Әкімшілік право бұзушылық туралы заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі туралы

Қаулы Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумы 1989 жылғы 31 наурыз N 2. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 26 қарашадағы N 18 Нормативтік қаулысымен

       Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы N 27 Нормативтік қаулысымен.

      Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің 45-45-3-статьяларында көзделген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату туралы заңдарды республика соттарының қолдану практикасының жинақталған қорытындысын талқылай келіп, Пленум соттардың бұл істерді шешу жөніндегі қызметінде кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін атап көрсетеді.
      Көптеген соттар қоғамға онша қауіпті емес қылмыс негіздері бар іс әрекеттерін жасаған адамдарға қылмыстық жаза қолданбай-ақ түзеу және қайта тәрбиелеуде аталған заңдарды қолданудың алдын алушылық және тәрбиелік маңызының мүмкіншілігін жете бағаламайды. Мұндай право бұзушыларды қылмыстық жауаптылықтан босатып, әкімшілік жауапқа тарту туралы, не оларды қоғамдық ұйымға, еңбек коллективіне кепілге немесе істерді жолдастық соттың қарауына, ал жасы толмағандар жөнінде - жасы толмағандардың істері жөніндегі комиссияға беру туралы шешімдерді сирек талқылап, қабылдайды.
      Заңның қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату негіздері мен тәртібі туралы ережелері, сондай-ақ СССР Жоғарғы Соты Пленумының "Соттардың істер мен материалдарды жолдастық соттардың қарауына беру практикасы туралы" 1965-жылғы 9-апрельдегі N 1 (Пленумның 1977-жылғы 21-сентябрьдегі N 9 және 1984-жылғы 26-апрельдегі N 7 қаулылары бойынша енгізілген өзгерістерімен), "ССР Одағы мен одақтас республикалардың қылмыстық заң Негіздерінің 43-статьясына сәйкес соттардың қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамдарға әкімшілік жазалау шараларын қолдану практикасы туралы" 1978-жылғы 7-сентябрьдегі N 8 (Пленумның 1984-жылғы 26-апрельдегі N 7 және 1986-жылғы 16-январьдағы N 5 қаулылары бойынша енгізілген өзгерістермен), "Қоғамдық ұйымдар мен еңбек коллективтерінің қылмыстық істер жөніндегі өтініштерін соттардың шешу практикасы жөніндегі кейбір мәселелер туралы" 1986-жылғы 16-январьдағы N 3 қаулыларында баяндалған осы мәселелер жөніндегі түсініктемелер әрдайым сақталып отырмайды.
      Сот практикасында қылмыстық жауаптылықтан босатуға байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы сот шешімдерін қабылдауда әрі рәсімдеуде біркелкілік жоқ. Бір жағдайда мұндай шешімдер үкіммен, ал екінші жағдайда - ұйғарыммен ресімделеді.
      Право бұзушылардың жұмыс істейтін немесе тұратын орнындағы жолдастық соттың қарауына, заңда атап көрсетілгендей (Қылмыстық кодекстің 45-1-статьясы), істердің өзі емес, сот ұйғарымының көшірмесі ғана жіберіледі.
      Кепілге беру жөнінде өтініш жасамаған адамды, ал жеке айыптау жөніндегі істер бойынша, адам бұған қарсы болса немесе өзін қылмыс негіздері бар іс-әрекет жасадым деп есептемеген жағдайда оны қоғамдық ұйымға немесе еңбек коллективіне кепілге бере отырып, қылмыстық істерді қысқарту жағдайларына жол беріледі.
      Аталған істер бойынша шығарылған сот шешімдерінің орындалуына тиісті бақылау жасалмайды және олардың кейбіреулері орындалмай қалады. Істерді қарау мерзімдері бұзылуда.
      Облыстық және Алматы қалалық соттары халық соттарының бұл істерді қарау жөніндегі қызметін нашар қадағалайды, қателіктерді жойып, заңды дұрыс қолдануда оларға тиісті көмек көрсетпейді.
      Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Пленумы
      Қаулы етеді:
      1. Қылмыстық кодекстің қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату туралы істер жөніндегі 45-45-3-статьяларын қолдануда орын алып отырған кемшіліктер мен қателіктерге республика соттарының назары аударылсын және бұл істерді қараған кезде заңның қатаң сақталуы талап етілсін.
      2. Негіз болған жағдайда соттар право бұзылушыларды қылмыстық жауаптылықтан босату және әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы, қоғамдық ықпал жасау шараларын қолдану үшін істерді жолдастық сотқа беру, қоғамдық ұйымдардың немесе еңбек коллективтерінің өтініші бойынша адамды кепілге беру туралы мәселелерді қарап шешуі, ал жасы он сегізге толмаған адамдар жөнінде, қажет болған жағдайда, тәрбиелік сипаттағы еріксіз шараларды қолдануы немесе істі жасы толмағандардың істері жөніндегі комиссияға беруі керек.
      Бұл орайда СССР Жоғарғы Соты Пленумының жоғарыда аталған қаулыларында айтылған заңның тиісті ережелері мен осы мәселелер жөніндегі түсініктемелер қатаң басшылыққа алынсын.
      Соттың қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату туралы шешім қабылдауына кедергі келтіретін жағдайларға, істің мән-жайлары ескеріліп, атап айтқанда, сотталғандығы жойылмаған және өтелмеген, адамның арамтамақтықпен өмір сүруі, оның алкоголик, наркоман немесе токсикоман деп танылып жатуы мүмкін.
      3. Соттар мыналарды ескеруі керек:
      а) Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 14-2-статьясының 1-бөлігінің 1-5-тармақтарына және 396-статьясы бойынша сот тәртіптеу немесе сот мәжілісінде Қылмыстық кодекстің 10-статьясының 3-бөлігінде, 45-статьясының 1-бөлімінде, 45-1, 45-2, 45-3-статьяларында көрсетілген негіздер бойынша тұжырымды ұйғарумен қылмыстық істі қарауға сот праволы.
      Егер іс Қылмыстық кодекстің 45-3-статьясында көрсетілген негіздер мен адамды әкімшілік жауапқа тартуға байланысты тәртіптеу мәжілісінде қысқартылса, онда Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 397 және 398-статьялары бойынша, істі қысқарту туралы ұйғару заңды күшіне енгеннен кейін істегі материалдарды судья өзі қарап, Қылмыстық кодекстің 45-3-статьясының 2-бөлігінде көрсетілген әкімшілік жазаны қолдану туралы қаулы шығарады. Тәртіптеу мәжілісінде бұл мәселелерді бір мезгілде шешуге болмайды.
      Егер іс сот мәжілісінде қысқартылса, онда Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 399-статьясы бойынша сот сол ұйғарумен әкімшілік жазаны бірден қолдануға, ал жасы он сегізге толмаған адам жөнінде, әкімшілік жаза немесе тәрбиелік сипаттағы еріксіз шаралар қолдануға не ол туралы істі, Қылмыстық кодекстің 10-статьясының 3-бөлігінде көрсетілгендей, жасы толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жіберуге праволы;
      б) Қылмыстық кодекстің 45-статьясының 2-бөлігінде аталған негіздер бойынша қылмыс жасаған адам қылмыстық жазадан Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 288-статьясын басшылыққа алып жаза тағайындамай, сот шығарған үкім бойынша ғана босатылуы мүмкін;
      в) егер сот мәжілісінде бірнеше адамдар жөнінде іс қаралса сот олардың кейбіреуін қылмыстық жауаптылықтан босатуға негіз бар деген тұжырымға келсе, онда СССР Жоғарғы Соты Пленумының 1978 жылғы 7-сентябрьдегі N 8 қаулысының 10-тармағына сәйкес, қылмыстық істі қысқарту және осы адамдарға әкімшілік жаза немесе қоғамдық ықпал жасау шараларын қолдану туралы ұйғару, іс бойынша соттаған басқа адамдар жөніндегі үкімнің қаулысымен қатар шығарылуға тиіс. Бұл мәселелерді бір процессуалдық документте шешуге болмайды.
      4. Қылмыстық істер жүргізу 388-статьясында көрсетілген қылмыстар туралы сотқа дейінгі әзірліктің протоколдық түрлерімен істер бойынша, сондай-ақ жәбірленушінің шағымдарымен ғана қозғалатын жеке айыптау істері бойынша, (Қылмыстық кодекстің 97-статьясы, 99-статьясының 1-бөлігі, 118-статьясының 1-бөлігі, 119-статьясы) сот немесе халық судьясы Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 14-1-статьясына сәйкес қылмыстық іс қозғамай, материалдарды жолдастық соттың немесе жасы толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына беруге, не адамды қоғамдық ұйымға немесе еңбек коллективіне кепілге беруге праволы.
      5. Қылмыстық іс қысқарғанда және оны Қылмыстық кодекстің 45-1- статьясының 1-бөлігіне сәйкес жолдастық соттың қарауына бергенде ұйғарудың көшірмесімен бірге істің өзін жіберуге, ал бір топ адамдардың ісі бойынша кім жөнінде іс қысқартылса, сол адамдар жөніндегі материалдарды бөлуге сот міндетті.
      6. Қылмыстық кодекстің 45-2-статьясының 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылатын адамды түзеу және қайта тәрбиелеу жөнінде өздеріне міндет алған қоғамдық ұйымның немесе еңбек коллективінің осы жөнінде тиісінше ресімделген өтініші болған жағдайда ғана адамды қоғамдық ұйымға немесе еңбек коллективіне кепілге беру жөнінде шешім қабылдауға сот праволы. Мұндай жағдайда сот Қылмыстық кодекстің 45-2-статьясының 2 және 3-бөліктерінде белгіленген шектеулерді қатаң сақтауға тиіс.
      Бір жылдың ішінде өзін кепілге алған қоғамдық ұйымның немесе еңбек коллективінің сенімін ақтамаған және кепілдіктен бас тартқан адам жөнінде, сот кепілдіктен бас тарту себептерін жан-жақты талдап зерттеуге және Қылмыстық кодекстің 45-2-статьясының 4-бөлігі бойынша кінәлі адамды қылмыстық жауапқа тарту мәселесін шешуге тиіс. Кепілдік берілген күннен бастап бір жыл мерзім өткеннен кейін кепілдіктен бас тартқан адамды осы негіз бойынша қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
      7. Қылмыстық сот ісін жүргізу арқылы шығарылған қылмысты жауаптылықтан босату немесе әкімшілік жаза қолдану туралы сот ұйғаруы, сондай-ақ тәртіптеу мәжілісінде қысқартылған іс бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту жөнінде судьяның қаулысы, Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 400-статьясы негізінде, өзі жөнінде ұйғару қабылданған адам, сондай-ақ жәбірленуші мен прокурор қаулы шыққан күннен бастап жеті тәулік ішінде наразылық келтіру мүмкін екенін соттар ескеруі керек.
      8. Қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату туралы заңдарды қолдана отырып, істерді қараған кезде, келтірілген материалдық залалды өтеу және негізсіз алынған заттарды өндіру жөніндегі мәселелерді шешкенде соттар Азаматтық кодекстің нормаларын, Қазақ ССР-інің Әкімшілік право бұзушылық кодексінің 39-статьясын, СССР Жоғарғы Соты Пленумының "Қылмыспен келтірілген материалдық залалды өтеу жөніндегі заңдарды соттардың қолдану практикасы туралы" 1979-жылғы 25-марттағы N 1 қаулысының 6-тармағында және СССР Жоғарғы Соты Пленумының жоғарыда аталған 1978-жылғы 7-сентябрьдегі N 8 қаулысының 14-тармағында (Пленумның 1984-жылғы 26-августағы N 7 қаулысының редакциясы бойынша) айтылған түсініктемелерді басшылыққа алуы керек.
      Қылмыстық кодекстің 10-статьясының 3-бөлігінде, 45-статьясының 1-бөлігінде, 45-1 және 45-2 статьясында көрсетілген негіздер бойынша тәртіптеу мәжілісінде істі қысқартқан кезде сот талап арызды қараусыз қалдырып, азаматтық жолмен талап қою правосын түсіндіреді.
      Егер іс Қылмыстық кодекстің 45-3-статьясы негізінде тәртіптеу мәжілісінде қысқартылса, онда осы ұйғару заңды күшіне енгеннен кейін халық судьясы әкімшілік жазалау шараларындағы жазаның бірін қолдану туралы қаулы шығарады және сол қаулыда 50 сомнан аспайтын азаматтық талап шешіледі, ал 50 сомнан асқан талап қараусыз қалдырылып, азаматтық жолмен талап қою правосы түсіндіріледі.
      Тап сол негіздер бойынша сот мәжілісінде істі қысқартқан жағдайда (Қылмыстық кодекстің 45-3-статьясы) әкімшілік жаза қолдану жөніндегі сот ұйғарумен қатар талаптың сомасына қарамастан азаматтық талап қоюға болады.
      Қылмыстық кодекстің 45-статьясының 2-бөлігі негізінде адамды қылмыстық жазадан босатуға байланысты, айыптау үкімін шығарған кезде материалдық залалды және негізсіз алынған заттарды өндіру мәселелері де осы үкіммен шешіледі.
      9. Соттар әрбір істің Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 394-статьясында белгіленген мерзімде қаралуын қамтамасыз етсін. Қабылданған шешімдер дер кезінде орындалсын, бұл орайда Қазақ ССР-інің Әкімшілік право бұзушылық кодексінің 298-статьясына сәйкес қылмыстық сот ісін жүргізу арқылы қысқартылған іс бойынша әкімшілік жаза қолдану туралы соттың ұйғаруы немесе судьяның қаулысы шығарылған күннен бастап үш ай мерзім ішінде орындалмаса, ескіргендіктен оның күші жойылады.
      10. Соттар қылмыстық істерді қараған кезде право бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтап, оларды жоюға шаралар қолдану үшін тиісті органдар мен лауазымды адамдардың атына жеке ұйғарым шығаруға тиіс.
      11. Қазақ ССР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот коллегиялары, облыстық және Алматы қалалық соттары соттардың қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату туралы заңдарды дұрыс қолдануын қадағалауды күшейтіп, қателіктер мен заңдардың бұзылуын дер кезінде жойып отырсын.