды таратудың жеделдiгiн арттыру; 
      - халықаралық үлгi бойынша есептелуге тиiстi жұмыстың қосымша салаларын, сонымен бiрге халықаралық статистикалық тәжiрибеде пайдаланылатын көрсеткiштердiң құрамын, экономикалық мазмұны мен есептеу тәсiлдерiн анықтау; 
      - халықаралық үлгiге сәйкес бухгалтерлiк, қаржы, банк және кеден есептерiн есепке алудың бастапқы жаңа формаларын жасап шығарып, бiрыңғай статистикалық жүйеге интеграциялау; 
      - бастапқы есептi халықаралық топтастыру мен формалары бойынша талдап жасау; 
      - статистикалық деректердiң көрсеткiштерiн қолданылып жүрген халықаралық үлгiлерге сәйкес жасау, оларды жариялау тәртiбi мен мерзiмдiлiгiн белгiлеу есебiнен жасалады. 
      Мемлекеттiк бағдарламаның мақсаттарын iске асыру үшiн онда мына төмендегi мiндеттердi шешу көзделген: 
      - мемлекеттiк статистика мен көрсеткiштер жүйесiнiң жалпы методологиялық негiздерiн халықаралық талаптарға сәйкестендiру; 
      - ұлттық есеп-шот жүйесiн жасап, оның схемасы бойынша салааралық байланыстарды қалыптастыру; 
      - iшкi жалпы өнiмдi халықаралық деңгейде салыстыру жөнiнде жұмыстар ұйымдастыру; 
      - қаржы, банк және бюджет статистикасын қайта құру; 
      - төлем балансын талдап жасау; 
      - кеден, еңбек статистикасын қоса алғанда баға, сыртқы сауда статистикасының көрсеткiштерiн жалдап жасап, халықаралық талаптарға сәйкес келтiру; 
      - бастапқы, бухгалтерлiк және банктiк есепке алуды халықаралық талаптарға сәйкес құру; 
      - Қазақстан Республикасының шаруашылық жүргiзушi субъектiлерiнiң мемлекеттiк регистрi мен халықтың жан басы регистрiн жасау; 
      - отандық және шетелдiк тәжiрибелердi есепке ала отырып техникалық-экономикалық және әлеуметтiк ақпарларды саралау мен кодалаудың Бiрыңғай жүйесiн жасап, қолдану; 
      - өнiмдi тiзiмдеу және штрихпен кодтау жүйесiн жасау; 
      - нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес есептеу мен статистика кадрларын дайындау және қайта дайындау жұмыстарын жүргiзу; 
      - Мемлекеттiк бағдарламаны жүзеге асыру мақсатымен халықаралық ынтымақтастықты дамыту. 
      Мемлекеттiк бағдарлама алға қойылған мiндеттердi жүзеге асыру жолдарын көрсететiн бөлiмдерден құралған. 

 

II. Мемлекеттiк статистика мен көрсеткiштер 
жүйесiнiң жалпы методологиялық негiздерiн 
халықаралық талаптарға сәйкес келтiру 

 
      Бұл бөлiмде статистикалық ақпар жүйесiн жетiлдiрудiң жалпы концепциясын жасау, халықаралық үлгiнi және оның талаптарын есепке ала отырып мемлекеттiк статистиканы қайта құрудың негiзгi жалпы методологиялық және ұйымдастыру бағыттарын дайындау көзделген. 
      Ұлттық есепшот жүйесiнiң барлық көрсеткiштерi мен көрсеткiштердiң басқа да халықаралық статистикалық стандартты жүйелерiн макроэкономикалық деңгейдегi статистикалық көрсеткiштердiң халық шаруашылығында баланс болуына негiзделiп, қолданылып жүрген жүйесiмен үйлестiру, кәсiпорындар мен ұйымдардың жұмысын сипаттайтын көрсеткiштер жиынтығының дәлме-дәлдiгiн есепке ала отырып кәсiпорындар мен ұйымдардың халық шаруашылығының салалары мен меншiк түрлерi бойынша саралануын анықтау. 
      Бухгалтерлiк-есеп берудi қоса алғанда есептеу-статистика құжаттарының формаларын интеграциялау, оларды халық шаруашылығының салалары бойынша мамандандыру белгiленiп отыр, бұл ретте кәсiпорындар мен ұйымдарда есеп беру формаларын толтыруды оңайлату және оларды жасауды бақылау iсiн жақсарту көзделiп отыр. 
      Бұл бөлiмде бәрiн қамтитын бақылау тәсiлiне (негiзгi массив тәсiлiне негiзделген) цензалық, әр түрлi iшiнара бақылауға, монографиялық зерттеуге көшу көзделген, мұның өзi статистикалық ақпарлар тасқынын күрт азайтуға және ұсақ кәсiпорындардан ақпарлар алумен байланысты қиындықтарды жоюға мүмкiндiк бередi. Бұл арада мемлекеттiк статистика жүйесiнiң министрлiктермен, ведомстволармен, коммерциялық құрылымдармен өзара қарым-қатынасын экономиканы басқару жүйесiнiң өзгерiп отырған жағдайларын ескере отырып ұйымдастырудың жаңа принциптерi жасалуда. 
      Бастапқы есеп, статистика, ақша есептерi, сыртқы сауда және т. б. салаларда құжаттар жүйесiн бiр жүйеге салу жұмыстарын жүргiзу белгiленген. 

 

III. Техникалық-экономикалық және әлеуметтiк ақпарларды саралау мен кодтаудың бiрыңғай жүйесiн дамыту және қолдану 

       Техникалық-экономикалық және әлеуметтiк ақпарларды саралау мен кодтаудың бiрыңғай жүйесiн жасау үшiн Тауарларды суреттеп бейнелеу мен кодтаудың үйлестiрiлген жүйесi, экономикалық қызметтiң барлық түрлерiн халықаралық салалық үлгiмен саралау, Кәсiптердi халықаралық үлгiмен саралау, валюталардың, әлем елдерiнiң халықаралық үлгi кодтары және басқалары сияқты халықаралық үлгiмен саралауды кеңiнен қолдану көзделiп отыр. Бұл ретте осы жүйенiң жұмыс iстеп, дамуы жөнiнде, жалпы республикалық саралаушылардың шаруашылық жұмысын басқа да салаларының есепке алынуын, статистикасын жасап шығарып - қолдану жөнiнде нормативтi ұйымдық-әдiстеме материалдары талдап жасалынатын болады. Құжаттарды саралау мен бiр iзге салу жөнiндегi жұмысты ТМД-ге мүше елдермен үйлестiру ұйғарылып отыр. 

 

IV. Ұлттық есепшоттар жүйесiн жасау 

 
      Қазақстан Республикасында ұлттық есепшот жасаудың тиiстi методологиялық құжаттарын талдап жасау негiзiнде БҰҰ Ұлттық есепшот жүйесiнiң Еуропа қауымдастығында (ЕСИЕС) қолданылып жүрген нұсқасы алынып отыр. Оны экономика мен статистиканы ұйымдастырудың ерекшелiктерiне белгiлi бiр дәрежеде икемдей отырып отандық тәжiрибеде қолдану БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарға тиiстi мәлiметтер беру мiндетiн шешуге мүмкiндiк бередi, халық шаруашылығы балансын жасау негiзiнде әзiрленетiн ақпарларға тән шектелушiлiктер мен кемшiлiктердi жоюға мүмкiндiк бередi, өйткенi ол экономикалық операциялармен экономикалық процестiң барлық қырларын: табыстар өндiру мен жасауды, табыстарды бөлу мен қайта бөлудi, табыстарды тұтыну мен жинақтауға пайдалануды, оларды инвестициялау мен қаржыландыру көздерiн, қаржы мiндеттемелерiн қабылдау мен сыртқы экономикалық байланыстарды жинақталған түрiнде қамтиды. 
      Ұлттық есепшот жүйесiн отандық тәжiрибеде қолдану болжамдарды негiздеп жасаудың экономикалық процестерiн талдауға және экономикалық саясат жөнiнде шешiмдер қабылдауға қажеттi бiршама аса маңызы макроэкономикалық көрсеткiштердi алуға мүмкiншiлiк бередi. Мұндай көрсеткiштер атап айтқанда мыналар: iшкi жалпы өнiм, жалпы ұлттық өнiм, ұлттық табыс, ұлттық қорландыру, мүмкiн болатын табыс, тауарлар және қызмет көрсетуге түпкi жұмсалатын тұтыну шығындары, инвестициялар және оны қаржыландыру көздерi, сыртқы сауда сальдосы, шетелдермен ағымдағы операциялар жасау сальдосы. 
      Экономиканың негiзгi секторларына арналған есепшоттар жасау көзделiп отыр. Атап айтқанда, әлеуметтiк процестердiң аса маңызды аспектiлерi мен халықтың тұрмыс деңгейiн (табысты бөлу, тұтыну, қорландыру және т. б.) талдауды, сондай-ақ жалпы iшкi өнiмдi өндiру мен пайдалануда "үй шаруашылығы" секторының маңызды роль атқаруын қамтамасыз ететiн "Үй шаруашылығы" үшiн есепшот жасау. 
      Бұл бөлiмде ұлттық есепшот жүйесiн жасау, бухгалтерлiк есеп пен статистика жүйесiне тиiстi өзгерiстер енгiзу, бастапқы ақпарлар жинаудың басқа да формаларын ұйымдастыру жөнiнде тиiстi есептер жүргiзу үшiн ақпарлар негiзiн жасау талаптарын жасап шығару көзделген. 
      Бөлiмде ұлттық есепшоттар жасау, бухгалтерлiк есеп пен статистика жүйесiне тиiстi өзгерiстер енгiзу, бастапқы ақпар жинаудың басқа да түрлерiн ұйымдастыру жөнiнде тиiстi есептер жүргiзу үшiн ақпарлар негiзiн жасау жөнiнде талаптар жасап шығару қарастырылған. 
      Сонымен қатар мұнда жалпы қосылған құн көрсеткiштерiн есептеудi және ұлттық табыстың басқа да есепшоттарын БҰҰ-ның методологиясы бойынша аймақтық деңгейде жасауды қамтамасыз ететiн шаралар бар. 

 

 V. Ұлттық есепшот жүйесiнiң схемасы бойынша 
салааралық баланстарды талдап жасау 

 
      Ұлттық есепшот жүйесiнде салааралық баланстар ерекше орын алады, мұның өзi олардың халық шаруашылығының құрылымын, баға жүйелерiнiң өзгеру нәтижелерiн талдау үшiн негiзгi құндық және натуралды-заттық пропорцияларды, халық шаруашылығының даму тенденциясының сапалық бағыттары мен сандық сипатын анықтау үшiн, халықаралық салыстыруды жүргiзу үшiн, макроэкономикалық болжамды есептердi орындау үшiн, ұсынылып отырған басқару шешiмдерiнiң нәтижелерiн бағалау үшiн кең мүмкiншiлiк беретiндiгiнен туып отыр. 
      Ұлттық есепшот жүйесi бойынша жасалатын салааралық баланс халық шаруашылығы дамуының негiзгi көрсеткiштерiн қорытындылау болып табылады және оны құрастыру барлық қызмет саласы бойынша статистикалық ақпарларды өңдеудiң нәтижелерiне сүйенедi, мұның өзi оны жасау кезеңдерiнiң ерекшелiктерiн көрсетедi. 
      Бұл бөлiмде бұрын пайдаланылмаған бастапқы ақпарлардың құрамын, жинау және өңдеу тәсiлдерiн анықтау жөнiндегi методологиялық мiндеттердi шешудiң, ақпарларды тиiсiнше өзгертудiң математикалық модельдерi мен қажеттi есептер жасаудың бағдарламасын қамтамасыз етудiң шаралары қаралған. Бұл ретте ұлттық есепшот жүйесiнiң методологиясы бойынша жасалатын салааралық баланс жүйелерiн өзара байланыстыруды жүзеге асыру көзделiп отыр. 

 

VI. Қазақстан Республикасының жалпы iшкi 
өнiмдi халықаралық салыстыруға қатынасуы жөнiндегi 
жұмыстарды ұйымдастыру 

 

       Халықаралық салыстыру бағдарламасының нәтижелерi пайдаланылатын аса маңызды мақсаттарға жататын көрсеткiштер: елдiң жалпыэкономикалық дамуының деңгейiн бағалау, халықтың әл-ауқаты, валютаның сатып алу қабiлетiнiң нақты құнын анықтау, ұлттық экономиканың нәтижелiлiгiн анықтау және салыстыру, экономикалық және қорғаныс потенциалдарын салыстыру, елдiң қаржы мүмкiндiктерiн (халықаралық ұйымдардың бюджеттерiне жарна төлеу, т.б.), дамушы елдерге көмек көрсету саясатын жасап, ол көмектiң мөлшерiн белгiлеу, нарық конъюнктурасын талдау (рыноктың сыйымдылығы, ресми валюталық курспен салыстырғанда валютаның сатып алу қабiлетi), халықаралық экономикалық интеграцияны зерттеу, экономикалық теорияларды (даму модельдерiн және т. б.) талдап жасау. 
      БҰҰ-ның халықаралық салыстыру бағдарламаларының нәтижелерiн Әлемдiк банк пен Халықаралық валюта қоры өздерiнiң талдау жұмыстарында қатты пайдаланады. 
      Бағдарламаның бұл бөлiмiнде тауар топтарын халықаралық тәжiрибеде қолданылып жүрген салыстыру бағытында жұмыстар ұйымдастыру белгiленген. 

 

VII. Қаржы, бюджет және банк статистикасын 
халықаралық үлгiлерге сәйкес қалыптастыру 

 
      Бөлiмде ақша-несие қатынастары статистиканың экономикалық пропорцияларды реттеу процестерiнде атқаратын ролiн арттыруды қамтамасыз ететiн шаралар қаралған. 
      Нарықтық сұраным мен ұсынымға ықпал ету дәрежесiне қарай ақша статистикасының көрсеткiштерiн қалыптастыру, өнiмнiң өнiмдiлiк сипатына қарай және пассив операциялары мен қаржы құралдарын топтастыру; жалпы ұлттық өнiмнiң құнын жасау, бөлу және қайта бөлудiң бүкiл процесiнiң интеграцияланған жүйесiне салу көрсеткiштерiн енгiзу көзделген. Көрсеткiштердiң жаңа жүйесi ақша массасы құрылымының, Ұлттық мемлекеттiк банктiң проценттiк саясатының, ұлттық мемлекеттiк банктер коммерциялық банктерге қоятын экономикалық реттеу нормативi жүйелерiнiң, iшкi және сыртқы қарыздардың, елдiң төлем балансының макроэкономикалық пропорцияларға жасайтын ықпалын бағалауға мүмкiндiк бередi. Ақша статистикасының көрсеткiштер жүйесi халықаралық тәжiрибеде қолданылып жүрген саралаумен салыстырылатын болады және Мемлекеттiк ұлттық банктiң шешiмдер қабылдау процесiн жедел ақпарлармен қамтамасыз етудi сапа жағынан жақсартуға мүмкiндiк бередi. 

 

VIII. Төлем балансын жасау жұмыстарын 
ұйымдастыру 

 
      Мемлекеттiк бағдарламаның бұл бөлiмiнде халықаралық валюта қорының методологиясы бойынша төлем балансын жасауға қажеттi ақпарлар негiзiн қалыптастыру шаралары белгiленген. 
      Ағымдағы операциялар бойынша төлем балансын жасау мен капиталдардың қозғалыс балансын құрастырудың әдiстемесiн (әдiстеме құралдарын есеп беру формаларын) жасау қаралған. 
      Қазақстан Республикасының ағымдағы операциялар капиталдың халықаралық қозғалыс және төлем балансы бойынша баланс жасау мақсатымен тәжiрибе есебiн жүргiзу белгiленiп отыр, мұны бұдан әрi халықаралық сарапқа салу және төлем балансын жасау мен оны жариялауды мемлекеттiк статистика тәжiрибесiне ендiрудiң толық схемасы бойынша жасайды. 

IХ. Баға статистикасын халықаралық 
ұсыныстарға сәйкес келтiру 

 
      Бұл бөлiмде тауар-ақша қатынастарының барлық салаларында, ең алдымен тұтыну секторында баға деңгейiн сақтаудың және оның индексiн есептеудiң қазiргi бар методологиясын дамытып, жетiлдiре беру шаралары белгiленген. 
      Барлық методологиялық құжаттарды БҰҰ-мен Халықаралық валюта қоры методологиясының негiздерiне сәйкес келтiру белгiленген. Бұл методологияны қолдану бүкiл өнiмнiң, соның iшiнде рынокқа жаңадан түскен өнiмдердiң бағаларының iс жүзiндегi өзгерiсiн есепке алуға мүмкiндiк бередi.
      Бағаның ұйғарылып отырған индексiнiң туралығын қамтамасыз ету үшiн iшiнара зерттеулер жүргiзу белгiленген.

Х. Сыртқы сауда көрсеткiштерiн халықаралық
үлгiлерге сәйкес келтiру 

       Бұл бөлiмде сыртқы экономикалық байланыстар статистикасының қолданылып жүрген жүйесiн жетiлдiру, валюта қаржыларын, баға индекстерiнiң және экспорт пен импорттың iс жүзiндегi көлемiнiң қозғалыстары экспорт және импорт өнiмдерiнiң сыртқы және iшкi сауда бағаларының арақатынасы жөнiндегi көрсеткiштер жүйесiн жасау, кеден статистикасын қалыптастыру жөнiнде шаралар белгiленген.

ХI. Еңбек статистикасын халықаралық
нормаларға сәйкес келтiру 

       Бұл бөлiмде жұмыспен қамтылу, жұмыссыздық, еңбекке ақы төлеу, жұмысшы күшiне жұмсалатын шығындар көрсеткiштерiнiң халықаралық статистикалық нормаларға, нарыққа негiзделген экономикалық қолданылатын және Халықаралық еңбек ұйымдастыру ұйымының ұсынған қарарлары мен еңбек статистикасы жөнiндегi Конвенциясына сәйкестiгiн қамтамасыз ететiн шаралар бар. 
      Тиiстi әдiстеме құжаттарымен саралау классификацияларды жасау негiзiнде Халықаралық Еңбек Ұйымының методологиялық құжаттары бұларды экономикалық ынтымақтастық пен Даму Ұйымының, Еуростаттың статистикалық қызмет орындарының және АҚШ, Франция, ГФР-дiң ұлттық статистикалық ұйымдарының iс жүзiнде жүзеге асыру тәжiрибесiн ескере отырып алынады. Статистика тәжiрибесiне халықаралық формаларды қолдану еңбек статистикасының көрсеткiштер жүйесiн халықаралық статистикаға сәйкес келтiруге, ХЕҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарға статистикалық деректер беру мiндетiн шешуге, әлеуметтiк-экономикалық саясатты жасауға, қажеттi еңбек рыногы, табыс, жалақы туралы нақты ақпарлар алуға мүмкiндiк бередi. 

 

ХII. Бухгалтерлiк есептi қайта құру 

 
      Бухгалтерлiк, банк есептерiн қайта құру жөнiнде ұлттық банк балансының құрылымын және банк есебiнiң есепшот жоспарын қайта қарау белгiленген, ондағы мақсат есепке алу мен есеп берудi саралаудың бiрыңғай регистрiн жасау, бұл регистр есепке алудың бақылау қызметiн жүзеге асыруға ғана бағытталып қоймай, сонымен онда кәсiпорындардың, халықтың, мемлекеттiң, несие-қаржы жүйелерiнiң ақша айналымы субъектiлерiнiң экономикалық қызметiн сипаттайтын актив және пассив операциялары, сыртқы әлеммен жасалатын операциялар және ақша рыногының қаржы құралдарының өтiмдiлiк сипаты көрiнiс табады. Банк жүйесiнiң жаңа жүйесi ТМД-ның ақша статистикасы мен финанс есепшоты көрсеткiштерiнiң жиынтық банк есебiнiң деректерi бойынша тiкелей қалыптастырылуын қамтамасыз етедi. 

 

ХIII. Шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң 
Мемлекеттiк регистрi мен Халықтың жан басы регистрiн жасау 

 
      Бұл бөлiмде Қазақстан Республикасының шаруашылық жүргiзетiн субъектiлерi Мемлекеттiк регистр мен Халықтың жан басы регистрiн жасау қаралған. 
      1. Шаруашылық жүргiзетiн субъектiлердiң Мемлекеттiк регистрiн басқару, статистикалық органдары мен басқа да пайдаланушыларды статистикалық негiзгi көрсеткiштер жөнiндегi ақиқат ақпармен дер кезiнде қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн бiрыңғай форма ретiнде қалыптастыру көзделген. 
      Мемлекеттiк регистрге меншiк және шаруашылық жүргiзу түрлерiне қарамастан заң жүзiндегi ұйым хұқысы бар-жоғына қарамастан мемлекеттiк тiркеуден өткен барлық кәсiпорындар мен ұйымдар, қаржы мекемелерi, қоғамдық ұйымдар мен басқа да объектiлер туралы деректердi таратып берiп тұратын негiзгi банк ролi берiледi. 
      Мемлекеттiк регистрдi қолдану көптеген шараларды шешуге мүмкiндiк бередi. Олар: 
      мемлекеттiк және территориялық басқару органдарымен өзара қарым-қатынаста ақпарат кеңiстiгiнiң бiрлiгi болуы; 
      Қазақстан Республикасы мен ТМД-ның басқа да мемлекеттерiнiң территориясында тiркеуден өтетiн объектiлердiң бүкiл жиынтығы бойынша статистикалық көрсеткiштердiң ең аз жиыны жөнiнде жаппай бақылау ұйымдастыру. Бұл неғұрлым кең көлемдегi көрсеткiштердi статистикалық жолмен iрiктеп бақылаудың әдiсiмен, басқа да ақпарат жүйелерiнiң регистрлерiмен өзара iс-әрекет жасау нәтижесiнде алынған деректермен ұштастырылған кезде Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық жағдайына талдау жасау үшiн қажеттi ақпарлар дайындауды қамтамасыз етедi; 
      ақпараттардың басқару, статистика органдарының ғана емес, сонымен бiрге басқа да пайдаланушылардың ақпар алуға мүмкiндiгi болуы; 
      бақылауға алынған объектiлердiң территориялық бөлiнiсi, қай салаға, қай меншiк түрiне жататындығы өзгерген жағдайда байланыстың үзiлiссiздiгi мен уақытша қатарлар сақталады; 
      талдау мiндеттерiн жекелеген аймақтарға қажеттi көрсеткiштермен толықтыру мүмкiншiлiгi; 
      ақпарды бақылау, өңдеу, оны сақтау және беру жүйесiн экономикалық тәсiлмен неғұрлым тез талдап жасау, өйткенi мұның негiзi республикалық Мемлекеттiк статистика комитетiндегi Бас есептеу орталығында кәсiпорындар мен ұйымдарды есепке алудың (ОКПО) қазiрдiң өзiнде жұмыс iстеп тұрған жүйесi болып табылады, бұл жүйеге бағдарламалық-технологиялық және техникалық құралдар жиынтығы көмек етедi. 
      Мемлекеттiк регистрдiң иегерi республиканың Мемстаткомитетi болып табылады, ол оны өзiнiң Бас ақпарат есептеу орталығы арқылы басқарады. 
      2. Халықтың жан басы регистрiн тұрғындардың аты-жөнi жазылып, үнемi жаңартылып отыратын тiзбесi ретiнде жасау көзделiп отыр, бұл тiзбе халық есебiн алу мақсатына қызмет ететiн болады. 
      Халықтың жан басы регистрiне әр түрлi ұйымдар мен мекемелерде жасалатын азаматтық жағдай актiсi, кадрлар бөлiмiнiң, халықты әлеуметтiк қорғау бөлiмiнiң және т. б. адам тiршiлiгi мен оның өзгерiстерi туралы деректердi таратып берiп тұратын негiзгi банк ролi берiледi. Регистр формасы бойынша есепке алу ақпардың адамдық сипаты (адамның қасиеттерiн көрсететiн) мен конфиденциялдығы принциптерiнiң сақталуын көздейдi. Халықты есепке алудың бұл түрiнiң ерекшелiгi әрбiр тұрғын жынысы, туған жерi мен уақыты, т. б. туралы кодтардан тұратын қайталанбайтын идентификацияланған нөмiр (азаматтық код) беру арқылы әркiмнiң дербес деректерiн сақтау және үнемi жаңартып отыру болып табылады. 
      Халық регистрiн төмендегiдей территориялық деңгейде: аудандық (қалалық), облыстық, республикалық деңгейде жасау көзделген. 

 

ХIV. Өнiмдердi каталогтаудың мемлекеттiк 
жүйесiн жасау 

 
      Өнiмдердi каталогтаудың (тiзiмдердiң) мемлекеттiк жүйесi мына мақсаттар үшiн жасалады: 
      республикада немесе аймақтарда өндiрiлетiн өнiммен оның сипаты туралы мемлекеттiк ұйымдарды аналитикалық ақпарлармен қамтамасыз ету; 
      мемлекеттiк үлгiлердiң мiндеттi талаптарының сақталуын бақылау; 
      тұтынушыларды өнiмнiң негiзгi сипаттары, оны өндiрушiлер, сәйкестiк куәлiгi бар екендiгi туралы, өнiм сол бойынша берiлетiн нормативтiк құжат туралы ақиқат ақпарлармен қамтамасыз ету. 
      Өнiм туралы ақпарлардың көзi үлгiлер мен техникалық шарттар болып табылады. 
      Каталогтау жүйесi республиканың жекелеген аймақтарының кәсiпорындары шығаратын өнiмдердi автоматты түрде есепке алуды қамтамасыз етедi және ол шығарылатын өнiмдердiң номенклатурасын үздiксiз қадағалап отыру үшiн конъюнктуралық статистика мақсаттарында пайдаланылуы мүмкiн. 
      Өнiмдердi каталогтау жүйесiн ақпар берудiң (стандартты) бiрыңғай формасы негiзiнде ұйғарылып отыр, бұл ретте оның бiрыңғай (стандартты) мазмұны, ақпарды жинаудың, өңдеудiң жалпы жүйесi және ең алдымен өнiм туралы және оны өндiрушi кәсiпорындар туралы ақпарды саралау мен кодтаудың бiрыңғай жүйесiн пайдалана отырып тұтынушыларға өнiм туралы ақпарды жеткiзудiң бiрыңғай жүйесi болады.

ХV. Штрихтi кодтауды қолдану 

 
      Халықаралық тәжiрибеде автоматты идентификациялауды штрихтi кодтауды қолдану, саудада, банк iсiнде, денсаулық сақтау iсiнде, транспортта және басқа да салаларда деректердi өңдеген кезде есептеу техникасын қолданудың нәтижелiлiгi жоғары болуын қамтамасыз етедi. 
      Штрихтi кодтар шет елдерге шығарылатын тауарларға мiндеттi түрде қойылуға тиiс. 
      Бағдарламаның бұл бөлiмiнiң мақсаты халық шаруашылығы құрылымының барлық деңгейлерiнде - мемлекеттiк, салалық, аймақтық және кәсiпорындар (ұйымдар) деңгейiнде штрихтi кодтауды жан-жақты қолдануды қамтамасыз ету болып табылады. Бағдарламаның бұл бөлiмiнiң блоктары осы деңгейлерге сәйкес бөлiнген. 

 

ХVI. Статистика және есеп кадрларын ұлттық 
есепшот жүйесiнiң талаптарына сәйкес дайындау 
және қайта дайындау 

 
      Қазақстан Республикасының халықаралық тәжiрибеде қолданылып жүрген есептеу мен статистика жүйесiне көшуi жөнiндегi шараларды халықаралық статистика мен ұлттық есепшоттың негiздерiн игерген жоғары дәрежелi кадрларсыз жүзеге асыру мүмкiн емес. 
      Кадрлар потенциалын жасау және Мемлекеттiк бағдарламаны жүзеге асыру үшiн төмендегi шараларды жүзеге асыру белгiленiп отыр: 
      - статистикада ұлттық есепшоттар жүйесiн жасау жөнiнде әдiстеме құралдарын әзiрлеп, мамандар дайындауды барлық деңгейiнде оқу процесiн солармен қамтамасыз ету; 
      - бухгалтерлiк және банктiк есеп пен статистика бойынша мамандар дайындауды көздейтiн экономикалық және инженерлiк-экономикалық бағыттағы жоғары және орта дәрежелi арнаулы оқу орындары үшiн типтi бағдарламалар мен оқу жоспарларын жасау; 
      - бухгалтерлiк есеп пен статистика бойынша жаңа мамандардың үлгiсiн жасап, аталмыш мамандықтардың мамандары соларға сай болуға тиiс талаптарды жүзеге асыру; 
      - барлық деңгейлерде оқу процесiн оқулық-әдiстеме әдебиеттермен: оқулықтармен, оқу құралдарымен, практикумдармен, ЭВМ бағдарламаларымен, т. б. қамтамасыз ету; 
      - бүгiнгi күнгi жағдайда қызмет жасауға бейiмдеу мақсатымен оқу орынын бiтiрiп шығатын мамандардың практикасын ұйымдастыру; 
      - мамандар мен оқытушыларды шетелдерде оқыту iсiн және статистика мен есепке алу жөнiнен шетел мамандарының халықаралық методология бойынша консультациялар беруiн ұйымдастыру. 

Қосымша                   
Халық шаруашылығында статистиканы,  
бастапқы есеп пен бухгалтерлiк,   
есептi қайта құру жөнiнде Қазақстан  
Республикасының Мемлекеттiк      
бағдарламасын жүзеге асыру шаралары   
(Кесте)