16.10.1992

Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Жоғары аттестациялық комиссия туралы ереженi бекiту туралы

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi жанындағы Жоғары аттестациялық комиссия туралы" 1992 жылғы 17-мамырдағы N 784 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Жоғары аттестациялық комиссия туралы осыған қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.

                Қазақстан Республикасының
                   Премьер-министрi
                                       Қазақстан Республикасы

Министрлер Кабинетiнiң 1992 жылғы 16 қазандағы N 868 қаулысымен Бекiтiлген


             Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi
            жанындағы Жоғары Аттестациялық Комиссия туралы

                          Ереже

      1. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Жоғары Аттестациялық Комиссия (Қазақстан Республикасының ЖАК-ы) ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар беруге байланысты ғылыми, ғылыми-педагог, инженерлiк-техникалық және шығармашыл қызметкерлердi аттестациялау iсiне басшылық ету жөнiндегi мемлекеттiк орган болып табылады.
      Қазақстан Республикасының ЖАК-ы республика ғылыми мекемелерiнiң, жоғарғы оқу орындарының және басқа ұйымдарының ғылыми, ғылыми-педагог, шығармашыл және басқа қызметкерлерiне ғылыми дәреже мен ғылыми атақ беру бойынша түпкiлiктi шешiм қабылдайды.
      2. Қазақстан Республикасы ЖАК-ының басты мiндеттерi:
      - жоғары бiлiктi ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды аттестациялауға жетекшiлiк ету және ғылыми дәреже мен ғылыми атақтан үмiткерлерге бiрыңғай талаптар қоюды қамтамасыз ету, диссертациялық жұмыстардың сапасын, олардың ғылыми және практикалық бағасын сараптау және бақылауды жүзеге асыру;
      - Қазақстан Республикасы ғылымының, жоғарғы мектебiнiң және халық шаруашылық салаларының болашағын ескере отырып, республиканың зиялылық әлеуетiн дамытуға қатысу;
      - ғылыми және ғылыми-педагогтiк кадрларды аттестациялау мен қайта аттестациялау, сондай-ақ ғылыми дәреже мен ғылыми атақ беру жөнiндегi дипломдар мен аттестаттарды теңестiру салаларында мемлекетаралық және халықаралық қарым-қатынасты хұқықтық тұрғыда қамтамасыз ету болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасының ЖАК-ы осы мiндеттерге сәйкес:
      - республиканың мүдделi министрлiктерiмен, ведомстволарымен, ғылым академияларымен келiсе отырып, Ғылыми мамандықтардың номенклатурасын бекiтедi;
      - республикада ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар берiлетiн ғылыми мамандықтарды анықтайды;
      - сараптау кеңесi, ғылыми дәреже мен ғылыми атақ беру тәртiбi, диссертация қорғау бойынша мамандандырылған кеңес туралы Ережелердi әзiрлейдi және бекiтедi;
      - жоғары оқу орындарындағы, ғылыми ұйымдардағы мамандандырылған кеңестердiң жеке адам құрамын жасақтайды және бекiтедi, олардың қызметiн бақылайды;
      - министрлiктердiң, ведомстволардың, ғылым академияларының, ғылыми мекемелер мен ұйымдардың өтiнiштерiн және ғылыми қызметкерлердiң мамандықтар номенклатурасына енгiзiлетiн өзгерiстердi ескере отырып, мамандандырылған кеңестердiң жүйесiн қайта қарайды;
      - тиiстi мамандандырылған кеңестiң өтiнiшi негiзiнде ғылым докторы дәрежесiн бередi және ғылым кандидаты дәрежесiн беру туралы мамандандырылған кеңестiң шешiмiн бекiтедi, белгiленген тәртiптi тиiстi кеңестердiң өтiнiштерi бойынша профессор және доцент ғылыми атақтарын бередi;
      - Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгiмен, Мемэкономкомымен, Ғылым академиясымен, мамандандырылған ғылыми академиялармен, Бiлiм министрлiгiмен және басқа да министрлiктерi мен ведомстволарымен бiрлесе отырып, республикада ғылымның, техниканың, бiлiм және мәдениеттiң дамуының стратегиялық болжамдарын дайындауға, сондай-ақ халық шаруашылығының тиiстi салаларын жоғары бiлiктi ғылыми және ғылыми-педагог кадрлармен қамтамасыз ету шараларын әзiрлеуге қатысады;
      - республикадағы ғылыми-техникалық прогрестiң басымдық берiлген бағыттарының талаптарын ескере отырып, қорғалған докторлық және кандидаттық диссертациялардың тақырыбы мен мазмұнын талдайды және Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiне олардың ең маңыздыларын ынталандыру туралы ұсыныстар енгiзедi;
      - министрлiктерге, ведомстволарға, кәсiпорындар мен ұйымдарға нәтижелерi диссертациялық жұмыстарда баяндалып, орындалған ғылыми зерттеулер туралы ақпарат берiп, оларды iс жүзiнде қолдану жөнiнде тиiстi ұсыныстар жасайды;
      - Қазақстан Республикасы азаматтары қорғаған докторлық және кандидаттық диссертациялар және шет елде Қазақстан тақырыбы бойынша қорғалған диссертациялар туралы деректер қорын жинайды;
      - басқа мемлекеттерде берiлген ғылыми дәреже мен ғылыми атақтың иесi болып саналатын Қазақстан Республикасы азаматтарын қайта аттестациялау жөнiндегi жұмысты жүргiзедi, сондай-ақ басқа мемлекеттерде халықаралық хұқық нормаларына сәйкес және тиiстi мемлекетаралық келiсiмдер негiзiнде оларға берiлген ғылыми дәреже мен ғылыми атақ жөнiндегi құжаттарды теңестiру жұмыстарын атқарады;
      - ғылыми дәреже мен ғылыми атақ беру тәртiбi туралы Ережемен анықталған үмiткерлердiң хұқықтары сақталуын қамтамасыз етедi;
      - Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының мемлекетаралық ғылыми-техникалық кеңесiнде ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлау мен аттестациялау жөнiндегi тұрақты жұмыс тобының қызметiне қатысады және белгiленген тәртiп бойынша топтың әрi кеңестiң қабылдаған шешiмдерi мен ұсыныстарының орындалуын қамтамасыз етедi;
      - ғылым докторы мен кандидатының дипломдарын, профессор мен доценттiң аттестаттарын ресiмдеп, қолдарына бередi.
      4. Қазақстан Республикасының ЖАК-ына:
      - ғылыми дәреже мен ғылыми атақ беру жөнiндегi кеңестердiң қызметiне мемлекеттiк бақылау жүргiзу және олардың жұмысына талдау жасау хұқығы берiледi. Қазақстан Республикасы ЖАК-ының лауазымды адамдарының аталған кеңестер жұмыс iстейтiн кәсiпорындарда, ұйымдар мен мекемелерде, олардың ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, белгiленген тәртiппен кедергiсiз болуға хұқығы және олардың қызметiне қатысты ақпарат алуға хұқығы бар;
      - Қазақстан Республикасы ЖАК-ы Коллегиясының мәжiлiстерiнде республиканың ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарындағы мамандандырылған және ғылыми кеңестердiң жетекшiлерiн ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды аттестациялау жөнiндегi олардың жұмыс тәжiрибелерiн зерделеу мен қорыту жайында тыңдау;
      - қажет болған жағдайда мамандандырылған кеңестерге, ғылыми ұйымдарға, жоғары оқу орындарына, республиканың тиiстi кәсiпорындары мен ұйымдарына, сондай-ақ жекелеген сарапшыларға диссертациялық жұмыстарды олардың ғылым мен өндiрiс үшiн маңызына қатысты мәселелер бойынша және диссертацияларға қойылатын талаптарға сәйкестiгi жөнiнен қосымша тұжырым жасауға жiберу;
      - Қазақстан Республикасы ЖАК-ының талаптарына сәйкес келмейтiн немесе диссертация қорғаудың белгiленген тәртiбiнiң бұзылуына жол берiлген жұмыстарға ғылыми дәреже беру туралы шешiмдер қабылдаған мамандандырылған кеңестердi диссертацияны қорғауға қабылдау хұқығынан айыру;
      - белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы азаматтарын ғылыми дәрежелерi мен ғылыми атақтарынан айыру;
      - сараптау кеңестерiнiң қатысуымен мүдделi ұйымдармен жасасылған шарт бойынша тиiстi жобаларға тәуелсiз сараптау жүргiзу;
      - диссертациялық жұмыстарды сараптау және ғылыми дәреже мен ғылыми атақ беру жөнiндегi кеңестердiң қызметiн бақылау үшiн ведомстволық бағыныстылығына қарамастан республиканың ғылыми ұйымдарының, жоғарғы оқу орындарының, кәсiпорындары мен ұйымдарының мамандарын контрактiлiк шартпен тарту хұқы берiледi. Диссертациялық жұмыстарды сараптау үшiн Қазақстан Республикасы ЖАК-ы ғалымдар мен мамандарды белгiленген тәртiппен басқа мемлекеттерден шақырта алады.
      - Қазақстан Республикасы Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнен, Ғылым және технологиялар министрлiгiнен, Бiлiм министрлiгiнен, ғылым академияларынан және республиканың басқа да министрлiктерi мен ведомстволарынан ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар жөнiнде белгiленген тәртiппен ақпарат алдыру;
      - республиканың ғылыми дәреже және ғылыми атақ беру жөнiндегi кеңестер жұмыс iстейтiн ғылыми ұйымдарынан, жоғары оқу орындарынан, кәсiпорындары мен ұйымдарынан олардың ведомстволық бағыныстылығына қарамастан белгiленген есебiн сұратып алу;
      - ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды аттестациялауды жетiлдiру, диссертациялардың ғылыми деңгейiн және практикалық құндылығын көтеру мәселелерi бойынша ведомствоаралық және басқадай кеңестер өткiзу;
      - Қазақстан Республикасының атынан халықаралық және мемлекетаралық ұйымдарда өкiлеттiлiк жасау, жоғары бiлiктi ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлау және аттестациялау мәселелерi бойынша кеңестердiң, семинарлар мен конференциялардың жұмысына қатысу; басқа мемлекеттердiң тиiстi ұйымдарымен және халықаралық ұйымдармен тәжiрибе алмасуды жүзеге асыру;
      - ақпараттық "Қазақстан Республикасы ЖАК-ының бюллетенiн" шығару хұқығы берiледi.
      5. Қазақстан Республикасының ЖАК-ы өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарғыларын, қаулылары мен өкiмдерiн, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулылары мен өкiмдерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады, өз жұмысын ғылыми, инженерлiк-техникалық, педагогтiк жұртшылықты, шығармашыл қызметкерлердi тарта отырып ұйымдастырады.
      6. Қазақстан Республикасы ЖАК-ына Республика Министрлер Кабинетi қызметке тағайындап, босататын төраға басшылық етедi.
      Қазақстан Республикасы ЖАК-ының Төрағасы және оның орынбасарлары Қазақстан Республикасы ЖАК-ына жүктелген мiндеттердiң орындалуы үшiн жеке дара жауап бередi.
      Қазақстан Республикасы ЖАК-ының Төрағасы Қазақстан Республикасының заңдары мен нормативтiк актiлерiнiң негiзiнде және оларды орындау үшiн ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар беруге байланысты жоғары бiлiктi ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды аттестациялауды ұйымдастыру жөнiнде ведомстволық бағыныстылығына қарамастан Қазақстан Республикасының барлық министрлiктерi, ведомстволары, кәсiпорындары, ұйымдары мен мекемелерi орындауға мiндеттi бұйрықтар шығарады және нұсқауларды бекiтедi, әрi олардың орындалуына бақылау ұйымдастырады.
      Қазақстан Республикасы ЖАК-ы төрағасының өз өкiлеттiгiнiң шегiнде басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың тиiстi органдарымен шарттар мен келiсiмдер жасасып, қол қоюға хұқы бар.
      7. Қазақстан Республикасы ЖАК-ының басшы органы құрамы 7 адамнан тұратын Коллегия болып табылады. Коллегияға Төраға (Коллегияның төрағасы), Төрағаның орынбасарлары, Бас ғалым-хатшы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ЖАК-ының ғылым салалары бойынша бөлiм меңгерушiлерi кiредi.
      Коллегия Қазақстан Республикасы ЖАК-ының ағымдағы қызметiнiң негiзi мәселелерiн, аса маңызды бұйрықтардың, қаулылардың, нұсқаулардың жобаларын және басқа мәселелердi қарап отырады, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесiн беру туралы мамандандырылған кеңестердiң шешiмдерiн бекiтедi, доцент ғылыми атағын бередi, республикадағы ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды аттестациялау жүйесiн жақсартудың келешегiн айқындап, шаралар қолданады, қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылайды.
      8. Коллегия мәжiлiстерi оның құрамының кемiнде үштен екiсi болған жағдайда айына бiр реттен сиретiлмей өткiзiлiп отырады. Қазақстан Республикасы ЖАК-ы коллегиясының шешiмдерi ашық дауыс беру арқылы, мәжiлiске қатысқан коллегия мүшелерiнiң жай көпшiлiк дауысымен қабылданады.
      Қазақстан Республикасы ЖАК-ы төрағасы мен коллегия мүшелерi арасында пiкiр алауыздығы болғанда, Төрағаның шешiмi қабылданады, ол Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне пiкiр алауыздығы туралы хабарлайды.
      9. Қазақстан Республикасы ЖАК-ы коллегиясының жеке адам құрамын Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтедi.
      10. Қазақстан Республикасының ЖАК-ында төралқа (президиум) болады. Төралқа өз мәжiлiстерiнде мамандандырылған кеңестер құрамдары, сараптау кеңестерiн ұйымдастыру, ғылым докторы дәрежесiн беру және профессор ғылыми атағын беру туралы Қазақстан Республикасы ЖАК-ының төрағасы бекiтетiн шешiмдер қабылдайды, сондай-ақ ғылыми дәреже және ғылыми атақ беруге байланысты басқа да мәселелердi қарастырады.
      11. Қазақстан Республикасының ЖАК-ының Президиумы құрамында Қазақстан Республикасының ЖАК-ының төрағасы (төралқа төрағасы), Төрағаның орынбасарлары, Бас ғалым-хатшы, ЖАК-тың салалық бөлiмдерiнiң меңгерушiлерi, сондай-ақ министрлiктердiң, ведомстволардың, ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының ұсыныстары ескерiлiп, кiргiзiлген iрi ғалымдар мен мамандар болатын 35 адамнан артпайтын мөлшерде жасақталады. Төралқаның жеке адам құрамын үш жыл мерзiмге Қазақстан Республикасы ЖАК-ының коллегиясы бекiтедi.
      12. Төралқа мәжiлiстерi оның құрамының үштен екiден кем емес қатарының қатысуымен тоқсанына кемiнде бiр рет өткiзiледi. Төралқа шешiмдерi егер мәжiлiске қатысушылардың кемiнде үштен екiсi дауыс берсе, қабылданған болып саналады. Дауыс беру төралқа мүшелерiнiң шешiмi бойынша ашық немесе жабық жүргiзiлуi мүмкiн.
      13. Мамандандырылған кеңестерде қорғалған диссертациялардың ғылыми сарапталуы үшiн, сондай-ақ тиiстi ғылыми дәрежесi жоқ адамдарға ерекше жағдайда докторлық немесе кандидаттық диссертация қорғамай-ақ ғылыми дәреже беру жөнiндегi жекелеген өтiнiштердi қарау үшiн Қазақстан Республикасының ЖАК-ы ғылым салалары бойынша жетекшi ғалымдар мен мамандар, мәдениет және өнер қайраткерлерi iшiнен сараптау кеңестерiн жасақтайды.
      Сараптау кеңестерi республиканың министрлiктерi, ғылым академиялары, ғылыми ұйымдары, жоғары оқу орындары және басқа тиiстi ұйымдарының ұсыныстары ескерiлiп жасақталады және құрамын кейiннен кемiнде үштен бiрiне дейiн жаңартуды көздеп Қазақстан Республикасы ЖАК-ының төралқасы үш жыл мерзiмге бекiтедi.
      14. Қазақстан Республикасы ЖАК-ы бөлiмшелерiнiң қызметкерлерiнiң штат санын Қазақстан Республикасы ЖАК-ының төрағасы бекiтедi. <*>
      Қазақстан Республикасы ЖАК-ының штатында қызмет атқармайтын Төралқа, сараптау кеңестерi мүшелерiнiң және сараптауға қатыстырылған мамандардың еңбегiне ақы төлеу белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
      Ескерту. 14 тармақтың бiрiншi абзацынан сөздер алынып
               тасталған - ҚРМК-нiң 1995.02.06. N 115 қаулысымен.
      15. Қазақстан Республикасының ЖАК-ы заңды ұйым болып табылады, оның Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген, қазақ және орыс тiлiнде атауы жазылған мөрi, өзiнiң шоты, фирмалық бланкiсi болады.

Дата вступления в силу:  16.10.1992
Дата изменения акта:  26.06.1995
Дата принятия акта:  16.10.1992
Место принятия:  100055000000
Орган, принявший акт:  103000000000
Регион действия:  100000000000
Регистрационный номер НПА, присвоенный нормотворческим органом:  868
Статус акта:  yts
Сфера правоотношений:  002004002000 / 001005000000
Форма акта:  ПОСТ
Юридическая сила:  1000
Язык акта:  kaz