Бүкiлодақтық тау-кен геомеханикасы мен маркшейдер iсi ғылыми-зерттеу институтының қазақ филиалын қайта құру туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 30 қазан 1992 ж. N 911

      Бүкiлодақтық тау-кен геомеханикасы мен маркшейдер iсi ғылыми-зерттеу институты (БГМҒЗИ) Россияның қарамағына өтуiне және Қазақстан аумағында тау-кен өнеркәсiбi кәсiпорындары үшiн нормативтi құжаттар мен технологиялық нұсқаулар әзiрлей отырып, тау-кен геомеханикасы мен маркшейдер iсi бойынша көлемдi ғылыми зерттеулер, арнайы жұмыстар жүргiзу қажеттiгiне байланысты Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. БГМҒЗИ-ның Қазақ филиалы Қазақ тау-кен геомеханикасы және маркшейдер iсi ғылыми-зерттеу институты (ҚазГМҒЗИ) етiп қайта құрылсын және ол Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлiгiнiң құрамына енгiзiлсiн.
      ҚазГМҒЗИ-ның тұрақты орналасқан жерi Қарағанды қаласы болып белгiленсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлiгiне 2 ай мерзiм iшiнде осы институттың Ережесi (Жарғысы) мен құрылымын әзiрлеу және бекiту тапсырылсын.
      3. ҚазГМҒЗИ республикасының бүкiл аумағындағы барлық кәсiпорындар мен ұйымдардың тапсырысы бойынша, оның iшiнде республиканың Энергетика және отын ресурстары министрлiгiнiң қарауына кiрмейтiн кәсiпорындар үшiн де өз саласындағы жұмыстарды жүргiзетiн болып белгiленсiн.
      4. Институтты қаржыландыру тау-кен өнеркәсiбi кәсiпорындарымен және ұйымдарымен тiкелей жасасылған шарттар бойынша шаруашылық есеп негiзiнде, ал перспективалы және ұзақ мерзiмдi сипаттағы ғылыми-зерттеулер - кәсiпорындар мақсатты ғылыми зерттеулер үшiн жасаған аударымдардың есебiнен құралатын республика министрлiктерi мен ведомстволарының орталықтандырылған қорынан жүзеге асырылсын.
      5. Институт қызметкерлерiне еңбек ақы төлеу Қазақстан Республикасының "Қазақ КСР-iндегi кәсiпорындар туралы" Заңына сәйкес контрактi және шаруашылық есеп негiзiнде белгiленсiн.
      6. Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлiгi, Өнеркәсiп министрлiгi, тау-кен өнеркәсiбiнiң компаниялары, корпорациялары мен концерндерi, өндiрiстiк бiрлестiктерi мен кәсiпорындары ҚазГМҒЗИ-ның ғылыми-техникалық және эксперименталдық база жасауына, кадрлармен толықтырылуына жәрдемдесетiн болсын.
     Қазақстан Республикасының 
     Премьер-министрi