15.12.1992

"Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының заңын күшiне енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы жоғарғы кеңесiнiң қаулысын жүзеге асыру жөнiндегi шаралар туралы

      Бiрыңғай мемлекеттiк көшi-қон саясатын жүзеге асыру, босқындарды, өзiнiң ата қонысына қайтып келiп жатқан адамдарды және отбасыларын республикаға қоныстандыруды реттеу мен ұйымдастырушылық-нысаналық тұрғыдан қамтамасыз ету және "Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын күшiне енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1992 жылғы 26 маусымдағы қаулысын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. 1992 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгi жанынан Халықтың көшi-қон департаментi құрылып, Департамент төрағасы - Еңбек министрiнiң орынбасары лауазымы енгiзiлсiн. 
      2. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi жанындағы Халықтың көшi-қон департамент туралы осыған қосылған ереже бекiтiлсiн. 
      3. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi орталық аппараты қызметкерлерiнiң жалпы шектi саны 8 адамға арттырылып, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1992 жылғы 26 қарашадағы N 990 қаулысына сәйкес белгiленген жылдық еңбекақы қоры сақталсын. 
      4. Облыс, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiне өздерiнiң басқару органдары құрамында жергiлiктi бюджет қаржысы есебiнен Халықтың көшi-қон департаментiнiң уәкiлдiк берiлген өкiлдерiн белгiлеу ұсынылсын. 
      5. Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгiнiң орталық аппаратына қызметтiк бiр жеңiл автомобильге лимит арттырылсын. 
      6. Қазақстан Республикасы Материалдық ресурстар министрлiгi Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi жанындағы Халықтың көшi-қон департаментiне белгiленген тәртiппен материалдық-техникалық ресурстар бөлiнуiн қамтамасыз етсiн. 
      7. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк көшi-қон қоры туралы осыған қосылған ереже бекiтiлсiн. 
      8. Босқындармен жұмыс туралы осыған қосылған уақытша ереже бекiтiлсiн. 
      9. "Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру жөнiндегi кешендi шаралардың осыған қосылған бағдарламасы бекiтiлсiн. 
      10. Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгiнiң өзiнiң ата қонысына қайта оралып жатқан босқындарды қабылдау мен жайғастырудың 1992 жылдың екiншi жартысына арналған жоспары туралы ұсынысына келiсiм берiлсiн. 
      11. Қазақстан Республикасына келген босқындарға көмек көрсету үшiн: 
      Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi облыс, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгiнiң ұсынысы бойынша босқындарды тұрған алаңның көлемiне және бұрынғы тұрған жерiнен шыққандығы туралы төлқұжатындағы жазбаларға қарамастан оларды уақытша тiркелiм жасау мәселесiн шешетiн болсын; 
      кәсiпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға босқындардың тұрақты жаңа жұмыс орындарында оларға 3 айлық жалақы (тарифтiк ставка) мөлшерiнде бiржолғы көмек көрсету ұсынылсын; 
      Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы, қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгiнiң өтiнiмi бойынша босқындардың уақытша тұруын ұйымдастыру үшiн құрал-сайман мен жабдықтар бөлсiн; 
      облыс әкiмдерi, Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгi, Ауыл шаруашылығы министрлiгi 1992 жылы келген қоныс аударушылардың отбасын бiр айлық мерзiмде тұрғын үймен қамтамасыз ету, қажеттi еңбек және тұрмыс жағдайларын жасау жөнiндегi қажеттi нақты шараларды жүзеге асырсын. 
      12. Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Еңбек министрлiгi босқындар мен көшiп келушiлердiң қоныстарын және топтасқан шаруашылықтарын ұйымдастыру үшiн көшi-қонның жер қорын құрау тәртiбi туралы ұсынысты бiр айлық мерзiмде енгiзсiн. 
      13. Облыс, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi бiр айлық мерзiмде қалалар мен басқа да елдi мекендер бойынша босқындар мен көшiп келушiлерге жыл сайын үй тұрғын алаң лимитiн белгiлеп, оны кейiн "Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк көшi-қон қорына беретiн болсын. 
      14. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1991 жылғы 4 қарашадағы N 664 қаулысымен бекiтiлген, Әлеуметтiк қорғауды қажет ететiн және еңбекке орналасуда қиыншылыққа ұшырап отырған адамдарды жұмысқа қабылдауды квоталау тәртiбi туралы ереженi босқындарға, қоныс аударушыларға және олардың еңбекке жарамды отбасы мүшелерiне қолдану туралы Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгiнiң ұсынысы қабылдансын. 
      15. Қазақстан Республикасы Халықты әлеуметтiк жағынан қорғау министрлiгi мемлекетаралық келiсiмдер жасалмаған мемлекеттерден көшiп келген азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесiн пысықтайтын болсын. 
      16. Қазақстан Республикасы Көлiк құрылысы министрлiгi отандастардың қоныс аударуына неғұрлым қолайлы жағдайды қамтамасыз ету және Монғолиямен сауда-экономикалық, туристiк алмасуды одан әрi дамыта беру мақсатында Қосағаш (Алтай Республикасы) - Берел (Шығыс Қазақстан облысы) автомобиль жолын салу мүмкiндiгiн қарастырсын және Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ұсыныс енгiзсiн.
      17. Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгi осы қаулыдан туындайтын өзгерiстер мен толықтыруларды Үкiметтiң шешiмдерiне енгiзу туралы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ұсыныс енгiзетiн болсын.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрi
 
                                         Қазақстан Республикасы
                                       Министрлер Кабинетiнiң
                                     1992 жылғы 15 желтоқсандағы
                                           N 1055 қаулысымен
                                            Бекiтiлген

            Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгi
         жанындағы Халықтың көшi-қон департаментi туралы
                            Ереже

      1. Көшi-қон департаментi Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгiнiң дербес құрылымдық бөлiмшесi болып табылады. 
      2. Көшi-қон департаментi өзiнiң қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Мемлекеттiк тәуелсiздiк туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңын, Қазақ КСР-iнiң мемлекеттiк егемендiгi туралы декларацияны, "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы", "Көшiп келу туралы Заңдарын, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк актiлерiн, олардың негiзiнде қабылданған мемлекетаралық келiсiмдердi және осы Ереженi басшылыққа алады. 
      3. Көшi-қон департаментi байырғы ұлт адамдары мен отбасыларын ерiктi түрде қоныс аудару және орналастыру жөнiндегi бағдарламаны талдам жасау мен жүзеге асыру, олардың конституциялық хұқтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ Мемлекеттiк көшi-қон қорының қызметiн үйлестiру үшiн жауап бередi. 
      4. Халықтың көшi-қон департаментiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар: 
      республикаға қоныс аударуды реттеу және ұйымдық-нысаналық қамтамасыз ету, босқындар үшiн, өзiнiң ата қонысына қайта оралып жатқан адамдар мен отбасылары үшiн жаңа орында қажеттi тұрмыс жағдайларын жасау; 
      байырғы ұлт адамдары мен отбасыларының Қазақстан Республикасына ерiктi түрде қоныс аударуының шарттары мен мәселелерi жөнiнде басқа мемлекеттердiң үкiмет органдарымен, ведомстволарымен, кәсiпорындарымен, мекемелерiмен, ұйымдарымен келiсiмдер жасау; 
      ұлттық диаспора, оның ата мекенiнде тұру үшiн ерiктi түрде қоныс аударуына, ортаға бейiмделуiне, еңбекке орналасуына және тiршiлiк етуiне тиiстi материалдық-тұрмыстық жағдай жасауға қамқорлық көрсету; 
      әрбiр күнтiзбе жылға көшiп келушiлердiң қай елден келетiнi көрсетiлiп олардың шектi саны мен түрлерiн, оларды қабылдауға, жайғастыруға және ортаға бейiмдеуге қажеттi материалдық-қаржы ресурстарын, сондай-ақ олардың қайта орналасуға тиiс екендiгiн, еңбек етуге тиiстi шаруашылықтардың (мекемелер мен кәсiпорындардың) түрлерiн анықтау; 
      республиканың шет елдегi өкiлдiктерiнiң, орталық және жергiлiктi басқару органдарының ұсынысы, сондай-ақ өз бастамасы бойынша шетелдiктер мен олардың отбасыларының республикаға қоныс аудару туралы өтiнiштерiн белгiленген көшi-қон квотасына сәйкес қарау; 
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк көшi-қон қорын нысаналы түрде қалыптастыру және пайдалану; 
      Қазақстан Республикасының "Көшiп келу туралы" Заңын және оның негiзiнде қабылданған басқа да нормативтiк актiлердi, сондай-ақ Департаменттiң көшi-қон мәселелерi жөнiндегi шешiмдерiн министрлiктер мен ведомстволардың, жергiлiктi әкiмшiлiктер мен шаруашылық органдарының орындауын бақылау. 
      5. Көшi-қон департаментi өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес: 
      азаматтардың (отбасыларының) республикаға қоныс аудару туралы өтiнiштерiн тiркеудi, есепке алуды және қарауды ұйымдастырады; 
      республиканың облыстары мен аудандары көшi-қон қызметтерiнiң бiр кезде республикадан кетуге мәжбүр болғандарды қабылдау, жайғастыру, әлеуметтiк қорғау үшiн жағдай жасау жөнiндегi жұмысын үйлестiредi; 
      республиканың мүдделi министрлiктерiмен және ведомстволарымен бiрлесiп қоныс аударушы байырғы ұлт адамдарының отбасыларын көшiрудi, үй мүлiктерiн (жүктерiн) көлiк құралдарымен тасымалдауды, олардың малдарын айдап өткiзудi ұйымдастырады; 
      көшi-қон проблемалары жөнiндегi ғылыми зерттеулердi үйлестiредi, босқындар мен көшiп келушiлердi ұтымды орналастыру мүмкiндiгiне болжам жасайды; 
      тиiстi жергiлiктi атқарушы органға босқын-көшiп келушiлердi қоныстандыру мен олардың топтасқан шаруашылықтарын ұйымдастыру үшiн көшi-қон жер қорынан бос жерлердi беру туралы ұсыныс енгiзсiн;<*> 
      "Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру жөнiндегi нормативтiк актiлер мен әдiстемелiк құжаттарды талдап жасайды; 
      "Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының заңын жүзеге асыру жөнiндегi бағдарламалар мен кешендi шаралардың орындалуын бақылайды; 
      байырғы ұлт адамдары мен отбасыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан шыққан адамдардың көшiп келуге мәжбүр болған себептерiне талдау жасап, қорытындылайды; 
      "Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асырудың барысы туралы жыл сайын Министрлер Кабинетiне ақпарат табыс етедi; 
      шет елдерден, сондай-ақ ТМД-ның басқа республикаларынан жұмыс күштерiн тарту (жұмысқа қабылдау) жөнiндегi арыздарды қарап, лицензиялар бередi; 
      қабылданған жұмысшы күшiн лицензия қолданылатын мерзiм iшiнде пайдаланудың тиiмдiлiгiне талдау жасайды; 
      босқындар мен көшiп келушiлердiң әлеуметтiк-экономикалық және мәдени-тұрмыстық проблемаларын шешу жөнiндегi жұмыстың жинақталған тәжiрибесiне талдау жасайды және қорытындылайды, жергiлiктi әкiмшiлiктер мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен осы тәжiрибенi тарату жөнiнде шаралар әзiрлейдi. 
       ЕСКЕРТУ. 5-тармақтың 6 абзацы жаңа редакцияда - ҚРМК-нiң 1994.08.02. N 868 қаулысымен.
      6. Халықтың көшi-қон департаментiнiң: 
      өзiнiң құзырына жататын мәселелер бойынша шешiмдер қабылдауға; 
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң, Министрлер Кабинетiнiң көшiп келушiлердiң хұқтарын қорғау мәселелерi жөнiнде қолданылып жүрген заңдары мен нормативтiк актiлерiне қайшы келетiн министрлiктер мен ведомстволардың, мемлекеттiк және шаруашылық органдары бұйрықтарының, нұсқауларының қолданылуын тоқтата тұру қажеттiгi туралы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ұсыныс енгiзуге; 
      Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң мәжiлiстерiнде Халықтың көшi-қон департаментiнiң құзырына жататын мәселелер бойынша министрлiктер, ведомстволар, ұйымдар мен мекемелер басшыларының есептерiн тыңдау туралы ұсыныс енгiзуге; 
      көшiп келушiлердiң хұқтары мен мiндеттерiн қамтамасыз ету жөнiнде Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдары мен басқа да нормативтiк актiлердiң нормаларын қолдану туралы түсiнiктер беруге; 
      Халықтың көшi-қон департаментiне жүктелген мiндеттердi шешу үшiн министрлiктерден, ведомстволардан, мемлекеттiк концерндерден, қауымдастықтардан және басқа бiрлестiктерден, кәсiпорындардан, ұйымдар мен мекемелерден қажеттi ақпарат, материалдар мен анықтамалық деректер сұратуға; 
      Мемлекеттiк көшi-қон қорының дұрыс пайдаланылуына бақылау жасауға; 
      шет ел жұмысшыларының болуына және қызмет етуiне қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету жөнiнде кәсiпорындар мен ұйымдарға сараптау жүргiзуге, жергiлiктi еңбек ресурстарын толық пайдалануды ескере отырып оларды жұмысқа тартуды тоқтата тұруға немесе шектеуге хұқы бар. 
      7. Департаменттi төраға - Қазақстан Республикасы Еңбек министрiнiң орынбасары басқарады, оны Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi тағайындайды және босатады. 
      Төрағаның бiр орынбасары болады, оны Қазақстан Республикасының Еңбек министрi тағайындайды. 
      8. Халықтың көшi-қон департаментiнiң төрағасы: 
      Департамент қызметiне басшылық етедi; 
      Департаментке жүктелген мiндеттер мен функциялардың орындалуы үшiн дербес жауап бередi, орынбасар мен бөлiмше басшылары арасында мiндеттерiн ажыратып бөледi; 
      бөлiмшелер туралы ереженi бекiтедi, белгiленген құрылым, қызметкерлер саны және еңбекақы қоры шегiнде аппарат қызметкерлерiн, облыстардағы уәкiлдiк берiлген өкiлдердi тағайындайды. 
      9. Департамент заңды ұйым болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген, өз атауы қазақ және орыс тiлдерiнде жазылған мөрi болады. 

                                      Қазақстан Республикасы   
                                       Министрлер Кабинетiнiң
                                     1992 жылғы 15 желтоқсандағы
                                          N 1055 қаулысымен
                                             Бекiтiлген
 
               Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк 
                      көшi-қон қоры туралы 
                           Ереже 

                      I. Жалпы ережелер 

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк көшi-қон қоры Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi жанындағы Халықтың көшi-қон департаментi шеңберiнде құрылады және "Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру жөнiндегi шараларды қаржыландыруға арналған. 
      Мемлекеттiк көшi-қон қоры республикалық деңгейде құрылады және өзiнiң қызметiнде Қазақстан Республикасының "Көшiп келу  туралы" Заңын, көшi-қон процестерiн реттеу жөнiндегi республиканың басқа да нормативтiк актiлерiн, үкiметаралық келiсiмдердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

            II. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк
                  көшi-қон қорының мiндеттерi

      2. Мемлекеттiк көшi-қон қорының негiзгi мiндеттерi мыналар:
      байырғы ұлт адамдары мен отбасыларының, сондай-ақ ұлтына  қарамастан қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру және жаппай ашаршылық кезеңiнде республика аймағынан кетуге мәжбүр болған Қазақстаннан шыққан адамдардың Қазақстан Республикасына ерiктi түрде және  ықтиярсыз қоныс аударуына байланысты шығындарды қаржыландыру;
      шет елдегi қазақ диаспорасымен байланыс жөнiндегi мемлекетаралық шараларды қаржыландыру.

            III. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк
                    көшi-қон қорының қаржысы

      3. Мемлекеттiк көшi-қон қорының қаржысы:
      Қазақстан Республикасының заңдарымен және халық депутаттары жергiлiктi Кеңестерiнiң шешiмдерiмен анықталатын мөлшерде республикалық және жергiлiктi бюджеттерден бөлiнетiн ақшалай қаражаттардан; 
      жерлестiктер мен мәдени орталықтардың қаржысын, кәсiпорындардың, кәсiпкерлер ұйымдары мен бiрлестiктерiнiң ерiктi түрдегi аударымдарынан, шетелдiк және отандық ұйымдар мен жеке адамдардың қайырмалдықтарынан, оның iшiнде валюталық қайырмалдықтан; 
      көшi-қон жер қорынан; 
      мемлекет орталықтандырылған тәртiп бойынша және жергiлiктi органдар бөлетiн, сондай-ақ республикадан кетiп бара жатқан адамдардан уағдаластық шарт негiзiнде жергiлiктi әкiмшiлiктер сатып алатын тұрғын жайлардан; 
      Қазақстан Республикасына азаматтары қоныс аударатын мемлекеттер бөлетiн тауарлар мен ақшалай қаражаттан құралады. 
      4. Мемлекеттiк көшi-қон қорынан қаржысын жинақтау және оны пайдалану үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттiк банкiсiнде бiрыңғай ағымдағы есепшот, сондай-ақ шетелдiк валютада, қымбат бағалы заттар түрiнде түсетiн қаржыны есепке алу үшiн арнаулы есепшоттар ашылады. 
      Мемлекеттiк көшi-қон қоры қаржысының түсуiн есепке алу, оларды тиiстi есепшоттарға қосу, Қордың есепшоттарын пайдалану және олар бойынша операциялар жасау тәртiбi Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiткен ретпен белгiленедi. 
      5. Мемлекеттiк көшi-қон қорының қаржысын жұмсаудың негiзгi бағыттары Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi, облыс, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң келiсуi бойынша әзiрлейтiн жыл сайынғы республикалық және облыстық көшi-қон бағдарламаларында белгiленедi. 
      6. Мемлекеттiк көшi-қон қорына берiлген барлық қайырмалдық, сондай-ақ ұйымдастыру көмегi Қордың басқармасында (дирекциясында) тiркеледi, ал неғұрлым көп үлес қосқан немесе елеулi көмек көрсеткен адамдар, еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттiк мекемелер, шет елдiк ұйымдар мен жеке адамдар туралы деректер республикалық және жергiлiктi баспасөз органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және хабарланады. 
      Қазақстан тұрғындарынан және шетел азаматтарынан Мемлекеттiк көшi-қон қорына қымбат бағалы металдар мен тастардан жасалған бұйымдарды, басқа да игiлiктердi, сондай-ақ шетелдiк валютадағы жарналарды қабылдау тәртiбiн Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгiнiң, Ұлттық мемлекеттiк банкiсiнiң және Қазақстан Әлем банкiнiң қатысуымен Қаржы министрлiгi белгiлейдi. 
      Аталған валюталық қаржы Мемлекеттiк көшi-қон қорының материалдық базасын дамытуға пайдаланылады.
      7. Мемлекеттiк көшi-қон қорына қаржының уақтылы түсуiне және дұрыс жұмсалуына Халықтың көшi-қон департаментi бақылау жасайды, қажет болған жағдайда бұл iске қаржы және салық қызметiн қатыстырады.

          IV. Мемлекеттiк көшi-қон қорының бюджетiн
           талдам жасау, бекiту және жұмсау тәртiбi

      8. Мемлекеттiк көшi-қон қоры бюджетiнiң жобасын қалыптастыру көзi мен жұмсау баптары бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгi жанындағы Халықтың көшi-қон департаментi талдам жасайды және оны Мемлекеттiк көшi-қон қорының басқармасы бекiтедi.
      9. Мемлекеттiк көшi-қон қорының есептi жылда пайдаланылмаған қаржысы алып қоюға жатпайды және келесi қаржы жылына көшiрiледi. 

           V. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк
                    көшi-қон қорын басқару     

      10. Мемлекеттiк көшi-қон қорының басқару органдары басқарма, атқарушы дирекция және тексеру комиссиясы болып табылады. 
      Облыстарда Мемлекеттiк көшi-қон қорын қалыптастыру мен пайдалану мәселелерi Халықтың көшi-қон департаментiнiң уәкiлеттi өкiлдерiне жүктеледi. 
      11. Мемлекеттiк көшi-қон қорының басқармасы өзiне жүктелген мiндеттердi республиканың Министрлер Кабинетiмен, қызметi халықтың көшiп келу проблемасымен байланысты министрлiктермен, ведомстволармен және қоғамдық ұйымдармен өзара iс-қимыл жасай отырып шешедi. 
      Мемлекеттiк көшi-қон қоры басқармасының құрамына тұрақты негiзде Халықтың көшi-қон департаментiнiң төрағасы, облыстардың уәкiлеттi өкiлдерi, Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгiнiң, оның Жұмыспен қамту бас басқармасының, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң өкiлдерi, Мемлекеттiк көшi-қон қорының атқарушы директоры және Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттiк банкiсiнiң келiсуi бойынша оның уәкiлеттi өкiлдерi кiредi. 
      Мемлекеттiк көшi-қон қоры басқармасының құрамына Халықтың көшi-қон департаментiнiң ұсынуы бойынша қызметi халықтың көшi-қон мәселелерiмен байланысты мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi енгiзiлуi мүмкiн. 
      Мемлекеттiк көшi-қон қоры басқармасының төрағасын Халықтың көшi-қон департаментiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Еңбек министрi тағайындайды. 
      12. Мемлекеттiк көшi-қон қорының басқармасы: 
      халықтың көшi-қон жөнiндегi республикалық бағдарламасында көзделген шығындарды уақтылы әрi түгел қаржыландыруға толығымен жауап бередi; 
      Мемлекеттiк көшi-қон қорының келешектегi және кезектi мiндеттерiн белгiлейдi; 
      Мемлекеттiк көшi-қон қорының қаржысы мен материалдық құралдарына иелiк етедi; 
      Мемлекеттiк көшi-қон қорын қалыптастырудың мөлшерi жөнiнде Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ұсыныстар енгiзедi; 
      Мемлекеттiк көшi-қон қорының бюджетi мен шығыс сметасын, сондай-ақ олардың орындалуы туралы есептi қарап, бекiтедi; 
      атқарушы дирекция аппаратының, сондай-ақ тексеру комиссиясының құрылымын, штатын, еңбекақы қорын қоса алғанда шығыс сметасын бекiтедi; 
      Мемлекеттiк көшi-қон қорының атқарушы директорын тағайындайды; 
      өзiнiң құзыры шегiнде Мемлекеттiк көшi-қон қорына жататын мәселелер бойынша қажеттi ережелер мен нұсқауларды бекiтедi; 
      Мемлекеттiк көшi-қон қорының құзырына жататын мәселелер жөнiндегi белгiленген тәртiп бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтасады, шетелдiк, халықаралық мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдармен өзара қарым-қатынаста Мемлекеттiк көшi-қон қоры атынан өкiлдiк етедi. 
      13. Мемлекеттiк көшi-қон қорының басқармасы қажет болуына қарай, бiрақ жылына кемiнде бiр рет шақырылады. Өз мүшелерiнiң кемiнде үштен екi бөлiгi қатысқан жағдайда шешiм қабылдауға хұқы бар. Басқарманың шешiмдерi қатысып отырған мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. 
      14. Мемлекеттiк көшi-қон атқарушы-өкiмшi функцияларын жүзеге асыру және қызметiне жедеғабыл басшылық ету үшiн басқарманың шешiмiмен тұрақты жұмыс iстейтiн атқарушы дирекция құрылады. 
      Атқарушы дирекция туралы ереженi Мемлекеттiк көшi-қон қорының басқармасы бекiтедi. 
      15. Мемлекеттiк көшi-қон қорының тексеру комиссиясының құрамын және ол туралы Ереженi Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi мен Қаржы министрлiгi бекiтедi. Комиссия құрамына қорды қаржыландыруға байланысты қызмет көрсететiн қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi енгiзiлуi мүмкiн. 
      Мемлекеттiк көшi-қон қоры тексеру комиссиясының төрағасын Қазақстан Республикасының Еңбек министрi тағайындайды. 
      Мемлекеттiк көшi-қон қорының тексеру комиссиясы: 
      Мемлекеттiк көшi-қон қоры басқармасы мен оның жергiлiктi органдарының қаржы және шаруашылық қызметiн бақылайды; 
      материалдық игiлiктердiң жай-күйi мен есебiне тексеру жүргiзедi; 
      атқарушы дирекциядағы iстердiң өту мерзiмi мен дұрыстығын, азаматтардың хаттарымен, ұсыныстары және өтiнiштерiмен жұмыстың жайын тексередi; 
      Мемлекеттiк көшi-қон қорына қаржының уақтылы және дұрыс түсуiн тексередi, оның жұмсалуына бақылау жасайды; 
      Мемлекеттiк көшi-қон қорының қызметiне байланысты мәселелерде бақылаушы органдарға әдiстемелiк көмек көрсетедi; 
      жүргiзiлген тексерудiң қорытындыларын Мемлекеттiк көшi-қон қорының басқармасына және қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне табыс етедi. 
      16. Халықтың көшi-қон департаментiнiң уәкiлеттi өкiлдерi тексеру комиссиясына Мемлекеттiк көшi-қон қорына аударым жасалған қаржы туралы және Қордан бөлiнген қаржының жұмсалуы туралы қажеттi құжаттар мен мәлiметтердi ешбiр кедергiсiз табыс етедi. 
      17. Мемлекеттiк көшi-қон қоры басқармасының төрағасы немесе оның тапсыруы бойынша атқарушы директор басқарманың шешiмдерi негiзiнде және оның атынан Қазақстан тұрғындарынан, шет ел азаматтары мен ұйымдарынан түскен ақшалай қаржы мен шет ел валютасын қорға қосу үшiн есепшоттар ашады.
      18. Мемлекеттiк көшi-қон қорының атқарушы дирекциясы мен тексеру комиссиясын ұстауға және олардың қызметiне байланысты шығындар қордың қаржысы есебiнен жасалады.

      VI. Мемлекеттiк көшi-қон қорының хұқықтық жағдайы

      19. Мемлекеттiк көшi-қон қоры туралы ереженi Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтедi.
      20. Мемлекеттiк көшi-қон қорының басқармасы Алматы қаласында орналасқан.
 
                                         Қазақстан Республикасы
                                       Министрлер Кабинетiнiң
                                     1992 жылғы 15 желтоқсандағы
                                          N 1055 қаулысымен
                                                Бекiтiлген

             Босқындармен жұмыс туралы Уақытша ереже 

      Осы Ереже босқындармен жұмыстың және оларға бiрiншi кезектегi көмек көрсетудiң тәртiбiн белгiлейдi. 
      "Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес басқа мемлекеттерде тұратын қудалану, қысым көру, хұқтары мен бостандықтарының шектелуi немесе осындайға ұшырау катерiнiң негiзi болуы себептi, сондай-ақ өзiнiң ата қонысымен қауышу ниетiмен Қазақстан Республикасына қайта оралуға мәжбүр болатын қазақ диаспорасы адамдарына босқындар мәртебесi берiледi. 
 
                         Босқындарды тiркеу 

      1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрған барлық босқындар, олардың тұрған уақытына қарамастан, тiркелуге жатады. Жазбаша өтiнiш пен төлқұжат (туғаны туралы куәлiк) немесе оның орнына берiлген басқа құжат (қызмет куәлiгi, зейнеткер куәлiгi, оқушы немесе студент билетi, еңбек кiтапшасы, диплом, бiлiмi немесе кәсiби даярлығы жөнiндегi куәлiк) тiркеу үшiн негiз болып табылады. 
      Тiркеу туралы өтiнiште: 
      Қазақстан Республикасына келген уақыты, мақсаты және негiзi; 
      жасы көрсетiлген отбасы мүшелерiнiң құрамы, бұрынғы еңбек қызметi, бiлiктiлiгi, мамандығы; 
      Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейiнгi елi мен тұрақты тұрған жерiнiң мекен жайы; 
      Қазақстан Республикасының аумағында уақытша тұрған жерiнiң мекен жайы; 
      қажеттi көмек көрсету жайындағы өтiнiшi. 
      2. Босқындарды тiркеудi Халықтың көшi-қон департаментiнiң уәкiлеттi өкiлдерi, қалалық, аудандық, әкiмшiлiктер, халық депутаттарының селолық және поселкелiк кеңестерi жүзеге асырады. 
      3. Әрбiр босқынға тiркеу кәртiшкесi ашылады. 
      4. Босқындарды тiркегеннен кейiн Халықтың көшi-қон департаментiнiң уәкiлдерi, қалалық және аудандық әкiмшiлiктер, халық депутаттарының селолық және поселкелiк Кеңестерi сауда, медициналық және тұрмыстық қызмет көрсету жөнiнде шаралар қолданады, басқа да қажеттi көмек көрсетедi, ал тұрғын үй болмаған жағдайда оларды уақытша орналастыру орындарына жiбередi. 
      5. Халықтың көшi-қон департаментiнiң облыстардағы уәкiлеттi өкiлдерi, қалалық, аудандық әкiмшiлiктер өзiн босқын деп тану туралы өтiнiш берген адамның арызының негiздiлiгiн екi апта мерзiм iшiнде анықтайды. Босқын мәртебесiн беру немесе бермеу туралы шешiмдi Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгi жанындағы Халықтың көшi-қон департаментi мен оның облыстардағы уәкiлеттi өкiлдерi қабылдайды. 
      Өтiнiш берушi босқын деп танылған жағдайда iшкi iстер органдары оған белгiленген үлгiдегi уақытша куәлiк бередi, бұл куәлiк: 
      отбасының еңбекке жарамды әрбiр мүшесi мен зейнеткерге ең төменгi айлық мөлшерiнде, ал қарамағындағы әрбiр жанға есептiк көрсеткiшiнiң 50 процентi мөлшерiнде бiржолғы көмек алу;<*> 
      қажеттi медициналық және әлеуметтiк жәрдем алу; 
      арнайы бөлiнген орындарда (елдi мекендерде) уақытша тұру; 
      туысқандардың немесе басқа азаматтардың келiсуi бойынша оларда уақытша тұру хұқын бередi. 
      ЕСКЕРТУ. 5-тармағының 3-абзацындағы сөздер ауыстырылды - ҚРҮ-нiң 1996.08.09. N 987 қаулысымен. 
      6. Босқынның уақытша куәлiгi 3 айға дейiнгi мерзiмге берiледi. Қажет болған жағдайда бұл мерзiмдi куәлiк берген орган ұзарта алады. 
      7. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты жұмыспен қамту жөнiндегi органдары босқындар мен олардың отбасыларының еңбекке жарамды мүшелерiне уақытша жұмысқа орналасуға жәрдемдеседi. 
      8. Халықтың көшi-қон департаментi мен оның жергiлiктi жерлердегi уәкiлеттi өкiлдерi босқындардың бұдан былайғы тағдыры, тұрақты тұратын орын беру, жұмысқа орналастыру, репатриация жасау (бұрынғы тұрақты тұрған елiне қайтару) немесе босқынның тiлегi бойынша басқа мемлекеттiң аумағына көшiп бару мүмкiндiгi туралы ұсыныстар әзiрлейдi. 
 
               Босқындарға материалдық көмек көрсету 
 
        9. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк көшi-қон қорынан төлем жасау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi жанындағы Халықтың көшi-қон департаментi белгiлейдi. 

                                      Қазақстан Республикасы
                                       Министрлер Кабинетiнiң
                                    1992 жылғы 15 желтоқсандағы
                                          N 1055 қаулысымен
                                                Бекiтiлген

      "Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын 
               орындау жөнiндегi кешендi шаралар 
                         Бағдарламасы
 
                             (Кесте)

                                       Қазақстан Республикасы
                                       Министрлер Кабинетiнiң
                                     1992 жылғы 15 желтоқсандағы
                                           N 1055 қаулысына
                                                  Қосымша

       Өзiнiң ата қонысына қайта оралып жатқан босқындарды
             қабылдау мен жайғастырудың 1992 жылдың
                    екiншi жартысына арналған
                            Жоспары

                            (Кесте)


Дата вступления в силу:  15.12.1992
Дата изменения акта:  27.07.2005
Дата принятия акта:  15.12.1992
Место принятия:  100055000000
Орган, принявший акт:  103000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер акта в Государственном реестре нормативных правовых актов Республики Казахстан:  1490
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  1055
Статус акта:  yts
Сфера правоотношений:  001002004000
Форма акта:  ПОСТ
Юридическая сила:  1000
Язык акта:  kaz