КСРО-ның 50 жылдығы атындағы Қостанай педагогика институтын Қостанай мемлекеттiк университетi етiп қайта құру туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 6 тамыз 1992 ж. N 662

      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгiнiң КСРО-ның 50 жылдығы атындағы Қостанай педагогика институтын 1992 жылдың тамыз айынан Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгiне бөлiнген бюджет қаржысы шегiнде Қостанай мемлекеттiк университетi етiп қайта құру туралы Қазақстан Республикасының Экономика жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен келiсiлген ұсынысы қабылдансын.
      2. Педагогика институтын университет етiп қайта құруға облыс, өнеркәсiп орындары мен банк мекемелерi есебiнен қосымша қаржы, оның iшiнде 1992 жылы 30 миллион сом бөлу туралы Қостанай облысы әкiмiнiң ұсынысы мақұлдансын.
      Қостанай облысы әкiмiнiң шақырылған ғалымдар мен жоғары бiлiктi мамандар үшiн 10 пәтер бөлетiнi, 1993-1995 жылдары 535 орындық студенттер жатақханасы, 100 пәтерлiк тұрғын үй және 200 орындық профилакторий салатыны еске алынсын.
      3. Қазақстан Республикасының Экономика жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Бiлiм министрлiгi, Қостанай облысының әкiмi экономикалық және әлеуметтiк дамудың жоспарын жасаған кезде жоғары оқу орнын материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту, оның кадрлар потенциалын республиканың университеттерiне ұсынылатын нормаларға сәйкес дамыту жөнiнде нақты шаралар көздейтiн болсын.
      4. Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгi университеттiң құрылымын белгiлесiн, жаңа мамандықтарды (хұқықтану, экономика және өндiрiстi басқару, психология, қолданбалы математика, есептеу техникасы мен автоматтандырылған жүйелердi бағдарламалармен қамтамасыз ету, музыка және халық өнерi) педагогика институтына қабылдау жоспары шегiнде ашуды қамтамасыз етсiн, университеттi жоғары бiлiктi мамандармен жасақтауға пәрмендi көмек көрсетсiн.
     Қазақстан Республикасының
     Премьер-министрi